Иоганн Вольфганг ГЕТЕ: "БІЗ ИСЛАМДА ҚАЛУЫМЫЗ КЕРЕК"...

Алманияның ұлттық мәдениетінде өшпес із қалдырған ұлы неміс ақыны Иоганн Вольфганг Гётенің шығармашылығында ислам тақырыбы ойып тұрып орын алады. Гетенің өмірлік ұстанымын айқындауда оның достары мен жақын адамдарына жазған хаттары, 1771-1772 жылдары қолына түскен қасиетті Құран мен парсының ұлы ақыны Шамс ад-Дин Хафиз Ширазидың «Диванымен» танысудан кейінгі  әсерден туған еңбегі «Батыс-шығыс Диванының» ықпалы орасан болды.. Мұсылманмын деп жұртқа жарияламаса да, ақынның көптеген шығармаларынан Ислам мен оның рухани-құндылықтарына деген көзқарасы айқын аңғарылады.. Гётенің бақи мен фәни туралы түсінігі Ислам қағидаларымен тұспа-тұс келеді… Ұлы ақынның мұсылман болған-болмағаны бір Аллаға ғана мәлім. Алайда оның қасиетті Құранды Илләхи кітәп, ал Мұхаммедті елші деп танығанын  баяндайтын еңбектер аз емес. …1995 жылы Веймарда Гетенің еңбектері мен сансыз хаттарын зерттеген шейх Әбдүлқадыр әл-Мурабиттің басшылығындағы топ, оның мұсылман екендігі туралы пәтуа шығарады.  Гёте адамның тұтас болмысымен бүкіл әлемді жаратқан Жаратушының ырқына бағынғанына кәміл сенді.  Мұны жазушы адам өмірінің мәні ретінде қабылдап, Құдайдың қалауына бұлайша  мойынсұнуды Ислам деп атады.  «Батыс-шығыс Диуанында» ақын былай деп жазады: «Анау-мынау нәрсе туралы оңды-солды ой шығындау- қандай ақымақтық. Егер Ислам Аллаға мойынсұну болса,біз бәріміз Исламда өмір сүріп,  Исламда өлеміз». “Narrisch, daß jeder in seinem Falle Seine besondere Meinung preist! Wenn Islam Gott ergeben heißt, In Islam leben und sterben wir alle”. Ақынның бұл тұжырымы өзге тарихи құжаттарда да көрініс берген.     «Бір Аллаға деген сенім,-деп жазады Гёте ,-әр уақытта рухыңды биік етеді,өйткені ол адамның рухани тұтастығының өлшемі болып табылады.. «Батыс-шығыс диуаны туралы ескертпелер мен очерктер» атты  еңбегінде ақын тағы былайша ой қорытады. «Алланың тоқсан тоғыз сипатын айтып мұсылмандардың таспих тартуының өзі өте ұлық ғибадат. Тәңірге тән барлық сипаттарды бір негізде еске алу Оның құдіретінің аса шексіздігін білдіреді, сондықтан мұсылмандар Оның еркіне бағынып, тыныштық табады». Гётенің бұл ұстанымы өмірде кездесетін барлық  кездейсоқтықты жоққа шығартты. Оның пайымдауынша, адамның басынан өтетін барша оқиға Алланың айырықша ишарасы мен сабағы іспетті. «Батыс-шығыс диуаны» атты еңбегіне кірісерден аз ғана бұрын, 1813 жылдың күзінде әлдебір неміс солдаты оған Испаниядан Қасиетті Құранның 114-ші «Ан-нас» сүресі жазылған ескі араб қолжазбасын әкеліп береді. Оқымыстылардың көмегімен Гёте бұл сүрені көшіріп алып, оның мағынасына үңілуге ұмтылды… Ақын өмірінің соңына дейін бұл оқиғаны өзіне жіберілген Тәңірдің ишарасы ретінде қабылдап өтті..1814 жылдың қаңтарында Жаратушы тарапынан тағы бір белгі берілді..Жазушы орыс армиясында қызмет ететін мұсылман-башқұрттардың  намазына қатысады.. Ғибадат Веймардағы протестант гимназиясында өтеді.  1814 жылы Требрге арналған хатында Гёте бұл оқиға туралы былай деп тебірене жазды. «Қазір тіпті бұрынғы пайғамбарларға да таңсық дүниелер мен небір кереметтер бола бастады. Бұдан бірнеше жыл бұрын біздің протестант гимназиясында мұсылмандар құлшылық қылып,қасиетті Құранның сүрелері оқылады деп кім ойлаған! Дегенмен бұл осылай болды және біз башқұрттардың намаз оқығанын көрдік, молласын тыңдадық, басшысын театрда құттықтадық. .Ал біздің кейбір ерекше діндар ханымдар тіпті Құранның аудармасын кітапханадан алдырды. Олар маған ерекше құрмет білдіріп садақ пен жебе сыйлады, мен оны өз ошағымның үстіңгі жағына іліп қойдым».. «Ұйқыдағы жетеу» деген өлеңінде Гете Исаны екінші пайғамбар деп атаған.. «Иса пәк,ол бір Алланың құлы,-деп жазады ақын. Оны Құдай дәрежесіне көтеру-Тәңірді мазақ ету. Алланың бірлігін таныту арқылы бүкіл әлемге бас идірген Мұхаммед әкелген шындық салтанат құрсын!».. Гетенің Исламға қатысты айтқан уәждерін арқау етіп тұтас бір кітап жазуға болады.. 1814-1815 жылдары Гёте профессор шығыстанушылар Паулюс, Лорсбах және Козегартенмен араб тілін үйрене бастады.   70 жасқа толған жылы, Гёте «Пайғамбарға Құран түскен түнді лайықты түрде қарсы алуға қамданғаны» жөнінде жазады.  Батыс-Шығыс диуаны туралы ескертпелер мен очерктерден» атты туындыдағы.  «Бұл кітап мәңгілік қуат-күштің қайнар көзі болып қала бермек» дейтін гаухар тіркестер ілкідегі ойымызға қазық болса керек. Гётені Құран тілінің сұлулығы, әуезділігі мен ұлылығы, ондағы діни және философиялық терең астар қайран қалдырды.  Ол уақытының көп бөлігін  Хақтың құлы ретінде бір Тәңірге ғана ғибадат етуге жұмсайды.  Бұл ақынның қасиетті Құранның жекелеген аяттары мен 1771 жылы Бақара сүресін аударған еңбегінен көрініп тұр.  Онда Гёте, адамдарға табиғат құбылыстары құдіретті Құдайдың бір екенін және бар екенін баяндайтын аяттарды арнайы таңдаған.  Гете, біз аз нәрседен Жаратушының ұлық сипатын көре білуіміз керек деп мысал ретінде Бақара сүресіндегі аралар туралы нақылды келтіреді. Гёте қасиетті Құранды латын, ағылшын, неміс пен өзге тілдерге аударып қана қоюдың жетімсіздігі мен олқылығын сезді. Сондықтан қолы қалт еткенде жаңа тәржімаларды табуға талпынатын.. «Біздер, Еуропа халықтары- дейді ұлы ақын,- мәдениетіміздің айырықша дамығанымен, хазіреті Мұхаммедтің ұлылығының ең бірінші сатысында ғана тұрмыз. Оған ешқандай шүбә келтіруге болмайды. Және бұдан кейінде одан ешкімнің аса алуы мүмкін емес»… «Сонымен..біз Исламда қалуға тиіспіз..Мен бұған басқа ештеңе қоса алмаймын.» Бұл-Гетенің тасқа басылып, діндер тарихының төріне мәңгілік қатталып қалған қанатты сөздері..

Жолымбет Мәкішев

www.nurotau.kz