Затоболда көшесі бар Лениннің...

Тәуелсіз болғанымызға 20 жыл деп бөркімізді аспаға қанша ат­қанымызбен, бодандық бұ­ғауы­нан босай қоймағанымызды әлі біраз нәрседен аңғаруымызға бо­лады. Солардың бірін көше атау­ларынан көруге болады. Көше атауын өзгерту – қосымша қара­жатты қажет етеді: көше тұрғын­дарының үй құжаттарын өзгер­туге, көше атауларын қайта ілуге кететін қаражат. Бірақ, қаражат кетеді екен деп, тарих сахнасынан кеткен кездің атауларын сары майдай сақтап, ел тарихына, жер тарихына қатысы жоқ атауларды қашанғы дәріптей береміз? Негізі 1880 жылдардың ба­сында баспаналап келген орыс мұжықтарымен қалана бастаған Қостанай облысы Қостанай ауданының орталығы Затобол кенті мен облыс орталығы Қос­танай қаласының ортасын қақ жарып Тобыл өзені ағып жатыр. Затобол атауының өзі мағынасыз, қазақшаға аударғандаТобыл­- ­дың арғы жағындағы мекен деген сілтемені білдіреді. Ал осы зады белгісіз деген Затобол атауының алғашқы нұсқасы, тіпті масқара, Самодуровка болыпты... Қарға адым жердің өзіне лайықты атау бере білген қазекемнің жер-су аттарының дені келімсектердің еркімен соңғы жүз жылдан астам уақыттың ішінде біртіндеп өз­геріске ұшырады, ал тың және тыңайған жерлерді игеру тұсында жер атаулары жаппай тыңды игеруге келгендердің мекендерінің атын иеленді. Биылғы жылғы ста­тистикалық дерек бойынша 24 мыңға тарта халық тұратын Затобол кентінде 40 шақты үлкенді-кішілі көше бар. Ресейдің өзінде 90-шы жылдардың басында-ақ Ленин атына байланысты қала, көше атауларын өзгертіп тастаған, Қызыл алаңдағы мавзолейден шығарып тастап, адамша жер қойнына береміз деп әлі күнге дейін әңгіме-кеп көтеріліп жүрген қазан көтерілісінің көсемінің атындағы көше біздің Затоболда әлі бар. Орыс көсемдерінің есімі орысқа керек болмаса да қазақ үшін қымбат болып тұр. Сондай-ақ, келмеске кеткен Кеңес Одағы кезіндегі Калинин атындағы ор­талық көше (аудан, ауыл әкімдік­тері, сот, прокуратура, халыққа қызмет көрсету орталығы, мешіт орналасқан), басқа да 40 лет Ок­тября (көшелердегі жазулар нұс­қасымен), Почтовая, Восточная, Механизаторов, 25 летие Целины, Дорожная көшелері Одақ кезі­нен-ақ мұрты бұзылмастан тап­жылмай тұр. Аудан орталығының ең басты көшесі саналатын Калинин көшесінде тұтас тұлғалы Ленин ескерткіші бар. Орыс кө­сем­дерінің аттарын, Герцен, Чехов сияқты атаулар жалғастырады және бір қызығы, іргедегі облыс орталығы Қостанай қаласында да осы аттас көшелер қосарласа кездеседі. Юрий Гагариннен бас­талған бүкіл кеңес космо­навти­касының мүшелері: Титов, Терешкова, Попович, Савиц­кая­- ­лардың есімдері Затоболдың то­лымды көшелеріне қожа. Көз сүріндірер осы атаулардың ішінде жалғыз ғана көше – жергілікті ақын, шежіреші Өтеміс Қала­баевтың атына қалай ғана бұйыр­ғанына таң қаласың. Шолтиған шолақ көше болса да, әйтеуір, біреуі бар. Осы келеңсіздіктерді біртіндеп қалыпқа келтіру мә­селесі бар ма, жоқ па деген сауалмен ауыл әкімдігіне үш күн бойы хабарласып, қызметкерлері қыз­ғыштай қорыған ауыл әкімі Хасен Саянұлы Қуатқановқа кездесу мүм­кіндігі болмады. Мемлекет­- тік қызметкерлер өзіміз ха­бар­ласамыз дегелі үш аптадан асты. Айтар уәжі жоқ, ынтасыз, қор­ғалақ әкімдер тұрғанда әлі 20 жыл қозғалыс болмайтын шығар. «Қа­лауын тапса қар жанар» дегендей, қалың орыстың арасында отырсақ та төр өзіміздікі екенін сезініп, батыл қимылдауға болмас па? Тым құрығанда екі-үш жылда бір көшенің атын өзгертуді ономас­тикалық комиссияның қарауына жіберуді ұйымдастырып, елді-мекеннің пішінін жаңа дәуір та­лабына лайықтауға әбден болады ғой. Рәзия Бикен, Қостанай