Әбдiжәмiл НҰРПЕЙIСОВ: ФАШИЗМНЕН АСЫП ТҮСКЕН ЖАҢАӨЗЕН ҚАСІРЕТІ БИЛІККЕ ХАЛЫҚТЫҢ ОЙ-ПІКІРІМЕН САНАСУ КЕРЕКТІГІН ҚАТАҢ ЕСКЕРТТІ... әйтпесе, бүкiлхалықтық үлкен трагедияға әкелiп соғуы әбден ықтимал...

     Бодандықтың бұғауынан босап, егемендi ел болдық. Сонан берi аттай 20 жыл өтiптi. Ел тiзгiнiн қолына алған сондағы жас жiгiт те 70-тен асты.
Кешегi Кеңес заманында мешiттердi қиратып, жаппай дiнсiздiкке, имансыздыққа баулып, төрт аяқты хайуанға айналдырып жiбере жаздап едi. Ендi мiне, мешiт, молда көбейдi. Бiрақ соған қарамастан елiмiзде имандылар, обал-сауапты ойлайтын ар-ұжданы таза, ұяты бар азамат басшылар көбейдi ме? Нұрсұлтан Әбiшұлы, бiздi, бiз болғанда осында отырған бәрiмiздi осы жағдай қатты ойландырады. Оны жатпай-тұрмай өзiң де ойлайтын шығарсың.
Жаңаөзен оқиғасы халықтың жүрегiн қатты шошытты. Жазықсыз, бейкүнә қыршын жандардың қайғылы қазасына соншалық бiр салқынқандылықпен нем­құрайды қарап, қолды бiр сiлтейтiндер де табылды. Бәрiнен де қарусыз халықты полицейлерiмiз бен Отан қорғайтын әскерлерiмiз қуып жүрiп атып өлтiргендерi аз болғандай, оққа ұшып қансырап жатқан жаралыларды үстi-үстiне соққылап ұрғандары жұрттың иманын ұшырды. Бұдан асқан жауыздық, қаныпезерлiк болуы мүмкiн бе?
18 жасқа толмай әскерге алынып, 4 жыл соғыста болған адаммын. Фашистер қаншама жауыз болса да, жаралыларға қол көтермейтiн. Ең аяғы фашист екеш фашист солай болғанда, ертеңгi күнi ел егемендiгiн қорғайтын әскерилерiмiздiң сиқы әлгiндей болса, 20 жыл бойы лепiрiп мақтанатындай не жөнiмiз бар? Осы уақыт iшiнде идеологияға да, дiнге де ықпал жасамай, бiлгенiн iстетiп, бетiмен қоя бергенiмiздiң жөнi қалай? Дiн де, әдебиет те, “ардың, адалдықтың iсi” болса, пенде пақырды бiрден-бiр имандылыққа алып баратын нағыз сара жол осы емес пе?
“Дүмше молда дiн бұзады” деп халық бекер айтпаған. Қазiр не көп, дүмше молдалар көп. Мешiт маңын былай қойғанда, елiмiздегi жан-жақты көп саланың бәрiнде де жұртты жолдан тайдыратын дүмшелер көбейiп барады. Саясатта да, тiптi әдебиет пен өнерде де дүмшелер толып жүр. Дүмшелiк елiмiздi, жерiмiздi қорғайтын қарулы күштерге де жеттi.
Басқасын айтпағанда, соңғы Жаңа­өзен қасiретi билiкке қоғамды тыңдап, халықтың ой-пiкiрiмен ұдайы санасып отыру керектiгiн барынша қатты ескерттi. Өйтпеген жағдайда, мұндай оқиға түбiнде бүкiлхалықтық үлкен трагедияға әкелiп соғуы әбден ықтимал.