Қырғыз балуандары басымен шеге қақты

Қырғыз балуандары басымен шеге қақты | Жаңалықтар | «Baq.kz» Ақпараттық портал Қырғызстанда темірді тісімен үзіп, басымен шеге қаққан балуандар өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды КТК. Әсіресе Бішкектің орталық алаңына жиналған жұрттың таңдайын қақтырған «Тасуатқыш» деген лақап аты бар балуан. Жалғыз өзі бес автокөлікті бұйым құрлы көрмей сүйреп кете береді.
Бүгінде Бішкекте тұратын Нұрлан Әлішеров жеңіл көлік түгілі, былтыр тісімен ұшақ сүйреген болатын. Гиннестің рекордтар кітабына кірем деп 12 тонналық автобус пен пойызды да тартқан-ды. Бүгін жұртшылық алдына оның бір топ шәкірттері де шықты. Шетінен өнерпаз. Бірі ағашқа қағылған шегені тісімен суырса, енді бірі пластик шөлмекті оп-оңай шайнай салады. Ал Нұрланның өзі жуық арада құлағының мүмкіндігін сынап көрмекші. 35 жастағы балуан екінші топтағы мүгедек болса да, бұл оған ғаламат тәсілдер жасауға кедергі емес. Айтуынша, ғажайып күш бойында өткен жылы пайда болыпты.

                                                                                                                             baq.kz