Қазақ киносының ҚҰЛАГЕРІ

ы         Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының ұйымдастыруымен қазақ киносының классигі Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 85 жыл толуына орай еске алу кеші өтті. Кеште қазақ кино өнерінің құлагері жайында өнер қайраткерлері өз естеліктерімен бөлісті. Бүгінгі кино өнерінің өр­кендеуіне жол ашып, мәрте­бесінің өсуіне негіз салып берген, қазақ киносының дамуына зор үлесін қосқан тұлғалардың бірегейі – Абдолла Қарсақбаев. Балаларға арналған қазақ көркем киносының негізін қалаушы, классик режиссердің фильмдері өзінің оқиғалық құрылысымен, терең мазмұнымен, шынайы­лығымен ерекшеленеді. Талант­ты суреткердің картиналары ұлттық болмысымызды айқын бейнелейді. Абдолла Қарсақбаев түсірген фильмдер өміршеңдігімен құнды. Себебі, ол қай тақырыпта болмасын, фильмнің мазмұнын шебер аша білді. Сондықтан да қанша уақыт өтсе де, фильмдері көрермендерін ешқашан жоғалтқан емес. Фильмді халыққа шынайы етіп жеткізу дарынды режиссердің шеберлігі. А.Қарсақбаев туындылары осы жағынан ұтымды. Осындай туындылардың қатарында «Менің атым Қожа» (1963ж), «Балалық шаққа саяхат» (1968), «Алпамыс мектепке барады» (1977), «Балалық шақтың кермек дәмі» (1983) т.б. фильмдерін айтуға болады.  Көзі тірісінде  «жаназасы» шығарылған режиссер Абдолла Қарсақбаев 1926 жылы қазан айының 2-сінде қарапайым отбасында он алтыншы перзент болып дүниеге келді. Ересек бауырлары соғыстан қайтпады, кішілері аурудан шетінеді. Он алты баладан Абдолла және оның тетелес бауыры ғана аман қалды. Оқу іздеп Алматыға келді. Бұл кезде астанамызда Біріккен студиялар орталығы (ЦОКС) жанынан актерлер даярлайтын курстың ашылған тұсы еді. Соғыс ауыртпалығына қарамастан, «Мосфильм», «Ленфильм» студиялары фильмдер өндірісін үзбей, жергілікті жастарды да киностудия жұмысына араластыра бастаған. Осындай қилы-қилы оқиғалардың ортасында шыңдалған Абдолла Қарсақбаев Мәскеудегі Кинематографистер институтына жолдама алды. Алғаш балалар тақыры­бына ден қойған қазақ режис­серлерінің қатарында Абдолла Қарсақбаевты ерекше атап өтуге болады. 1967 жылы «Менің атым Қожа» Франциядағы Канн фестивалінің арнайы жүлдесін жеңіп алды. «Алпамыс мектепке барады» фильмі 1977 жылы Ригада өткен Бүкілодақтық фестивальде бас жүлдеге ие болды. Осы кезден бастап режиссер балалар тақырыбына терең бет бұрды. Оның негізгі мақсаты – еркін ойлай білетін жас ұрпақты тәриелеу еді. Әр фильмінде Абдолла Қарсақбаев бүлдіршіндерді рөлге өте орынды таңдай білді. Өзінен кейінгі жастарға ұлағатымен, тәлімімен өнеге болды. Сондықтан да жастардың ең жақын жанашырына айналды. Жылы жүзді, мейірімді, кеңпейіл режиссерді бәрі бірден жақсы көріп кетті. Әсіресе, жастар жағы тіптен үйірсектеу болды. Режиссер де оларға әрдайым ақыл-кеңесін айтып, жөн сілтеп, жол көрсетіп отыратын. Жаңа келген жас талапкерге кино өнерінің қыр-сырын жете ұғындырып, шеберлік мәселелерін талқылап, үйретуден жалықпайтын. Ұлылық бар жерде кішілік те бар. Режиссер жастардың бет алысына, жаңа лепке қуанатын, қызығатын. Бүгінде Қарсақбаевтың жолын қуып, сол кісіге ұқсасақ деп тырысып жүрген режиссерлер де баршылық. Ол кісі көп фильмдерін түсіре алмай кетті. Жасыратын несі бар, кейбіреулер оны киноға жолатқысы келмей, фильмдерін түсірткізбей, жолына кедергі болған. Бұл көреалмаушылықпен, «менен асып кетпесін» дейтін тоғышар пиғылдағы пенделердің кесірінен еді. Өнердегі саясат та өз дегенін жүргізіп, айтқанына көндіретін... Халқымыздың белгілі әншісі Роза Бағланованың шығар­машылығына арналған «Поющая степь» деректі киносын түсірмек болған. Онда да кертартпа күштер аяқтан шалып, бастаған жұмысын аяқтатқызбады. 70-жылдары Шерхан Мұр­тазаның «Қара маржан» атты романы бойынша көркем фильм жасауды құлшына қолға алған. Алайда, алғашқы кадрлары түсіріле бастаған тұста киношенеуніктерге ұнамай қалып, режиссерлікті зорлап тартып алды. «Қилы кезеңді» де оған тү­сірт­кізбей, тартып алғысы келді. Фильмнің сценарийін жазған Олжас Сүлейменов «Тек Қарсақбаев түсіреді» деп, басқаға келісім бермей қойған соң ғана, лажсыздан Абдоллаға режиссерлік тапсырылған-ды. «Қозы көрпеш – Баян сұлу», «Құлагердің өлімі» сце­на­рийлерін ойдағыдай дайындап, түсіруге бет алғанда, тағы да қолынан жұлып алып, басқа режиссерге ұсынылған-ды. Бұл кісінің фильмдерін әлемдік дәрежеде көрген үнді халқының ұлы режиссері Радж Капурдың А.Қарсақбаев түсірген фильмдерге риза болып, өзін бір көруге армандайды. Тіпті, өз еліне арнайы шақырту жеделхаттарын да бірнеше мәрте жібереді. Алайда, «кейбір кісілер» құп көрмегендіктен, «Ол кісі біраз жыл бұрын өліп кеткен» деп, көре алмайтын байғұстар, жаманшылық шақырғыш «бай­ғыздар» көзі тірісінде талантты режиссердің «жаназасын» да шығарып қойған екен...

Ол кісіге қосыла менде жыладым

Болат Қалымбетов, «Балалық шақтың кермек дәмі» фильмінде басты рөльді сомдаған актер, режиссер: – Абдолла Қарсақбаев – менің кинодағы әкем. Кино әлемінің біраз қыр-сырын сол кісіден үйрендім. Ол кісі нағыз психолог болатын. Балалармен қалай жұмыс істеу керектігін жақсы білді. Менiң бойым қатарлас­та­рымнан аласа болғандықтан, достарыммен ойын кезiнде үнемi нашар мiндеттердi атқаруыма тура келетiн. Футбол ойнағанда мені қақпашы қылып қоятын. «Бойым бір тұтам мен қалай допты тосамын» деп қарсы боламын. Ойын баласы емеспiн бе, бiрде менiң де алғы шепке шығып, жүгiрiп, алысып ойнағым келедi. Ойыннан шатақ шығып, шарт та шұрт болып қалдық. Абдолла ағамыз «Балалық шаққа саяхат» фильмiне кейiпкер iздеп, мектепке келген бетi екен. Менiң әділетсіздіккке оңайлықпен жол бермейтiнiмдi байқаған ағай өз таңдауын маған түсiрiптi. Оның үстiне мектеп директоры Р.Нұртазина апайымыз Абдолла ағама мiнездеме беріп қойған екен. «Сабақты нашар оқиды, бұзық бала, киноға түсуге жарамас» деп. Сөйтiп, менiң кинодағы тұсауымды кескен Абдолла Қарсақбаев ағам болды... Адамның жас кезiнде көрген-бiлгенi санасында өшпестей болып қалады ғой. Алғашқы түскен «Балалық шаққа саяхат» фильмiнде кейiпкердiң жылайтын сәтiн шығара алмай әбден қиналдым. Көзiме пияз да жақты, сонда да бiр тамшы жас шықсашы... Кейiпкерiмнiң жаттап алған сөзiн де ұмытып қалдым. Осы кезде Абдолла ағаның дарындылығын айтсаңшы!.. Маған келіп: «Жақын туыстарыңнан кім өмірден өтті?» деп сұрады. Мен «апам» деп едім, ол кісі маған қарап тұрып: «Апам-ай..» деп жылап салды. Ол кісімен менде қосыла жылай кеттім. Абдолла аға «мотор!» деп түсіре бастағанда мен сөздерімді ұмытып қалыппын. Ол кісі «Стоп!» деп қайта тоқтатып, кейіпкерімнің сөздерін тақтаға жазып қойды да, «ал осыған қарап тұрып апаңды еске ал да, жыла» деді. Міне, ол кісінің нағыз психолог екендігін осыдан-ақ білуге болады... Дәуір үнін ести білу мен сезімді тербер психологиялық тереңдіктен артық өнер адамы үшін ештеңе жоқ. Өмірінің балалық шағынан бүгінгі таңдағы 85 жасқа аяқ басқан ғұмырында республикамыздағы кино тарландарының бірі болған Қарсақбаевтың қиыншылықтар қыл шылбырын салған өмірі осылай өрбіді. Бірақ солардың бәрінен де қайтпай, жан тәнімен түсірген кинолары уақыт өткен сайын қол жетпес биікке жоғарылып барады. Өзі 1982 жылы дүниеден өтсе де, әлемдік дәрежеде із тастаған қыруар еңбегі жылдармен жаңғырып, қазақ кино саласындағы классикалық биік нұсқасын бәсеңдетпеді. Қайта мәңгілік үлгідегі ұстаздық жолын паш етіп тұрғандығы ел есінен кетпес. А.Қарсақбаев биігі – «Қазақфильм» биігі, қала берді, бүкіл еліміздің тұғырлы асуы боп қала бермек... Еңлік БАҚЫТҚЫЗЫ