Қазақ ой-пікіріндегі Ақыт Үлімжіұлының орны

Ақыт Үлімжіұлының қазақ халқы әдебиеті мен мәдениетінде алар орны ерекше. Ақыттың есімі мен оның мұралары Қазақстанда терең зерттеу нысанасына ілінбеуі ақын мұраларының Қазақстан оқырмандарына кең таралмауынан деп ойлаймыз. Ақытты қытай тарихшысы Су Бей Хай Қытайда демократ ақын, Монғолия ғалымдары Ақыт қажы ақын, Ресейде орыс түркітанушысы Н.Ф.Катанов Ахид бин Уәләд Гүлімжі Алтайский Карымсаков қазақ ақыны деп атаса, Түркияда Nergis Biray қазақ ақындары қатарына қосып, Ақыттың «Есептесер күн болар» шығармасын түрік тіліне аударып, Түркияға қазақ ақыны ретінде таныстырған, ойшыл Ақыт есімі шетелдерге тарағанмен, Кеңес кезінде Қазақстанда қазақ ақыны ретінде танылмады. Қазақстанда Ақыт есімі отандық оқырмандарға қазіргі кезге дейін таныс емес.  А.Үлімжіұлы (1868-1940 жж.) ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында Шы­ғыс Түркістанның Алтай айма­ғында өмір сүрген көрнекті ақын, ағартушы. Ақыт Садық Жебенұлынан және Бұхарадан келген ұстазы Орта Азия мәде­ниет орталықтарында кемелді білімі бар, сол кездегі дін мен ғы­лымды аса терең меңгерген Мах­­бубұлладан терең білім алып араб, парсы, шағатай, түрік тіл­дерін үйреніп, Құран және Ислам негіздерін меңгереді. 1890-1900 жылы Алтай мен Қобда ара­сындағы почта байланысына жұмысқа орналасып, қызмет та­лабымен моңғол, орыс тілдерін үйренеді. Кейін Ақыт би-төре­лердің хатшысы қызметінде жүр­генде билер алқасының - ел бас­қару ісімен терең танысып, дау- да­майларды шешу т.б. істерді үйренеді. Ақыт 18 жасынан кө­лемді шығармалар жазып, 1891-1910 жылдары “Тәржүмә-и”, “Ахуал-и хиямет”, “Әбият-Ғаһи­дия”, “Хисса-и Минахиб пиран Ғазиз-ан” т.б. еңбектерін орыс императоры Николай ІІ патша­ның тұсында Қазан, Санкт-Петербург, Орынбор қалаларын­да бастырды. 1898 жылы Н.Катанов Ресейде шығып тұрған “Деятель” журналында Ақытты “қазақ ақыны”- деп танып, оның “Жи­һан шаһ Тамуз шаһ угли” (Дозволено цензурою, Санкт-Пе­тер­бургъ, 30сентября, 1897 года. Казань. Типо-литографія Императорскаго Университета) кітабын Мұхаммед Нәжиб Әли Акбаров Ресейдің Қазан қаласында 5000 данамен бастырып шығарғанын хабарлайды. Ақыт 1907 жылы қажылық са­парға аттанғанда жолай Ресейдің Омбы қаласында белгілі қазақ ханы Абылайдың ұрпағы Ешмұ­хаммед Аблайхановпен кездеседі. Ақыт қызмет бабымен 1930 жылы Қобдаға барған бір сапары кезінде Кеңес Одағы коммунисі Абай Қасымовпен танысады. А.Қасымов Ақыттың білімді, әрі ақын, жасампаз ойлы тұлға екенін байқап, Ақытқа А.Құнан­байұлының кітабын сыйға тар­тады. Осы тарихи кездесу Ақыт рухани дүниесінің кемелдене дамуына үлкен әсер етеді. Ақыт Абай өлеңдерін оқыған кез-кел­ген адам Абай әлемін, оның өлең­дерінің мәні мен мазмұнын, оның философиялық ой-түйін­дерін терең түсіне алмайтын­ды­ғын ашық айтады. Ақыт Абайдың күрделі ойларын, дүниетанымын, Абайдың күрделі ой әлемін ал­дымен өзім тануым керек, осы арқылы басқаға түсіндіруім керек деген ойға тоқталады. Сөйтіп, Абай өлеңдерінің үзіндісін басы­на алып, күрделі лебіздерін шешу мақсатымен 66 тақта қара сөз (“Дәләйілүл ғақлия”) жазды. Ақыт:«Биссмиллә рахман рахим, Ей, мүмин, қарындастар! Қазақ ұлтының керей елінен шыққан мен әлсіз, пақыр пенде-қажы және қазы А.Үлімжіұлы, мүмин­дердің көңіл көзін ашуды, оларды опық жеуден сақтандыруды, кейінгі дәуірге естелік қалдыруды ниет етіп, марқұм А.Құнанбай қажыұлының кітабынан өрнек алып, осы ғақылиялық, нақыл­дық үндеулер кітабын жаздым. Шіркін, Абай адамның жуырда есіне түспейтін сөздерді тауып, соны өрнектеген екен. Мен де сон­дай есіме түсе қалған сөздерді кіргіздім. Сондай-ақ Абай өлең­дері­нің үзіндісін басына алып, күрделі лебіздерін шештім. Бұл нұсқаға сонан «Дәләйілүл ға­қылия» (“Ғақылиялық үндеу­лер”) – деп ат қойдым. Мақ­сатым, ел-жұртқа тағылым болса...» дейді. Құран Кәрімді алғаш қазақ тіліне аударған Ақыт шы­ғармаларында өз ойларын Жа­ратқан Хақ Тағаламен сабақтас­тыра жырлайды. Ақыт ағар­ту- ­шылық-ұстаздық, қазылық қыз­- метін қытай үкіметі тарапынан ұсталғанша 28 жыл атқарды. Ақыт гоминданшылар тарапынан ұсталып, Цай У Фу жазығында тірі көміліп, өлтірілген 108 адам ішінде қазақ алаш азаматтары Зият Шәкәрімұлы, Райымжан Мәрсеков т.б. бірге 1940 жылы ауыр азап шегіп 72 жасында қай­тыс болды. Ақыт өзінің бүкіл саналы өмірін қазақ халқын ең дамыған алдыңғы қатарлы ел­дердің қатарына қосу мақсатында туған еліне адал қызмет етуге арнады. Ақырғы демі тау­сыл­ғанша туған елін, жерін сүйіп, өз халқының тәуелсіздігі үшін кү­ресіп өткен Ақыт ақынның тұлға­лық болмысы мен асыл-мұра­лары әлі де болса Қазақстанда терең зерттеу нысанасына ілінбей отыр. Ақыттың ерлерге, әйел­дерге, жігіттерге, қыздарға, балаларға, моллаларға, билерге, төрелерге, сұлтандарға, байларға, кедейлерге бөлек-бөлек шығар­малар арнап, жалпы адамға ақыл кеңес беретін қанатты сөздерінің этикалық, эстетикалық қырлары, тарихи сананы қалыптастырудағы ой-пікірлерінің бүгінгі күні және келер уақыт еншісінде де өзек­тілігі арта беретініне сеніміміз мол. Ақыт жалпы қазақ әдебиеті мен мәдениетіне зор үлес қосып, артында өшпес мұра қалдырды. Сондықтан А.Үлімжіұлына өзі­нің тарихи Отаны Қазақстанда лайықты бағасын беріп, оның мұраларын зерделеуге назар аударуымыз керек. Белгілі отан­дық әдебиеттанушы академик Т.Кәкішев: «Ақытты әдебиеті­міздің үлкен өкілі ретінде қазақ мәдениетінің тарихына кіргі­зуіміз керек. Ол Абайдың алғаш кітап шығаруына дейін өзінің 9 кітабын 17 рет жариялаған. Мұны ескермеуге болмайды. Ок­тябрь революциясына дейін осын­дай кітап шығарған дарын иесі қазақта өте сирек. Сондық­тан Ақытты Абай деңгейлес да­рындар қатарында тануымыз керек» деп атап көрсетті. 2011 жылықазанда А.Үлім­жіұлы шығармаларының 2 том­дық толық жинағы бауырлас ел Түркияның Кония қаласында 6000 данамен басылып шықты. Еңбектердің Түркияда жарық көруіне 1935 жылы Ақыт от­басын­да дүниеге келген қазір Түркияның Стамбул қаласында тұратын Ақыттың ең кенже қызы Мәстура Ақытқызының баласы Абдулла Жафар Ұшар демеушілік жасады. 1937 жылы Ш.Сайдың қылышынан қан тамған кезде 2 жастағы Мәстураны бағып-қағу, аман алып қалу сол кездегі қиын, аласапыран заманда шын мәнінде қиын болғандықтан, Ақыт Мәстура қызын Кәріштәй молла мен оның әйелі Әлди­бо­паға аманат етіп тапсырып:«Құдай ал­ды­на дейін саған аманат, аман болса адам қылып өсіріңдер, үл­кейгенде өзі таза адал адамға ұза­- тарсың, қияметте қолыңнан ала­­мын” деген екен. Кәріштай мен әйелі Әлдибопа, Мәстураны алып отбасымен асқан қиын­шылықтарды бастан өткізіп, құр жаны Пакистанға әзер жеткен. 1938 жылы 2 жасында әкесі Ақыттан тірідей айрылып, Тибет, Үндістан, Пәкістан жерлеріне қоныс аударып келген. Мәстура Пакистаннан Елісхан батыр, Зайып тәйжі т.б. бастаған көшке ілесіп, Түркия жеріне қоныс аудар­ғанда Мәстура апа 12 жаста екен. Мәстура өзінің шын мәнін­дегі әкесінің Ақыт екенін, шеше­сінің Мәлике екенін он алты жа­сында, дін адамы, имам Ағзам молланың баласы Бидахметке тұрмысқа шығарында ғана білген екен. Ақыт еңбектері түріктер­дің атасы саналатын алғашқы Тү­рік мемлекетінің басшысы Мұста­- фа Кемаль Ататүрік заманында 1927 жылы Кония қаласында Ah­met Bahcivan тарапынан ашы­лып, сол кезден бері әлем тілдерінде мил­лиондаған кітаптар бас­тыруымен аты дүние жүзіне әйгілі “Бахчиванлар” (Bahcivanlar Basim San. A.S,de basildi. Karatay-Konya/Turkiye) кітап баспа орта­лығында жарық көрді. Еңбектердің ғылыми қосым­шаларын жазып, академиялық ба­сылым үлгісімен даярлаған, құрастырушы-жауапты редактор философия ғылымдарының кан­дидаты Омарова Гүлнар Сейткә­рімқызы. Осы орайды пайдаланып ең­бектердің Кеңесшілері: Ха­лықаралық Жоғары Мектебі Ғы­лым Академиясының академигі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылым­дарының докторы Т.Кәкішевке, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мә­де­ниеттану кафед­расының профессоры, философия ғылымдарының докторы Н.Байтеноваға, Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ Әдебиет теория­сы және фольклористика ка­федрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы З.Сейтжановқа, еңбектердің демеушісі Абдуллаһ Жафар Учарға, Түркияның Кония қаласындағы “Бахчиванлар” (Bahcivanlar Basim San. A.S,de basildi. Karatay-Konya/Turkiye) кітап баспа орта­лығы бас директоры Mustafa Bahciban, Аhmеt-Hakan Bahciban, Nejat Кuуucu, Nевzаt Iltекin, Mus­tafa Chеtin т.б. үлкен алғысы­мызды білдіреміз. Біртұтас қазақ халқы рухани мұрасының бірі болып табыла­тын Ақыт шығармаларының Конияда шыққан 2 томдық толық жинағы академиялық басылым үлгісімен даярланған. Қазақ­стан­ға таралғалы отырған Ақыт шы­ғар­­малары жаңа басылымы жүй­елі, даярланған алғашқы ба­- ­сы­лым екенін айтуымыз керек. Еңбектердің көлемі: 1-ші Томы 41 б.т. құраса, 2-ші Томы 37,5 б.т. құрайды. Ағар­тушы, көрнекті ақын А.Үлімжіұлы жастарға білім, ұлттық, тәрбие беруге, қазақ халқы ой-пікірінің қалыптасып, дамуына терең ық­пал етіп қазақ әдебиеті мен мәде­ниетіне зор үлес қосты. Сон­дық­тан академик Т.Кәкішев атап көр­сеткендей: «Ақытты Абай дең­гейлес дарын­дар қатарында танып, оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне сі­ңір­ген еңбегі мен шығарма­шылы­ғына мемлекеттік тұрғыда тиісті бағасы берілуі керек. 2. Ақыт есімін қазақ әдебиеті тарихына енгізіп, оның есімін Жоғарғы оқу орындарына ар­нал­ған «Шетел қазақ әдебиеті» курсы­на арналған оқулықтарға, мектеп оқулықтары хресто­ма­тияларына енгізу керек деп ой­лай­мыз. Гүлнар Омарова, философия ғылымдарының кандидаты