ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН МАҚҰРЫМ МИЛЛАРДЕРЛЕР

              Тіл саясатына соңғы кездері билік назар аудармайтын болды. Мәселен, мәдениет министрлігінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына көптеген өзгерістер енгізілген. Өзгеріс бойынша, Қазақстанда іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру ісі алдын ала белгіленгендей – 70% емес, 60%-ға ғана жүзеге асырылмақшы болған.

 Бұл туралы Үкімет қаулысында: «Мемлекеттік органдарда іс жүргізудегі мемлекеттік тілдің үлес салмағы» бабындығы «70» санын «60» санымен ауыстыру керек» деп көрсеткен. Ал елбасымыз Н.Назарбаев биылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты жолдауын жолдап жатқанда тіл мәселесіне арнайы тоқталып өткен-ді. Онда: «Бізге мемлекеттің болашағы мен келешегі дамуы үшін ішіміздегі тыныштық керек. Еліміздің ең негізгі сыртқы саясаты – көршілерімізбен тату болу керек. Егер осы екі нәрсе болмаса, мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болады. Тек қана осы мәселені ерттеп алып, жалаң сөзбен елді үркітіп-қорқытып, Қазақстанды көшіру біздің мақсатымыз ба?! Өзінен өзі барлығы келе жатыр. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі өркендеп, өсіп келеді. 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білетін болады. Мектептерде сабақтар жүріп жатыр. Оның үстіне қамшылап, елді дүркіретудің ешқандай қажеті жоқ. Ол Қазақстанға пайдалы емес», – деп нақтылап айтқан. Сонда, жалаң сөзбен елді дүрліктіріп жүрген кімдер екен? Ұлтаралық татулықты сақтау үшін мемлекеттік тілді аяққа таптап жүре беруіміз керек пе? Егер де сол елді дүрліктіріп жүрген тілжанашырлары болмағанда, мемлекеттік тіліміздің мәселесі құрдымға кетері анық еді. Елбасы «елді дүрліктіргендер» деп М.Шаханов сияқты еліміздің асыл азаматтарын айтып жатқаны анық. Әрине, М.Шаханов және оның жақтастары тілді қолдап митингтер өткізіп жүргені рас. Бірақ, митинг көтеріліс емес. Жәй ғана наразылық шеруі. Мұндай митингтердің болып тұруы елдегі демократияның айқын бір көрінісі. Жолдауда 2020 жылы еліміздің 95%-ы мемлекеттік тілде сөйлейді деп атап көрсетіпті. Алайда, еліміз тәуелсіздік алғалы бері көптеген стратегиялар, көптеген бағдарламалар, көптеген жоспарлар қабылдап, көптеген уәделер берді. Бірақ, оның бірде біреуі өз дәрежесінде орындалған жоқ. Алысқа бармай-ақ, соңғы жылдары қабылданған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы, «Сыбайлас жемқорлықпен күресу» бағдарламасы , «Еуропаға жол» бағдарламасы, «Тұрғын үй» бағдарламасы, «Тілдерді қолдану мен дамытудың» бағдарламасы т.б. толып жатқан бағдарламаларды мысалға алайық. Бұл бағдарламалардың қайсысы өз дәрежесінде орындалды? Қайсысы елдің көңілінен шықты? Ешқайсысы. Елімізде сыбайлас жемқорлық күннен күнге белең алуда. Тұрғын үйдің бағасы аспанда шарықтап тұр. Оған кедейленген халықтың қауқары жете бермейді. Тұрғын үйдің қымбаттығынан баспанасыз жүргендер қаншама? Тендерге түскен «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының мүшкіл жағдайын айтпаса да болады. Кеше салынған мектептің парталары сынып, қабырғалары үгітіліп, бүгін құлайын деп тұр. Мемлекеттік бағдарламалардың бәрі дерлік жақсы нәтижеге қол жеткізген жоқ. Ендеше, 2020 жылы халықтың 95%-ы мемлекеттік тілде сөйлей алатындығына президент кепілдік бере ала ма? Әрине, жоқ. Өйткені, ол – жәй ғана бағдарлама. «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім: «Мемлекеттік тілдің дамуына бөгет болып отырған шенеуніктердің өздері. Олардың бүкіл тіршілігі орыс тіліне байлаулы. Балаларының болашағына дейін сол тілге байлап қойған. Сондықтан, олар қазақ тілінің дамуына мүдделі емес. Сөйтіп, біз тағы да екі оттың ортасында қалып қойдық. Қазақстан қос тілді мемлекет пе, әлде жалпыға міндетті бір мемлекеттік тілде сөйлейтін мемлекет пе? Қос тілді мемлекет деп шенеуніктер айта алмайды. Себебі, қазақ тілі заң жүзінде мемлекеттік тіл болып табылады» дейді. Жарайды, Қазақстанда 2020 жылы халықтың 95%-ы мемлекеттік тілде сөйлейтін болады делік. Ал сонда, мемлекеттік тілде сөйлемейтін 5% кімдер? Шенеуніктердің өздері ме? Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ тілін жақсы меңгерген. Тіпті, қазақ тілінде шешен сөйлейді. Сөйлеген сөздерінен граматикалық, не стилистикалық қателер табу қиын. Оның басында тіл проблемасы жоқ. Әйткенмен, неге мемлекеттік тілдің мәселесіне олақ қарайды? Еліміздегі іс-қағаздарды жүргізу мемлекеттік тілге түгелдей көшірілгеннің өзінде елбасымызға келіп-кетер зияны жоқ. Себебі, мемлекеттік тілді жақсы біледі. Сонда президентіміз қоластындағы шенеуніктерінің жағдайына алаңдап жатыр ма? Әлде, расымен, ұлтаралық татулықты ойлап жатыр ма? Президент неден қорқады? Осы сұрақтардан мәселенің бір ұшы қылтияды. Қазақ тіліне тек қана ұлты қазақ азаматтар ғана жаны ашитыны белгілі. Елімізде тұрып жатқан басқа ұлт өкілдері мемлекеттік тілдің қамын ойлайды деп айту ақылға сыймайды. Алайда, мемлекеттік ақпарат құралдарын бақылап отырсаңыз, өзге ұлтты азаматтарға қазақ тілінде бір-екі сөз жаттатып қойып, оны эфирден үзбей беріп жатады. Мұның астарында өзге ұлтты азаматтар да мемлекеттік тілді жақсы біледі деген саясат жатыр. Егер қазақстанда қазақ тілін білетін өзге ұлтты азамат болса, одан артық атақты, жұлдыз адам жоқ. Аз уақытта бүкіл Қазақстанға танымал болады. Өзге ұлтты азаматтар Қазақстанның билігіне де жақсы орнап алған. Мәселен, премьер-министр Кәрім Мәсімов (ұйғыр), еліміздегі бірінші дәрежелі Ұлттық Банктің төрағасы Григорий Марченко (еврей) т.б. Өткен жылы дүние жүзіне атағы шыққан Америкалық «FORBES» журналы Қазақстандағы 8 миллиардерлердің тізімін шығарды. Ал осы 8 миллиардердің алдыңғы төрттігін ұстап тұрған байлардың бәрі дерлік өзге ұлттықтар (Владимир Ким (кәріс), Александр Машкевич (еврей), Патох Шодиев (өзбек), Алиджан Ибрагимов (ұйғыр) ). Ал соңғы төртеуі қазақ болғанымен, қазақ тілі басына кіріп шықпайтындар (Тимур Құлбаев, Динара Құлбаева, Нұржан Сұбханбердин, Болат Өтемұратов). Бұлардың барлығы да еліміздің экономикасын ұстап тұрған өзге ұлттықтар мен орыстанған қазақтар. Экономикамыздың дамуы (тіпті, еліміздің болашағы) осы адамдарға байланған. Еліміздің экономикасына тікелей әсер етіп жатқан бұл өзге ұлттықтар мен орыстанған қазақтар орыс тілінде сайрауы мүмкін, алайда мемлекеттік тілге келгенде үндері өшеді. Премьер-министр Кәрім Мәсімов тәуелсіз ел тарихындағы тақта ең ұзақ отырған премьер-министр. Оның қандай ерекшелігі бар екенін президенттен басқа ешкім білмейді. Экономикамызды дамытып жатқаны да шамалы. Ел алдына шыққанда қазақ тілінде берер сөз жаттап алып сөйлейді. Ал оған бәріміз мәзбіз. Премьер-министр лауазымы өзге елдерде (Жапония, Англия т.б.) №1 лауазым болып есептеледі (президенттің дәрежесімен бірдей). Себебі, бүкіл үкіметті басқару соның қолында. Ендеше, осындай лауазымда өзге ұлттың өкілі отыруы мемлекеттік тілге зиян шектірері анық (зиын шектіріп жатыр). Еліміздегі қаржы жүйесін басқарып отырған бас банкир Григорий Марченконың қазақ тілінен мүлде хабарсыз екені айқын. Егерде ол қазақ тілінде сөйлейтін болса, оның мемлекеттік тілді дамыту саясатындағы маңызы зор. Елімізде мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын халықтың көп бөлігі экономистер мен банкирлер екенін мәліметтер дәлелдейді. Егер бас банкир мемлекеттік тілде сөйлейтін болса, қалғандары да оған қарап бой түзейтін еді. Алайда, бас банкирдің мемлекеттік тілде сөйлеуі былай тұрсын, оған құлшынысы да жоқ екені айдан анық. Экономикамызға (тілімізге де) тікелей әсер етіп жатқан 8 миллиардерлерге келсек. №1 миллиардер Владимир Кимнің ұлты кәріс. Еліміздегі жекеменшікке өткен «Қазақмыс» корпороциясының басшысы. Оның қолында мыңдаған адам жұмыс істейді. Әрине, құдайға емес, бастыққа жағынатын заманда сол мыңдаған адам бастықтары сияқты орыс тілінде сөйлейтіні тартылыс заңынан аян. Ал Александр Машкевичті қазақ тілінің жауы десе де болады. Өткен жылдары Қазақстаннан еврей тілінде ақпарат тарататын телеарна ашпақшы болғаны үлкен дауға айналған еді. Қазақ тілінде телеарна аша алмай жатқан қиын заманда, оның еврей тілінде телеарна ашпақшы болғаны қай сасқаны? Ақылға сыймайтын дүние. Елімізде осындай келімсектердің аузына келгенін айтып, білгенін істеуіне жол бермеуіміз керек. Айтқандай, қазақ халқын, ұлттығын, тарихын, салт-дәстүрін, тілін масқаралаған әлемге әйгілі Саша Коэннің «Борат» фильмін еліміздегі еврей миллиардер Александр Машкевич қаржыландырған деген деректер де бар. Су ішкен құддыққа түкіру деген осы болар. Қазақстандағы ең алдыңғы миллардерлердің қатарында бола тұрып, қазақ халқын сыйламау айуандықпен бірдей. Үшінші және төртінші орында тұрған миллиардерлер Патох Шодиев пен Алиджан Ибрагимов аса көзге түсе бермейді. Дегенмен, олар да қазақ тілін жақсы білмейді. Ал бесінші орында тұрған миллиардер, президенттің күйеу баласы Тимур Құлбаевтің қазақ бола тұрып қазақ тілін білмеуі ұятты жағдай. Ал оның әйелі, еліміздегі алтыншы орындағы миллиардер Динара Құлбаева ше? Мүлде қазақ тілінен хабарсыз. Орыстанып кеткен. Ең жаманы, бұл адамдардың қазақ тілін білмеуі, оның қоластындағы жұмысшыларына әсер етеді. Өздері иелік етіп отырған корпороция немесе банкте еңбек ететін жұмысшылардан орыс тілін талап етуі мемлекттік тілге айтарлықтай зиянын тигізеді. Бұл алдыңғы қатарлы еліміздегі алпауыт байлар. Бұл миллиардерлерден кейін қаншама миллионерлер бар. Олардың көп бөлігі орыстанып кеткен. Балаларын орысша тәрбиелеп, орысша оқытатындар. Бұлардың баршасы да мемлекеттік тілдің дамуына кері әсер етеді. Бұл миллиардерлер мен лауазым иелері мемлекеттік тілдің дамуына кедергі келтіруде деп ешкім ойламайды. Бірақ, бір бейтаныс күштер мемлекеттік тіліміздің дамуына кедергі келтіріп жатқан аян. Бұл күштер – осы миллиардерлер мен лауазым иелері екені шүбәсіз. Президентіміз Н.Назарбаев сонда осы кісілерден қорқа ма? Осы кісілерден қорқып мемлекеттік тілдің дамуына олақ қарап жатыр ма? Ол жағын бір құдайдан басқа ешкім білмейді.

Дінмұхамед АЯЗБЕКОВ