ЖЕЛТОҚСАН...ЖАҢАӨЗЕН...ЖАҢҒЫРЫҚ...

п             16 желтоқсан... Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы! Ғасырлар бойы азаттық аңсаған ата-баба арманы орындалған күн! «Мен – Қазақпын! Мен енді азат елмін!..» деп, бөркімізді аспанға ата, жүрегіміз жарыла, көзімізге жас ала, әлемге жар сала қуанған күн! Кеудесінде рухы бар әр қазақтың «Е, Алла, баянды ете гөр! Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!..» деп тілейтіні – жазылмаған заңдылық. «Бүгін – Ұлттық мереке! Бүгін – Тәуелсіздік күні!» деп, жыл сайын бұл күнді ел болып ерекше атап өтіп жүрміз. Биыл да солай болуы тиіс еді... Өкінішке қарай, олай болмады... Бір күндік мерекені халыққа қи­маған, ғасырлар бойы бодандық құр­сауында болған «көңілі қаралы, жү­регі жаралы елге соны да артық көр­ген Бекежандар» бүгін де табылды... Қазақ тарихта аз жылап па еді?.. Қазақ той үстінде елдің берекесін қашыру былай тұрсын, жаман хабар да айтпаған. Қандай да бір жамандық хабарды жеткізу қажет болса, оны той-думаннан кейінге қалдыра тұрған... Ел мерейін асқақтатар Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойын бүкіл республика болып тойлауды бастай бергенде, төбемізден жәй түскендей болды. «Жаңаөзенде бүлік шықты» деген суық хабар жетті. «Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында мерекелік шаралар кезінде бір топ адамның қылмыстық әрекеті кесірінен жаппай тәртіпсіздік орын алып, полицейлермен қақтығыс кезінде ондаған адам қаза болды, жүздеген адам жараланды...» деген ақпарат бүкіл әлемге тарады. «Ырыс қайда барасың? – Ынтымағы жарасқан елге барамын», «Бір күн ұрыстың қырық күн қырсығы бар», «Қырсық – қырық ағайынды», «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар, берекең кетсе – нең қалар?!» деген елдің ұрпағы емес пе едік? Рас, бұл бүлік – бүгін ғана, аяқ астынан басталған жоқ. Маң­ғыстаулық мұнайшы бауырлары­мыздың билікке өз талаптарын қойып, бейбіт шеруге шығып, ереуіл ұйымдастырғандарына 8 ай болған... ЕРЕУІЛШІЛЕР БҮЙ ДЕЙДІ... Қаланың орталық алаңына жиналған ереуілшілер әкімшілік ұйымдастырған оқушылар мен жастар шеруінің өтуіне, киіз үй тігілуіне қарсы болған. Мұнайшылар «бұл – биліктің арандатуы» деп, алаңда мерекелік шара өткізуге қарсы екендерін жеткізген. «Өзенэнергомұнай» мекемесінің жұмысшысы Оразбай Тұрсынбаевтың айтуынша, олар халықтың наразы көңіл-күйі жайлы ресми хат жазып, жергілікті билікке алдын-ала ескерткен. – Мен өз қолыммен Жаңаөзен қаласы прокуроры Марат Тойжанға, қала әкімі Орақ Сарыбөпеевтің кеңсесіне апарып, ескерту хат тапсырдым және тіркеттім. Онда «16-сы күні тойдың топалаңы шығуы мүмкін, бірақ оны ереуілшілерден көрмеңдер, халықтың наразылығы пісіп келеді» деп баяндаған едік, – дейді Оразбай Тұрсынбаев. Оның айтуынша, жергілікті билік ереуілшілер ескертуіне құлақ аспаған. – Біздің наразылығымызға қарамастан алаңның қақ ортасына әкеліп ағаш үйлер тігіле бастады. Әдетте мұндай үйлердің алаңына шетін ала тігілетін өз орындары бар еді. Дегенмен олар әдейі елдің ашу-ызасын қоздыра түсу мақсатында ереуілшілер тұрған жерге әкеп орнатты, – дейді ол. Ал ереуілші Марат Жүсіпбаевтың сөзіне сүйенсек, олардың «алаңды босатыңдар» деген талабынан соң полиция күш қолдана бастаған. Нәтижесінде халық ішінен шыққан бір топ алаңда тұрған шыршаны, музыка ойнап тұрған дыбыс күшейткіш аспаптарды құлатып, қиратып, полицей автобусын, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы кеңсесін, Жаңаөзен қалалық әкімшілігі ғимараты мен қаладағы үлкен қонақ үйлердің бірі «Аруананы» өртеп жіберген . Көп кешікпей полицейлер оларға қарсы қару қолданып, онсыз да шиеленіскен жағдайды одан сайын ушықтырған... МҰНАЙШЫЛАРДЫҢ  МҰҢЫ... Мұнайшылардың билікке әлеуметтік-экономикалық талаптар қойып, ереуілге шыққанына 8 ай болды дедік. Дегенмен, осындай тарихи күнде – ұлт қуанышы күнінде елдің құтын қашыруға бұл қаншалықты негіз бола алады? Мұнайшылардың мұңаюына себеп бар ма? Таразылап көрелік... «ҚазМұнайГаз» Барлау.Өндіру» АҚ-ның баспасөз қызметі таратқан Жаңаөзендегі жұмысшылардың жалақысына байланысты ресми мәліметке жүгінсек, Жаңаөзенде жұмыс істейтін «Өзенмұнайгаз» Өндірістік филиалындағы жұмыс­шы­лардың орташа жалақысы – алынатын түрлі салықтарды қоспағанда, шамамен 300 мың теңгені құрайды. Соңғы бірнеше жылдың ішінде Жаңаөзендегі мұнайшылардың жала­қылары тіпті екі есеге дейін көтерілген. Мысалы, 2007 жыл­дың қаңтарында 4-ші разрядты ұң­ғымалардағы жерасты жөндеу опе­раторының орташа жалақысы 147 832 тең­гені құраған. Үш жылдан кейін, 2010 жылы бұл сома 296 092 теңгеге дейін өскен. Биыл, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгелі сол жұмыс­шының жалақысы 316 719 теңгеге өсті. Әрине, жалақы көлемі жұмыс­шының білімі мен біліктілігіне сай болады. Үшінші разрядты өндіріс операторының қолына алатын айлығы 166 135 теңге болса, төртінші разрядтағы оператордың жалақысы одан жоғары – 199 608 теңге. Арнайы техника машинистерінің айлықтары да біліктілігіне байланысты төленеді. «Өзенмұнайгаздағы» бесінші разрядты тіркемесіз автоцистерна жүргізушісінің орташа жалақысы 268 783 теңгені құрайды, ал тура сол разрядтағы тіркемесі бар автоцистерна жүргізушісі одан 30 мың теңге артық алады. Жоғары білімі, сәйкес тәжірибесі бар инженерлік-техникалық мамандардың жалақысы қарапайым жұмысшылардың айлығынан жоғары. 10-шы разрядты инженердің жалақысы 260 168 теңгені құрайды, ал мұнай мен газ өндірісі цехының бастығы (14 разряд) – 407 768 теңге жалақы алады. Сонымен бірге жұмыс беруші компанияның биылғы жылдың ба­­сында қол қойған Ұжымдық келі­сімі бар. Осы келісім аясында «ҚазМұнайГаз» өзінің әрбір жұ­мыс­шысына жыл сайын 1 миллион теңге жұмсайды. Бұл мұ­най­шы­лар­дың денсаулығын жақсар­туға, тамақ­тануына, олардың жанұя­сы мен ба­лаларының демалы­сын ұйым­дас­тыруға, жазғы дема­лысқа қо­сым­ша ақы төлеуге, ауырған жағ­дайда қар­жылай көмек көрсетуге жұмсалады. Ең қызығы, биыл сәуірде ҚР статистика жөніндегі агенттігі жария­лаған деректерге сәйкес, еліміз бойынша орташа жалақы көрсеткіші 83 276 теңгені құраған. Ал тау-кен өнеркәсібіндегі орташа жалақы 155 мың теңгеге тең болса, Маңғыстау облысы бойынша орташа жалақы 138,3 мың теңгені құраған. Демек, бұл мәліметтер рас болса, онда мұнайшылардың «төмен деңгейде жалақы алып отырмыз» дегені шындыққа жанаспайды. ҚАЗАҚ ПОЛИЦЕЙІ МЫЛТЫҚСЫЗ ЖҰМЫС ІСТЕЙ АЛА МА? Жаңаөзендегі оқиғаны сан-саққа жүгіртушілер көп. Билік – арандатушы топтардың тірлігі десе, оппозиция билікті кінәлайды. Тіпті, негізгі ұйымдастырушылар шетелде отыр деген пікір де айтылып қалып жатыр. Қалай болғанда да да, «екі өгіз сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» кері болып тұр. Алда сайлау болатыны белгілі. Мұндай сәттерді саяси мүдделі топтардың қалт жібермейтіні анық. Биліктің беделіне нұқсан келтіру мақсатында кез келген қадамға барады. Және олар үшін ең мықты құрал – халық. Жарайды, аңқау халық арандатуға ерді делік. Ал ішкі істер қызметкерлері ше? Олардың халыққа оқ атуы да – арандатушылыққа еру емей немене? Иә, олар да арандап қалды деуге толық негіз бар. Әйтпесе, кіп-кішкентай қаладағы шағын ғана «тобырдың, бұзақылардың, наркомандардың бүлігіне» бола қару ала ұмтылғаны несі? Оларды былай-ақ, «жалаңаш қолмен-ақ», әрбір ішкі істер қызметкері білуге тиіс күрес амаларымен-ақ қолға түсіріп, тыныштандыруға болады ғой... Жағдай оқ атуға жеткізгендей соншалықты ушыға қойды дегенге сену қиын. Полицейлердің халыққа оқ атуын ешбір нәрсемен ақтап алуға болмайды. Атып құлатып, ол аздай, жалажансар жатқан адамды сойылмен ұрып, тепкінің астына алу – полицей үшін ұят тірлік, үлкен қылмыс. Ондайға айуанның айуаны барады. Қалай болғанда да да, полицей мырза, оқпантайдағы оғыңды өз халқыңа емес, жауыңа сақта... Қару сізге халыққа ату үшін емес, халықты қорғау үшін берілмеп пе еді? Қарусыз халықты қарусыз бағындыруға болады. Оған білімің мен білігің, тәжірибең жетпесе, полицейлік куәлігіңді тапсырғаның мақұл...   16 желтоқсан... Жаңаөзендегі оқиғаны естігенде санамызда осыдан 25 жыл бұрынғы «Желтоқсан көтерілісі» жаңғырды... Тек бүгін ғана емес, ол көтеріліс әркез жадымызда тұрады... Желтоқсан құрбандарын жылда еске алып, олардың рухына тағзым етеміз... Ол – ұлт-азаттық көтеріліс еді... Бұл ше?.. Сол күні алаңдағы мерекеге жиналғандардың көбі – қолына жалауша ұстаған сәбилер еді... «Кім болсаң, ол бол мейлі – рұқсат жоқ, Ұйқыдағы сәбиді тербетуге...» дейді Мұқағали. Сол айтқандай, кім болса, ол болсын, ел тыныштығын бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Ал желтоқсан желі қашанда ызғарлы...

Айгүл КЕРІМ

 ЕЛ АЗАМАТТАРЫ НЕ ДЕЙДІ?..  Әбіш КЕКІЛБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы: – Мен маңғыстаулықтардың бастан кешірген талай қиындықтарының ортасында болдым. Бір кезде Жаңаөзен оқиғасы болды. Ол нағыз отаршылдықтың, бодандықтың астамсыған күндері еді. Ол уақытта халықтың бойын кернеге ашу-ызаны түсінетін едім. Сондықтан ол кез бен бұл кезді салыстыруға болмайды. Біз халқымыздың күткен тәуелсіздігін көріп отырмыз. Тіл жемістерін көріп отырмыз. Маңғыстау өлкесінің де өткен жылдар ішінде қайтіп өзгергенін біліп, көріп жүрміз. Бір өзеннің басында қанша мектеп салынды, қанша балалар бақшасы салынды. Қаланың өзінде қаншама үлкен өзгерістер бар. Облыс көлемінде үлкен-үлкен құрылыстар жүріп жатыр. Жақында ғана Түркімен – Қазақстан темір жолы бітті. Мұндай істер, амандық болса, әлі де істеледі, жекелеген ұжымдардағы еңбек даулары да шешіледі. Бұл жөнінде ел Президенті кеше сөйлеген сөзінде айтты. Біз барлық шешілмеген қиын мәселелерді шешкіміз келсе, оны ойласып істеуіміз керек, ақылдасып істегендерің жөн болады. Мұны заңға сыйымды, заңның ауқымында ғана шешкен жөн болады. Бұл іске құқық қорғау органдары өзінің бағасы бере жатар. Дегенмен, халықтың шырқын бұзбай, барлығы да абыройлы іске тез бұрылады деп ойлаймын. Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҚР ҰҒА президенті: – Тәуелсіздікті мерекелеп жатқан кезде осындай оқиғаның шыққаны ұят болды. Әрине, бұл жерде көре алмаушы шетелдегі саяси күштер араласты ма деп ойлаймын, себебі дәл сол кезде сол мезетте осындай істеудің қандай қажеттігі бар еді?! Біз сабырлы, байыппен қимылдайтын халықпыз. Ал Жаңаөзендегі жағдайға байланысты айтарым, азғырушыларға ермеу керек. Сабырлық керек, барлық мәселені бейбіт жолмен шешу керек. Камал БҰРХАНОВ, саясаттанушы: – Біз бірлікпен күштіміз. Өзі аз халықпыз. Бірлігімізді күнделікті көзіміздің қарашығындай сақтап отыруға тиістіміз. Тәуелсіз Қазақстанның, халқымыздың бірлігін әлемге паш етеміз деп мақсат еттік. Паш етіп те жатырмыз. Ал енлі Жаңаөзендегідей оқиға көңілге кірбің ұялатады. Осы тұста елге ақпарат дұрыс жету керек, бүкіл халыққа, бүкіл әлемге. Бұл бір ғана қаланың проблемасы. Бір ғана ұжымның мәселесі. Әкімшілік бар, сол жердегі прокуратура бар, қоғамдық ұйымдар бар, партиялар бар – сол жерде ол мәселені шешу керек еді. Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы: – Қазір қандайда бір баға беру өте қиын. Мен мұны жалпыұлттық қайғы деп есептеймін. Қазақстанда бірінші рет осыншама көлемде адам өліп отыр және мен үшін бұл үлкен күйзеліс. Мен кеше қатты таңғалдым, себебі қазақтар бір-біріне оқ атады деп ешқашан ойламаппын. Біз үлкен қайғылы сәтті бастан кешірдік. Бұл қайта қалпына келмейтін үлкен үдерістің бастамасы тәрізді. Меніңше, бұл арандатушылық немесе ақымақтық.

Пікірлер интернет-сайттарынан алынды