ӨМІР ТҮЙТКІЛДЕРІ

            Өмір болған соң әр жерде әр түрлі оқиғалар орын алып жатады. Кейде өзіміз сол оқиғалардың қатысушысы немесе куәгері боламыз. Сондай сәттер санамызды сілкіп, жүрегімізді жұлқып алатыны рас. Әр жағдайға қарап тұрып, заманның келбетін көресің, Алланың құлы-адамның тағдырын, елдің ертеңін ойлайсың... Соңғы уақытта қоғамда орын алып жатқан жағдайлардың тап үстінен түскенде төскітапшама бір ауыз сөзбен көргенімді, түйгенімді түртіп қоюды әдетке айналдырыппын. Қандай болсын мәселеге осылай өзімше жауап іздеп, ойымды қалам мен қағазға айтамын, жүрегімде толқындай тулаған сезімді жеткіземін... Адам бағасын арзандатқан ақша Күннің соңғы сәулесі адыр артында қызарып батып барады. Кеш қараңғылығы қоюлана түскен. Бағыма қарай, аялдама редакция жанында. Аудан орталығынан жұмыстан шығып, ауылдарына қарай асыққан адамдар таңертең түскен аялдамаларының енді қарама-қарсы жағында тағатсыз автобус күтіп тұр... Бірен-саран адам. Сүйретіліп соңғы автобус келді-ау. Қаладан аса бере кондуктор жолақы жинауға кірісті. Қалғып-шұлғып отырған халық кондуктордың кенеттен дауыс көтергеніне елең ете қалды. Орыстың орта жастағы азаматы толық жолақы төлей алмай тұр екен. 10-20 теңгедей жетпесе керек. Еңгезердей жүргізуші тежегішті басып қалып, кондуктор жігіт екеуі әлгі азаматты автобустан күшпен сыртқа түсіріп тастамасы бар ма?.. Таңғалдырғаны, автобустағы бірде-бір адам жанашырлық танытпады. Бастарын шайқап, әлгі адамды қарғап, автобустың тоқтағанына наразылық білдіріп жатыр. Бар ойлары өздері діттеген жерлеріне жетсе болды. Құдай-ау, адамның тағдыры жиырма теңгеден арзан болғаны ма сонда? Тас қараңғы түнде айдалаға адам тастап кетпек болған арсыз адамдарға автобуста отырған үлкендер жағы ақыл айтып, араша түссе, абзал болар еді ғой. Жиырма теңге қай жыртығын жамайды сол кондуктор мен жүргізуші мырзаның?! Не болып барамыз? Жетпеген өмір-ай! Ақша үшін арды ұмытып, адам ардақтаудан қалдық қой... (Қалтамнан жиырма теңге табылып, орыс болса да әкемдей адамның алғысын алдым). Мейірімсіз медбикелер Үлкен қызым ауырып қалып, онымен бірге емханаға жатуға тура келді. Бізді мұнда бірінші болып 6 жас шамасындағы орыстың ұлы қарсы алды. Есімі – Никита екен. Бірер күннен кейін білдім, оның мұнда жатқанына 3 айдың жүзі болыпты. Өзі аурудан айыққан, анасын күтіп жүр. Емхананың есігіне қос жанары күнде телміреді. Ата-анасы арақтың жетегінде жүрген көрінеді. Баласының барын да ұмытқан сияқты. Екі апта емханада жатқанымызда оған ешкім келмеді. Не, әжесі, не ағалары... Бізді қимай шығарып салды. Дәрі сасыған тар бөлмеден жалыққан бала кіріп-шыққан әркімге жәутеңдейді. Одан кейін ай өтпей екінші балам сырқаттанып, сол емханаға ем қабылдауға жіберді. Тағы бізді табалдырықтан бұрынғы танысымыз Никита қарсы алды. Таңғалам. Ұзақ уақыт уыздай жас баланы аурулардың арасына ах халаттылар неге қамап қойды? Туған-туысқандарына керексіз екенін білді ғой. Ары қарай құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс жасап, жетімдер үйіне жіберуге болмай ма? Жетімдер үйі оған туған үйіндей болмайтыны түсінікті. Бірақ аурухана бала асырайтын орын емес қой. Бұл жағдайда менің санама сан сауал салды... Қасиеттен арылған ата-ана, мейрімсіз медиктер... Тәртіпсіз тамадалар Той десе қу басымыз домалайтын халықпыз. Бірден қазіргі заман қазақтарының тойына тоқталайық. Қашанда тойдың сәні – тамада. Басқа облыстарда тойда жиі болмаймыз. Бірақ Қарағанды тамадаларын танып қалдық. Сөз қадірін бір адамдай білетін, түбін түсіретін тамадалар баршылық бізде. Бірақ Құдай бермеген дарынды қолдан жасап жүрген асабалар аса көбейіп кеткені, ащы болса да шындық.... Бауырым мектеп бітіріп, ата-аналар ұстаздарға дастархан жайды. Тойды басқарған тамаданың әдепсіз әзілдері мен жұтаң тілі жұртты жалықтырып жіберді. «Мен мектепте мұғаліміме ғашық болғанмын», «мына мұғалімнің фигурасы ат екен» деп балаларды ыңғайсыздандырып, ата-аналарды әбден әбігерге салып, жерге қаратты. Шамасына қарамай қыруар қаржы талап еткенін қайтесіз. Енді бір тойда Жамбылдан келген тамада жігіт ойын ойнатып жатып, келіннен жылқы етінің бір мүшесін атауды сұрады. Аңқау жас келін ойланбастан, аңғалдықпен «шұжықты жақсы көремін» деп қалды. Сол-ақ екен, ақымақ асаба ата-әжесі, ата-анасы отыр-ау демей «бар да, жігіттің «ұятты» жерін же» деп масқара қылмасы бар ма. «Артық қылам деп, тыртық қылды» деген осы шығар. Онысы жай ма, микрафонды алғаш көргендей, бауыздалып жатқан ешкідей бей-беркет бақырып, тойға жиналған қауымның құлағын жарып жібере жаздады. «Тыңдалмаса сөз жетім». Біз, қазақ сөз қадірін білетін халықпыз. Шұрайлы, шұғылалы тіліміздің құдіретінде шек жоқ. Сондықтан жұпыны сөзбен жұртты мезі қылатын асабалардан арылуымыз керек... Әдепсіз әжелер Бір ауылда Мәуліт мерекесі тойланып жатыр. Дұға оқылып, салауат айтылуда. Қаз-қатар тізіліп отырған қарияларымызға қарап көңіл сүйсінеді. Уағыз аяқталып, Мәуліт намазын оқимыз деп малдас құрып отырған молдалар жамбастарын жерден көтере бастағанда ақ жаулықты әжелеріміз бір-біріне жалтақтап, күбір-күбір сөйлей бастады. Бірден аңғардым, мына жалғанда жайнамазға бастарын тигізіп көрмеген әжелер. Намаз басталып кеткенде не істерлерін білмей абдырап қалды. Сосын, бірінен соң бірі намазды аяқтамай «құрысын!» деп шетінен кете бастады. Сөйтіп, көз қуантқан 5-6 әжеміз келесі бөлмеге барып, өсек соғуға кірісті. «Аяғым ауырады, еңкейе алмаймын», «жүрегім қысады», «Ей, бізге намаз оқымай-ақ мешітке келіп тұрса да болады», «дұрыс айтасың, әйелдерге намаз оқу парыз емес», «Мына көрпешелері күшті екен. Тіктірген шығар», «Әй, қатын, қазір текемет тігетін адамдар жоқ қой. Бұрын болатын» деген сияқты әңгімелерін естігенде жүрегімізге қанжар қадалғандай болды. . Бұл сөздеріне аса мән бермес едік, егерде әжелеріміздің әзілі әдепсіз болмаса. Мешітте отырып, бір-бірін балағаттап, оқылып жатқан намазды сыйламай, дүние сөзін сөйлегендері біздің көңілімізді күңірентті... Жалпы, әжелерді жамандау емес мақсат. Бірнеше рет әдепсіз әжелерге тап болғаннан кейін түйген ой ғой. Біздің аудан әкімдігінде көп жылдар бойы қызмет еткен бір апайымыз зейнетке шыққан еді. Бірақ аудан әкімі кеңесшісі етіп қойды өзіне. Онымен қоймай, «редакцияға жұмысқа алыңдар!» дегеннен кейін, корректор міндетін жүктедік. Сонда әріптес әжеміз жастарға ақыл айтудың орнына өзінен басқасының бәрін мақұлық санап, балағаттап отырады. Биліктен тақ емес, жұмақтан бақ іздеуді ойлаудың орнына әкімге сөз тасып, әркімге әлімжеттік жасады. Бата беретін, қазыналы қария деп сенетін әжелерімізге қарап заманның азғанын, қазақи ар-ұятымыздың тозғанын көруге болатындай... Пайдасыз депутаттар Сайлау кезінде пайда болып, одан кейін ғайып болатын халықтың бір тобы бар. Және олардың құдіреті соншалық, қарапайым халықты құрғақ уәдемен қарық қылып, сеніміне кіріп алып, «депутат» деген жүйрігіне мініп алып тайып тұрады. Сосын ол жүйрікке жетіп көр... Даладан да қаладан да таба алмай дал боласың... Есімде жоқ, әйтеуір, бір мейрам болатын. Аялдамада тұрмын. Қала сыртындағы анам тұратын ауылға барып қайтайын деп шыққам. Бір уақытта мен тұрған аялдамаға біздің аудандық мәслихаттың депутаты келіп автобус күтіп тұрды. Өз көзіме өзім сенбей қалдым. Құдай-ау, үнемі джиппен жүретін мына депутат тәтеміз түс көрген бе, әлде халық қатынайтын қоғамдық көліктің сапасы мен саны қаншалықты екен деп әдейі жолға шықты ма екен деп санамды сан-саққа жүгірттім. «Автобуспен жүрмегеніме 20 жылдан асып кетіпті. Бір түрлі қызық болып тұр. Студент кезімізде жүруші ек. Машинамды қызыма бердім жаңа. Мейрам ғой, қыдырсын» деп әлгі халық сенген депутатым осылай сайрап тұр. Қар-қарқ күледі. Бұл аудандық мәслихат депутатының сөзі, жағдайы. Жағдайы демекші, бұл кісі аудандағы ауқатты адамдардың бірі. Қора-қора асыл тұқымды малы бар... Ұсақ депутаттардың өмірі осындай болғанда, облыс пен Астанадағы депутаттардың тындырып жүрген жұмыстарын бағамдай беріңіз. Және олардың байлықтары бір-бірінікінен асып түспесе, кем болмайтыны анық Уайым-қайғысыз өмір сүретін депутаттар соры бес елі қарапайым халықтың жағдайын ойлайды ғой дейсіз бе осыдан кейін?!. Автобус кептетілген көліктердің арасынан шыға алмай көше жағалап, қала ішінде тасбақадай жыбырлап жүріп алды. Автобустың бұл жүрісіне ашуланған депутатымыз «масқара, бұлай болатынын білгенде такси жалдап жетер едім үйіме» деп дегбірі қашып, автобусты орта жолдан тоқтатып түсіп кетті... Қоғамдық көлікпен күнде жүретін халықтың не жаны бар десеңші?! Қала ішіндегі кептеліс бір бөлек, ауылдарға апаратын шұңқыр-шұңқыр жолдарды қайтесің?! Осындай мәселелерімізді шешіп береді деп халық үлкен үміт артқан депутаттарымыздың түрі мынау. Депутаттық мандатқа маңғазданып, сессияларда «бір ауыздан» бір жақты дауыс беріп, бір мәселе көтермей жалпақ жұрттың емес, бір-бірінің амандығын біліп тарасатынын тағы білеміз ғой. Бұл көргенім депутаттарымыздың өз сайлаушыларының талап-тілегіне тіпті де бас қатырмайтынына көз жеткізгендей... Асылбек ТОЙБЕК Қарағанды облысы