Азат ПЕРУАШЕВ, «Ақ жол» ҚДП төрағасы, Мәжіліс депутаты: ЖАҚСЫ ӨМІР үшін ЖАРҚЫН ӨЗГЕРІСТЕР – «АҚ ЖОЛ» партиясының» мызғымайтын ұстанымы.

«Ақ жол» партиясына – 10 жыл!

 

Құрметті әріптестер!

Көктемнің алғашқы айында, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыздың қарсаңында өздеріңізбен тағы да жүздесіп отырғаныма қуаныштымын.  «Ақ жол» партиясының 10-жылдық мерейтойы құтты болсын дегім келеді!

 Біз Партиямыздың саяси, қоғамдық қызметінің 10-жылдығын Қазақстандағы беделді де белсенді,  қалыптасқан, орныққан саяси күш ретінде қарсы алып отырмыз. Әрине, кез келген қоғамдық ұйым, бірлестік – тірі организм. Әсіресе, саяси күрестің, қоғамдық процестердің әрдайым бел ортасында жүретін партия үшін әр күні тартысқа толы болатыны белгілі. «Ақ Жол» партиясы да осы құбылыстан шет қалған жоқ. Осы он жылдың ішінде партияның төңірегінде де түрлі теке-тірестер, айтыс-тартыстар, бөлінулер мен қосылулар болды. Мерейтой қарсаңында мұның бәрін жіпке тізіп айтып жатудың қажеті де жоқ шығар. Менің айтпағым, осының бәрінен, біздің партия абыроймен өтті. Осының бәрі – біздің партияның тарихына айналды. Бұл тек тарих емес, партияның әрбір мүшесі үшін саяси тәжірибе әрі сабақ болды деп ойлаймын. Бүгінгі «Ақ Жолдың» алдында жаңа белестер, жаңа бағындырылмаған асулар тұр. Оны сіздер мен біздер тізе қосып, бірігіп бағындыруға тиіспіз. «Ақ Жол» аз ғана уақыттың ішінде өзінің ұстанымдары мен қағидалары берік қалыптасқан,  демократиялық принциптерге адал, конструктивті, толыққанды партияға айналды. Аз ғана уақытта ел ішіндегі біздің жақтастарымыз бен біздің көзқарасымызды бөлісетін тілектестеріміздің саны мыңдап өсті. Биылғы жылғы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне сайлау – мұның айқын дәлелі.  Мерейтой үстінде мұны атап айтуға тиіспіз. 2012 жылғы 15 қаңтардағы ҚР Парламенті Мәжілісіне сайлау Қазақстанның «Ақ Жол» демократиялық партиясының осы кезеңде ең белсенді де ықпалды саяси күшке айналғанын көрсетті. Алайда, ХХІ ғасырдың басындағы әлем, дүние түбегейлі өзгеру үстінде. Қазақта «елу жылда – ел жаңа» деген мақал бар. Мен айтар едім: біз өмір сүріп отырған уақыт – елу жыл емес, елу-ақ күнде мемлекетті, қоғамды, адамдарды түбегейлі өзгертіп жатқан уақыт! Бұл – Қазақстанға тікелей қатысты. Қазақстан жаңа дәуір ұсынған осындай өзгерістерге дайын ба? Ол мемлекетке, қоғамға, қарапайым халыққа не береді? «Ақ Жол» партиясының осы тұрғыдағы өз ұстанымдары мен мақсат-міндеттері қандай болуы тиіс? Меніңше, бүгінгі күні баршамызды, ең алдымен, осы сұрақтар мазалауы тиіс. Өйткені, бұл біздің партияның ғана емес, мемлекеттің, біздің ұлтымыздың қауіпсіздігі мен дамуына, болашағына тікелей қатысты жайт.    Жоғарыдағы сауалдар да бізден әділ және нақты жауапты талап етеді. Ол үшін бүгінгі билік те, саяси күштер мен саяси партиялар да өз ісіне, өз әрекетіне ашық есеп беріп, шындықтың бетіне тура қарап үйренуге тиіс. Себебі, халықтан ешуақытта, ештеңені жасырып, бүгіп қала алмайсың. Осы игі істердің басында біздің партия – Қазақстанның «Ақ Жол» демократиялық партиясы тұруы қажет деп санаймын. Өйткені, «Ақ жол» партиясы, шын мәнінде, халықтың арасынан шыққан және халық үшін дүниеге келген партия!   Қымбатты достар!   Шындығында, сіз бен біздің сыналар шағымыз енді жеткен сияқты. Себебі, мен жоғарыда айтқандай, «Ақ Жол» партиясы әбден қалыптасқан, орныққан, ықпалды саяси ұйымға айналды.  Бүгін біздің қолымызда халқымыз ұсынған мандат, сенім мандаты бар.  Тағы да қайталап айтайын, біз ол сенімді бірлікпен, ынтымақпен ғана ақтай аламыз. Сондықтан, мен осында отырған әрбір «ақжолдықты», партияның аймақтардағы өкілдіктерін, мыңдаған партия мүшелерін аталған жауапкершілікті терең сезінуге шақырамын. Өздеріңіз білесіздер, «Ақ жол» партиясы сайлаудан кейін де қол қусырып отырған жоқ. Біраз келелі шаруалар атқарылды. Біз сайлаудан кейін өзіміздің нақты сөз бен нақты істің партиясы екенімізді дәлеледеп келеміз. Партияның Парламенттегі фракциясы тарапынан да бірқатар шаруалар істеліп жатыр. Біздің істеп жатқан шаруаларымыз елдің де, сіздердің де көз алдарыңызда. Сол себепті мерейтойды есеп беру жиынына айналдырмауды жөн санап отырмын. Ең бастысы, «Ақ жол» партиясы өз сайлаушыларына берген уәдесінде тұрды, және өз ұстанымдарынан ешуақытта ауытқымайды. Партияны ғана емес, елді, мемлекетті де, алдымызда жаңа сынақтар күтіп тұрғанын ұмытпауға тиіспіз. Оған уақтылы және нақты жауап беру қажет. Қазақстан жеткен жетістігіне мақтанып қана қоймай, қарапайым адамдардың тұрмысын жақсартуға, мемлекет пен қоғамдық өмірдің барлық саласын жаңартуға ұмтылуы керек. Ал жақсы өмірге қол жеткізу үшін бізге үздіксіз, қарқынды өзгерістер қажет. Бұл сіздер мен біздердің – «Ақ жол» партиясының» мызғымайтын ұстанымы. Біз өз мақсаттарымызға тек бірліктің, сенімнің арқасында ғана жетеміз. Солай боларына өз басым кәміл сенемін!   Мерейтой тағы да құтты болсын!