Үміт пенен күдікті, Сәуегейдей дөп басқан...

«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек». Мақал Табиғаттың басталған шақ мән-нәрі, Әсем гүлге ауып-көңіл аңсары. Махаббатын жеткізуге бел байлап, Бұлбұл сайрай жөнелетін таңсәрі, Жылдың сұлу төрттен бірі көктемде, Алла нұры – жауын көктен төккенде. Өткен жылы қанат қаққан қарлығаш, Туған жерге аңсауменен жеткенде! Жер кеудесі гүлден алқа таққанда, Сырдың суы буырқанып аққанда, Оңтүстікте ел шаттыққа бөленді, Мынау жалған Сен есігін қаққанда! Бас қамынан елдің қамын қоя білген жоғары, Ақын жаны өз халқының жүрегі боп соғады. Туған елдің мұңын мұңдап, терең ойға шомады, Қуанышы – жаны емі, суығына тоңады! Әрбір жанның жүрегінен орын алған, Үміт пенен күдікті, Сәуегейдей дөп басқан. Тағдырына өз тағдырын қоса жырлап, сырласқан, Мұңыменен мұңдасқан. Өзгеше бір кеңістікте, Қоршар оны жырлы аспан, Жыр-періште көз алдында, Түрлі ұйқаспен ымдасқан. Асау аттай тулап тұрар, Ақын жүрек тынбастан! Тек қуаныш шат өмірден, Тұрар жалған демегін. Мәрттік пенен сатқындық, Жақсы, жаман, жалған менен хақ-шындық, Қиянат пен ізгіліктен өрбіген, Қайшылығын қоғамның Сен, Ашарыңа сенемін, Осы жолда, Ғайып Ерен, Қырық шілтен інімді, Қолдап, қорғап желеп жүргін, жебегін! Өмір жасың болсын ұзақ, Тағы елу – тілерім. Ұлы ақындар шыққан шыңға, Шығарыңды білемін! Ақынының әр қадамы назарында қырағы ел, Ұлыларын шығармаған өз жадынан, сірә ел. Қос ғасырдың ұлы ақыны Шахановтың шәкірті, Деген атқа ие болып, аман-есен жүре бер! Ізгі тілекпен, ағаларың: Ислам Әбішев,Сенбек Шынтаев, Данышпан – Юрий Кубрин 23 сәуір 2012 жыл Астана қаласы