ТЕРГЕУШІЛЕР КУӘЛАРДЫ ДА АЗАПТАҒАН..

     Ақтауда жұма күнгі кідірістен кейін қайта жалғасқан сот процесінің 23-сәуір күнгі 20-шы отырысынан Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің хабарлауынша, судья Аралбай Нағашыбаевтың адвокат Сәулебай Сансызбайұлына сөгіс жариялап, мұны хаттамаға кіргізуінен басталған. Одан соң ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатпен жүрген сотталушы Мұқашевтің (кәмелетке толмаған) Жаңаөзеннен әлі келіп жетпегендігі белгілі болған. Адвокаттың заңды өкіл екендігіне сілтеме жасап, оның қорғаушысы Мұқашевсіз бастай беруді ұсынған, бірақ бұл қабылданбаған. Сотталушы Аманжолов барлық 37 сотталушының атынан, қару қолданған полицейлерге және ұрып-соғулар мен азаптауларға қатысқан құқық қорғау органдарының өкілдеріне мүмкін болған бүкіл заңды шараларды қолдануды өтініп, талап-тілек жасаған. Судья талап-тілекті қабыл алып, оны іске қосуға қаулы еткен. Сол екі арада анасымен Мұқашев та келіп жеткен. Судья оларға - тағы да кешіккен жағдайда санкция қолданатындығы жөнінде ескерткен. Адвокат Бисекешев өз қорғауындағы Мұңайтпашев жағынан қосымша екі куәні мәлімдеген. Бұдан әрі 11 куә сұралған. 60 жастағы мұнайшы Мұқан Тойқұлиев өзінің 17-желтоқсанда алаңда болғанын, алаңды көптеген солдаттар қоршап тұрғанын, ал ондағы жұрттың оқ атпауды өтініп, бейбітшілікке шақырғандығын, әлдебір «командирдің» (куә оның әскери атағын айыра алмаған) жиналғандардың өкілін «келіссөзге» шақырғандығын, ешкім қозғала қоймағасын, оның өзінің барғанын, «командирлердің» (біреуі қазақ, біреуі орыс): «Адамдардың жиналуына, тіпті ұрандар ұстауына да болады, бірақ белгілі қашықтыққа шегінсін», - дегенін, содан соң жұрттың шегініп тұрғанын айтқан. Кейін, 20-желтоқсан күні сағат 22-лерде, Тойқұлиевті полиция келіп алып кеткен. Ол жөнінде К+ телеарнасы көрсеткен хабардан білгендерін айтып, көмегі үшін алғыс білдіріп, босатып жіберген. Одан әрі бірнеше рет куә ретінде шақырып, күдіктілердің фотокестелерін көрсеткен. Тойқұлиев ешкімді танымаған соң ол үшін тергеушілер «таныған». Адвокат Сәрсембина: Сіз фотолардан Жарылқасынов пен Ақжігітовті таныпсыз. Олар жөнінде не айта аласыз? Тойқұлиев: Мына 37 адамның ішінен (сотталушыларды көрсеткен) мен тек Нұрлан Асқарұлын ғана білемін. Ол менің туысымның ұлы. Басқа ешкімді білмеймін. Ал фотокестелерге келсек, былай болды: менің көзім фотолардың біріне кідірсе болды, тергеуші бірден: «Осы ма?» - деп саусағымен нұқиды. Олай етуге болмайды ғой! Мен оларды білмеймін, 16-желтоқсанда ешқайсысын көрген жоқпын, өйткені күні бойы, кешкі сағат 7-8-ге дейін жұмыста болдым, сондықтан фотоларға қатысты айтылғандардың барлығынан бас тартамын. Бауыржан Толқұлов (фамилия анық айтылмағандықтан қате болуы да мүмкін), УОС-5-тің бұрынғы жұмысшысы, ереуілге қатысып, алаңда болғандығын, бірақ 15-желтоқсан күні жолдастарынан (нақты кімдер екені есінде жоқ) Сақтағановтың: «Біздің проблемалар шешілмейді», - дегенін естіп, алаңнан кетіп қалғандығын, кейін оны куә ретінде шақырып, бейнелер қаруытып көрінетін нашар ксерокөшірмелер тәрізді фотокестелер көрсеткенін, одан ешкімді танымағанын, ешкімнің тонауға, өртеуге, атуға шақырмағанын, таяқ ұстаған ешкімді көрмегенін айтқан. Сотталушы Бесмағамбетов: Сен неге 25-іне сенімен бірге бізді, 11 адамды, прокуратурада ұрып-соққанын айтпайсың? Толқұлов: Басқаларды білмеймін, ал мені сәл қорқытқысы келсе керек, тек бір-ақ рет ішімнен ұрды. Мен мұны ұрып-соғу деп есептемеймін. Адвокат: Кім ұрды? Қайда? Қасыңызда кім болды? Толқұлов: Аслан есімді тергеуші, прокуратурада, бірақ тағы да қайталаймын - мен мұны қысым деп есептемеймін. Қасымда Жарас Бесмағамбетов, Адабай, басқалар болды. Осыдан кейін адвокат Жуаспаева, ғимараттың дәлізінде бәрі естіліп тұрғандықтан, судьядан ондағы сұралмаған куәларды шығаруды өтінген. Судья оның өтінішімен келіскен. Ж.Наурызов пен А.Кержановты, ереуілге қатысып, алаңда болған мұнайшыларды, 16-желтоқсанда отбасылық жағдайларымен алаңнан ерте кетіп қалғандықтан және алибилері болғандықтан бұл іс бойынша жауапкершілікке тартпай, куәлар ретінде тіркеген. Сотталушы Ертай Ермұқановтың анасы Бақтыгүл Ермұқанова өте толқып сөйлеп, ұлының мұнайшы болса да ереуілге қатыспағандығын, 16-желтоқсанда түнгі ауысымнан келіп, сағат 15-ке дейін ұйықтағандықтан алаңда тіпті мейрам күні де болмағандығын айтып: «Біз мейрамдарға бармаймыз, онда не істейміз? Киіз үйлерде бастықтар ішіп-жейді, ал біздерді жақындатпайды да», - деген. Полицейлердің Ертайды 23-желтоқсан күні түнде алып кетіп, бір ай бойы кездестірмей қойғанын, ұлы ұсталып кеткен соң 1-2 күн өткенде көршілерінің ұлы Берден Қожамбердиев келіп, Ертайды өзінің көрсетуімен тұтқындағанын, бұған оны ұрып-соғу, қорлау арқылы мәжбүр еткендігін жылап тұрып айтқанын мәлімдеген. Прокурор: Тінту үстінде сіздің үйден этикеткалар табылған. Тергеудің пайымдауынша, олар тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған киім-кешектен болуы мүмкін. Олар сізде қайдан жүр? Ермұқанова: Бұрын демалысқа бару мүмкіндігім болған жоқ, ал былтыр Алматыны көріп қайтпақ болып бардым, сонда киім-кешек сатып алдым, өйткені онда бағалар төмендеу. Бұл соның этикеткалары. Қайтарда пойызбен келе жатып, вагонда жүріп сатушыдан немереме ойыншық пистолет сатып алып едім, тінту үстінде оны да алып қойды. Нұржанов Ерлан, «Семсер» күзет фирмасының қызметкері, алдын-ала тергеу кезінде берген барлық көрсетулерінен бас тартып, өз әріптесі Мэлс Сарыбаевқа ұрып-соғу мен қорқытып-үркітулерден соң жала жапқанын мойындаған. Айтуынша, келіп үйінен алып кеткен белгісіз адамдар жолшыбай мәшинаның ішінде-ақ оның Сарыбаевты «банкомат тонаушы» ретінде көрсетуін талап еткен. Ол көнбегесін алдымен мәшина ішінде, одан соң прокуратурада ұрып-соққан, «электрошокермен қинаймыз», «отырғызамыз» деп қорқытқан. Егер көрсету берсе, ҚПК-нің 100-бабын (куәларды қорғау) қолданамыз және шын есіміңді жасырамыз деп уәде берген. Нұржанов: Мені сындырып тастады, сондықтан хаттамаға қол қойдым. Ал Сарыбаевты тұтқындаған соң Ерлан оның анасына барлық шындықты айтып, мойындаған. Ереуілге қатысқан мұнайшы Төлекбаев Ақберен 16-желтоқсан күні басқа қалада емделуде болғандығын, сол кезде оған үйінен телефон соғып, «полицейлер гараж есігін бұзып кірді» деп хабарлағандығын, оның бұл гаражды өзінің жақын туысы Б.Непестен бөліп-бөліп сатып алғандығын, онда жүрмейтін ескі автомобиль мен түрлі заттар, арасында пайдаланылған автомай құюлы ыдыстар да тұрғандығын айтқан. Үйге қайтып оралған соң оны полицияға шақырып, әлгі автомайға бола бірден «өртеулер дайындадың» деп айыптаған. «Анда апарып, мында апарып», қысым көрсеткен. Куәлар О.Әнешев, Р.Мәулібаева, А.Аққұлова, В.Жолмұхамбетова алдын-ала тергеу кезінде берген көрсетулерін растаған. Сот отырысының екінші жартысында сұралған куә, Жаңаөзен қалалық мәдениет бөлімінің бастығы Алдашева Гүлжазира өзінің Б.Непеске қатысты бұрынғы көрсетулерінен бас тартқан. Анықталғаны, ол бұрын тұрған көп қабатты үйде Непеспен көрші болған, сондықтан, тергеушілер тану үшін фотокесте ұсынған кезде таныс бейнені көріп, ойланбастан соны көрсете салған. Ал шындығында 16-желтоқсан күні ол оны көрмеген. Алдашева тергеушілердің фотокестені («фотоальбомды») оның жұмысына, әкімдікке алып келгендігін айтқан. Судья (таңданып): Сізге жұмысқа? Алдашева: Ия, тура жұмысыма. «Семсер» фирмасының күзетшісі Бөлекбаев Сұлтанбекті сұрау барысында бұл фирманың «ӨзенмұнайГаздың» бұрынғы бастығы Киікбай Ешмановтың үйін күзеткендігі анықталған. Адвокат: Қолдарында қару - винчестер бола тұра күзетшілер неге ескертіп оқ атпаған? Бөлекбаев: Өйткені ол қару оқ атуға жарамсыз болды. Ереуілге қатысқан мұнайшы Батыров Бердібек бұрынғы көрсетулерінен бас тартқан. Ол да өзінің ұрып-соғу мен азаптау салдарынан жолдастарына жала жабуға мәжбүр болғандығын мәлімдеген. Бердібекті 17-желтоқсанда-ақ ҰҚК-ге шақырып, бірден қорқыта бастаған, саусақтарының арасына автоқалам салып бұраған, ұрып-соққан. Куә жауаптаулар кезінде айтылған ешқандай «штабты» білмейтіндігін, оны тергеушінің өзі айтқандығын көрсеткен. Батыров: Тергеушілер жауаптап, кезек-кезек ұрып-соқты, содан соң хаттамаларға қол қоюға мәжбүр болдым... Сонымен, билік Жаңаөзенде өзі ұйымдастырған өртеулер, қиратулар, тонаулар мен қанды қырғын салдарынан материалдық зардап шеккен қарапайым халық өкілдерін алдап-сулап, сотқа шағымдар жазғызып еді, мұның шын мәнінде сотталушы мұнайшыларды нахақ айыптау шарасы екенін білген бойда жұрт шығын өтеу жөніндегі талаптарынан жаппай бас тартты. Тергеушілер, прокурорлар мен сот «жәбірленуші» ретінде дайындаған, ал шын мәнінде «жоғарғы жақтың» бұйрығымен 16-желтоқсанда бейбіт халыққа қарсы оқ атып, қырғын салған полицейлер бір де бір сотталушылының ешқандай кінәсін көрсете алмай, керісінше, сотталушылар тарапынан адам өлтірушілер мен ұрып-соғып, азаптаушылар ретінде жаппай әшкереленді. Тергеушілер ұрып-соғулар, азаптаулар мен қорқытып-үркітулер арқылы «қылмыстарын мойындатқан» сотталушылар сот процесінде өздерінің бұрынғы көрсетулерінен жаппай бас тартып, тергеудің бүкіл фашистік әдіс-тәсілдерін ашып берді. Кезек куәларға келіп еді, олардың арасындағы полицейлердің өздері шын мәнінде ұрып-соғушылар мен азаптаушылар екендігі, ал, қарапайым азаматтар - тағы да сол тергеушілер ұрып-соғу, азаптау мен қорқытып-үркіту арқылы «дайындаған» жалған куәлар екендігі айқындалып жатыр. Сөйтіп, сайып келгенде, шын мәніндегі айыптаушылар кім, айыпталушылар кім екендігі жөнінде онсыз да алдын-ала белгілі болған ащы шындықты енді сот процесінің өзі мейілінше және еш күмәнсіз дәлелдеп берді деуге толық негіз бар. Ендеше, олардың орнын ауыстырып, әр нәрсені және әр кімді ресми түрде өз атымен атайтын уақыт келген болар? Әлбетте, егер осынау масқара сот процесін дайындап, ұйымдастырып, өткізушілерде ар-ұяттың тым құрығанда титтей бір қалдықтары сақталып қалған болса... 23-сәуір, 2012 жыл.