Баласын қару еткен әке

2292
0
Бөлісу:


«Жұмақ – ананың табанының астында!» дейді. Мұхаммед (с.ғ.с) хадистерінде «Әуелі анаңды, тағы да анаңды, сосын әкеңді сыйла» деп жазылған екен. Сондай ананың бірі – мен.

Ертеде әжем марқұм маған мынадай аңыз айтып беріп еді. Дәл осы оқиға пайғамбар хадисінде де баян етіледі: «Екі әйел балаларын өздерімен бірге алып жүргенде оларға қасқыр шауып, бірінің баласын алып кетеді. Сонда олар аман қалған екінші балаға таласа бастайды. Үлкен әйел: «Қасқыр сенің балаңды алып кетті», – десе, кішісі: «Керісінше, сенікін алып кетті», – деп Дәуіттен үкім сұрай келеді. Дәуіт бұл үкімді үлкен әйелдің пайдасына шешеді. Сонда Сүлеймен: «Маған қанжар әкеліңдер, оны екеуіне тең етіп бөліп берейін», – дейді. Сол кезде кіші әйел: «Аллаһтың рахымы жауғыр бала соныкі», – деп шырқырай түседі. Сөйтіп Сүлеймен баланы кіші әйелге алып береді» деген екен. Қай ана өз баласын, отқа, суға итермелейді.
Мұның бәрі қайдан шығып отыр? Менің жанымды шырқыратып, қолыма еріксіз қалам алдырып отырған «Жұлдыздар құпиясы» журналына шыққан «Әртіс Амангүлдің айласы – безбүйректік емес пе?» атты мақала. Бұл мақаланың авторы, менің екі баламның әкесі Амангелді Сәндібаев. Егер ол адам әке деген атқа лайық болса…
Әлгі журнал қолыма тигенде, жаным шырқырап қоя берді. Амангелді мені аямаса аямасын, өзінің қаны емес пе еді екі ұл. Екі ұлымды қаралап, журналға бергені несі деп іштей қан жұттым. Қан жұтпас па едім, егер әлгі мақаладағы жазылған жайттың бәрі шындыққа жанасып жатса. Мені, екі баланы, әуелден соң, Ананы қаралап отырған жанның сөзі сүйектен өтті, елдің алдында, тыңдарманымның алдында сөйлеуге тура келіп тұр.
Осы мақаланы жарияламай тұрып неліктен сондағы айтылған мән жайдың анық қанығына, шындыққа келетін келмейтіндігіне көз жеткізбегендеріңізге түсінбей отырмын.Менің және ауру баламның суреттік бейнесі менің рұқсатымсыз неге жарияланған? Неге БАҚ туралы заңда көрсетілгендей журналистік зерттеу жүргізіп, өздеріңіз осы жағдайдың толық анықталмағанына таң қаламын. Жалпы журналистік этикаға қайшы келетін бұл мақаланың жариялануы ана мен бала құқығының аяққа тапталуы емес пе?!
Енді журналда жазылған мақаланы парақтап көрейік. Міне, қараңыз. «Кінәсіз жанды осындай күйге түсіргендердің екі дүниеде жүзі жарқын бола қоймас! Екі көзін мөлдіретіп, өз баласын еркінен тыс «ақыл-есі дұрыс емес», «үй жағдайында ұстау қауіпті», «ауру» деп Атыраудағы ақыл-есі кемтарлар интернатына өткізіп, үкіметтен өзі баланың атынан зейнет ақысын алып, тірідей жетім қылып, бір жақта баланы, екінші жақта әкесін қан жылататын безбүйрек екенін білмеппін» деп жазады. Менің жанымды күйзелткені де осы болды.
Енді мынаған қараңыздар. Менің үлкен ұлым Аманқос 1992 жылы дүниеге келді, ал кіші ұлым Амандос 1995 жылы дүниеге келді. Амандос дүниеге келгеннен кейін екі жылдан соң, ол алғаш рет талмасы ұстап, ауыра бастады. Амандосымның бойындағы осындай белгілер алғаш байқала бастаған кезде, Амангелді екеуміз бір шаңырақтың астында өмір сүретін едік. 1997 жылы наурыз айынан бастап, ұлым Ақтөбе қаласындағы жергілікті ауруханада невропатологта есепте тұрды. Қазір баламның әр жылдары ауруханадан өткізілген құжаттарының бәрі қолымда. Амбулаториялық картасы да қолымда. Баламды неврапотологтан невропологққа сүйреп жүргенде де, Амангелді қасымда болды. Өз көзімен көрді, өзі бірге қиналды. Енді келіп, аяқ астынан сау баланы «ақыл-есі түзу» емес, екі көзін мөлдіретіп, өткізіп жіберді деп, нақақтан нақақ күйе жағады маған.
«Сау баламды ауру жасап, баланы да, әкесін де қан жылатқан безбүйрек, ақылынан адасқан адам» деп кінәлап, менің арымды, намысымды аяққа таптайды. Орынсыз кінәлау, орынсыз күйе жағу, кісіге қиянат жасау, Адамның алдында да Алланың алдында да кешірілмес күнә екенін Амангелді сезбей ме, сонда?!
Әрбірден соң, бауыр етімнің осындай диагнозбен ауыратыны туралы жұртқа жариялаудың да артық екенін әке боп ол сезбесе, қайтем енді. Бұл адам баласының, әрбір отбасының жеке қайғысы, ешкімге айта бермейтін құпиясы емес пе?
«Баланың зейнет ақысын өзі алып, баламды тірідей жетім етті» деп кінә артады. 1999 жылдан бастап, Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында Амандос есепте тұрып ем қабылдады, сол кезден бастап, оған арнайы зейнетақы тағайындай бастады. Бұл жағдайлардың бәрі Амангелді Сәндібаевпен некелі отбасы кезінде болған. Ол туралы оның өзі де жақсы біледі. Тіпті оны растайтын құжаттар да қолымда. Балама тағайындалған зейнетақыға да қолымның ұшын тигізген емеспін. Оның бәрін баламның атына есепшот ашып, соған аударудамын. Балам есейіп, өз қолы өз аузына жеткен кезде, өзіне тиесілі зейнетақысын өзі жаратсын деген Аналық қамқорлығым еді бұл. Егер оған Амангелді сенбейтін болса, есепшотын тексеріп көрсін дегім келеді.
Амандос үш жасында екінші этаждан құлап басынан зақым алғаны әкесінің көз алдында болған жайт. Алматы қалалық №1 балалар ауруханасында жатқан. Құжаттар қолымда. Бұл жайында 2010 жылы Атырау қалалық соты анықтады. 1999 жылдан бастап, 2001 жылдың алтыншы қарашасына дейін «Кеңес» атты арнайы мүгедектер қоғамындағы балалар бақшасында емдеуде болды. Сондағы мамандардың балама қойған диагнозы: «в настоящее время состояние интеллекта соответствует глубокой умственной отсталости» деген болатын. Кейін Алматы қалалық ПМПК-нің қортыныдысы бойынша «Умственная отсталость умеренная на резидуально-органическом фоне. Синдром расторможенности» деген диагнозбен №3 арнайы мектепке сынамалы оқуға жолдама берілді. Кейін ол мектептің аты ақыл-ойы кем дамыған балаларға арналған “Жанұя” мектебі болып өзгерді. Осының бәрі Амангелдінің көз алдында болған жағдайлар. Сол мектепте 2002-2006 жылдар аралығында оқыды. Жыл сайын психологтар мен тәрбиешілердің балаға берген мінездемесінде менің ата-аналар комитетіне жетекші болып, төрайым ретінде мектепте өткен көптеген мәдени шараларға қатысқанымды, үнемі ұлымның жанында болғанымды жазады. Ал әкесін соңғы жылдың соңғы айында ғана көргендері жазылады. Яғни, Амангелді Сәндібаевтың төрт жыл бойы бір ат ізін салмағаны, тек Амандостың сабағы аяқталар соңғы жылы ғана төбе көрсеткені айтылған.
Бұндай диагнозбен ауырған бала ешқашан спорттық шараларға, соның ішінде айкидо, бассейнге қатыспаған, қатыса да алмайды.
Сондай-ақ ұлым 2002 жылдан бастап, «Ақсай» республикалық клиникалық балалар ауруханасында «Эпилепсия с генерализованными приступами. Умеренная умственная отсталость» деген диагнозбен жыл сайын квота арқылы емдеуде болды. Тіпті бірнеше жыл квота бөлінбегендіктен, ақылы бөлімде де ем алды. Мұның бәрін әкесі өз көзімен көрді. Солай бола тұра, ол өзінің баласының қандай ем алып жатқанына да мән берген емес. Егер әкелік қамқорлығы болса, сол кездегі баланың нақты диагнозын біліп, Амандосымның шипалы ем алуына жағдай жасаса, қанеки. Адам өз қолын кесе алмайды. Менің екі қолымның бірі Аманқосым болса, екіншісі – Амандос. Баламның емделіп, айығып кетуі үшін күн-түн демей, аурухана есігін күзеткен күндерім қаншама. Баламның сауығуы үшін Амангелді тарапынан бірде бір рет талпыныс болған емес. Аталмыш ауруханада, яғни «Ақсай» клиникалық балалар ауруханасында 2009 жылы Атырау облыстық Денсаулық сақтау департаментінің жолдамасы бойынша «Эпилепсия с генерализованными приступами. Умеренная умственная отсталость» деген диагноз бойынша квотамен тағы да ем алған.
Кейін отбасылық жағдаймен Атырау қаласына ауыстық. Атырау қаласының ПМПК-нің жолдауымен «Ақыл-ойы кем дамыған балаларды оқытатын» мектеп-интернатқа 2007 жылы оқуға қабылданды.
Бұған дейін 2010 жылы Амангелді сотқа шағымданған болатын. Оның Атырау қалалық сотына жазған: «Әкесімен бірге тұрғанда Амандостың денсаулық жағдайы жақсы болғандығы, ал бүгінгі таңда екі баланың да жағдайы өте нашар» делінген талап-арызы бойынша зерттеу жүргізіліп, Амандостың сәби күнінен осынау айықпас дертке шалдыққандығы анықталып, екі баланың тұрмысының өте жақсы екендігіне көз жеткізген сот үкімі Амангелдінің талап-арызын негізсіз деп тауып, қанағаттандырусыз қалдырған еді. Ол туралы заңдық күшіне енген 2010 жылы 24 желтоқсанда шығарылған Атырау қалалық сотының шешімі де бар.
Қазір қолымда Амандостың мүгедектігін айқындайтын 2011 жылдың 29 наурызында берілген анықтама қағазы да бар. Ондағы қойылған диагноз: «Тяжелая умственная отсталость на резидуально-органическом фоне. Эпилепсия генерализорованная форма» деп берілген. Ал журналдағы мақалада: «баланың он екі мүшесі сау, ақыл-есі дұрыс, тек оны безбүйрек анасы, нағашысымақтарымен, дәрігерлермен қосылып, жалған құжат жасап баланы қинап отыр» деп ақылға сыймайтын, дүйім елдің алдында қаралайтын сөздерді жазады. Қай ана сау баласын ауру жасайды? Мен де Ана емеспін бе? Мен де баламның он екі мүшесі сау, ақыл-есі түзу болғанын қалайтын едім. Алдымда күліп-ойнап, «анашым» деп еркелеп жүрсе, Ана үшін одан артық бақыт бар ма? Амандосымның қатарынан қалмай өскенін көрсем, қызығын көрсем, ел қатарлы өсіп-өнсе деп тілегем жоқ па?
Ертеде Бөлтірік шешен айтыпты деген мынадай сөз бар. «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл» деген екен жарықтық! Расында да сөзден ащы, сөзден ауыр нәрсе жоқ екен. Сөз сүйектен өтеді, дұрыс жазылмаған, қаралаған сөздер менің сүйегімнен өтіп, жүрегімді тілгілеп жатыр. Мені қаралаймын деп алып, ұлымның атын жаһанға жар салғаны, ұлымның дертін бүкіл елге естірткені Ана ретінде менің де жанымды ауыртады.
Тағдыр екеумізді екі айырған шығар. Бірге тұрған жылдарда, оның ішінде Амандостың 11 жасқа келгенше әкесінің жанында болғаны баласының, қандай аурумен аурып, қандай ем қабылдағанын білсе де, көрсе де көз жұма қараған әке, енді қалай қарамақшы. Сол екіге айрылған жылдардан Амангелді ұлдарына бір рет те жәрдемдескен емес, жәрдемдесуге тырысқан да емес. Мен одан алиемент те алмаймын. Ол туралы сотқа берген жоқпын. Әкелік мейірімі асып бара жатса, тым құрығанда жаны ашып, оқуы мен киімдеріне, еміне көмек ретінде ең болмаса азын-аулақ болса да, қаржылай демеу үшін, банктен шот ашып қойса, қайда қалған деген ой келеді.
Осы көрсетілген мән-жәй, Амангелдінің мақсаты ауру баланы қару етіп, мені қаралап, балаларыммен қоса менің өміріме балта шабу екені анық емес пе?!
Мақалада Амангелді мені ғана емес, менің Анама тіл тигізеді. «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Ақылдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады» дейді хакім Абай. Амангелді жүрегінің айтқанына көнсе, жалған жазбайтын еді. Ол маған ғана емес, оған да Ана болған жоқ па еді бір кездері. Ананың атына күйе жағу қаншалықты күнә екенін Амангелді сезбей отырған жоқ емес. Мені қаралау арқылы Анамды да түйреп өткені менің де, менің туыстарымының да жанын ауыртты. Тіпті, мақалаға менің әпкем Зинаны да араластырады. «Үш күндей балаларымды іздедім. Хабар болмағасын, Амангүлдің Доссорда тұратын Зина әпкесіне телефон соқтым. Сол кісіден Амангүлдің балаларды алдап пойызға отырғызып, Атыраудан бір-ақ шыққанын білдім. Ол: «Аман, сен Атырауға келмей-ақ қой. Сені құбыжық қылып қойған, бәрібір балаларыңды да көрсетпейді. Білем, бар бәле біздің қызда, саған жаман болса да, бірге туған бауырым, айтқан ақылымызды байбалам салып, тыңдамады. Шешеміз соның сөзін сөйлеп отыр. Жөн білетін азаматсың ғой, елге таныттың, қолыңнан келгенше қадірледің, амал қанша, тағдырларың осылай болған шығар, уайымдама» деп айтты» деп жазады. Зина менің туған бауырым. Менің әпкем оның күн сайын қоңырау шалып, мазасын алатынын айтып, зар жылаған еді. Қайта-қайта телефон шалып, мазасын ала бергенімен қоймай, әпкем айтпаған сөздерді айтты деп, таңып отырғанынан Зинаның өзі де таң қалып отыр. Қандай адам, ол сенің туған бауырың болса, ондай жамандыққа барады. Жамандыққа қимақ түгілі, отқа түсіп бара жатқан жерінен суырып алады ғой жалаңаш қолымен. Бауырын жамандап, бауырынан туған ұлды масқаралап жазғанына әпкемнің де жаны күйіп отыр.
«Мен балаларымды осы күнге дейін күттім, әлі де күтемін. Маған керегі – алдағы уақытта Амангүлдің ағайын-тумаларының Амандостың талабына түсіністікпен қарауы, зұлымдықтың тоқтауы» деп жазады. Осы уақытқа дейін бір рет іздемеген әкенің аяқ астынан осылай ағынан жарылуын қалай түсінеміз?! Балаларыма бір рет қамқорлық көрсетпеген, бір рет халін сұрап келмеген әкеден не опа күтеді бала да. «Әйел – үйдегі ырысың, Ұл – айбарлы қылышың» дейді халық даналығы. Үйіндегі ырысынан айрылып, айбарлы қылышын отқа итерген опасыз әкенің жақсылығын көрсе, ұлдарым да бұлай қамықпас еді.
Үлкен ұлыма да бұл мақала аз салмағын түсірген жоқ. Дап-дардай, зіңгіттей азамат болып қалған ұлым әкесінің осы бір істеріне қатты қамығып жүр. Аманқостың өз қолымен жазған мына бір арызына құлақ түріңіздерші:
«Мен ата-анам Амангелді мен Амангүлдің отбасында 1992 жылы дүниеге келдім. Есім кірген кезден бастап, әкелік қамқорлық көрген жоқпын десем де болады. Себебі, дауды әкем шығаратын. Ол үнемі айғайлап, күш көрсетіп, анамды біздің көзімізше жәбірлейтін. Мұндай берекесіздікте баланың зәресі ұшып, жүрегі қозғалатынын әкем ойламайтын. Біз шынында да бақытты балалық шақты көрген жоқпыз. Оның қызығын біз анамызбен бөлек тұрған соңғы жылдарда ғана сезініп жатырмыз.
Сол кездегі бірнеше эпизодты есіме түсіретін болсам, әкеміз қолына пышақ алып, өзінің қолының тамырын өзі кесіп жатады. Енді бірде сол пышақпен тамағын кесіп, қансыратып қояды… Ұлдарыңа көрсеткен тәрбиеңіз осы ма? Осы оқиғаларға көршілер де куә. Журналды оқыған мың сан оқырманды алдай алатын шығарсыз, бірақ, ұлыңызды алдай алмайсыз ғой…
Есіңізде ме, бауырым үш жасында екінші қабаттан құлап кеткенде, мен де куәгер болып едім ғой. Оны бүгін неге жасырасыз?!
Әнебір жылдары анамыз белінен шойырылып, төсек тартып қалды. Анам қиналып жатқан сәтте де шырылдап жүрген біздерге бірде-бір рет қол ұшын созған жоқсыз. Біз Амандос екеуміз қи­ындық көріп, қиналған сәтте қамқорлығын көрсетпеген Әкеден қандай жақсылық күтеміз бүгін де…
Міне, қараңызшы, бұдан қандай балалық шақтың қызығын көре аласыз?! Егер әкеміз күшті болса, сол кезде кеткен қателіктерді қалпына келтіріп, бәрін өз орнына қойсын. Сосын жазықсыз жапа шеккен анамыздың бақытты сәттері мен біздің балалық бал дәурен күндерімізді кері қайтарып берсін. Ондайға мүмкіндігі келмейтіндіктен әкеміздің сот орындарына бұлайша арызданбай, «Мен жақсымын» деп елге жар салмай, тыныш жатқаны дұрыс еді деп ойлаймын. Мен ержеттім! Тағы да елге жар салам! Мен ер жеттім! Енді мен анам мен бауырымды өзім де қорғай алам. Сіздің Анамыз бен бізге көрсеткен қиындықтарыңыз күні бүгінге дейін көз алдымда» деп күйінеді ұлым. Ашынғаннан солай деп жазбағанда қайтсін?! Әкелері әке деген атқа лайық болса, мен ұлдарымды алдап, әкесінің атына қара күйе жақтыра алмас едім ғой. Әрі олар жас балалар да емес. Ақыл-есі кіріп қалған азамат.
Ұлымның атына да орынсыз қаралаулар жазыпты. Журналдағы мақалада: «Бізді білетіндерге «балалардың жағдайы өте тамаша, Қытайда оқытып, керемет тәлім-тәрбие беріп жатырмын» дегенін де естіп жүрдім» деп жазады. Аманқосым Қытайдың Сиянь қаласында білім алып келіп, бүгінде Политехникалық колледждің электроснабжение факультетін бітіріп, уневерситеттің үшінші курс студенті атанып отыр. Білікті, білімді болып өсіп келе жатқан өрімталдай ұлымды қаралауға Әкесінің қалай дәті барады. 20-ға келіп қалған ұлымның бұған жаны жараланып жүр. Туған бауырын ел-жұртқа масқаралап жазғанына да күйінеді қарашығым. Жақсы әке болса, «әке – асқар тауым» дегізіп, ұлдарының алдында сый-құрметке бөленіп отырар еді-ау. «Әкем сау мені керек қылмаған еді, науқас Амандосты неге алға тарта береді? Менің бауырымның ауыратындығын жұртқа жариялап, анамды қаралап, әбден масқара қылмақ ойын түсінбедім. Қашан біз тыныш өмір сүреміз. Неге менің намысымды аяққа таптайды? Өмірден өз орнымды табу үшін білімге талпынған мақсатымды анам ғана қолдаған. Әкем тіпті көмектеспек түгілі, бүйтіп бізді жұртқа жүзі қара ғып көрсетуі қай сасқаны?! Бұдан кейін әкем бар деп қайтіп айтам!» деп зар жылайды жүрегі ұлымның. Осындай сәттерінде ұлымды қалай сөзбен жұбатарымды білмедім. Түңілгені соншалық, бірдеңеге ұшырап кете ме деп қорықтым. Соңғы кездері жалғыз өзі ойға шомып жүретінді шығарды. Жақсы әкенің көздегені осы ма сонда? Баланың қиналғанын көру Анаға оңай соқпасы айқын. Баламның жүзіне қарауға бетім шыдамайды. Аяймын баламды, жаным ауырады. Жүрегі тілім-тілім болып, зар жылап жүр-ау іштей. Бауырын бір ойлап, анасын бір ойлап қамығады байғұс балам!
«Жібекті түте алмаған жүн қылады, қатынды күте алмаған күң қылады» демей ме, халқым! Өзімен бірге отасып, балаларының анасы болған жанды бүгін қаралап: «Әншілігі шамалы, дауысы әлсіз еді. Мен оны әнші етіп шығардым» дейді. Менің қандай әнші екеніме бағаны беретін тыңдарманым емес пе? Аллаға шүкір өз өңешім, өз тамағым өзімде «Ақтөбе облысы, Темір ауданында аудандық ауруханада еден жуушы болып жүрген Амангүл амалын тауып, сол жылдары аты шығып, көпшілікке танымал болған «Жібек жолы» тобыма қалай кіргенін де, ебін тауып, көңілім қаламаса да, қалай маған тиіп алғанын да байқамай қалдым, поезда екі лауазымды заң қызметкерлерімен бірге аузынан арақ исі аңқып жүр» деген ар- ожданымды аяққа таптаған жаласын қалай түсінуге болады? Бұның бәрі шындыққа келмейтін өтірік. Ондағы Амангелдінің мақсаты менің халық алдында қадірімді түсіріп, қаралау. Бұл ер азамат деген атқа лайық па?! Мұны оқыған оқырман сонда қалай түсінеді? Менің ар-ожданымды осылай таптағанына қатты ызам келді. Бұған дейін де мені қаралаған, менің намысымды таптаған сөздерін түрлі баспасөз беттерінде беріп жүрген сұхбаттарында жиі айтатын. Бұрынырақта, іштей ызам келіп тұрса да, екі баламның әкесі ғой, қояр деп үміттеніп едім. «Шыдамның да шегі бар», бұл мақала менің төзімімді әбден тауысты.
Мен – Анамын! Бала үшін Анадан құдіретті ешкім жоқ. Ал Анаға баладан қымбат ешнәрсе болмайды. Анасын қаралап, баласын масқаралаған Әкенің бұл қылығын ұрпағы да, ағайын-туғаны да кешпейді. «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, Қуана білмегенге құт қонбайды» дейді көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев. Жарын бағалай алмаған, балаларының қадіріне жетпеген әкеге құт қона қояр ма екен?!
Мақалада Амангелді пайғамбарымыздың хадистерінен үзінділерді жиі келтірген екен. Мұхаммед пайғамбарымыздың хадисінде де, «әуелі анаңды сыйла» деп тұрған жоқ па? Тағы да қайталап айтам, «Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылды айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл» дейді Бөлтірік шешен. Мен сөздің қадірін түсінбейтін, сөздің мәйегін сезінбейтін, ұлын сыйлай алмаған Әкеге сөзімді қор қылғым келмейді. Менің сөзім қалың оқырман қауымға арналған. Ана ретінде, әйел ретінде өзімді де, ұлдарымды да жамандықтан қорғағым келеді. Ұлдарым аман болса, мен Ана ретінде отқа да, суға да түсуге әзірмін! Тек, Аллам ұлдарымды жамандығынан сақтасын! Амангелді мені қаралап қанша сайраса да, халқымның ұлдарыма көзі тура болсын деп жазып отырмын бұл хатымды. Осының алдында редакцияға жолдаған оқырман хатымызда балам Амандостың сәби күнінен аяқбас дертке шалдыққандығы туралы 1998 жылдан бастап жыл сайынғы диагнозы бүгінгі күнге дейінгі диагнозы, қабылдаған емі көрсетілген дәрігерлік құ­жат­тардың көшірмесі, амбулаториялық картасы, сот шешімі тіркелген. Тірі адам тірлігін жасайды дейді, бір аспанның астында, бір жердің үстінде тіршілік кешіп жатқан пенделерміз! Ұрпағымыздың амандығын тілеп, өмір сүргенге не жетсін?!
Амангүл Орынбасарқызы

Редакция газетіміздің №37-38 санын­да жарияланған «Әртіс» Аман­гүлдің айласы» атты мақа­лаға байланыс­ты Амангүл Орын­басарқызынан, балалары мен ата-анасынан кешірім сұрайды. Осымен бұл тақырыпқа нүкте қойылды.

Бөлісу: