Қолаға қанағат, төрешілерге шағым

        Қазақстан – Швеция арасындағы жартылай финалдық кездесуден кейін Қазақстан допты хоккей федерациясы Халықаралық бенди федерациясына төрешілікке байланысты шағым түсірді. Ойынға қатысуға рұқсаты болмаған швед хоккейшісінің айдынға шыққанына байланысты Әлемдік бенди қауымдастығының өкілдері «кездесу нәтижесіне бұл жағдайдың еш әсері болмады» деп бағалай салды. Енді осындай жағдайдан кейін қазақстандық тарап Халықаралық Олимпиадалық комитетке ресми түрде арыз түсірді.  Жартылай финалдық кездесуде Қазақстан ұлттық құрама командасы жергілікті жанкүйерлердің алдында өте жақсы өнер көрсетті. Әлемнің он дүркін чемпиондарына қарсы тегеурінді қарсылық көрсеткен отандастарымыз, кездесу барысында екі мәрте есепте алда болып келді. Бірақ ойын соңына қарай бұрыштама добынан Швеция командасы есепті теңестіріп кетті. Десе де, матч барысында айдынға шыққан Дениэль Моссбергтің кездесуге қатысатын ойыншылар тізімінде жоқ болып шыққаны анықталды. Сондай-ақ, Қазақстан құрама командасының бас бапкері Алексей Никишовтың айтуынша, ойынның негізгі минуты аяқталғаннан кейін бас төреші кездесуді аяқтауға асықпаған екен. – Ойынның негізгі уақыты және оған қосылған қосымша минуттың өтіп кеткеніне қарамастан бас төреші ақтық ысқырықты шалуға асықпады. Соның салдарынан біз бұрыштама добынан гол жіберіп алдық. Бұл төрешілер тарапынан болған өрескел қате. Ресейлік қазының ойын үстінде біздің құрама жігіттерінің таза соққан голын санамай қоюы да түсініксіз жәйт болып қала берді. Әлем біріншілігінде орын алып жатқан осындай келеңсіз жағдайлардың себептерін анықтауды талап етеміз, – дейді Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері. Енді ғана дамып, кеңге қанат жайып келе жатқан допты хоккей спортында орын алып жатқан дүниелерді жағымды деп атай алмайсыз. Көпшілік мамандардың пікірінше мұндай көлеңкелі тұстардың орын алуын Алматыда өтіп жатқан 32-ші Әлем біріншілігінің бас төрешісі ретінде Швеция азаматы отырғанымен байланыстыруда. Ал Қазақстан бенди Федерациясының жауапты хатшысы Владимир Савченко бұл мәселені аяқсыз қалдыруды жөн деп санамайды. – Біз әрбір қарсыласты сыйлаймыз. Оның ішінде Швеция корольдігінен келген командаға да тағар еш мініміз жоқ. Бірақ, барлығымызға ортақ тәртіп бар. Қабылданған заң бар. Сол заңның бұзылғанына және соған тиісті жазалардың қабылданбауына біздің таңымыз бар. Егер Халықаралық бенди Федерациясы тиісті шаралар қабылдамаса, онда біз Халықаралық Олимпиадалық комитетке шағымданамыз, – дейді В.Савченко мырза. Болар іс болып, бояуы сіңгені анық. Қазақстан командасы үшінші орын үшін болған кездесуде Финляндия командасымен күш сынасып 10:5 есебімен айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Егер әлгіндей төрешілік тараптан кеткен қателіктер болмағанда, Қазақстан құрама командасы қола жүлденің орнына кем дегенде күміс медальға иелік ететін еді. Ермұхамед МӘУЛЕН