«Ақ жолдың» жаңа тынысы

ак

Астана қаласында Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының кезектен тыс ІХ съезі болып өтті. Оған барлық облыстардан және Астана мен Алматы қалаларынан 132 делегат қатысты. 2011 жылдың аяқталуы мен кезекті сайлау науқанының жақындап қалуына байланысты «Ақ жол» ҚДП съезі ұйымдық құрылымды және партия органдарының өзара іс-қимылын үйлестіруді күшейту бағытындағы бірқатар маңызды шешімдер қабылдады. Делегаттар ағымдағы жылдың шілде айынан бері өткен партия конференцияларының қорытындыларын қарап, филиалдардың жаңа төрағаларын сайлау туралы шешімдерді бекітті. Партия төрағасы Азат Перуашев съезд делегаттарына Партияның Орталық аппаратына аймақтық саяси кеңесшілердің штаттық лауазымдары енгізілгенін хабарлап, аймақтық саяси кеңесшілер тағайындалғанын жеткізді. Азат Перуашев өз сөзінде «Ақ жол» партиясына шағын және орта бизнестен 8,5 мыңнан аса жаңа мүшелердің қабылданғанын, осыған орай, «Ақ жол» партиясының мүшелері 180 мың адамнан асып, қазіргі уақытта 180 852 адамға жеткенін атап өтті. Сонымен қатар, ірі кәсіпорындардың өкілдері, кәсіпкер азаматтар «Ақ жол» партиясының қатарына қосылып жатқанын тілге тиек етті. Съезде сөз алған Жақсыбек Құлекеев өзінің қарапайым адамдардың өмірін жақсарту үшін, әділеттілік үшін партияға өткенін мәлімдеді. Съезд партияның ұйымдастыру құрылымын оңтайландыруға қатысты «Ақ жол» партиясының Жарғысына түзетулер мен толықтырулар енгізді. Соның ішінде, партиялық тәртіп пен партияның ұйымдастырушылық, идеологиялық саясатын бірізді жүргізу қағидасы нақтыланды. Филиалдардың орталық жетекші органға есеп беруі, партиялық пікірталастар кезінде филиалдардың партияның мүддесі мен мәртебесіне нұқсан келтірмеуі тапсырылды. Партияның орталық органдарына филиалдардың жалпы партиялық саясатқа қайшы келетін шешімдерін тоқтату немесе жоққа шығару құқығы берілді. Ішкі партиялық келіспеушіліктерді шешуге өкілетті органдар ретінде (съезден басқа) Президиум мен өткен съезде құрылған Ақылдастар алқасы бекітілді. Жарғыға сәйкес, «Ақ жол» ҚДП төрағасының және филиал төрағаларының партияны басқару ісінде жауапкершілігі мен өкілеттігі кеңейтіліп, қаржылық, партиялық міндеттері шектелді. Съезд шешімімен «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесін жасақтау тәртібі өзгерді: егер бұған дейін Орталық кеңестің жартысына жуығын екі қаладағы – Астана мен Алматыдағы мүшелер құраса, енді партияның басқарушы органы әр аймақтағы партия мүшелерінің санына қарай жасақталатын болды. Жаңа сайланған Орталық Кеңестің құрамында «Ақ жолдың» 10-15 мың адамдық мүшесі бар Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облыстары басымдыққа ие болды. Съезд аясында өткен, жаңадан сайланған Орталық кеңестің отырысында бұған дейін «Ақ жол» ҚДП орталық аппаратының жетекшісі болып істеген Әбдіразақ Сұлтанов Орталық кеңестің ұйымдастыру және көпшілікпен жұмыс жөніндегі хатшысы болып сайланды. Берик Дүйсембинов Орталық кеңестің аймақтық саясат жөніндегі хатшысы болып сайланды. Президиум мүшелерінің арасында да ауыс-түйістер болды: ҚР Құрылысшылар одағының президенті Талғат Ерғалиев, «Төрт құдық» АҚ президенті Хаджи-Мурат Льянов, «Газпромнефть-Казахстан» компаниясы бас директорының орынбасары Андрей Линник және кәсіпкер Нұрлан Жазылбеков «Ақ жол» ҚДП Президиумының жаңа мүшелері болып сайланды. Съезд Орталық кеңес пен Президиумға әлеуметтік әділдікке, саяси жүйені ырықтандыруға, кәсіпкерлікті қолдау мен ұлттық мүдделерді қорғауға, қарапайым қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ақ жол» ҚДП саяси платформасын пысықтап, жасауды тапсырды.

***

Алматыда «Ақ жол» партиясы Алматы қалалық филиалының конференциясы болып өтті. Конференцияның жұмысына «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Тұрлыбекұлы Перуаш, ОК Президиум мүшелері – Ерлан Барлыбай, Абдразақ Сұлтан қатысты. Сонымен қатар, 70 делегат, партия мүшелері және қоғамдық бірлестіктердің, бизнес-құрылымдарының өкілдері келді. Шара барысында негізгі екі мәселе қарастырылды. Оның бірі «Ақ жол» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасын сайлау болса, екіншісі – «Ақ жол» партиясының Алматы қалалық Кеңесін сайлау. Конференцияның жа­рыссөзінде – Т.Ерғали («Астана-Құрылыс» ЖШС директоры), С.Баймулдин (Ауған соғысы мен қауіпті ошақтарға қатысқан ардагерлер мен мүгедектердің «Ардагер» Республикалық одағы), Ғ.Есмуқан (Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары), В.Ерохин («Ақ жол» ТРК мүшесі), О.Солдатбай («Masa.kz» порталының редакторы), А.Сарым («Ұлы дала» Қоғамдық қозғалысы), А.Смағұл (Абай атындағы ҚазҰПУ «Экономика және Құқық» кафедрасының меңгерушісі), А.Осман («Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының жетекшісі) өздерінің жалынды ұсыныс-пікірілері мен лебіздерін жеткізді. Сонымен конференцияда қалалық Кеңестің жаңа құрамы сайланды. Конференцияда бірауыздан «Ақ жол» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы болып «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы төрағасының орынбасары, Ауғанстандағы соғыстың ардагерлері мен мүгедектерінің «Ардагер» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, Алматы қаласының IV шақырылымдағы мәслихатының депутаты, Алматы полициясының қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Талғат Қайырбайұлы Әбдіжаппар сайланды. Конференция барысында «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуаш өз ойларын ортаға салып, партияның қазіргі ахуалына, партия жұмысының басты бағыттарына тоқталды. Азат Перуаш, «Ақ жол» партиясының төрағасы: – Бүгінгі жиын ашық түрде өтіп жатыр. Алматы қалалық филиалының маңызы жоғары, сондықтан осындағы төрағалыққа қатысты шешім қабылдап отырмыз. Сол арқылы партияның жаңа бағыттары айқындалып, қарқынды іс-әрекеттер орын алады деген үміттеміз. Қазіргі таңда партия туралы неше түрлі алып қашпа әңгімелер бар. Кейбіреулер мақтайды, бәзбіреулер даттайды. Әрине, сынаған дұрыс, өйткені «сын түзейлмей – мін түзелмейді». Ал біз шынайы сыннан нәтиже шығаруға барымызды салуымыз тиіс. Бәрі еліміздің азаматтары ғой, сондықтан бізді көре алмайтындармен жаға жыртысуға, мақтап жүргендерді көп тыңдауға шақырмаймын. Біздің мақсатымыз, жолымыз – нақты, белгілі, бұл қарапайым халықтың жағдайын жақсарту. Егер халықтың жағдайы төмен, ал партиямыздың абыройы жоғары болса, мұндай абыройдың құны бес тиын. Сондықтан кез-келген партияның мүддесі – жалған абырой жинау емес, шынайы халықтың алғысын алуға ұмтылу болуы керек. Біздің жол осы болуы тиіс!

*** 

Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының конференциясы өтті. Конференцияға «Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы Азат Тұрлыбекұлы Перуашпен бірге 200 делегат қатысты. Жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі басты мәселе бойынша қаулы қабылдап, облыстық филиалдың төрағалығына ұсынылған үміткер Әбдрахман Жүнісәлиевтің бекітілуін дауысқа салды.  Нәтижесінде Ә.Жүнісәлиев бірауыздан "Ақ жол" партиясы ОҚО    филиалы төрағасы болып сайланды. Жиында  бұрынғы төраға, қазіргі «Ақ жол» партиясы ОҚО бойынша саяси кеңесші Алтынбек Кәттебекұлы сөйледі. Біз төменде осы сөзден  үзіндіні  ұсынамыз...

  Саяси жеңістерге жете берейік!

Оңтүстік Қазақстан облыстық партия ұйымы, бүкіл партия сияқты, қиындыққа толы даму жолын өтті. Арамызда облыста «Ақ жол» демократиялық партиясын алғашқы болып құрған бір топ белсенділер отыр, менде соның бірімін. Оппозициялар деген атаққа ие болып, талай қуғын-сүргінге душар болдық, балаларымыз жұмыстан куылып, арамызда бір белсендінің қорасындағы шөбін өртеп жіберген жағдайлар болған. Бүгінгідей мемлекеттік колледждің үлкен залында осылай жиналыс немесе кездесу өткізуге тиым салынатын. Билік әртүрлі себептермен бізді аяқтан шалатын. «Жетістіктерді көрмеу – соқырлық, кемшілікті көрмеу – жаны ашымағандық» деген қағиданы басшылыққа алған біз осы жылдары үлкен қоғамдық-саяси жұмыстар жүргіздік, қатарымыз күннен-күнге толып, «Ақ жол» партиясына Ә.Сұлтанбек, Х.Есенқарақызы, А.Исмайыл, Ә.Қуатбек сынды көптеген тұлғалар кірді. Көптеген ақжолдықтар аудандық, қалалық мәслихат депутаттары болып сайланса, облыстық мәслихатқа Полатов Хамитжан, Сопбек Аманкелді сайланды. Осы жылдары 35 мың партия мүше­лері бір-бірімен идеялық бауыр-туысқан болып кетті. Шындықты айта алатын демократиялық ұйым құрылды. Облысы­мыздың экономикалық-әлеуметтік дамуына және облыстағы қоғамдық ахуалдың тұрақты болуына өзіндік үлес қоса білдік. Мен бүгін сол ақжолдықтарға, көп жылдан бері жалақы алмай жұмыс жасап келе жатқан партияның белсенділеріне, партия мүшелеріне шын жүректен алғысымды айтқым келеді, барлығыңызға үлкен рахмет! Кез-келген қоғамның тұрақты болуына орта және шағын кәсіпкерліктің дамуы үлкен әсер етеді, мен оған Германияда 1995-1996 жылдары елшілікте қызмет етіп жүргенде көзім жетті. Дамыған елдерде олардың үлесі 70-80% екен. Сондықтан «Ақ жол» партиясына кәсіпкерлердің келуі өте құптарлық. Соңғы төрт ай ішінде «Ақ жол» партиясы көптеген ұсыныстар жолдап, акциялар өткізіп жатыр. Оңтүстік автотранс қауымдастығының төрағасы Дархан Қайып қазан айында Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығын лайықты атап өту жөніндегі Қоғамдық коми­теттің Алматыдағы отырысында Желтоқсан көтерілісіне қатысып, қылмыстық және әкім­шілік қудалауға ұшырағандарға Шымкент қаласында қоғамдық көлікте тегін жү­руге мүмкіндік беретін келісімшартқа қол қойды. Партиямыздың алдында үлкен жұмыстар межеленген, мәжіліс пен мәслихат сайлауларына қатысуымыз керек. Ол үшін филиалға көп қаржы қажет. Облыстық кеңестің жаңа құрамын, жаңа төраға сайлап, облыстық ұйымның жұмысын жандандырайық. Партия ардагерлері, жаңадан қосылып жатқан мүшелері бірлесіп, ескі-жаңа команда деп бөлінбей, бір-бірімізге сын көзбен қарамай, оңтүстікке тән ауызбіршілік, ынтымақтастық танытып, саяси жеңістерге жете берейік, ағайын!..

Алтынбек КӘТТЕБЕКҰЛЫ, «Ақ жол» партиясы ОҚО бойынша саяси кеңесші