Қилы заман

        Царизмге, оның зорлықшыл аппаратына деген өшпенділікті жас Әуезовтей соншалық суреткерлік нанымдылықпен көрсеткен, патшаның отаршыл саясатының безбүйрек қаталдығы мен айуандығын соншалықты ашына әшкерелеген, көшпенді халықтың өзіне жат патшалық әкімшілік жүйесін қабылдамауының табиғатын мол мысалмен ала отырып, соншалық тереңдікпен ашып берген, сорына қарай көтеріліске шығып, сонысы үшін қан жоса қырғынға ұшырап, туып-өскен жерінен қуылған қарапайым халықтың қасірет-қайғысын ет жүрегі езіле отырып, айтып берген мұндай шығарманы мен шығыс әдебиеттерінен сирек кездестірдім. Шыңғыс Айтматов

            Расында да, «Қилы заман» – ұлттық сананың қозғаушы күші, халықтың көкірек көзін оятар ерек туынды. Уақыт озған сайын айтар ойы мен маңызы артпаса, кемімейтін, жаңаша қырынан түрленте беруге болатын мәңгілік шығарма. Ұлттың не өмiр сүруi, не жойылуы, не туған жердiң топырағында қырылып қалу, не жат жерге қоныс аудару мәселесi көтерiлдi. Мұхтар Әуезов бұл туындысында империялық саясатқа қарсы күрестің тарихын бұрмаламай, оқырман қауымға ақиқатын жеткізген. Шығарма алғаш рет 1928 жылы жарыққа шықты. Алайда, сол кездегі солақай саясатқа байланысты өз оқырмандарына өткен ғасырдың 60-шы жылдарында ғана жол тартқан екен. Оның өзінде шығарма орыс тіліне аударылып, Мәскеуде басып шығарылған көрінеді. Әлі күнге дейін өзектілігін жоймаған бұл шығарманың жазылуына кезінде бір топ Алаш зиялылары түрткі болыпты. Қойылымның сахналық нұсқасын жасаған – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, драматург Нұрлан Оразалин, қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов, қоюшы-суретшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Есенгелді Тұяқов, композиторы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бейбіт Дәлденбай. Қойылым «Рухыңды жоғалтпа, әлеумет! Рухың жоғалса – елдігіңнің жоғалғаны...» деген идеяны негізге алған. Тарихи тұрғыдан қарағанда қойылымға арқау болған «Қарқара көтерілісі» өзінің ұлттық мүддесі үшін күрескен қазақ рухының сілкінісі. Сондықтан да ұлттық салмағы бар тарихи шындықты бүгінгі ұрпаққа жеткізу жақсы бастама. Бүгінгідей алмағайып заманда мұндай тарихи шығармалардың сахна төрінен көрінуі, әсіресе, жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімінің оянуына, намысын сақтап, патриоттық рухының қалыптасуына үлкен ықпал етеді. Азаттыққа жол бастаған «Қарқара көтерілісін» көзі қарақты ұрпақ тарих сабақтастығын үзбеуі үшін зерделей қарауы керек. Жасыратыны жоқ, оралман бауырларымызға «кезінде жерді тастап қашып кеткенсіңдер!..» деп кінәлай қарайтындар да ара-тұра бой көрсетіп қалады. Ал аталмыш туынды олардың қандай шарасыз кейіпте жер аударғанын көз алдымызға әкеп көрсетті. Жәмеңке, Ұзақ, Әубәкір сынды ел ағаларының патша қысымынан қаймықпай, қасқайып жауап бергені, ездік пен ерліктің шарпысқан тұсы қойылымда сәтті көрініс тапқан. Әсіресе, Жәмеңке абыздың образын шынайы сомдаған актер Бекжан Тұрыстың ойыны ұтымды шықты. Халық қатты қиналған тұста оңтайлы шешім тауып, еліне ақыл айта білген қарттың бейнесін барынша аша білген. Ел басына күн туғанда қайғы жұтқан Ұзақ батыр да – халық қамын жеген тұлғалық образ. Мезгілсіз ажал құшқан, шыбын жанына араша түсе алмаған жалғыз қызы – Бәкейдің бейнесімен тілдесетін батырдың ойлы да азапты халын актер Ерлан Біләл да сәтті сомдады. Негізгі рөлдерді ойнаған Саят Мерекенұлы, Дулыға Ақмолда, Асылбек Боранбай, Күнсұлу Шаяхметовалардың еңбегі де елеп айтуға тұрарлық. Қойылымдағы басты ситуацияны қоюландырып, көрерменді негізгі арнаға бұру үшін қолданылған Ана бейнесі қойылым басынан соңына дейін нәзік, көзге көрінбейтін жіпті алып жүргендей әсер қалдырды. Соңында отаршылдар сындырған бесікті таңып-байлап, бүтіндеген сәті болашаққа деген үмітінің белгісі іспетті қойылымды ұтымды аяқтады. Дей тұрғанмен, «Қилы заманда» көркемдік тәсілдері кемшін түскен жайттар да аз болмағандай. Алғашқы екі көрініс іш пыстырарлықтай тым ұзақ. Тарихты жете білетін үлкен кісілерге болмаса, аттарын тек тест кітапшаларынан ғана оқыған жастар үшін қандай кейіпкердің кімге не деп жатқаны біраз уақытқа дейін беймәлім болды. Ұзын сонар бітпейтін диалогтар, оған даусы танауының астынан шығатын кей актерлердің ойынын қосыңыз... Қожырай бастаған көрерменін жинап алған көріністің бірі – түрмеде көтеріліс басшылары құран оқып отырған тұста оларды шетінен атып өлтірген кезі. Тағы бір айта кететін жайт – құранның біраз сүресі оқылып үлгеретін қойылымның бірі – осы «Қилы заман». Халықты оята білген екінші көрініс – қойылым финалы. Туған жер, ата қонысын амалсыз тастап, арғы бетке қоныс аударуға мәжбүр болған көш, сәбилерін жетектеген аналар мен туған жер туралы ән айтып, жер бауырлап жатқан ер-азаматтар... Көзіңе еріксіз жас үйірді... Театр сыншылары «Қилы заман» пьесасы қазақ көрерменінің көңілінен шығатынын айтады. Өнертану ғылымдарының кандидаты Әлия Бөпежанова: «Қилы заман» – ұлт тағдырын арқалаған үлкен қойылым. Бұл жерде драматургиялық шеберлік пен режиссерлік шешімнің бір арнада тоғысып, қойылымдағы актерлердің де образдарды шынайы сомдауы үлкен рөл ойнады. Бұл жолғы қойылымның түр-сипаты да, жөні де бөлекше әсерге бөледі», – деп баға берді. «Қарқара көтерілісі» – қазақтың өршіл рухының тарихта өшпестей таңбаланған көрінісі десек, оның қойылым арқылы жұрт назарына ұсынылуы – ұлттық сана-сезімнің оянуына, өткеніміз арқылы бүгінімізді және болашағымызды зерделеуге ықпал етеді деген сенімдеміз. Елдің бүгіні мен ертеңін зерделеуге бастайтын, ең бастысы – Тәуелсіздік тамырының тереңде жатқанын ұқтырып, рухты қозғайтын «Қилы заман» қойылымы, міне, осылай қойылды... Айдана АЛАМАН