Мұхтар Шаханов және жастар

                Жақында алғашқы қазақ мектебі болып саналатын Ш.Уәлиханов атындағы №12 көп салалы гимназиясына Қазақстан Республикасының халық жазушысы, «Түркітілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» және Түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің «Шахрияр» клубы сыйлығының иегері, бірнеше шет ел академияларының мүшесі, 2006 жылғы Америка өмірбаян институты белгілеген 2005 жылдың «Жыл адамы» атағының иегері Мұхтар Шаханов шығармашылығына арналған «Адамзаттың ақыны – М.Шаханов» атты әдеби поэзиялық кеш болып өтті. Бұл кеш мектеп директорының бастамасымен, Тілеубердіұлы Қизат сынды іс-тәжірибеден өтуші студенттердің ұйымдастыруымен болып өтті. М.Шаханов шығармашылығы арқылы оқушылардың рухани жандүниесін байыту мақсатында жасалған іс-шараға филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов, қазақ эстрадасының жұлдыздары Жанболат пен Жазира, бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері де қонаққа келді. Әдеби поэзиялық кештің басында негізі 1921 жылы қаланған №12 көп салалы гимназияның директоры, ҚР үздік қызметкері Сәкенова Рахима Бөлекбайқызы сөз алып, тұлғалы ақын, қазақ тарихы мен әлемдік әдебиетте өзіндік орны бар М.Шаханов шығармашылығы туралы айта келіп, орыс тілі үстемдік құрған кездің өзінде басқа ұлт зиялылары сияқты балаларын орыс мектептеріне алып бармай, дәл осы қазақ мектебіне берген М.Шаханов еңбегін ерекше атап өтті. Мұхтар аға ең алдымен Тәуелсіздігімізге негіз болған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы хақында бұрын айтылмаған ақиқаттарды, құпия болып келген сырларды, ел егемендігі жолында қиыншылықтарды баяндады. Қазіргі қоғамдағы келеңсіз, жағымсыз әрекеттерді сынға ала отырып, біраз жағдайларға байланысты өз ойын ашына жеткізді. Оқушылар, ұстаздар тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді. Айдана АЛАМАН