АДВОКАТ СОТ ПРОЦЕСІН ТОҚТАТЫП ТАСТАҒАН

        Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің хабарлауынша, Ақтаудағы сот процесінің 20-сәуір күні өтуге тиіс болған 19-шы отырысы адвокат Сәулебай Сансызбайұлының келмей қалуына байланысты өтпей қалған. Сот отырысының басында судья Аралбай Нағашыбаев адвокат Сансызбайұлының жоқтығына назар аударған. Сотталушылардың сот отырысын аталған адвокатсыз жалғастыра беру жөніндегі ұсынысына қарамастан, судья сағат 14:00-ге дейін үзіліс жариялаған. Басқа адвокаттардың айтуынша, Сансызбайұлын полиция «Шетпе ісі» бойынша сот процесі жүріп жатқан ғимаратта ұстаған-мыс. Сол сәтте сонда болған екі әйел 3-4 полицейдің Сансызбайұлын залдан алып шығып бара жатқандығын көрдік деген-міс. Белгіленген уақытта сот отырысын бастаған судья: «Адвокат Сансызбайұлы әлі келген жоқ па?» – деп сұраған. Адвокаттардың бірі түрегеліп: «Кешегі сот отырысынан кейін орын алған қақтығыстан соң конвойшы: «Сансызбайұлы маған қол жұмсады», – деп, оның үстінен шағым түсіріпті. Қазір Сансызбайұлы ішкі істер басқармасында, көрсету беріп жатыр», – деген. Сотталушылар: «Біз, керісінше, конвойшының адвокатты итеріп жібергенін көрдік!» – деген. Бұған судья: «Жоқ, ол ІІБ-да емес, «Шетпе ісі» бойынша сот процесінде, дәл қазір мен онымен телефон арқылы сөйлестім», – деп жауап берген. Одан соң ол сот отырысын адвокатсыз жалғастыра алмайтындығын айтып, сотталушылар Мұрат Қосбармақов пен Бауыржан Непестен: «Бұдан әрі сіздерді адвокат Сансызбайұлының қорғағанын қалайсыздар ма?» – деп сұраған. Және өзінің адвокатты сот процесіне күшпен әкелуге құқығы жоқ екендігін, бірақ Сансызбайұлының мінез-құлқына орай міндетті түрде шешім қабылдайтындығын айтып, 15 минут үзіліс жариялаған. Дәлізде адвокаттардың бірі: «Егер адвокат 5 күн ішінде келмесе, сотталушыларға басқа адвокат тағайындауға соттың құқығы бар», – деген. Үзілістен кейін Қосбармақов пен Непес Сансызбайұлына сенім білдірген, бірақ сот отырысын оның қатысуынсыз жалғастыра беруді ұсынған. Алайда судья олай ету мүмкін емес екендігін айтып, дүйсенбіге дейін үзіліс жариялаған. Ал кейбір ақпарат құралдарының Ақтау жол полициясы басқармасына сілтеме жасай отырып хабарлауынша, 20-сәуір күні адвокат Сансызбайұлы автокөлікті жүргізуші куәлігінсіз айдағаны үшін ұсталған-мыс. Полиция оны 2010 жылдың 10-мамырында автокөлікті масаң күйде айдағаны үшін 4 жылға жүргізуші куәлігінен айырған-мыс... «ЖАҢАӨЗЕН ІСІН» жүргізген Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН, Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің ақпараттық топ жетекшісі. Алматы, 20-сәуір 2012 жыл. «Абай-ақпарат»