Сары ауру сағыныш

«Басы күнес Іленің» деген ақын кім едің, Туған жерді аңсамау жұмыр басты мін едің. Сары ауру сағыныш, табар дейсің кім емін?.. Бір аралап қайтуға қиял тұлпар мінемін!..»– деп туған жерін Жәркен Бөдеш ағасы секілді аңсап өткен әнші десе әнші, саз- гер десе сазгер, жазушы десе жа- зушы, ақын десе ақын бола білген, бір басына киелі өнердің сан қыры мен сырын сіңірген, ұлтжанды аза- мат Ермұрат Зейіпханның қайтыс болғанына да жылдың жүзі бол- ды. Оның ел ішіне күйтабақ бо- лып тараған сезімге толы серпінді әндерімен бірге, «Сыбызғы са- рыны» (1999) атты әңгімелер жинағы және «Өзіңе арнаймын» (2002), «Үшбурыл» (2010), «Бұ дүние» (2010) қатарлы өлеңдер жинағы рухани дүниеміздің қасиетті төрінде тұрғандығы да бізге ме- дет. Ермұрат еліміз егемендік ал- май тұрып-ақ атамекенді аңсап жет- кен азматтардың бірі болатын. Ол жастайынан Таңжарық бабасының өнер жолын ұстанып, өлең қуып, өнерге деген өзінің жақындығын әйгілеп өсті. Ән-жыр әлемінде шығармашылық тұсауын Алатау ба- урайына келіп кесті. «Таңы ерте атса, шуақ күні жай бататын жер, Ғажап түнін Ай, Жұлдызы жайнататын жер Үр Астана, гүл Алматы қос жанарындай Алыс жүрсең сағынтатын, ойлататын жер», – деп баста- латын әнге айналған «Қазақстаным» атты өлеңінен-ақ оның егеменді елін қалай сүйетіндігі аңғарылып тұрғандай. ҚХР мен Қазақ елінің келісімі арқылы оқуға келген бір шоғыр студенттердің ішінен оқу бітірген соң кері қайтпай қалуының сыры да сонда болса керек. Ол сах- на өнерінде де өзінің шеберлігін шыңдап, Абай атындағы опе- ра және балет театрынан бастала- тын алғашқы өнер жолында «Қыз Жібек» спектаклінде Бекежанның, «Абай» операсында Көкбайдың рөлін сәтті сомдады. 1997-2000 жылдары М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрындағы «Қарагөз» спектаклінде Асан салдың, «Әли және қырық қарақшыда» Хасанның, «Қилы заманда» хабаршының рөлін көрермендердің көз алдында көрнектілендірді. «Өзге жұрттан тілену басқа амандық, Ұрпағыңды қорлыққа тастағандық. Мәнсапқорлық с анасын тас қамал қып, Отанына оралмау – қас надандық» деп санайтын ол Қазақ елінің азаматтығын алған соң, 2000 жылдан күні кешеге дейін Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблінде фольклор-этнография тобының көркемдік жетекшісі бо- лумен бірге, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының өнер орталығын басқарды. Осы барыста ол ақын Алмас Ахметбекұлының сөзіне жазылған «Көк тудың желбірегені», «Күнес-ай» аты ұлтжандылық пен сағынышқа толы әйгілі әндерімен т ы ң д а р м а н д а р ы н ы ң ы н т а - ықыласына бөлене бастады. Ең өкініштісі, «Көк тудың желбірегені» сынды отансүйгіш әнді көзі тірісінде бейнебаяндық ән ретінде өзінің тыңдай алмай кеткендігі жанымызға ЕСТЕЛІК қатты батады. Бұл арада Ерекеңнің азаттық радиосына берген мына бір сұхбатын көлденең тартуға болатын секілді. «Қазіргі Қазақстанның өнер са- ласында әркім өзінше өмір сүріп кетті. Жоғары биліктен болсын, тиісті министрліктен болсын, өнер адам- дарын қолдап-қуаттау деген жоқ. «Мәдениет қайраткері» деген атақты шахтерге де, актерге де беретін бол- ды. Сондықтан қазіргі үкімет осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, осы нағыз өнер адамдарының қайта жарқырап шығуына қандай да бір жағдай жасауы тиісті деп ойлаймын. Өйткені қазіргі жеңіл музыкамен сах- наны, барлық теледидарды жау- лап алған «жұлдыз» әншілер әрі кет- се 5-10 жылда өз-өзінен жоқ бола- ды, сонда нағыз тірі, жанды дауысты әншілерді іздейтін боламыз. Бірақ сондай күн келгенде тым кеш қалып, өкініп жүрмесек болғаны». Ерекеңнің айтқаны айдай келіп отырғандығына таңданбасқа шара жоқ. Енді біз оның жанды дауы- сын жер шарын жеті айналсақ та кездестіре алмаймыз. Өкініш деген, міне, осы. Бұдан асқан әділетсіздікті жер бетінде ендігәрі арқалап жүргісі келмеген Ерекең көзі тірісінде бірде- бір кітабын үкіметтің кітап басып шығару жоспары бойынша шығара алмай кеткендігі де жоғарыда айтқан өткір сынының дәлелі болса керек. Ол жалпақтап, жағатсынуды өлім деп санайтын, өр мінезді жан еді. Сол өрлігінен болар, оның ержігітке тән өр мінезін жоғары бағалайтын ағайын-достары мен ел-жұрты оның шығармашылық кештерін ұйымдастырып, «тұлпар» мінгізді. Жыр жинақтары мен күй табақтарын және прозалық жинағын баспадан шығару ісіне өз әлдерінше көмек қолдарын созды. «Тірлік серті – Тасынам да басылам, Бәрі Алланың қолында екен, бұл анық. Ұлдарымның сипап қоям басынан, Қағыбаны сипағандай қуанып» деп, кеше ғана екі құлынының маңдайынан сипап, «Күнес-ай» әнісіз өтпейтін той-думандардың басы қасында жүретін Ерекең қамшының сабындай қып-қысқа шығармашылық өмірінде өз биігінен көріне білді. Әсіресе, оның сазгерлік қыры мен ақындық беталысындағы өзгеге ұқсамайтын айқын қолтаңбасы менмұндалап тұратын. Оған «Мен жүрген жайдаудың тауының биігі- ай» деп басталатын «Жайлауым – әнім» атты әнінің халық әніне айна- лып кеткен болмысынан анық жау- ап табуға болады. Ал оның ақындық қыры туралы зертеу жұмысы енді бұдан былай кешенді түрде қолға алынатындығында дау жоқ. Өйткені оның жыр жинақтары мен қойын дәптерінен мына өлең секілді серпінді өлеңдерді жиі кездестіруге болады. «Астананың аспанында бұлттар, Бұлттарда қилы-қилы ғұрып бар – Таулы жерде – Бұлқан-талқан бүлінсе, Жазықтарда – Маң-маң басқан ұлықтар. Алатаудың асқарында бұлттар, Бар назарын Алматыға бұрып бар – Төніп келіп төпелейді, төгеді, Ағыл-тегіл аспан болар бұрқ-сарқ! Дидарғайып, Ғайып болар бұлттар, Дамылдаған тұнық тамшы, тынып қар. Будақтанып, шумақтанып, қаттанып, Бірде бүркіп, бірде бәрін ұрттар. Бұлттарда – Құйын қылық, құлық бар, Жолаушыны тұмандатып құрықтар. Кей өңірді – Айналсоқтап кетпейді – Кей өңірге – Жоламайды қылып дал. Бұлттарда сондай-сондай ғұрып бар...» Ерекең ешқашан өз биігінен төмендемеген ақын. «Кең дейді, Дүние, Даңғаза кернейді. Көкек-ау, аты жоқ бір жаққа әкетші, Төменге түскім келмейді» деп өз биігінен көріне білген «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат еді. Ол даңғазалық пен жемқорлық желі азынаған кең дүниеден көңіліне медет, шабыты- на шабыт қосатын мейірлі мекенді бар ынта-ықыласымен іздеп, өмірден өтті. Бір бөлмелі үй емес, бір Алматының өзі оған тарлық етті. Сондықтан ол өз биігінен төменге түскісі келмеген соң, қайта орал- мас қаралы сапарға бет түзеп, алыс сапарға аттанып тынды. «Қаңтар туған жанымды оттай көр де, Тоқтай көрме жүрегім – Тоқтай көрме» деп ең жақын ағайын-достарына кездескен сайын адуын ұялаған ақша жүзіне мысқыл күлкісін үйіріп әкеліп, айтып оты- ратын бойтұмар шумағына жал- мауыз жалғанның жалаңдаған ота пышағы кездейсоқ кездесті. Өнер өрісін, шабыт шалқарын шамалап бағалай алмаған ел-жұрты еңіреп артында қалды. Ерекең бізді тастап, бұ дүниеден о дүниеге кетті. Өзінің өлеңдері секілді жұмбақ ажал көз ал- дымызды тұмандай торлап, алыстап барады... Мүмкін ол: «Өмір осы, құнттап не етем, Жетпеген бір орамға. Шаршап жетіп ұйықтап кетем, Бір сайыңа барам да» деген осы бір шумақ өлеңін жазбаған болса, әлі күнге дейін ортамызда ойқастап жүрер ме еді, кім білсін?! Алайда: «Қазанда ұшқан көбелек – Дір-дір етіп ғұмыр жүр, Ажалы оның жуық жүр, Бір қыз оны қуып жүр...» деп өз ажалын өзі алдын ала болжап кеткен ақын жүрек бұл өмірден, расында да, шаршаған соң, ол жаққа асығыс кеткен шығар. Ал біздің көкейімізде тәуелсіз елдің семсер ойлы серісі, ер мінезді Ермұрат Зейіпханұлын са- рыла күткен сары ауру сағыныштың демікпе дерті ғана қалғандығын сұм ажал біле ме екен деші?! Әй, қайдам! Мүмкін, өмірдің шынайы мәні де сол «қолда барда алтының қадірі жоқ» дейтін халықтық фәлсафаға келіп тірелетін болса керек... Бекқожа ЖЫЛҚЫБЕКҰЛЫ