Былыққа толы «Қыз қылығы»

2319
9
Бөлісу:

 

             Әр үйдің төрінде тұрған «Көк жәшіктің» кесірінен бала тәрбиелеу ісінде ата-ананың рөлі төмендеп кетті. Үйдегі ата-ананың да, мектептегі мұғалімнің де орнын теледидар мен ғаламтор жаулап алғаны сөзсіз.

Сондықтан болар, отандық телеарналардан көрсетіліп жүрген дүниелер ел арасында түрлі пікір туғызып келеді. Тіпті, соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көтерілетін мәселеге айналды. Өйткені, көрермен ерекше ықыласпен көретін тұщымды дүниелер жоқтың қасы. Соның бірі –елді күлдіремін деп бүлдіретіндердің қатарында «КТК» телеарнасындағы «Қыз қылығы мен былығы» бағдарламасы. Бұл бағдарлама өсіп келе жатқан жас қыздардың тәрбиесіне айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Тіпті, мағынасыз, орынсыз күлкіге құрылған арзан жоба қыз атаулының құнын түсіріп бітті десе де болғандай. Өйткені, атаулы бағдарламадан байлықты жаны сүйетін, бір емес бірнеше жігітпен жүргенді құп көретін және «онша-мұншаны менсінбейтін» қасиетсіз қыз­дардың қылығына куә бо­ласыздар. Өз қасиетсіздікте­рін көрсетіп қана қоймай, кө­рерменге кеңес бергіш өздері. Көгілдір экранның арғы жағынан «жаңа түскен келіндерге тегін және ұтымды кеңес береміз» деп, немесе «суперкелін» болғыңыз келсе, «қыз қылығының» ақыл-кеңестеріне құлақ түріңіздер» деп, ақылгөйсіп жүргені көзі қырағы көрерменге таныс.
Мәселен, бірде теледидарды қосып қалғаным сол еді, үстеріне бір жапырақ сүлгіні ораған үш қыз моншада, аузы-ауыздарына жұқпай әңгіме айтып отыр. Қазақтың қара домалақ қара қызы егіз екі жігітпен жүретінін мақтан тұтып, қос жігіттің байлығының арқасында күн сайын киноға, кафеге баратынын қасындағы екі құрбысына жеткізумен әлек.
Негізі, қазақ қызын «ақылына көркі сай» етіп өсіруге ерекше мән берген ғой. Жат жұрттық боп саналатын қыз тәрбиесіне айрықша мән берген емес пе? «Қызға қырық үйден тыйым» деп, отбасында қатал тәрбиемен өскен қыз, кісі көзінше де­несін жалаңаштамақ түгілі, әлдебіреудің бетіне күліп те қарамаған. Тіпті, қыр гүліне тән нәзіктік пен батылдық бір бойына жарасқан қазақтың қыздарына тәнті болған жазушыларымыз өз шығармаларына қазақ аруы­ның бейнесін арқау етсе, ақындарымыз инабаттылығы мен нәзіктігін өлең өрнектерімен көмкерген. Сонымен қатар, қазақ қызының ерлігі, тап­қырлығы, төзімділігі, қай­рат­тылығы талай әндерге де арқау болғаны белгілі. Біржан сал, Ақан, Мұхит, Балуан Шолақ, Естай сынды сал-серілер қазақ қыздарының көріктілігімен қоса, парасаттылығын, тәрбиелілігін, тектілігін дәріптеумен өткен.
Ал бүгінгі қыздарымыздың түрі мынау. Теледидар – тәрбие құралы, сондықтан «Қыз қылы мен былығы» секілді бағдарламаларды миллиондаған аудиторияға, ақылы толыспаған бүлдіршін қыздар мен санасы сан-саққа құбылып тұратын бойжеткендерге көрсетпес бұрын, ой ойланып, сан толғану керек емес пе? Өйткені, әлгіндей бағдарламалар ата салтына ескілік деп қарап, батыстың ерсі қылықтарын жасап, жас қыздардың санасына батыстық жағымсыз қасиеттерін сіңіруге айтарлықтай әсер етіп жатқаны анық. Ал мұндай көріністерді көрген жас қыздар әлгілерге еліктеп жүрмесіне кім кепіл? Айталық, бағдарлама барысында бастан-аяқ қыздардың жігітке таласып, қырық-пышақ болып төбелесіп, керек десеңіз, адам ойына кіріп-шықпайтын небір әрекеттерді жасап жатқанын көресіз. Мысалы, әп-әдемі қаракөз қазақтың қызы өзін сотқар етіп көрсетіп, жанындағы жігітіне қараған қызды ұрып-соғып, балағаттап, соңында көзі көгеріп тұрғанын көрсеткеннен осы бағдарламаны жасаушылар мен телеарна қызметкерлері рахаттанатын шығар, ал мен, өз басым, жиіркендім. Қай қазақтың қызын көрдіңіз, жігіт үшін көкала қойдай болып төбелескен? Жарайды, қоғамда ондай қыздар бар шығар. Әйтсе де, оны бағдарлама етіп шығарып, жаппай халыққа көрсетудің қажеті қанша?
Енді мына қызыққа құлақ түріңіз. Тағы да сол бағдарламада екі бай жігітпен бірдей жүрген қыз, екі жігітпен жүргеннің керемет екенін аузынан суы тамып көрерменге айтумен әлек. Яғни, екі жігітпен жүрудегі түпкі мақсаты – екеуінің де ақшасын пайдаланып, өзіне керекті дүниелерге ие болып, артынан керек емес заттай тастап кету. Сонда осылар ма бүгінгі қазақ қызының эталоны? Баяғыда әжеміз, ісімізге көңілі толмағанда, «қыз болмай, қызыл есекке мінгескір!» деп ұрсушы еді. Беттеріне қара күйе жағып, қызыл емес, қара есекке мінгестіріп жіберетін қыздардың жетесіз, түйсіксіз, шолжаң, ырбақай, арзан кейіпкерлерінен шаршадық. Өздері сияқты арзан, жеңілтек қыздардан басқа ешкім көрмейтін бағдарламаға қаржы жұмсап, маңдай тер төккенде кім не ұтпақ? Осындай бағдарламаны керемет деген ешкімді көрмедік. Өйткені, жағымсыз әрекеттерін халыққа көрсетуден ұялмаған қыздарымызға не дейсіз? Мұндай қылықтарымен көрерменге не айтқысы келеді екен? Әлде, буыны қатайып үлгермеген, енді бойтүзеп келе жатқан қыздарға осылай істесеңдер өкінбейсіңдер дегені ме?
Бүгінгі қызғалдақ қыз­дарымыз – ертең ибалы да инабатты келін, мейірімді ана, салиқалы әже болуға тиіс. Сондықтан иманы мен ибасы жүзінен төгіліп тұратын қазақ қыздарын, аналарымыз бен әжелерімізді көрсетіп, кейінгіге үлгі етсек, біреу бізге қой дей ме?
Бұл бағдарламаның мақ­саты қандай? Жарайды, жеңіл күлкіге, арзан әзілге арналған жоба делік. Дегенмен, әзілдің өзін әдемі айтуға, көрсетуге, жеткізуге болады ғой. Алайда, ол бағдарламадан тек теріс әрекеттерді, жағымсыз кейіпкерлер мен жарасымсыз әзілдерді көресің. Тіпті, ерін тыңдамайтын әйел, енесін жақтырмайтын келін, әйтеуір енені жаман етіп көрсетудің барлық әдіс-тәсілдерін асқан шеберлікпен көрсете білген. Қалай десек те, осынау алмағайып заманда еріне бағынбайтын, ата-енені сыйламайтын, кесапат қыз, кесір келін пайда болды. Соның салдарынан жетім балалар көбейіп, ерлі-зайыптылардың күннен күнге ажырасуы жиілеп кеткені жасырын емес. Осындай тұста әлгіндей бағдарламалардың тәрбиесіздікті, көргенсіздікті, келеңсіздікті насихаттауы – қоғамда сондай құбылыстарды онан сайын өршелендіре түспесе, өшіруге сеп бола қоюы екіталай.
Ертеде, ата-бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерде бағының ашылуын үйде отырып қамдаған. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған және еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген. «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» деген қазақ қашанда қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Әрбір ата-ана қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқ­тырмай өсіруді парыз санаған. Қыздың ар-ұятының сақшысы бәріне жауапты екенін ешуақытта есінен шығармаған. Ал бүгінгі күнді көрсетеміз деп, «артық қылам деп тыртық қып» жүрген былықпай бағдарламаны көргенде, ондағы кейіпкерлердің әрбір ерсі қылықтарына қарап, өзгелер қайталамаса екен деумен отырасың. Сондықтан мемлекет тарапынан мұндай бағ­дарламаларға тосқауыл қойып, халыққа керекті дүние­лерді көрсетсе деген тілек біздікі.

Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 9 пікір жазылған

  1. ара 14 Ақпан, 2012 10:04 Жауап

    БҰРЫНҒЫ ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ИБАЛЫ, ҰЯҢ БОЛСА, ОЛАРДЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ ИМАН БОЛҒАНДЫҚТАН!
    жүректегі иман кетіп еді, ұят өзі-ақ ұшып кетті.
    қазір де Құдайға шүкір иманды қыздарымыз бар, бастарына орамалын байлап, жайнамазын сайлаған.
    бірақ біз олар жартылай жалаңаш киінбегені үшін сөгіп оларды «уақабист» дейміз.
    ал шын мәнінде НАҒЫЗ ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗДАРЫ солар!

  2. Бектас 18 Ақпан, 2012 14:36 Жауап

    Жалпы қазақ ақпараттық құралдар кімнің қарамағында болса да мемлекет қарап отыру керек сияқты. Редакторлары , басшылары кімдер екені өте маңызды. Экранда анайылық, батыстың шірігенін қайталау т. б. тоқтатқан жөн. Ел Арна бір бағдарлама қосып жатыр. Бұл көрші елдің Дом 2 деген азғандығының көшірмесі. Неткен топастық пен жиіркенішті. Бұл кімнің ісі, Айгүл Мүкей ме? Мен министр болсам оны қуып шыққан болар едім.
    Ақыл аздығы халықтың санасына нәр беретін бағадарламалар шығарар болар еді. Қанша жерден ақша соңына түскенмен де адами қалпымызды сақтаған абзал емес пе? Амалсыз да, амалмен де тәнін сатып жүргендердің ісін насихаттауға бола ма? Қалында сондай мықты ақпарат құралы бар Мүкейді ақтауға бола ма, сол азғын бағдарламасы үшін?

  3. Бектас 18 Ақпан, 2012 14:41 Жауап

    Ақыл аздығы халықтың санасына нәр беретін бағдарлама ойлап таба алмай көршінің азғынын көшіріп неге шығарып отыр? (қате басылып кетті, жоғарыда)

  4. Конак 21 Ақпан, 2012 13:42 Жауап

    Биздин халыкка жакпайсын! Негизи бул багдарлама «Кыз кылыгы мен былыгы» юмор ретинде шыгарылган багдарлама гой! онын кыздары суперкелин болындар деп казак кыздарын бузу максаттары емес, тек халыктын конил-куйин котеру максат! жамандап жазган журналист, оны колдап отырган Бектас жигит те, коре алмагандыктан жазды деп ойлаймын! Биздин кара казак бир бирин коре алмаганна баска еш нарсеге шамалары келмейди!

  5. Бектас 23 Ақпан, 2012 11:04 Жауап

    Менің ойым көре алмаушылықтан туған жоқ. Жалпы сахна деген, кино да еліктеушілікті тудырады. Сондықтан көпшілікке, әсіресе жастарға қазақтың дұрыс тірлігін көрсетсе деймін. Өз басым сырттың жақсысы мен жаманын ажырата аламын. Анау Наша Казаша деген сүмелектердің тұмсығын бұзар едім. Енді Ел Арна ( Айгул Мүкей ме?) шығарып жатыр Ресейдің Дом 2-ның копиясын. Әзілкештеріміз азғана топ арақ ішіп отырғанда айтатын анекдоттарды сахналап жатыр. Қай көріністің астарына үңілсең де еркек пен әйелдің арасындағы азғындық шыға келеді. Соған ел мәз боп күледі, күлмейтіндер де бар болар. Соны шығарып жатқандар екі бұттың арасындағы биттер, елді сол битке айналдырып бара жатыр! Сахна дәретханаға айналды, жиіркенбейсіңдар ме!? Батыстың сайхалы мен жәлебі қыздарымыздың кумирі болды. Арын таптатып сахнаға, кинаға шығасың ба десе дайын тұратын қара көздріміз пайда болды. Аймаққа, ауыл мен қалаға бөліп бір-бірін кеміте сөйлейтіндер шықты. Анайылық ақылы аздың ісі, оны енді сахнаға шығарсақ сонда қазақтардың біткені ме? Қазір кітап оқу заманы кеткен. Тек экранға телміріп отырады, ал одан тек шоу деген сайтанның ісін ғана көреді ел. Осы дұрыс екен деп өседі жастар, басқа жоқ болған соң. Осындай істер жанымды қинаған соң жазып отырмын, намысма тиген соң. Майқы би айтқан бақа-шаяндар көбейгенін көрмей жүрсіңдер ме?
    Көре алмау деген ой жоқ.

  6. Раушан Иса 5 Наурыз, 2012 10:15 Жауап

    Тәрбиеміз бұзылып бара жатқаны белгілі нәрсе. Бектастың айтқанына қосыламын. Әке-шеше күні бойы жұмыста, жастарымыз тәрбиені теледидардан алып жатыр. Соның бәрін күніге көріп көзі үйренген сон оларға үйреншікті жағдай болып қалады ғой

  7. жумаахмет 1 Қараша, 2013 21:12 Жауап

    Бұрын қызға барып шығара алмайтын едік. Ата ана қайда, ақ жаулықты аналармен асқар тау әкелер мектебі қайда. Қазір кұрттай қыздар көшеде жабысып қалған жаласып жатады өз үйнін алдында шешініп жыныстық қатынасқа дайын тұрады. кіндік айдай ашық бұт жана қатқан мұз айдынындай жарқырап жатады енді ойлана бер. Баріне емес біреудін намысына тіисе кешірім сұраймын деген мен шышдық. сонда жоғарыдағы ағайынын айтуы дұрыс. Мәз қылып мағанасынан адасып көрсетип жатамыс сақына деген осы екен деп. Менін көнілім толғаны Тұрсынбек ініме осылай өмірді кішкене жанамалап дұрыстау керек. Сақына дұрыс болса көнілде тынышталады.

  8. жумаахмет 1 Қараша, 2013 21:38 Жауап

    Қазір сақына жанұянын бүліги не болмаса бир болымсыз арзан пенделік көрініс болып жатырған сияқты дейміз. Бірақ солай болды әйтеуір халық мәз болады өйткені енді басқа жоққо қайтсын. Көрерменді мәз қылған театыр қалай ойлайды екен. Бұл елдің тарихы не болмаса мәдениеті жоқпа екен. Әлде соны оқып көңіл бөлетін сауат жоқпа екен. Той томалақтан қол тіимейме. Шетте қандайда болмасын жаланаштану проектсы болса сол бір айдан кейн бізде болады. Бірақ бір үйлесим жоқ. Себебі неде оған сұрақ жоқ қойып жатқан адамға. Себебі ұлтық болмыс келмейді.

  9. жумаахмет 1 Қараша, 2013 21:50 Жауап

    Бектас бауырым көп жаса айтуың дұрыс. Барінен сұрасан барі әнші немесе актер болғысы келеди. Сонда болашақ мамандыққа көніл бөлетин жастар аз. Жаланаштануға дайын тұрады қазақшаны ысырып қояды орысша білмеседе қылғынып орысша сөлейді сонда болашақ қайда. Құлдық санадан арылмаған сана қай жаққа жетектейді. Әр өнер иесі не жасап жатқанына мән беру керек әр заттын беретін жауабы барғо. Құдайды ауызға алып қоятта тәрбиесиз дүниені қоя береді. Ол үшінде жауап пен азап барғо халықты жаман жаққа тарбиелеудеде.

Пікір немесе жауап жазу

11 − 3 =