«Мен ішпеген у бар ма?»

Жақында М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, жазушы-драматург Иранбек Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?» атты спектаклінің тұсаукесері­не қатысу мүмкіндігіне ие болдық. «Мен ішпеген у бар ма?» пьесасының жаңа қойылымы Абай мен Құнанбай, әке мен бала, ұрпақ пен ұрпақ арасын­дағы күрделі мәселе төңірегінде ой қозғайды. Абайтану тақырыбындағы қойылымдардың ішінде бұл туынды да өзіндік орнын тапқан. Дүние-жарықтағы адам тіршілі­гінің екі қыры, Абайша қисындағанда, бірі-тән құштарлығы, бірі-жан құштарлығы. Тән құштар­лығы – білсем, жесем, кисем,.. бәріне ие болсам, дүниені билеп-төстесем... дегендік. Жан құштарлы­ғы-білсем, көрсем, жақсы­дан үлгі алсам, иманды серік етіп, білім-ғылым толтырсам, өзіммен, әлеммен үйлесімді күн кешсем... дегендік. Бұл-тән мен жан-сананың, ақ пен қараның, ескі мен жаңаның бітіспес тарты­сы, әсіресе, қазіргі алмағайып, жаһандық экономика, геосаяси мүдделер жағдайында аса өзекті болып отырған тартыс. Спектакльде режиссер кейіпкерлердің бейнесін жақсы аша білген. Қызу қанды Абай, өз төрелігіне көңілі тоқ әкесі Құнанбай. Жатып тұрса да өз қамын ойлаған ессіз туысы Оразхан. Жаман ой мен істерден санасы қарайған Күнту. Ақындық жайдар көңілді билей алмастан азап шегетін Әйкерім. Адамзат пешенесіне жазылған тірліктен өзінше ой қозғап, бой жазатын Абайдың қуанышымен қатар қайғысы да бірге. Қарапайым көріністер арқылы Абайдың өмір атты өзенде су емес у ішкені баяндалады. Демек іші уланған адам тәнге емес жанға дауа іздемек. Абай ақын әр сауалға жауапты өмірдің өзінен алып отырған. Яғни тәні емес жаны ауырған адамзат әрқашан рухани азық іздейді. Сол сияқты біз де ойға азық берер қойлымды бақылап қана қоймай, әлемге деген өзіндік көзқарасқа ие болғандаймыз. Сонымен қатар Абай бейнесін сомдаған Б. Айтжанов рөлі ерекше тартымды шыққан. Актер спектакль бойы Абай характерінің даму барысын көркем жеткізуді көздеп, сол жолда іздене білген. Альфия ҚАЗАҚБАЕВА, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті