Алып қашса "Алып қашса да, отбасын құрған жақсы ма, болмаса қыздардың отбасын құрмай, оң жақта жүкті болып, тастанды балалар санын көбейткені жақсы ма?.."

Алып қашса – тойлармыз, қыздарымыз отырып қалмасын деп ойлаңыз... | Жаңалықтар | «Baq.kz» Ақпараттық портал Азулы ақын, рухты кеуде, балуан бітім иесі Иманжүсіп­тей серінің осы бір өлең жолын білмейтін қазақ жоқ шығар. Әй, қайдам-ау, бірақ бүгінде қазақта осындай батырдың болғанын білмейтіндер көп-ау, оның ерлігін, өрлігін қайталау жайлы айтпағанда. Айтпағымыз – Иманжүсіп жайлы емес, нақты оның «қыз алып қашқан» ерлігі, өрлігі хақында. Үндемес пе едік, егер таяуда елордада кілең әйелдер бас қосып, «Қазақстанда қыз ұрлауды қылмыс деп тауып, қатаң жазаға тарту керек» деген мәселе көтермегенде. Әрине, егер елімізде қыздар мен ерлер саны тең болса, кәрі қыздар мәселесі жоқ болса, оң жақта отырып бала тауып, оны тастап кету мәселесі деген болмаса, бәлкім, мұны қолдауға болар ма еді. Бірақ...
Гәптің бәрі осы «бірақ» дегенде болып тұр емес пе? Күні кеше Керекуде жаңа ту­ған сәбиді қалташыққа салып, қоқыс жәшігіне іліп кеткенін естідік. Бір бұл емес, мұндай оқиғаларды ести-ести, елдің ен­дігі еті өліп те барады. Ал ол жақсы емес. Бала тастау, одан қалса жасанды түсік жасату деген нәрселер ұлтымызды обыр ауруын­дай қырып бара жатқанда, қалай біз солардың түптамыры болып келетін қыз-келіншектерді соған ұрындырып жатқан отбасының жоқтығы деген траге­дияны талқыламай, қыз алып қашу секілді, отбасын құру амалын талқылаймыз? Неге? Бұл да бір, аш адамның алдына келіп, «бізде қазір тамақсаулық мәселесі дендеп, адамдар семіріп бара жатыр» деген де бір, яғни ақылға сыйымсыз күлкілі әрекет емес пе? Қараңыз, Астанада бас қосқан «Шығармашылық бастамашы әйелдер лигасы» қоғамдық бірлестігінің белсен­ділерінің айтуынша, елімізде ерте әрі күштеп тұрмысқа шығару мәселесі кеңінен етек алған көрінеді. Мұндай тұжырымға олар ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен және «Сорос Қазақстан» қорымен бірлесе жүргізген әлеуметтік зерттеулер нәтижесін­де көз жеткізгенге ұқсайды. «Респон­денттердің 60%-ы кәмелет жасына толма­ған қызды қалыңдық ретінде ұрлау оқи­ға­сымен бірнеше рет кездескендерін айтты, – дейді «Шығармашылық бастама­шы әйелдер лигасы» ҚБ басқарма төр­айымы Әсия Хайрулина. – 74% жеткіншек кезінде ұрлап әкету арқылы тұрмысқа шыққан құрдастары барын растап отыр», – дейді БАQ,кz cайтында.
Мен елімде жүргенде жұрттан астым, Менменсіген талайдың көңілін бастым.Қасыма ерген жігітке олжа салып, Бір түнде сегіз қызды алып қаштым.  Иманжүсіп
Міне, қыз алып қашудың жақсы нәтиже бергенін төрайымның өзі айтып отыр, олар яғни отбасын құрып, барлығы болмаса да көбі тату-тәтті тұрмыс кешіп жатыр. Енде­ше, осы дабыл қағатын мәселе ме? Бұл бір деп қояйық, екіншіден, алып қашқан­дар­дың дені келісіммен болады, ең құрығанда қыздың өзі ырық бергеннен, оған жігіттің қалыңдығын құда түсіп алуға шамасы жетпегеннен болуы мүмкін. Тіпті ол қазақ­тың салтына айналды десек те жарасады. Отбасын құрудың бұл да бір тұрмысқа қо­лайлы тәсілі. Не болса соны қылмыс деп таба берсек, онда қазақта салт қалмайтын шығар. Онсыз да «беташар Құдайға серік қосу» деп, «мазарға табы­нуға болмайды» деп зират қиратып жатқан дүмшелер жетіп жатыр емес пе? Енді келіп жоқ жерден жік шығарғанымыз қалай? Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:  – Көнбей жүрген қызын қолға түсіріп, зорлықпен үйіне алып барып, табалдыры­ғын аттатып, басына ақ жаулық салса, әри­не, қылмыс. Әсіресе еуропалық түсінікпен өскен қыз-келіншектер үшін қыз алып қашу – ең бір жабайы дәстүр. Ал біздің қазақы көз­­қарас жағынан алғанда, бұл – үйленудің бір тәсілі. Мысалы, әке-шешеміздің кезінде жігіт қызды ұнатты ма, келісе ме, жоқ па, қыз отынға, суға барғанда бас салып, алып қашып кеткен. Қазақтың көптеген шаңы­рағы солай құрылған, қыздар күйеуін тек төсекте ғана көрген. Ал солар ешуақытта «ищай» десіп, бір-бірінің бетіне келмеген. Мына біз бүгін солардан тараған ұрпақпыз. Ол қазақы әдеп, тәрбиенің мықтылығынан, әйел ердің бетіне тіктеп қарауға да бата алмайтын. «Еркек – үйдің егесі, әйел – оның шегесі» деген түсінік әр қазақ отба­сының берік концепциясы еді. Екіншіден, келісіп алып қашу деген бар, ол – екі жақ­тың салтанатты түрде той жасауға шамасы келмегенде тоқтайтын байлам­дары. Қай­сысы болсын, жақсы ниет, жақсы нәтиже. Ал енді осылай алып қашса да отбасын құрған жақсы ма, болмаса қыздардың отбасын құрмай, оң жақта жүкті болып қалып, тастанды балалар санын көбейтіп жатқаны жақсы ма?Ең басты айтарлығы мұнда жігіт қызды «бұл қыз менің өмірлік жарым бо­лып, үйімде жүреді, балаларыма ана бо­лады» деген ниетпен алып қашады. Егер оның басқа ойы болса, біркүндік құмар бол­са, ол басқаша әрекет жасар еді. Сон­дықтан қыздар жігіттерді бір мезгіл түсінуі керек, тым асаулыққа салынғаннан қыз түк те ұтпайды, керісінше кейін бармақ тістеуі ғажап емес, мен ондай қыздарды білем де. Қазіргі біздің гендерлік саясатта жүрген әйел азаматтарымыз біржақты «қыз алып қашу – қылмыс, бітті соттау керек» деп байбалам сала бермей, неге осының екін­ші жағына қарамайды? Қазір біздегі гендерлік саясат «әйел қызметке араласуы керек, әйел депутат болуы керек» деген сыңайда, мұның екінші жаман жағы да бар, ол саясат әйелді отбасынан суытуға барын салып жатыр. Кейде сондай қыз­метте жүрген жап-жақсы қыздарды көре­мін, бірақ отбасы жоқ, жалғыз, соларға қарап «іштен өкініп жүрген шығар: қызмет – уа­қытша нәрсе, ертең жалғыз қалады ғой» деп ойлаймын. Сондықтан мейлі қызды алып қашсын, мейлі қолдан алсын, бастысы, отбасы құрсын, сондықтан қыз алып қашу дегенді соншалық бір жаза­лаудың қажеті жоқ. Қа­зір жігіттер ұсақталып кетті ме, алып қашатындары да сирек шы­ғар, қайта, керісінше, қыздармен көңіл көтеріп, кейін тастап кете береді. Көз жа­сынан қорқу керек қыздардың дер ем сөз соңында.  Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері: – Қыз Жібектің сіңлілерінің жағдайы, олардың орыстанып, тіпті батысқа біржола бет бұрып, кіндік ашып жүруге арланудан қалып бара жатқаны мені қатты алаңдатады. Сен сөйттің деп өрімдей жас қыздардың қайсыбірін кінәлаймыз, онымен қызды жөндемек былай тұрсын, біржола теріс қаратып алмаймыз ба? Бар кілтипан олар­дың анасында болып тұр ғой, ана сүтімен бірге ана тілін үйретпесе, бесік жырының орнына басқа тілдегі әнді айтсақ, одан қалай қыз қазақы болып бойжет­пек? Елімізде күн сайын перзентхана табал­ды­рығынан табылып жатқан тастанды балалар қайдан шығып жатыр? Қаракөз қазақ баласын қазақ қызынан басқа кім туады? Бәрінің әкесі-шешесі, ата-әжесі бола тұра, баласы мен немересін тірі жетім атандырып жатқандардың арасында бақуатты отбасылар да бар. Олай болса, қыздары перзентін көшеде тастап кету арқылы ұлтқа зардап келтіріп отырған осындай жандарды біз егеменді елдің толыққанды мүшесі деп айта аламыз ба? Қыз – ұлттың ары, намысы. Қазақ қызы қазақтың ар-намысына жауапты. Жақсы қыздарымыз жетерлік, әрине, әдемісі, сұлуы, ақылдысы, оқығаны да бар. Бірақ... бұлар отбасын құрмайды ғой, неге? Осының себебін, сырын неге анықта­маймыз? Мүмкін, бұған да Үкімет та­рапынан бір бағдарлама, бағыт керек шығар? Тағы айтарым: қазақ мектеп­терінде қазақ қызының ұлттық тәрбиесі жүруі керек.
Түйін Иә, адам ұрлау, жалпы, адамды өз еркінен тыс іс-әрекетке күштеу жеке бас құқығына қайшы. Бірақ қызды не үшін алып қашады? Жазушы, драматург Дулат Исабеков айтқандай, қызды жек көріп, қорлау үшін емес, керісінше ұнатып, өз отбасының мүшесі еткісі келгеннен. Бұл бір жағы – жігіт сезімінің сөзден гөрі іс жүзіндегі көрінісі де іспетті. Ендеше, осы ретте таразыға салып көрейікші: қызды өз балаларының анасы еткен жігітті жазалаған жөн бе әлде қызға «сүйдім, күйдім» деп өлердегі сөзін айтып, соңынан іштегі өз баласымен бірге тастап, әйелді тірі жесір, баланы тірі жетім, тастанды еткен азғынды жазалаған жөн бе?

Автор: Мәриям ӘБСАТТАР

Фото: Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Алаш айнасы

*Тақырып өзгертілді.