Мұхтар ШАХАНОВ: ЕНДІ "ХАЛЫҚ ЖАУЫНА" АЙНАЛДЫҚ... Ал кез-келген ұрының екі орден, үш медалі бар...

                                    

– Мерейтой алдындағы көңіл-күйіңіз қалай? – Мен осы 70 жылдықты өткізбей-ақ қойсам, адамдардың мазасын алмай-ақ қойсам деген ойға тірелгенмін. Бірақ кейбір дос-жарандарым «Сізге дұрыс ниет танытпаған адам ұлтқа, тілге де дұрыс ниет танытпайды, қайта осы мерейтой арқылы кімнің кім екенін біліп алуға мүмкіндік бар» деген соң, амалсыздан келісім бердім. – Бұны сұрап отырғаным, өзіңіздің сүйікті ұстазыңыз Ғабит Мүсірепов атамыздың кезінде республика басшысына кіріп, «КСРО Жазушылар Одағының 40-жылдық мерейтойы қарсаңында одақтас республикалардың бәрінде бір жазушыны Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынып жатыр. Үндемей отырған біз ғана. Алтын Жұлдыз жазушыларға керек емес, ол қазақ халқына керек» деген сөзі есімде қалыпты. Шахановтың тойы шындап келгенде, Шахановқа емес, дұрыс түсінген адамға қазақ халқына керекті той. Демек, достарыңыздың айтқаны өте дұрыс… – Кейбіреулер 50-60-70 жылдығын өткізгенде, биліктен марапат күтеді. Күтпейтін жалғыз мен ғана. Менің ертеден қалыптасқан өз ұстанымым бар – Отан-Анамызға жасаған қызметіміз, еңбегіміз үшін одан құрмет, мадақ күтпеген абзал. Себебі біз оның алдындағы парызымызды да, борышымызды өтеп жүрміз ғой. Дегенмен, Отан да өз дарланған ұлдарын мадақтауы шарт. Оны ешкім де жоққа шығармайды. Бірақ, ол өте әділетті болуы керек. Ал, қазіргі кезде кез келген түрмеде шіруі тиіс ұрының екі орден, үш медалі бар. Солардың қатарында жүргім келмейді. Міне, менің ұстанымым. Ұстанымыма байланысты күні бүгінге дейін Қазақстаннан алған Құрмет қағазым да жоқ. – Алғыңыз келмесе де, биліктің Сізге бүйрегі бұрған кездері болды ғой. Солай емес пе? – Иә, маған Халық Қаһарманы атағын бермекші болды. Бірақ мен жүйелі түрде бас тарттым. Өз ұстанымыма өзім қарсы шыға алмаймын ғой. – Қазіргі Жазушылар Одағы туралы пікіріңіз? –  Бұрын Одақ және Одақ мүшелері ұлттық, тілдік мүдделерге араласып тұратын. Нұрлан Оразалин бастық болғалы бері «Жазушылар Одағы  саясатпен айналыспайды» деп,  елдік, ұлттық мүддеден жылан көргендей үркетін болды. Ең әрісі «Қазақ әдебиеті» газеті де тек өздерінің жақтас адамдарын ғана насихаттайтын оңай жол тауып алды. Біздің жасап жатқан жұмысымыз былай тұрсын, атымызды атаудан именеді. Өзің білесің, жыл сайын «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясын өткізіп жүрміз ғой. Сол акцияға алдыңғы жылы 10 шақты жазушы ғана қатысты. Артынша екі-үш күннен кейін Жазушылар Одағының 70-жылдық мерейтойы болды. Сонда 1000-ға жуық жазушылар, ақындар, ғалымдар шырт түкіріп, шірене бой көрсетті. Ал, біз шақырсақ әкеміздің шаруасына қол ұшын беруге үндегендей бәрі дерлік сырт айналады. Мұны қалай түсінеміз? Ұлт, тіл мүддесі мұзға отырса, сол ақын-жазушыларыңыздың ертең кімге керегі бар? Егер мен 1989 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде орыс тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алып кеткен тұста, сол қаламгерлер сияқты үнсіз отыра бергенімде, яғни, қазақ тілінің жеке-дара мемлекеттік тіл атануына билікке ашық түрде қарсы шықпағанымда, бүгінгі таңда қазақ халқының 80-85 пайызы орыс боп кеткен болар еді. Ал 1994 жылы және 2009 жылы «Қазақстандық ұлтты» тоқтатпағанымызда, бүгінгі таңда қандай күй кешер едіңіздер? Қазіргі кезеңдегі 1000-ға тарта ақын-жазушының 40-50-і бізбен бірге жүрсе, билік ұлттық, тілдік мүддеге басқаша көзбен қарауы әбден мүмкін еді. Міне, сондықтан, жеке мүддесін ғана алға тартып, елдік, ұлттық мүддеге теріс қараған қаламдастарыма ой салу мақсатында жазылған «Ақындықтың міндеті мен азабы немесе ХХІ ғасырдағы ақындық, азаматтық ұстанымым» деген өлеңімді назарларыңызға ұсынайын: «Өлең құрау – ақындықтың көп қырының бір түрі. Тек сол үшін оны ардақтау, жөнсіздеу һәм күлкілі. Дәуірі мен билігіне саналғанмен алымды, Ұлтын сатқан ақындар бар, бірақ жыры дарынды… Ерлігі жоқ, елдігі жоқ, аузы ғана белсенер, Сөзден ісі алшақ жатса, оған қалай ел сенер? Неге бүгін ұлт мүддесі науқас жандай теңселер?.. Мұндай шақта ақындық күш тек шындықпен өлшенер. Нағыз ақын әр кезеңде өзін қағып үлестен, Ұлттық рухи мүдде шыңы – шындық үшін күрескен. Шындық кәусар ақындыққа болу керек асыл ән, Шындықты айтып ер Махамбет айырылған басынан. «Ақындар аз сын сағатта сөзден ісі зорайған», Десектағы «Абай қашан жол іздепті оңайдан?» Ел, ұлт жайлы сырларымен, Жыры биік тұрғанымен, Ісі үшін мен Махамбетті биік қоям Абайдан! Бұл адамдық ұстанымым қалыптасқан талайдан. Кім таныса Махамбетті шындығынан танысын. Халқын мұңға қалдырғанмен, Сатқынға бас алдырғанмен, Еңкейтпестен сақтай білді ол ұлтының өр намысын. Жұрт сондықтан пір тұтады Махамбеттей арысын!.. ……………&h ellip;…………&hel lip;……. Күрес әлі жүріп жатыр шындық үшін, ар үшін… Шындығы жоқ пенделерді басар уақыт көшкіні. Даңққа мойын созғанымен, Том-том өлең жазғанымен, Шындығы өлген ақындардың ақын емес ешбірі! Шындығы өлген мінезсіздік болмақ кімнің мақтаны? Қазір барлық салаларды мінезсіздер қаптады. Басшыларға жағымпаздық бұл кезеңде дара күш, Содан ақынсымақтардың көбі «туфли жалағыш». Шыншыл ақын болу деген – азаптың ең азабы, Сол азапқа төзе білу – ғажаптың ең ғажабы. Соңғы он жылда өз тілімде, ой-санамда жаңғырар, Бір жақсы өлең оқымаппын өзімді таң қалдырар. Қаншама жыр жаңалықсыз, түйсігі жоқ, алды бар, Сөз тіркесі негізінде тек ұйқасы сән құрар. Ақындық күш – айтылмаған ой-сезімдер жиыны, Ол биіктен бой көрсету – қиынның ең қиыны! Басты мақсат – өз халқыңның сан ғасырлық ағысын, Жеңісі мен жеңілісін, тілін, рухын, намысын, Жүрегіңнің санасынан, елегінен өткізу, Және оның қасіретін, Ұлтқа, тілге бас иетін, Қалың елге жырмен, іспен, мінезіңмен жеткізу. Жеткізе алмай дірілдесең… ол – шошыну, тосылу, Үркектердің, қорқақтардың қатарына қосылу. Ондайлардың маңдайына мәңгілікке сор қатқан, Ешқашанда шыншыл ақын шыққан емес қорқақтан! Ал біз болсақ тілді қорғап, рухты қолдап отандық, Тілден қашқан құлықсызға, Космополит ұлтсызға, Елден ерек «әсіре ұлтшыл», «халық жауы» атандық. Ақынға егер рухына сай күрескерлік қонбаса, Одан үлкен өріс күту, жеңіс күту далбаса!» – Некрасовтың сөзі бар еді: «Поэт – больше, чем поэт!» деген. Ол – орыстарда. Ал, ақыны, жырауы ең ардақты, ең қадірлі, ең абыройлы адамы болған, ел аузына да қараған, алақанына да салған қазақта ақынның орны тіпті ерекше еді ғой. Сол ақындар қайда бүгін, неге олар майдаланып кеткен? – Бұның барлығы заманға орай. Көпшілігі ТЖ-лықты, яғни, «туфли жалауды» жақсы жолға қойып алды. Мен өзім ежелгі қалпымда келе жатырмын. Совет үкіметі кезіндегі ақындарды алып қараңызшы, барлығы Коммунистік партияға, Ленинге, Маркске, Энгельске арнап өлең жазған. Басқаны былай қойғанда Мұқағали Мақатаевтың өзінің осы тақырыптарға арнаған жырлары, дастандары бір том болады. Мен оларға мүлде бұрылған емеспін. – Неге?  Ол кезде де менің ұстанымым осындай болды. – Ал енді, осы қалпыңызбен, әділетсіздікпен күресемін деп жүріп, Абай атаңыз секілді жалғыз қалған жоқсыз па? – Әрине, ол жағы да бар. Колбиннің кезінде де солай болды. Тіпті, Колбин Арал проблемасын, кейіннен Желтоқсан оқиғасын да «Шахановский вопрос» деп атады. Келе-келе мемлекеттік тіл мүддесі де осыған жақындады. Қайтеміз, Құдай бізге осындай тағдыр жазған шығар. Енді «ХЖ»-ға, «Халық жауына» айналдық. – Соңғы жылдары Сізде шаршау бары байқалады. Меніңше, ешкім неге шаршадыңыз деп Сізді кінәлауға да  тиісті емес… – Соңғы кезде денсаулығым сыр беріп жүр. Кейде, түн ішінде ауа жетпей тұншығып, шошып оянып кетемін… – «Жалын» журналына мемлекет тарапынан қаржы бөлінбегеніне жарты жыл болыпты. Бұл не, биліктің сізге жасап жатқан қысымы ма? – Солай деуге әбден болады. Алты ай болды, өзім де, қызметкерлерім де айлық алмадық. Егер біздің айлықпен ғана күн көретінімізді ескерер болсақ, ұжым үшін бұл үлкен ауыртпалық. Баспаханаға кепілхат жазып, «билік ақша босатқан кезде төлерміз» деп журналдың төрт санын шығардық. Қазір олар сол қаржыны төлемедіңдер деп, бізді сотқа бергелі жатыр. – Қазақстандағы көптеген журналдар, газеттер, баспалар жекешелендірілген. Сіз неге «Жалын» журналын жекешелендіріп алмайсыз? – Бұл идеяны маған осы мәселе төңірегінде тәжірибе жинақтаған адамдар да берген. Биыл бес жыл болды билік дес берер емес. Бүгінгі таңда кез келген адам журнал, газет иелене алады. Бар пәле журнал орналасқан төрт-бес бөлмеде болып тұр. Егер сол төрт-бес бөлмені жекешелендірсем, біреулер мені үлкен бай боп кетер деп қауіптене ме, осы жағына ақылым жетпеді. Әйтеуір мәдениет, ақпарат министрлігіндегілер кедергі жасаумен келеді. Көптеген қоғамдық ұйымдардың және олардың елдік, ұлттық мүдделері осы менің қасымда, «Жалын» журналы иеленген бөлмелерде бой көтермеді ме? Бәлкім, билік осы жағынан бізге кедергі жасағысы келген шығар. Елге, ұлтқа бір тиын пайдасы тимегендер халқымыздың байлығының пәленбай пайызын иеленіп отырған жоқ па? Ойланатын, күресетін мәселелер алда сияқты… – Жұрттың ғаламтордағы өзіңіз туралы айтылған ғайбат сөздерге, өсектерге қалай шыдайсыз? – Қазір ғаламторда мен жөнінде 100 мыңнан астам мақалалар, пікірлер бар көрінеді. Президенттен кейін ең көп пікір айталатын адам мен екенмін. Қайбір жылы Германияның 12 қаласында «Өркениеттің адасуы» атты романыма байланысты кездесулер, оқушылар конференциясы өткенде, менің шығармамды неміс тіліне аударған Фридрих Хицер неміс жерінде менің шығармашылығым туралы төрт жүзден астам мақалалар жарық көргенін айтып еді. Егер осыған ұқсас жағдайлар Жапонияда, Пәкістанда, Францияда, Қырғызстанда, т.б. елдерде болғанын ескерсек ше? Бірақ бүгінгі таңда ғаламтор бәрін басып озды ғой… – Жақында ғана «Аңыз адам» журналы өзінің бір санын түгелдей сізге арнапты. Әдетте «Аңыз адам» Әбу-Насыр әл-Фараби, Абай, Махамбет, Жамбыл, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Дінмұхамед Қонаев, Шәмші Қалдаяқов, т.б. секілді өмірден озған адамдарға берілсе, әзірге көзі тірі адамдардан Елбасы екеуіңіз ғана орын алыпсыздар. Көп тұлғалардың сіз туралы айтқан пікірлеріне тәнті болдық. Бірақ Хасен Қожа-Ахмет қана «Шаханов Желтоқсан оқиғасына еш қатысы жоқ адам» деп пікір айтыпты. Бұған қалай қарайсыз? – Пендешілік не дегізбейді? Айта берсін! Желтоқсан оқиғасын тексеретін комиссия құрып, оның жұмысын жүргізіп жатқанымда осы Хасен Қожа-Ахмет маған келе қалды. Нақ сол сәтте хатшы қыз маған бір хат әкеліп берді. Онда Желтоқсан көтерілісі кезінде қауіпсіздік комитетіндегілер бір мәшинеге толтыра арақ тиеп, алаңға жиналған жастарға әкеліп таратқан екен. Хатты сол мәшиненің жүргізушісі, «Еңбекшіқазақ» ауданының тұрғыны жазыпты. Хасен хатты оқи сала, осыны өзі тексергісі келетінін айтып, менің рұхсатыммен хатты қалтасына салып алды. Ақырында сол хатты ұшты-күйлі жоқ етті. Кейіннен маған бір топ желтоқсаншылар арнайы хат жазып, Хасен Қожа-Ахметтің «үшеудегі» туысқандарға қызмет ететінін, себебі қауіпсіздік қызметкерлеріне арналған демалыс үйінде тынығатынын әйгілеген болатын. Оның бұдан өзге де күдікті жақтарын, тіпті бір кезгі қауіпсіздік комитеті төрағасының ол туралы пікірін «Азаттық» радиосы арқылы жұртқа жайып салғанымда, маған бітіспес жауға айналды… Қайтеміз, аман болсын! -Рахмет, аға! Жамбыл атаңыз сияқты қажырлы-қайратты күйде 100-ге жете беріңіз! 

Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ

*Толық мәтінді  www.gu-gu.kz сайтынан оқи аласыздар.