Президент Жолдауын насихаттауды Семей әкімі сергелдеңге айналдыра жаздады...

                Семейде ауа райы күрт өзгеріп термометр бағаны -400С шамасында аязды көрсетіп, қаңтар айы үскірікті ақпанға жол берген кезде Семей шаһарына су жаңа парламент мәжілісінің спикері, «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин ат басын тіреді.       Мәжіліс төрағасы халықпен кездесіп, Қазақстанның Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Халыққа жолдауын насихаттауды біздің қаладан бастауды жөн көріпті. Н.Нығматуллин не дейді екен деп жергілікті саяси партиялардың өкілдік басшылары музыкалық-драма театрына жеттік. Келген бетте тіркейтін топқа барып мен «Ақ жол» партиясы төрағасының ШҚО бойынша саяси кеңесшісі екенімді, ал басқалары «КХКП, ЖСДП партиясынан» деп аты-жөнімізді айтып, жеке куәлігімізді ұсынып, ішке кірейік деп әрекет жасап едік, барлығымыз тізімде болмай шықтық. Тіпті саяси партиялар деген тізім мүлдем жоқ болып шықты. «Сіздер кірмейсіздер, өйткені тізімде жоқсыздар» деді. Сол маңайда тұрған Семей қаласы әкімінің идеология бойынша орынбасары З.Р.Исабаеваға «мыналарыңыз не сұмдық?..» деп едім, ол кісі маған: «Бұл тізімді ішкі саясат бөлімі дайындаған, солармен анықтаңыз» деп тұра қашты. Сонда З.Р.Исабаева осы бөлімге жетекшілік етпей ме? Дегенмен, есіктен қайтсақ, «Ақ жол» партиясы боламыз ба? Кірдік ішке. Елді ызаландырғаны – Семейдің әкімі А.Кәрімов халықты жікке бөлуді, «мынау ала, ал мынау құла» дегенді қашан қояды? Мыңдаған мүшелері бар партияларды шақырмағанда, кімді шақырады саяси жиынға? Бұл неғылған саяси таяздық?! Президент жолдауын неғұрлым халыққа көп насихаттайтын саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдері шақырылмаса, онда кім үшін керек ол жиын? БАҚ демекші, мен тіркеумен айналысып отырған жастарға өзімді «Республикалық «Жас қазақ үні» газетінің Семей аймақтық меншікті тілшісімін, БАҚ өкілдерінің тізімінен қараңдаршы» деп едім, ол тізімде де жоқ болып шықтым. Семей әкімшілігінің күзетшісіне дейін менің тілші екенімді біле тұра, әдейі мені жиыннан шектеу әрекеті бұл. Бұған тікелей тапсырма беріп отырған әкім А.Кәрімов. Сонда Н.Нығматуллинді жасырып тығатын, халықтан қорғайтын қорғансызға балағаны ма, әлде музейлік жәдігер деп ұққаны ма бұл Семейдің әкімі? Бұл Н.Нығматуллинді кемсіткені ме, әлде сайлауалды барлық саяси партиялар тікелей телеэфирде бетпе-бет кездескенде оңбай таяқ жегенін көріп, аяғаны ма өзінше? Мен Н.Нығматуллинді Семейге «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары ретінде емес, көп партиялы Мәжіліс төрағасы ретінде келді деп есептеймін. Олай болса, барлық қоғамдық ұйымдар, БАҚ басшылары қатысуға тиісті ғана емес, шақырылуға, қатысуға міндетті. Ал «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары ретінде келген болса, онда ол кісіні сондай дәрменсіз, абыройсыз деп ойлағаны ма, өзіне теңеген Семей әкімі? Бүйректен сирақ шығарып, осындай түкке тұрмайтын шаруалардан үнемі қателік жіберіп, қайта-қайта сүрініп жүрген Семей әкімі А.Кәрімовті ШҚО әкімі Б.Сапарбаев жөнге салып, қандай да бір қорытынды жасар кез келген болар. Жиын жақсы өтті. Кері тартқан ешкім болмады. Тамаша ұсыныстар айтқан барлық жарыссөзге шыққан жерлестерімізге алғыс білдіріп, ду қол шапалақтадық. Сонда жоғарыда айтылған келеңсіз әрекеттердің керегі бар ма еді? Орынбек СӘРСЕНБИН, «Ақ жол» партиясының ШҚО саяси кеңесшісі