Кім айтты саған, Ақанды режиссер емес деп?..

1143
2
Бөлісу:

 

«Қазақ киносы жоқ, болса да еш қызық емес, айтар мағынасы да жоқ» деген халық наразылығын көріп те, естіп те жүрміз. Әрине, біздің фильмдеріміздің саны мен сапасы «Голливуд» немесе «Болливудпен» салыстырғанда төмендеу шығар, бірақ ең бастысы жоқ емес, бар ғой.
Қанша дегенмен, біздің кино қарқынды өсіп, дамып келе жатыр. Әр жыл сайын киномыздың саны көбейіп қана қоймай, сапасы да жақсару үстінде, анимация енді-енді көтерілуде, телеарналарымыз қос тілде кезек-кезек талмай айналдыратын қаптаған түрік пен корей сериалдарының ара­сынан біздің де сериалдар жылт етіп көрініп жүр. Кино өнері болсын, театр болсын, мәдениет, руханият саласындағы кез келген құндылығымыз биік шыңға жету үшін ең бірінші өзіміз мойындап, қолдауымыз керек, тек сонда ғана өзгелер бізді танып, қадірлейтін болады.

Қазіргі таңда қазақ режи­серлерін де жерден алып, жерге салып жататындар көп. «Бүгінде қазақта режиссер жоқ…», «қазақ режиссерлері ұлттық құндылықтарды білмейді…», «ой, қойшы соны, ол режиссер емес…» деп мұрнымызды шүйіреміз кеп… Осындай әңгіме айтушыларға уәжім бар. Соңғы жылдары «Мұстафа Шоқай» фильмімен тағы бір рет жарқ еткен Сатыбалды Нарымбетов сынды аға буынды айтпағанның өзінде, осы жанрда жарғақ құлағы жастыққа тимей, «ұйқы беріп, қайғы алып» жүрген жастарымыз да жоқ емес. Бүгінгі қазақ киносында өз шеберліктерін мол пайдаланып, өзін әртүрлі жанрларда сынап көріп, тамаша туындыларды түсіріп, шығармашылығындағы ерекшеліктерімен жұртты таңқалдырып жүрген дарынды азаматтырымыз баршылық. Солардың бірі – есімі жұлдыздай жарқ еткен режиссер, продюсер және актер Ақан Сатай. Бұл режиссердің шығармашылығымен таныспаған киносүйер қауым жоқ шығар, дегенмен қайталап айтсақ артық болмас деген ойдамыз.
Ақан Сатай өнердегі жолын актерлықтан бастаған. Сатыбалды Нарымбетовтың «Көзімнің қарасы» фильмінде жас солдаттың рөлін, Қалдыбай Әбеновтың халықты дүр сілкіндірген «Аллажар» фильмінде басты рөлді сомдап шықты. Ол тек актерлық өнермен ғана шектелмей, өзін жан-жақты дамытып, бағын сынап көрді. Ол режиссер және продюсер болып, қазақ киносының деңгейін көтеруге атсалысуды мақсат етті. Осы режиссерлық бағытты таңдауда Ақан қателеспегенін бізге өз жұмыстарымен дәлелдеуде.
Қазіргі таңда қорында әр жанрда түсірілген 4 фильмі бар, олар: «Рэкетир», «Ағайынды» сериалы, «Адасқандар» және «Ликвидатор». Ақан сатай осы аталған фильмдердің ғана емес, басқа да көптеген жобалардың білікті продюсері болды. Фильмдерін халық жақсы қабылдап, режиссурасына тамсанып, қазақ киносында жана есім, жана стиль туындағанын мойындады.
«Рэкетир» – криминалды драма. Бұл фильм Ақанның дебюті. Халық көзайымына айналып, сыншылардың да көңілінен шықты. Рас, алғашында жаңа шыққан бұл фильмнің режиссері қатты сынға алынды, «Рэкетирмен» режиссерлық жолы енді ғана басталған Ақанның шығармашылығы ары қарай өсе ме, жоқ әлде өше ме?..» деген сұрақ көбін мазалады. Алайда, Ақан Сатай есімі осы туындысының арқасында көпшілікке танымалып, бұдан кейін де бірнеше тамаша фильмдерімен қуантып, көрермен тарапынан зор құрметке ие болды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарын айқын бейнелейтін, замана шыңдығын, криминалды жүйе пайда болған кезді, шынайы махаббатты, достық пен сатқындықты суреттейтін бұл фильм сәтті туынды болып шыға келді. Аталмыш картина халық көңілінен шығу үшін актерлық құрам да барынша жанын салып, ақ тер-көк тер болып еңбек етті. Картинаға өзімізге танымал Жан Байжанбаев, Меңтай Өтепбергенов, Әсел Сағатова және де Ресейден арнайы Владимир Вдовиченковты шақырылды. Әрқайсысы киноөнерінде өз есімдерімен танымал актерлар енді болашағы зор, шын мәнінде талантты режиссермен жұмыс істей бастады.
«Ағайынды» сериалының сюжеті нағыз шынайы өмірден алынған, қысқа ғана алты сериялы болса да, халықтың көңілінен шығып, жүректерін жаулай алды. Көптің сұранысқа ие болған сериал. Бұл сериал адам өмірінің ащы шындығын, тұрмыс-салтты, қазақ болмысын жақсы көрсеткен. Халықтың да осындай фильмдерді қалайтыны рас, өз туралы, өз өмірлері туралы экраннан көргісі келеді. Бізге батыстық еліктеушілік қажет емес, ол стильдан шаршадық. «Ағайынды» сияқты халыққа жанымен жақын фильмдер сұранысқа көп ие болатыны да осыдан.
Ақанның үшінші фильмі – «Адасқандар». Бұл фильм мистикалық триллер жанрында түсірілген. Басты рөлді Ресей актері Андрей Мерзликин сомдап шықты. Сюжеті өте қызық, өзіндік ерекшелікке толы фильм. Фильмде қазіргі қоғамдағы басты проблема – нашақорлық мәселесі көрініс табады. Режиссурасы ерекше фильмнің көрермені де аз болған жоқ. Ал ең бастысы – мистикалық триллер жанрын қазақ киносына алғаш рет Ақан Сатай алып келді десек, қателеспейміз.
Содан кейінгі туындысы «Ликвидатор». Боевик, триллер, криминал жанрында түсірілген бұл фильм алдындағы фильмдеріне қарағанда аса үлкен жетістікке қол жеткізбесе де, таңдай қақтырып, тамсандырар өзіндік ерекшеліктері жоқ емес. Фильмге шетелдің танымал актері – Винни Джонс шақырылған еді. Ол өз ролін кәсіби тұрғыда шебер орындап шықты. Ал қазақ көрерменінің сүйікті актеріне айналып үлгерген, осы «Жас қазақ үні» газетінде биыл «Жыл актері» атанған Берік Айтжанов бұған дейін де Ақан Сатайдың фильмдерінде өз кейіпкерлерін сәтті сомдаған болатын. Ал «Ликвидатор» фильміндегі Беріктің кейіпкері актерді және бір сатыға биіктетті.
Тағы бір күрделі жанрда бағын сынаған Ақан Сатай таяуда тарихи жанрдағы «Мың бала» атты фильмін түсіріп бітті. Оны көрермен осы жылдың көктемінде көре алады. Дархан даламызды, Жер-Анамыздың сұлулығын толығымен көрсете отырып, ата-баба тарихын баяндайтын бұл фильм жаугершілік заманның жан түршігерлік азабын суреттейді. Оқиға 18 ғасырды қамтиды, жоңғарлармен ел үшін, жер үшін шайқасып, жанын берген, қанын төккен қазақ елінің батырлығы шынайы көрініс тапқан.
Режиссер ретінде Ақан Сатайдың ерекшелігі – ол өз фильмдерінің барлығында актерлермен өте жақсы жұмыс істей білген, рөлдеріне қатысты олардың әрқайсысының нақты міндеттерін анықтап, айқындап, дұрыс бағыт-бағдар бере білген. Актер қанша жерден дарынды болса да, егер режиссер онымен дұрыс жұмыс жасай білмесе, онда жақсы нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Екіншіден, шығармашылық топ бір адамдай жұмыла жұмыс істей білуі шарт. Ақан продюсер ретінде де, режиссер ретінде де ондай топты қалыптастыра алды. Сценарийші Тимур Жақсылықов, оператор Хасанбек Қыдыралиев және композитор Ренат Гайсин, актер Берік Айтжанов Ақан Сатайдың фильмдерінде жұдырықтай жұмылып еңбектенді. Бүгінде олар бір-бірін қас-қабақтан-ақ ұғатын дәрежеге жеткендей. Әрқайсысы әр фильмге өз үлестерін қосты, ерекше көңілдерін бөліп, тамаша туындыны шығару үшін атсалысты. Ақан Сатай бізді әлі де өзінің тамаша туындыларымен талай қуантады деп ойлаймыз. Өйткені Ақан Сатай – бүгінгі қазақ киносының өте талантты режиссерлерінің бірі. Болашақта қазақ киносын әлемдік деңгейге жеткізіп, танытатын халық режиссері болатына кәміл сенеміз.

Гаухар АСПАНДИЯРҚЫЗЫ,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының 4 курс студенті

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 2 пікір жазылған

  1. Бектас 8 Ақпан, 2012 14:41 Жауап

    Кез келген қазақтың өнер иелері не жазса да, не түсірсе де қазақи сананы былғамай жұмыс жасау керек. Батыстың артынан түскен б-о-ғ-ы-н-а ұқсамай. Бас салып жалаңаштану, ұйлыққан иттерше аймаласу ол өте таяз , қабілеті төмен адамдардың ісі. «Ымға түсінбеген дымға түсінбейді» деген сөз бар. Мағанасы топастарға арналған, ақылы жоқ, меңіреу біреулерге. Көкірек көзі ашық, зерек жандарға порнографияны жазудың, түсіріп көрсетудің тіпті қажеті шамалы. Қазақтарды батыстың топас та нақұрыс тобына итермелеу нағыз жаудың ісі. Көздеріңді ашып жүріңдер қазақтар!

  2. Оралхан 21 Ақпан, 2012 15:53 Жауап

    Мақала жалпылама алынған.Оның сыры неде болғаны бізге беймәлім? десекта Ақан Сатаевты алған кейін, оның еңбегін бағалап толығрақ шығармашылығына тоқталғанда мақала гүлдене түсуші еді.

Пікір немесе жауап жазу

4 × бір =