Мақсұт ЖҮНІС, ҚР білім беру ісінің үздігі, профессор, әнші: ӨНЕР ЖОЛЫМ ШОПЫРЛЫҚТАН БАСТАЛДЫ

       Ұзақ немесе қысқа ғұмыр сүргеніне қарамастан, әр адамның қызығы мен қиыншылығы аралас жеңіліске де, жеңіске де толы өмір жолы жеке бір тұнып тұрған тарих. Жалпы елдің тарихы жекелеген адамдардың өмір тарихынан құралатыны анық.  Халықтың құрметіне бөленіп, ұлтымыздың өнері мен мәдениетіне аянбай еңбек етіп жүрген, білім беру ісінің үздігі, профессор, әнші Жүніс Мақсұт Оразұлын сөзге тартқанымызда ол кісі әңгімесін былай деп сабақтаған еді... Қанда бар қасиет бәрібір жеңеді екен – Әкем ұзақ жыл ауыл мектебінде ұстаз болған адам. Толық аты-жөні Оразмұхаммед Жүніс. Анам – Мафайра Міржақыпқызы. Біз ағайынды сегіз едік. Бәріміз де өнер жолына түстік. Бәріміз де Қазақстанның түкпір-түкпірінде ұлтымыздың өнері жолында еңбек етіп жүрміз. Тәттімбет, Мәдилердің ұрпағы екенімізді мақтан тұтамыз. Соған қарағанда өнер бізге атадан дарыған болса керек. Шешеміз де өнерлі адам болатын. Ауыл арасында болған той-томалақта жұртшылық анама ән салдырмай қоймайтын. Бізге Ақанның, Әсеттің, Абайдың әндерін жаттатып отыратын. Анамның әкесінің аты Міржақып болған соң болар, көп адамдар «Сен Міржақып Дулатовтың жиені боласың ба?» деп сұрап жатады. Нағашы атам Міржақып Дулатовпен тете өскен екен. Екеуі жақсы сыйласқан, дос болған адамдар деп естимін. Мен өнер адамы болмаймын деп шешім қабылдағам. Бірақ, бойда бар қасиет бәрібір жеңеді екен. Ойламаған жерден өнер жолына түсіп кеттім. Баланың ортаншысы болу мен үшін оңай болған жоқ. Шешем отбасы, ошақ қасы адамы болған соң, әкемнің жалақысы көп балалы бір жанұяны асырауға жетпейтін. Сегізінші сыныптан кейін оқуды доғара тұрып, әкем мен шешеме қолғанат болуды іштей ұйғардым. Сосын ата-анама ойымды айттым: «Семейдегі кәсіптік орта мектепке барып шопырлық курсты бітіріп алып, жұмыс істеп, сіздерге көмектесейін» деп. Әке-шешем: «Қатарластарыңнан қалмай оқып ал, бұның бәрі уақыттық қиыншылықтар, ертең-ақ бәрі артта қалады, обалыңа қаламыз, жұмыс істеуді ойлама да, аузыңа алма», – деп қарсы болды. Ақыры мен жеңіп, 1964 жылы Семейдегі 25 ші кәсіптік орта мектепке оқуға түстім. Осы оқу орнын бітірісімен, ауылда жарты жыл трактор айдадым. Кейін он сегізге толғанда ғана мектеп маған жүргізуші куәлігін берді. Куәлік қолыма тиісімен автобазаға жұмысқа орналастым. Мен жұмыс істейтін автобазада кәсіптен тыс хор үйірмесі бар болатын. Соған қатысып жүрдім. Бір күні Лениннің туылған күніне арналған ән мерекесі өтетін болды. Өкінішке қарай, сол концертте Лениннің әнін айтатын солист әншіміз стадионға шығуға бір күн қалғанда ауырып қалды. Ол кезде кез келген шараға аса жауапкершілікпен қарайтын. Үйірме жетекшісін директор шақырып алып: «Ол әншінің орнын басатын адам неге дайындамағансың?!» деп ұрысса керек, сасқалақтаған жетекшіміз «Дайындағам! Мақсұт деген жігіт бар» деп айтып қалыпты. Директор: «Қайда? Шақыр!» дейді. Сөйтіп, ескі жүк көлігінің астында май-май болып машина жөндеп жатқан жерімнен шақыртып алды. Директор үдірейіп кіріп келген менімен қысқаша сәлемдескен соң «Сен мына Ленин туралы әнді, сосын, мына Латиф Хамидидың Отан туралы туындысын білесің бе?» деп сұрады. Мен еш тартынбастан білемін дедім. Ол кісі «баста!» дегендей ишарат жасасымен, екі әнді бірінен соң бірін айтып бердім. Директордың жылы шырайынан әсерлендім бе, жоқ әлде бабым келіп тұрды ма білмеймін. Әйтеуір, екі әнді де еш тартынбай жақсы орындап бердім. Міне, осылайша ойламаған жерден директордың сынағынан өтіп, тұңғыш рет үлкен сахнаға жолдама алдым. Бір концерт менің өмір жолымды түбегейлі өзгертті – Осы концерттен соң менің өмір жолымда түбегейлі өзгеріс болды. Концерт соңында қазылар құрамында отырған бір адам мені шақыртып алып, мән жайымды ұғысқан соң: «Өте жақсы даусың бар екен, ары қарай оқуың керек» деді. Ол тамаша педагог – Миов деген кісі екен. «Әке-шешем бар еді. Ол кісілерге үй шаруаларына қолғабыс етуім керек. Болмаса, сырттай оқып алармын» дедім. Ана кісі күліп «әншілік өнерді сырттай оқу мүмкін емес» деді... Семей қаласының сыртында орналасқан Курчатов деген жерде тұратынбыз. Сонымен, екі ойлы болып үйге келсем, абыр-сабыр той болып жатыр екен. Әкем қорадағы жалғыз қойын сойып жіберіп, қазанға етті асып тастапты. Сөйтсем, концертті көріп қайтқан көрші-қолаң әке-шешеме сүйіншілеп жеткен көрінеді. Мынау кішігірім той, үйдегілердің соларға менің сахнаға тұңғыш шыққанымды жуып беріп жатқаны екен. Жиналған жұрт мені «шопырлықты таста, өнердің оқуына бар» деп үгіттеді. Әке-шешем де оларды қоштап кетті. Бұл жолы мен жеңіліп, Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыкалық училищеге оқуға түстім. Бұл – 1971 жылы болатын. Пахматова ұрсудың орнына, қолымды қысты... – Ол кезде өнерге деген құрмет өзгеше болатын. Бір концертке шығу үшін үлкен талап қойылатын. Бүгінгі таңдағыдай айлап, апталап бұрын даусын жаздырып қойып, концерт күні тек киімін үтіктеп қана сахнаға шыға салу деген атымен болмайтын. Халықтың алдына шыққан әнші міндетті түрде тірі дауыста орындауы керек еді. Ол өнерге деген құрмет, халық алдындағы үлкен жауапкершілік емес пе?! Ол кезде сөзін қате айтып қоймайын, жаңылып қалмайын деген қорқыныштан сахнаға шыққанға дейін өзіңмен-өзің арпалысып, іштей дайындық жасап тұратынсың. Қазіргі әншілердің кейбірі өз рефертуарындағы әннің сөзін толық біле бермейді. Қағазға қарап тұрып айтып, алдын-ала даусын жаздырып қояды да сахнада, әйтеуір, ауыз қимылы ілесіп тұрса болғаны. Міне қараңыз, өнерге деген құрметтің қаншалықты құлдырағанын осыдан-ақ байқауға болады. Мәселен, сол кезде мен жұмыс істеген автобаза директорының кеңсесінде пианино бар болатын. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда автобаза директоры былай тұрсын, мәдениет үйі директорының кеңсесінде пианино тұруы екі талай... Менің алғашқы ұстазым Турещев Борис Иванович деген кісі еді. Өзі менен бес-ақ жас үлкен болатын. Алғашқы тәрбиелеген шәкірттерінің бірі болдым. Жақсы үйретті. Жақсы тәрбиеледі. 4 курста Алматыда ОК-тің ұйымдастырумен Республикалық конкурс болды. Қыс кезі болатын. Семейде іріктеуден өткен мені сонда жіберді. Сол жолы жан-жақтан келген әншілердің ішінен мен үшінші орын алып қайттым. Небір мықты-мықты әншілер келіп қатысты, үшінші орынды иеленгеніме қуана-қуана қайттым. Көктемде Мәскеуден шақыру қағазы келді. Украинада Ворошиловград деген қалада әншілер конкурсы болады екен. Соған қатысу керек деп тура менің аты-жөнімді жазып тұрып, шақырту жіберіпті. Директорымыз Балғожин деген жақсы азамат болған. Мені шақырып алды да, «сені Ворошиловградқа жібереміз» деді. Сонымен емтиханнымның бәрін алдын-ала жаптым да, Мәскеуге тартып кеттім. Одақтас республикалар арасында өткен әншілер байқауы бірнеше күнге созылды. Мен бұл жолы дипломант болдым. Украинаның әншілері мықты болады екен. Үздік орындарды көбінесе солар алды. Байқау жүлделі орын алған мықты әншілердің гала-концертімен жабылды. Сол гала-концертке, дипломант болғаныма қарамастан, мені де қатыстырды. Комиссия мүшелерінің арасында небір дөкей әншілер отырды. Менің есімде тек қана Пахматова деген қалыпты. Сол реткі байқауда бірінші орынды алған –Украинаның Ужград қаласынан Мирошниченко деген тамаша барритон дауысты әнші еді. Гала-концертте сол «Песня о тревожный молодости» деген әнді орындап тұрғанда, біреу мені сахнаға итеріп шығарып жібергендей болды. Ұстазымыз сол әнді Семейдегі кезімде Амангелді Нұрқасымов деген досыма үйреткен болатын. Екінші дауыс қосатын жерін екеуімізге бірге айтқызатын. Сахнаға мен шыққан кез – сол екінші дауыс ұстайтын жерге тура келіп қалыпты, қосылып айта жөнелдім. Анау әнші де мені көріп сасқалақтап қалғандай болды. Бірақ даусымыз келе кеткеннен соң ба, әлде, комиссия мүшелері әдейі қосты деп қалды ма, әнді үзбей аяғына дейін орындап шықты. Ән аяқтап сахнадан түскенімде, басқалары рұхсатсыз шыққанымды естіп, «біттің енді, Пахматова жазаңды береді» деді. Бір қызығы, концерт соңында Пахматова маған ұрысқанның орнына, арнайы келіп қолымды қысып, мақтау айтты. Бұл бір ұзақ әңгіме – Бірде Қымбат Нұралиева деген әпкеміз: «Семейдегі оқуыңды аяқтадың, енді қайда барасың?» деп сұрады. Мені қыста Бекен Жылысбаев деген профессор келіп тыңдап, Алматыдағы Консерваторияға түсуге шақырып кеткен. Сонда баратын шығармын дедім. Қымбат әпкеміз менің үлкен апайыммен дос еді. Апайыма «мына бауырың Алматыға емес, Мәскеуге барсын, Мәскеу консерваториясында оқып жүрген Амангелді Сембин деген жігіт бар соны іздесін, менің атымнан жолығып, жол сұрасын. Тиц Гуга Ионатанович деген менің досым бар, соған жолықсын, дауысын тыңдатсын...» деді. Жарайды деп, сол түні Мәскеуге ұшып келдім. Біз жеткенше түннің бір уағы болды. Түн ішінде консерваторияны қайдан табамын деп, аэровокзалға қондым. Таңертең чемоданымды жүк қоймасына қалдырып, жолды сұрай-сұрай жүріп Мәскеудегі жатақхананы таптым-ау, әйтеуір. Вахтадан Амангелді Сембинді сұрасам, «үйленіп, жеке пәтерге шығып кеткен» дейді. «Енді қайттім?» деп тарығып кеттім. Вахтадағы адам мені түсінді білем, «тағы бір жерлесіңіз бар» деп, Одес Шуженова деген бір қыздың бөлмесіне бастап барды. Сырт келбеті ғана емес, жаны да сұлу адам екен. Танымайтындығына қарамастан, мені Тиц Гуга Ионатановичке ертіп апарды. Сөйтсем, Одестің ұстазы екен. Әлгі адам мені тыңдап болған соң: «Қазақстанның Мәдениет министрлігінде менің досым Ғабдолла Қаппаровқа барып, менде тыңдалғанызды айтыңыз. Мәскеу консерваториясына жолдама берсін деп айтты де» деді. Сонымен қуана-қуана қайттым. Мәскеу консерваториясына түсіп тұрмын деген сөз ғой бұл. Алматыға келген соң Қымбат әпкемізге Тиц Гугаға тыңдалғаным туралы айтып едім, қатты қуанды. Ол кезде жолдамамен барғандарға оқуға түсу жеңілірек болатын. Сонымен, Тиц Гуганың айтуы бойынша, министрліктегі Ғабдолла Қаппаровқа барып едім, «неге енді бір жапырақ қағаз ала келмедің? Сенің ол кісіге тыңдалған, тыңдалмағаныңды қалай білемін?» деп жолдама бермеді. Қалай айтсам да, ол кісіні сөзіме сендіре алмадым. Емтихан уақыты таяған сайын Министрлікке баруымды тіпті жиілеттім. Үміт үзгім келмейді. Министрлік кеңсесіне күнде-күнде бара берем. Ақыры, бір күні Мәскеуден маған шақыру хат келгенін айтып, қолыма жолдама берді. Мәскеу консерваториясының дәмі тартпады – Барған бойда Тиц Гугаға жолықтым. «Неге кеш келдің? Емтихан басталып кетті ғой. Өз-өзіңді мықтап қолыңа алып, дайындығыңды күшейт» деді. Мен де «шешінген судан тайынбас, тәуекел...» деп, ел қатарлы сынақ тапсыра бастадым. Бірінші, екінші турдан өте жақсы баға алып өттім. Үшінші тур Мәскеу консерваториясының үлкен концерт залында өтетін болды. Оларда емтихан тапсырушыларға концертке келгендей, көрермендер көп жиналады екен. Бір бөлмеде тұратын Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан келген төрт ұлт өкілі едік. Ертесі соңғы тур болатын күні сол төртеуіміз ұйқымыз келмеген соң түн ортасында көшеге шығып, Қызыл алаң жақта сейілдеп жүргенімізде жаңбыр жауып кетті. Менің үстімде Қытайдың нейлон көйлегі. Жаңбыр жауғанда денеге жабысты да қалды. Трамвайға отырдық та қайттық. Оның терезесі ашық тұр. Ешкім жаба қойған жоқ. Жатақханаға жеткенше жел ұстап қалыпты. Түннің бір уағында денемнің қызуы көтеріліп, таң атқанша ауырып шықтым. Ұйықтамаған ауру адамда қайдан ғана жігер болсын, емтиханда бойымдағы бар күш-жігерімді салып орындасам да, жоғары баға ала алмадым. Кейін Тиц Гугаға болған жәйді айтып едім, «неге ауырып тұрғаныңды алдын-ала айтпадың? Комиссия мүшесінің ішінде дәрігер бар болатын; айтсаң ол сені қарайды, науқас екеніңе көз жеткізген соң, үшінші турды тапсырмай-ақ, бірінші, екінші турдың бағасымен оқуға қабылданатын едің» деп, келесі жылы қайта келуіме кеңес берді. Мен ішімнен «бір есептен бұл да дұрыс болды, ата-анама жақын жүргенімді Алла құп көріп тұрған шығар...» деп Алматыға қайтып кеттім. Содан қайтып Мәскеу консерваториясынан оқуға дәм тартпады. Содан Алматыға келсем, консерваторияда да емтихан аяқталып, комиссия тарап кеткен екен. Сонымен Бекен Жылысбаев ағамызды тауып жолығып едім, «күзде кел...» деді. Күзде келген бойда қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясына қабылдандым. Жарты жылдан кейін мені Бекен аға өзінің аспирантына шәкірт қылып берді. Қысқасы, мен жыл соңында дауысымнан айырылдым. Курс аттау емтиханында вокалдан үш деген бағаны зорға алдым. Ол кезде ректор Жұбанова Ғазиза Ахметқызы болатын. Сол кісіге болған мәселені айтып едім «күзге дейін жақсылап дайындал, қыркүйекте өзім арнайы тыңдаймын» деді. Қыркүйекте кафедра мұғалімдерінің басын қосып ректор мені өзі тыңдады. Жаз бойы мықты әншілердің дауыс жазбасын тыңдап, соларға еліктеп айтып жаттығу жасаған болатынмын. Көктемде тыңдаған мұғалімдер «Мынау бірінші курстың соңында мүлдем айта алмап еді ғой, мынаның даусы қайдан шықты» дегендей, ауыздары ашылып қалысты. Сөйтіп, Ғазиза Жұбанованың кішіпейіл де турашылдығының арқасында жоғалтқан дауысымды тауып, Шарипованың класына бөліндім. Сол кісінің қолынан оқу тауыстым. Оқу бітіру емтиханымыз консерваторияның камерный залында болды. Комиссия мүшелері құрамына Мәскеуден Тиц Гуга да шақыртылған екен. Артынан банкетте менің қасыма келіп «жақсы тәрбиеленіпсің...» деді. – Менің әншілік өнердегі арманым – опера театры еді. Оған Алла жазбады. 1978 жылы Театр Көркемсурет институты ашылды. Мен ол кезде радиода істеп жүргенмін. Осы институт ашылысымен сонда жұмысқа орналастым. Институтта жалпы вокал деген курс бар еді. Соларға вокалдан сабақ бердім. Әйгілі Нұрмахан Жантөрин, Хадиша Бөкеевалармен әріптес болдым. 1979 жылы Кәукен Кенжетаев ағамыз кафедра ашты. Ол – Музыкалық комедия кафедрасы. Осы кафедраның ашылуы қазақ өнері үшін тың бір жаңалық, үлкен бір мамандықтың бастауы болды. Кәукен аға шақырған соң сонда сабақ бердім. Күні бүгінге дейін осы академия қабырғасында шәкірт оқытып келемін... Ұстаз шәкіртінің ішкі жан дүниесін тани білу керек – Мен шәкірт болып келген студентпен бірінші сабағымды тәрбие жұмысынан бастаймын. Оған өнер адамы болудан «адам» болудың анағұрлым маңызды да, қиын екенін егжей-тегжейлі түсіндіруге тырысамын. Оның ішкі жан дүниесіне үңіле отырып, бұдан былай онымен қалай сөйлесуім керек екенін ішіме түйіп қоямын. Ұстаз болу асқан жауапкершілікті қажет етеді. Бір сөзбен айтқанда, өте қиын. Мәселен, бір күнде алдыма он студент келсе, әрқайсысының өз-өзді ерекшеліктеріне қарай көзқарасымды да, сөз сөйлеу мәнерімді де, дауыс қою әдісімді де өзгертіп отыруым керек. Тіл табыса алмаған студентіңнің талантын аша қоямын деу тым артық шаруа. Кейде студенттер түлкі құрсақ жүреді. Ондай кезде үйге алып барып, ара-тұра тамағын тойғызып қоюға да тура келеді. Менің қырық жылға жуық отасып келе жатқан жұбайым – Сара Имандосқызы да ұзақ жыл ұстаз болған адам. Сондықтан болар, менің әрбір шәкіртімді өз баласындай қабылдайды. Өнер институтында мұғалім болумен қатар, 1996 жылға дейін қазақ радиосында музыкалық редактор болып жұмыс атқардым. Маған Ілия Жақанов ағамыздың көмегі көп тиді. Ол кісі еркін жұмыс істеуімізге барынша жағдай жасады. Соның нәтижесінде ауыз толтырып айтарлықтай іс тындырдым. Мәселен, Р.Бағланова, Е.Серкебаев, Б.Төлегенова, Б.Аюханов, Н.Тілендиев, К.Кенжетаев сияқты өнер майталмандарының өмірінен сыр шертетін жирмадан астам құжатты фильм дайындадым. Барлығының киносценарийін өзім жазғам. Сонымен қатар, Мұхтар Шаханов секілді арқалы ақындардың біразының өлеңдерін өздерінің оқуымен тарихқа жазып қалдырдық. Мен сол үшін де өзімді бақытты санаймын. Қазақ операсында екі үлкен кемшілік бар – Неге италияндықтардың, орыстың операсы өзгеше, қазақ операсы қазақтарды қызықтырмайды?! Өйткені, қазақ операсының сөзі анық емес. Сөзін ұқпаған соң операны жұрт түсінбейді. Түсінбеген соң бармайды. Ал қазақ опера әншілерінің сөзі орысшаға бейім тұратын себебін консерваторияның маман дайындауда жіберген кемшілігінен деп түсінуге де болады. Қазақшаға толық тілі сынбаған әнші не айтып, не қойғанын өзі де түсіне алмайды. Өзі түсінбеген соң жұртқа қалай түсіндіре алмақ. Тамаша дауысты әншілер, небір таланттар казір көп. Бәрі жаман, бәрінің сөзі ұғымсыз деп айтуға тағы болмайды. Десе де, қазақ опера театрының сахнасында қазақ тілі ақсап тұр. Сонымен қатар, студенттерді операға дайындағанда міндетті түрде актер шеберлігін мықтап қолға алу керек. Олар тек әнші ғана емес, актер де бола білу керек. Және бір мәселе – қазақы операны сахналайтын жас режиссерлер, драматургтер мүлдем жоқ... Тұрсынбек КЕШУБАЙ