ӨТКЕН ТОЙҒА ӨКПЕ КӨП НЕМЕСЕ ҚЫРУАР ҚАРЖЫ ҚАЙДА КЕТТI?..

Әлқисса. Бұл бiр iште жатқан запыран едi, байқамай сұқ саусағымды сұғып қалғанда ақтарылып кеттi. Жүрсiн ұстазым менi «жынды» дейдi, жындының сөзiнде пәтуа бола ма? Сонда да... Артық кетсем, айып етпессiздер... Былтырғының еншiсiнде қалғанымен, күнi кешегi 2011 жылдың желтоқсанының 2-4-i аралығында Астанада ұйымдастырылуының сапасынан гөрi салғырттығы мен салақтығы басым, «халықаралық» деп айдар таққан аламан айтыс өттi дүркiреп. Ақ параққа улы сияны кеш төгуiмнiң себебi, бiр адам ақиқатын iздеп, бұл қалай болды деп ақ-қарасын айырып айтар дегем, олай етпедi. Қайта барлық басылым «Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына орай айтыс өттi. Оған 5 мемлекеттен 42 ақын қатысты. Айтыс деп осыны айт!..» деп жарыса жазды. Иә, солай-ау... Бiрақ сол айтыстың кейбiр көлеңкелi тұсын iшiнде жүрген бiзден артық бiлмегесiн, әрiптестерiм қалай жазсын? Менiң ең әуелгi айтпағым, «Мәдениет министрлiгi қолдау көрсеткен бұл айтысқа бюджеттен және «Самұрық-Қазынадан» жалпы көлемi 80 миллион теңге бөлiндi» деп ұйымдастырушылар танауымызды делдитiп қойды. Айтысқа қожалық жасаған Мырзатай Жолдасбеков: «Айтыстың жүлде қорын бар беделiмдi салып, былтырғы қаржыға қарағанда екi есе көбейттiм, ал былтырғы айтыстың жүлде қоры 200 мың доллар болатын» дедi... «Конгресс-холл» сарайы 2 мың 800-дей орындық. Билеттiң құны 500-3000 теңгенiң аралығында. Сонда үш күнге, бiз секiлдi «соқыр» есепшi есептегеннiң өзiнде, 15 млн. теңгенiң үстiнде қаржы түседi екен орта есеппен (бұлай сенiмдi айтуымның себебi – кассада билет болмады, қолма-қол ақшаға кiре алмай жүрген адам көп болды). Оның үстiне, Жүрсiн Ерман мырза арнайы сыйлық тiгiп отырған демеушiлер барын қуана жеткiздi. Содан не керек, алыс-жақыннан ат сабылтып келген айтыс ақындарының көңiлi бiр көтерiлiп қалды. Қазiр барлығы бiздi машина, дүние үшiн таласады деп кiнәлайды ғой, айта берсiн, оны айтатын өзiмiздiң «сөз дертiмен ауыратын» ағайындар ғой. Сол айтқан адамның өзiнiң иығына шапан жауып, ат мiнгiзсең, алмаймын деп тастап кетiп қалмайтын шығар. Ал дүниенiң үлкен-кiшiсi не, бәрiбiр емес пе? Айтыстың өткенiне бiраз уақыт болғандықтан, тал­да­­ғаннан гөрi осыншама қар­жының қайда кеткенiн iздеген адам болмағанына таң­қаламын. Қараңызшы, айтыс қорытындысы бойынша мына ақындар жүлде алды: Бас жүлде Жамиға Дәулетқызы – 3 млн. теңге. 1-орын Әлiбек Серғалиев – 1,5 млн. теңге. 2-орын Мұхтар Ниязов пен Еркебұлан Қайназаров – әрқайсына 1млн. теңгеден, 3-орын Аалы Тутқычев, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова – 500 мың теңгеден. Сонда жүлдегер 7 ақынға 8 млн.теңге кеттi делiк. Қалған 35 ақынға әрқайсына 40 мың теңгеден, барлығы 1 млн. 400 мың теңге жұмсалды . Қонақ үйге астаналық 5-6 ақын мен 2 қырғыз ақыны жатқан жоқ. Әрқайсы 8 мың теңге тұратын екi адамдық 17 бөлменi 5 күнге жалдағанда 680 мың теңге болады (айтыс 4-i күнi бiттi, Астана-Орал пойызы 6-сы күнi болатын, тырқыратып қуып шығамыз дегесiн, тағы бiр күнге өз қалтамнан төлеп жаттым). Қызмет көрсетуi сын көтермейтiн «Ақжайық» қонақ үйiнен барлығы тамақтанды дей алмаймын. Себебi, дөрекi даяшылар кiрпияз ақындарға ауыздарына келгенiн айтып, дұрыс сөйлеспегесiн, көбi жақын маңдағы асханалардан, болмаса таныстарының үйiнен ауқаттанып кеп жүрдi. Солай бола тұра, қонақ үйдiң құнындай, яғни 680 мың теңге тамаққа төлендi делiк. Тағы бiр қаржы ысыраптаудың амалы – 4 мың дана 500 теңгелiк күмiс ақша жасатыпты. Ол кiмге, не үшiн керек болды? Көрге жарық берсiн деп тағып кететiн Хорланның жүзiгi емес қой... Жақсы, өздерiнше бiзге деген естелiктерi шығар. Бiрақ 42 ақын мен қазылар алқасына т.б шауып жүрген ұйымдастырушыларға артығымен 100 дана жасатса жетпей ме? Оған қанша қаржы кеткенiн бiр Алланың өзi бiлсiн. Жоғарыдағы шығынды «жабайы» есеппен шығарып көрелiк: жүлде қоры 9 млн. 400 мың теңге, қонақ үй мен тамаққа 1 млн. 360 мың теңге. Сонда тек қана айтыс үшiн 10 млн. 760 мың теңге жұмсалып отыр. Жарайды, бұдан бөлек, жаңағы күмiс ақшаңыздың шығыны, «жалқау» қазылар алқасының мүшелерi мен жүргiзушi болған Жүрсiн Ерманның қаламақысы бар, залдың арендасы мен жарнамасы бар (министрлiк тарапынан зал тегiн алынған да болар). Итке тастағанда 20 млн. теңге делiк... Ағайындар-ау, есепке шамалы менiң өзiм осылай шығарып отырмын және сiздерге талқылатып отырмын. Ендеше, қалған қаржы қайда, кiмнiң қалтасына кеттi? Айтысты ұйымдастырған аты бар да заты жоқ «Даму» рухани қоры деген не мекеме, осынша қаржы айналымға түсiп жатқанда оны ешқандай құзырлы орындар назарына алып, бiр тексермей ме? Айтпақшы, осы айтысқа шашуым деп «Алтын қыран» компаниялар тобының бас директоры Исламбек Салжанов 3 млн. теңге, Нұртай Сабильянов мырза 1 млн. теңге бердi, ал саған безгелдек, оны қайда қоямыз? Сонда шығынның едәуiр бөлiгiн билеттен түскен қаржы мен арнайы демеушiлердiң берген қаржысы жауып тұрған жоқ па? Мен мұның бәрiн неге тәптiштеп жазып отырмын? Егер жеке адам демеушiлiк етсе, мейлi дейсiң ғой, өз ақшасын қалай шашса да. Мынау мемлекет қолдап, Мәдениет министрлiгi жауапты болған үлкен айтыс емес пе, неге оның қаржылық құрылымдары жариялық сипатта болмайды? Неге бiр адам қысқаша түсiнiк бермейдi? Қысқасы, бұл мәселе алда да қозғалады деп ойлаймын... «МЫРЗАТАЙ АРАЛАСҚАН АЙТЫСҚА ЕНДI ҚАТЫСПАЙМЫЗ» Бұл – айтыстан соң қонақ үйде өткен «астыртын» жиналыста қабылданған «қаулы». Не болса да өзiммен кетсiн, кесiрi тимеу үшiн, «мынау-мынау» деп атын атап жатпайын, ықпалды, беделдi айтыскерлердiң ашынуы едi бұл. Неге деген сауалға жауапты тарқата түсейiн. Айтыс басталардан бiр күн бұрын жиналыс жасап бiраз ақылын айтты «абыз» Жолдасбеков. Бұл жолы риза еткенi – «ауыздарыңа қақпақ болмаймыз» дедi. Оны аңдып отырған Жүрсiн ағамыз iлiп әкетiп: «Естiп отырсыңдар ғой, ақиқатты, шындықты көркемдеп айта бiлсеңдер, ешкiм қой демейдi, бұл айтыстың алғысы мен қарғысы Мырзағаңның мойнында» деп зып еткiздi. Бiр көңiлге қаяу салғаны – 42 ақынды түгендей келе айырқалпақты қос қырғыз ақынына: «Сендерге өкпем қара қазандай, бәлен жылы барғанымызда жүлде бермей, бәрiн алып қалдыңыздар» деп зiркiлдеп ұрысты. Құдайым-ау, үйiне келген жыланды да басына ақ құйып шығаратын қазақпыз ғой, онсыз да шерменде бауырларымызға шүйлiккенi несi дедiк те қойдық. Сөйтсек, көрер құқайымыз алда екен. Бар билiктi өз қолына мықтап алған Мырзағаң үш күн бойы ойына келгенiн iстедi. Не ақындардың, не халықтың көңiлiне пысқырып қараған жоқ. Бiр мысал: келесi күнi алғашқы жұп болып астаналық Б.Имашев пен А.Тұрсынбаева айтысты. Ұпай беретiн уақытта найқалып орнынан тұрды да тамағын бiр кенеп жiберiп, «шешен бұлбұл» шешiле сайрап кеттi. «Бұл айтыс былай болды» деп сынап-мiнеп жатқан секiлдi едi... Сөз соңында: «Егер төмен ұпай қойсақ, шулайын деп отырсыңдар? Сондықтан екеуiне де бiр ауыздан он қоямыз» деп шешiм қабылдай салды. Сонда қалған қазылар алқасының мүшелерi өз пiкiрiн бiлдiрмесе, не үшiн отыр, бiр өзi бар шаруаны тындыра бермей ме? Осы сәтте Жүкең: «Ел күткендей айтыс болмады» деп сипап өттi. Бұл сөзiнен ақындарға деген бағасын емес, әдiлқазылармен арадағы қатынасының салқындығын түсiну қиын емес едi. Шамасы «сен араласпа ештеңеге, бәрiн өзiм шешем» деген болуы керек, бұрынғыдай жанталасып жүрген Жүрсiндi көрмедiк, селқос, өзiмен өзi, бiрдеңе десең екi иығын қомпаң еткiзедi де қояды. Ал әдiлқазылар алқасының «еркелiгi» бiр бұл емес. Әдетте, адам жұмысқа да кешiкпей келедi ғой, оның қасында 42 ақынның тағдырын шешуге деген жауапкершiлiктi мойнына алған Фариза апамыз екi күнде де айтыстың ортасында кешiгiп келiп, баға бердi. Жарайды, шаруасы көп, ат үстiндегi адам ғой деп оған да кешiрiммен қарадық. Бiр қызығы, төрағалық құқығын пайдаланған Мырзағаң Фариза апамыздың атынан да баға берiп отырды. Бiр қолында – 9 деген сан, бiр қолында – 8 деген сан. Бұған жылайсыз ба, күлесiз бе?! Әлде Мағауиннiң айтып жүрген «Жармағы» осы ма? Екiншi күнi айтыс бiткен соң шағын жиналыс жасап, келесi айналымға кiмдер өткенiн тiзiм бойынша таныстырды. Әп дегеннен әңгiменi Байқоңырда туып өсiп, қазiр Алматыда тұрып жатқан, болашағынан үлкен үмiт күттiретiн Төреғали Төралыұлынан бастады. Былайша айтқанда, жер-жебiрiне жеттi. Ал жас ақынның бар кiнәсi – туған жерiнiң жоғын жоқтап, мұңын мұңдап: «Бiз қанша Тәуелсiз болсақ та, Ресейге әлi де тәуелдi боп отырмыз, өйткенi Байқоңырдың билiгi солардың қолында» деп ащы шындықты айтқаны. Ондай «үрейлi» сөздер кешегi кеңес үкiметiне қалтқысыз қызмет жасаған, бүгiнде Нұрекеңе «ақ-адал берiлген ата толқындарға» еш ұнамайтынын күнi кеше сахна төрiне шыққан бала ақын қайдан бiлсiн?.. Ұпайы бiрыңғай 10 бола тұра, айтыстан «аластатылды». Әлгi «ауыздарыңа қақпақ болмаймыз» деген уәде жайына қалды. Сондағы Төреғали бауырымның түрiн көрсеңiз... Боп-боз боп кеткен, жыланға жұтылып бара жатқан жас балапандай, қасында шыр айналып ұшқан шарасыз қарлығаштай бiз жүрмiз жұбатып. «Болдым, қойдым айтысты» дейдi. Сахнаға шыққанына бiр-ақ жыл болған адамның сөзi. Сонда он бес жылдай домбыра арқалап жүрген бiз «қуып» кетпей қалай жүрмiз деп таң қалдым. «Жүр, кеттiк, бұндайдың көкесiн көресiң әлi, өмiрдiң өзi осындай айтыстардан, қайшылықтардын тұрады» дестiк. «Содан әлгi апам қазаққа тиiптi, некесiн орыс қиыпты» дегендей, айтыстың үшiншi күнi де келiп жеттi. Халықтың дегбiрсiздене күтетiндерi де шешушi кезең, яғни супер-финал емес пе? Жоқ... Кенеттен Мырзағаң сахнадан жүлдегерлер есiмiн хабарлап жатты. «Оу? Не болды?» деп түсiнбей аң-таңбыз. Сөйтсек, «Мырзағаңның ем қабылдайтын уақыты болып қалыпты» деген хабар шықты. Өзi кетсе де, қарайған халық қалады ғой, қалған шаруаны аманаттап кете бермей ме? Өйтпедi, жүлдегер болады деп сақтап қойған жүйрiктерi екiншi айналымда «сыр» бере бастаған болатын. Мұхтармен айтысқан Жамиғасы да, «Сендердi қуанғаннан сынап тұрмын, ал ендеше жағайын шырақ түбiн» (ол қандай шырақ, «тоңқайып» жанатын) немесе «Кәнекей тұяғыңмен шаба бершi» (бiреу басымен шауып жүргендей) деп «аталы тiркестер» айтқан Әлiбегi де үшiншi айналымға шыдас беруi екiталай едi. Есесiне, Аманжолдың, Айнұрдың, Мұхтардың, Әсемнiң, қырғыздың «Айқасқасы» – Аалының (Аалыны елiнде солай атайды екен) екiншi тынысы ашылып, кең көсiле шабатын шағы болатын. Бәрi аяқ астынан өзгердi. Ақсақалдың саясаты мынадай болды – даңқымыз алысқа кетсiн деген мақсатпен бас жүлденi қытайлық қандасымыз Жамиға Дәулетқызына бердi. Өте орынды, атамекенге келдi ғой, қуанып қайтсын деген шығар. Бiрақ, Мұхтар Ниязовқа обал болғанын барлық ақын қынжыла айтып жатты, «тым құрыса, екеуiне бөлiп бермедi ме екен?..» деп. Бiрiншi жүлденi алдыңғы жылы өзi ашқан «жаңалығы» Әлiбекке бердi. Логикаға келедi, жақсылықты аяғына дейiн жасау керек. Ал алдыңғы жылы «Аманжол Әлтаевқа бас ақын деген атақ берсек қайтедi?» деп сахнада көлбең-көлбең «билегенi» есiнен шығып кетсе керек. Бұл жолы екi күнде де әдемi айтыс жасап, ең жоғары ұпай алған Аманжолды ұмыт қалдырды. Сөйтiп, «жаңа жаңалықтың» бағын ашу үшiн «ескi жаңалықты» жерге қаратты. Ең сорақысы, қатысқан әр ақынға 40 000 (қырық мың) теңгеден бергiздi де, бес-алты сағат «таяқ» көтерген қазылар алқасының әр қайсысына 500 000 (бес жүз мың) теңгеден үлестiрдi. Менi дүние қаққан деп жазғырсаңыз, өзiңiз бiлiңiз. Тек әдiлiн айтыңызшы, ағайын, еңбек кiмдiкi? Күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан айырылып айтысқан бiздiкi ме, жоқ уайым-қайғысыз келiп, «қалғып» отырып ұпай берiп кеткен қазылар алқасынiкi ме? Сәл керiтолғау... Қызылордада айтыс өтiптi қайбiр жылы. Содан Мырзағаң түс қайта кетуi керек болады да, айтыстың бар уақытын өзгертiп, таңда өткізіп жiберiптi айтысты. Залда айтыс ақындарының 40-50 шақты туыстары ғана болған. Естiмеген елде көп-ау... Бiраз ақын: «Егер Жүрсiн бiздiң сөзiмiздi сөйлеп, қорған бола алмаса, ал Мырзатай өз дегенiн жасап, құл иеленушi сияқты басына берсе, ендi айтысқа қатыспаймыз» деп келiстiк. Әрине, бұл «бүлiкшiл» топты ұйымдастырып, бел ортасында жүргесiн менi бұдан былай айтыстың маңайына да жолатпайтын шығар, өздерi бiлсiн... (Парадокс, сол «жиналыста» белсене сөйлеп, бел шешiп «батырлық» көрсеткен бiрер ақын Д.Қонаевтiң 100 жылдығына орай Алматыда өтетiн айтысқа қатысам деп желпiнiп отыр. Қожанасыр жыл сайын 50 жасын жасайды екен. Достары былтыр ғана толдың ғой 50-ге десе: «Ер жiгiт бiр сөздi болуы керек» дептi. Мен де сол Қожекең болдым, ендеше...) БIР СҰХБАТТЫҢ «ДАҢҚЫ» МЕН ДАҚПЫРТЫ Провинцияда жатқасын көп жаңалықтан құр қаласың. Бiраз адамнан: «Ойбай, Ринат Зайытовтың сұхбаты шығыпты, «Халық сөзi» деген газетке, сендер ақын емес екенсiңдер, тек Ринат мықты екен» деген сөздi естiдiм. Иә, мықты екенi рас. Бiрақ «мен мықтымын» деп адам өз-өзiн қалай жарнамалайды, ыңғайсыз секiлдi. Ол газеттi бiр оқырмын деп жүргенмiн, бiр әрiптесiм жақында: «Қиын түгi жоқ, кел, көрсетейiн» деп ғаламторға икемi жоқ менiң «сауатымды ашып» көрсетiп бердi. Оқып отырып ойға қалдым. Бiраз сөзiне жауап беруге тура келдi. Сұхбаттың негiзгi желiсi – қырғыз ақыны Аалы Тутқычовпен болған айтысқа байланысты өрбiген екен. Бұл айтыс өз бағасын алды. Мен өз тарапымнан ғана айтайын, Ринат шыға сала неше түрлi ауыр сөз айтты. Айта берсiн, өзiнiң айтыстағы тактикасы шығар, тек қонағына сөздi бұрын берiп айтса да болар едi ғой. «Елiңдегi атыс-шабыстан шаршап, демалуға келдiң бе?» деп бiрден мысқылмен бастады. Көкем-ау, елiнiң намысын ту қылып көтерiп келiп отырған адамның жерiндегi саяси шиеленiсте нең бар? Ал айтқыш екенсiң, жетi ай бойы желдiң өтiнде тұрып, аяғы қантөгiске ұласып, қаншама адамынан айрылып, қабырғасы қайысып тұрған Жаңаөзендi айт ендi казiр, сен «батырсың» ғой... «Әйелге тiзгiн берiп отыр­сың» деп тағы соқтығысты. Р.Отынбаева –Орталық Азиядағы «ЕРКЕКТIК» жасаған жалғыз әйел президент, әдiлеттi түрде тағынан түскен. Айтқыш болсаң, мақтаудан құлағы естiмей, көзi көрмей қалған өз билігімізді айт... Айт, сен «батырсың» ғой. АЛ ЕНДІ СҰХБАТ ЖАЙЛЫ «СҰХБАТ» ЖАСАЛЫҚ... Бiр сөзiңде: «Соңғы үш-төрт жылдың көлемiнде бiзде келiсiп айтысу деген пайда болды. Кiммен айтысатының кейде бiр апта бұрын, кейде бiр күн бұрын белгiлi болады. Бiзде айтыс балдық жүйемен бағаланады ғой. Содан екi ақын да жоғары балл алайық дейдi де, не айтатындарын түнi бойы жазып, келiсiп алады. Оны Жүрсiн ағам да жақсы бiледi, қазылар да хабардар. Онымен қоймай, дайын айтыстарын халық алдында қойылым етiп қойып шығатындар да бар. Сондықтан Аалының сөзiне ешбiр таласым жоқ. Бүйте берсек, бiздiң айтыс өшедi шынымен. Жазып алып айтысу фонограммамен ән айту сияқты ғой. Бұл – айтыстың айналасында жүргендердiң кiнәсi» депсiң. Дұрыс, мойындаймын бұл сөздерiңдi. Дайындаламыз, жаттаймыз, бiрақ үнемi солай деп айтуға қандай қақың бар? Барлық айтыс олай өтiп жатқан жоқ. Менiң мамандығым – журналист. Кейде оқырманды тарту үшiн небiр айла-тәсiл қолданып, кейiпкерiңнiң «қоясын» құстырасың. Онсыз да айтыстың жауы көп, солардың ауызына сөз салғаннан не ұтамыз? Әлде ақиқатты, шындықты тек сен айта аласың ба? Ал, кеттiк ендеше.... Мың сан адамның алдында айтыспақ түгiл, жай туған күнге тiлек айтуға да адам iштей дайындалады ғой. Тiптi, жазып берген қазақша сөзiңнiң өзiн мiңгiрлеп оқи алмайтын Мәсiмов «дәдәң» да үкiметтi бесiншi рет басқарып отыр, оған не айтасың? Сен неге көпке топырақ шашасың, бәрi жазады, келiседi деп. Жарайды, бiз сондай болайық, сонда сен кiм болдың? Ал Жүрсiн ағамыз «Жамиғамен айтысасың» дегенде неге дызақтадың? Екiншi күнде де ат-тоныңды ала қаштың, «не айтам, не айтам?..» деп. Қалай не айтасың, сен «суырып салма» ақынсың ғой, «ешкiмнен қорықпайтын, дайындалмайтын» ақынсың ғой, шық та аңырата бер, ағыза бер... Тағы бiр сөзiңде: «Финалдан бас тартқаныма келер болсам, бiрiншi күнi Аалымен айтыстан соң Жүкең «кiммен айтысасың?» деп сұрады. «Айнұрмен, не Балғынбекпен» дедiм. «Жағдай былай, Әлiбек Балғынбектi жеңуi керек, сөйтiп финалда Әлiбек Қытайдан келген Жәмиғамен айтысуы қажет» дедi ол кiсi. Онда мен несiне қатысам? Мұны Жүкеңе де айттым. Сол себептi айтыстан бас тарттым» депсiң. Ол сөздi Жүрсiн бәрiмiзге де қалжыңдап айтқан. Тiптi маған «Арнайы сыйлық бар, ноутбук керек пе, ақшалай керек пе» дедi. Өзiнiң бiр сұхбатындағы «Ақшаны өте жақсы көремiн» деген сөзi есiме түсiп кетiп, «темiр» құрысын, ақша керек» дедiм. Ал осының қайсысы шындыққа айналды? Арнайы сыйлық бермек түгiл, үшiншi айналым болған да жоқ қой. Жүрсiннiң «қырт» әңгiмесiне әбден етiмiз үйренген бiз сол күйiмiзбен кете бардық. Соның бәрiн дабыралатып баспасөз бетiнде «батыр» атану үшiн «ойбай, Жүрсiн өтiрiк айтты...» деп сұхбат бере берсек, не боламыз? Менiң Жүкеңе «ғашық» болып отырғаным шамалы, мен де оны кейде жек көрiп кетем, сәл нәрсеге бала құсап ренжидi. Әлде Жүкеңмен жеке бас араздығың бар ма едi? Тағы бiр сөзiңде: «Қазiргi ақындардың ешқайсысынан қорықпаймын» депсiң. Әрине, сен қорықпайсың. Себебi, ешкiмнiң көңiлiне қарамай, жеке басына дейiн айта бересiң, тiптi бiр айтыста тұрмысқа шыққанына бiраз уақыт болса да бiр перзентке зар болып жүрген әрiптесiңе: «Неге бала тумай жүрсiң?» деп бас салдың. Сен ешкiмнен қорықпайсың, керiсiнше, бәрi сенен «қорқады». Кемшiлiксiз адам болмайды, сен соның бәрiн қарсыласыңды жеңу үшiн сахнада айта бересiң, себебi «батырсың» ғой. Тағы бiр сөзiңде: «Қарсы­ласыммен ананы айтамыз, мынаны айтамыз деп уәделесiп алу жоқ менде. Содан болар, бас жүлде алмағаныма, мiне, төрт жыл болды» депсiң. Дәл осы сөздi сен айтуға ұялсаң неттi, шырағым, қанағат қайда? Бiрi – Алланың бұйрығымен, бiрi – Адамның пиғылымен сахнадан қол үзген, бәрiмiздi азаматтығымен де, ақындық қуатымен де он орап кететiн, айтыстан бiр де бiр көлiк мiне алмай кеткен марқұм Ораз (Досбосынов) бен тiрi Бекжан (Әшiрбаев) бұлай өкпе айтпап едi. Олар мiнбеген көлiктiң түрiн сен мiндiң. (Қызғанғаным емес, мықты ақынсың, әлi де бағың жана берсiн). Жүрсiн сенi көкке көтеру үшiн қаншама ақынның обалына қалды, сол үшiн қанша қарғыс алды. Бәрi көрмеген «жылы-жұмсақты» сен көрдiң. Ө.Сәрсеновтың «аялы алақанында» жүрiп бұлай мұң шағуың азаматтыққа жатпайды. Әрине, маған сенiң жүрегiңе жара салып, осыншама сөздердi айту оңай емес, мұның бәрiн достық пейiлдегi жанашырлық деп ұғарсың. Оның үстiне, талабыңа үнемi тiлекшi досыңмын ғой. Сондықтан кейбiр сөзге абай болайық. Айтыстың жауы көп екенiн жоғарыда айттым, тағы қайталаймын. Әупiрiмдеп жүрiп ашқанда қайта жауып тастамасақ та, әркiмге қожаулық қылмайық, ешкiмге табалатпайық. «Барлық ақын – баласы бiр ананың» деп Мұқағали текке айтпаған, екеумiз бауырмыз, досым! Құрметтi һәм сүйiктi оқырманым, айтыс десе iшкен асын жерге қоятын халқым, тағы да ғафу өтiнемiн, артық кетсем. Мұның бәрiн жазып, айтып, жаманатты болу маған да оңай емес, бiрақ менiң жеке көзқарасым – осы… Бауыржан Халиолла, айтыскер ақын Батыс Қазақстан облысы