Қазақ киносы көбейіп келеді...

кино

Бүгінгі әлемдік және Қазақстан киноөнерінде жаңалық бар ма, жоқ па деген сұрақтың жауабын алуға болатын басты әрі маңызды мүмкіндіктердің бірі – әрине, фестивальдер. Себебі, фестиваль кино өнерінің белгілі бір кезеңдегі табысы мен даму бағытын айқындау, кинематографистердің байланысын нығайту, өзара тәжірибе алмасу мақсатында өткізіліп тұрады. Осы орайда елімізде өзіндік бағыт ұстанған, ұшқыр мақсаты бар «Шәкен жұлдыздары», «Бастау», «Дидар», «Астана экшн» сынды азды-көпті кинофестивальдеріміз жұмыс жасайды. Кез-келген отандық кинофестивальдің басты мақсаты қазақ киносының өркендеуіне, дамуына өз үлесін қосу болып табылады. Кинофестивальдердің арқасында Қазақстанның имиджін қалыптастырып қана қоймай, өзіміздің картиналарымызды шетел қонақтарына және көрермендерімізге көрсетуге мүмкіндік аламыз.   Осындай мүмкіндік туғызып отырған фестивальдердің бірі – Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі. Фестивальдің негізі 1998 жылы қаланған. Белгілі себептермен, яғни қаржылық дағдарысқа байланысты 2005 жылға дейін үзіліс жасаған бұл байқау соңғы алты жылда тұрақты өткізіліп келеді. 1998 жылдың өзінде байқауға 200-ден астам журналистер келіп, әлемнің 35 елінен 170-тен астам туынды қатысқан болатын. Ал осы жылғы шараға 130-ға тарта қонақтар келіп, 20-ға жуық мемлекеттің өкілдері атсалысты. Қонақтардың арасында Голливудтың Чак Рассел, Сигурни Уивер, Джон Кьюсак, Настасия Кински, орыстың Елена Корикова, Сергей Астахов, Вадим Колганов сынды актерлері бар. 2007-2008 жылы өткізілген «Еуразия» кинофестиваліне шақырылған шетелдік актерлардың гонорары 87,1млн теңгені құраған болатын. Биылғы жылы да бірталай атақты өнер шеберлерінің келгенін ескерсек, қаншама мемлекеттік қаржыдан қағылғанымыз айтпаса да түсінікті. Алайда, «шығын шықпай, кіріс кірмейтінін» ескерсек, еліміз етек-жеңін жинап алған соң, отандық өнерпаздар осы олқылықтың орнын толтырып, мемлекеттік қоржынды қайтадан томпайтады деген сенімдеміз. Себебі, бұл фестиваль коммерциялық болмағандықтан, кино билеттері сатылмады, яғни қаржылық жағынан ешқандай пайда таба алмайды. «Еуразияның» деңгейі оған қатысып отырған танымал кәсіби режиссер, продюсерлермен ғана емес, дистрибьютор мен прокатка шығарушылардың Қазақстан жерін жақсы фильмдердің кәсіби алаңын көруімен де бағаланады. Сарапшылар аталмыш кинофестивальді Орталық Азиядағы ең ірі кино байқау деп бағалап отыр және FIAPF (КазТАГ кинопродюсерлер ассоциациясының халықаралық федерациясы) регламентіне сай, әрі әлемдік кинофестивальдер катологына кірген қазақстандық жалғыз кинофестиваль. Биылғы «Еуразияда» Еуропа, Азия, ТМД, Орталық Азия, Қазақстан мемлекеттерінен қатысқан бір-біріне ұқсамайтын кинокартиналар бас жүлде үшін бәсекеге түсті. Бас жүлде өзіміздің отандасымыз Ерлан Нұрмұхамедов пен жапондық Сано Синдзюдің «Көктемнің алғашқы жаңбыры» атты туындысына бұйырды. Еуразия кинофестивалінің қазылар алқасының төрағасы Ким Ки Дук (Корея) мырза оларға бас жүлдені табыстап тұрып, бұл туындының ерекше ұнағанын айтты. Фильмде айдалада орналасқан ескі үй және онда мекендейтін бір-біріне қарап сирек жымиятын шағын отбасының өмірі суреттеледі. Картина сол отбасымен он жылдан артық бірге тұрған Дергелей апаның өсиетімен бастау алады. Ол кісінің айтуы бойынша, ол қаза тапқасын бірнеше жылдан соң, жасөспірім Асхатқа әйел болып қайта тірілмекші және өзінің өлігін туған жері Алтай тауының етегіне апарып өртеп жіберуін өтінеді. Сценарийдің түпкі негізі ежелгі мифке құрыл­ғандықтан қарапайым көрерменнің түсінуіне қиындық туғызатын осындай тұстары жетерлік. Сондықтан қазақтың арт-хаустық фильмдерінің тағы бір түрін қалыптастырды десек қателескеніміз емес. Ки­носын­шылардың сөзіне сүйенсек, фильмде адамды жалықтыратын артық эпизодтар шамадан тыс көп. Егер біраз жерін қайта монтаждайтын болса, біраз жұмыр нәрсеге куә болатын едік дегенді алға тартады. Фестивальдің жүлдегерлері қатарында тағы бір қазақ режиссері Нариман Төребаев «Шуақты күндер» атты туындысымен «Ең үздік режиссерлік жұмысы үшін» марапатталды. Біздің отандасымыз Нариман Төребаевтың «Шуақты күндер» картинасында басқа кейіпкер, басқа ұстаным. Оның кейіпкері жалғыздықты және айналадағы мағынасыз өмірдегі әрекетсіздікті бейнелейді. Таза бейнелеу арқылы автордың өз ойын, кейіпкердің сезімін және өмір сүрген уақытын нағыз кино тілі арқылы жеткізген. Демек, бұл жетістіктер – қазақ киносының әлемдік бәсекеге біраз дайындалып қалғанының көрінісі болса керек. Қазақстан Еуропа мен Азияның арасын жалғастырып жатқан үлкен мемлекет. «Еуразия» кинофестивалі бүгінгі күні Орталық Азияда түсірілген фильмдердің Еуропаға шығатын есігі деп ерекшеленген болатын. Өйткені, Орталық Азия елдерінің түсірген фильмдері Қазақстандағы фестивальге қатысып, шетелге жолдама алса, осында келген түрлі елдердегі фестивальдердің өкілдері сол фильмдерді көріп, өздерінің байқауларына іріктей алады. Шығыс пен Батыстың алмасуы, әсіресе, Халықаралық конкурсқа таңдап алынған фильмдерден көрінді. Еуропаға шығатын есік Ирандық кинорежиссер Мохсен Абдолвахабтың «Мазаламауыңызды өтінемін» фильмінің метафорасы десек те болады. Ресейдің «Бөлек аспан» (реж. Дмитрий Мамулия) картинасындағы басты кейіпкер үйін тастап, өзінің баласымен Орталық Азиядан Ресейге табыс табуға кеткен әйелін іздеп шығуына негізделген. Каталина Митулеска «Ашына» (Румыния) фильмінде қоғамдық өмірді батыстық көзқарастағы Азияны бейнелеу формасы арқылы суреттейді. Көлденең план, үзіліс, бос кеңістік соңында Шығыс Еуропа өмірінің соңғы аялдамасы болады. Филиппин картинасы «Бусонгта» адам өмірі түс секілді көрсетіледі. Картина режиссері Ауреус Солито адам жанын қоршаған ортамен біріктіреді. Олардың бұзылмайтын үйлесімі туралы табиғат әдемілігі әйел сұлулығымен бірлесе отырып, әрбір кадрда жақсылық пен махаббат көне және қазіргі түсінікте берілді. Үш новеллада шығыстың берік ұстанымдарын көңілді әрі жеңіл күлкіге айналдыра отырып, қоғамдық мәселелерді сынай көрсетеді. Қырғыз картинасы «Махаббатқа салт-дәстүрмен келудің» желісі де осы іспеттес. Бірақ әрқайсысының ұстанымдары әртүрлі. Үш режиссер, үш тарих, үш драма. Ағылшын режиссері Сэма Гарбарскийдің «Көршілікпен алыс» (Франция) фильміндегі кейіпкер өткен мен осы шақтағы өмірін есіне түсіреді. Апасының моласында ол есінен танып, өткен өмірге жасөспірім бала ретінде келеді. Бірақ өткен жылдар елесімен сүйікті адамдардың іс-әрекетін түсінбекке тырысады. Ал режиссер Әділхан Ержановтың «Риэлторлар» фильмінде (Ресейде өтетін «Киношок» кинофестивалінің жүлдегері) кейіпкердің тарихқа өзіндік көзқарасы бар. Дарик есімді басты кейіпкер өткен қарыздарынан, өмірдің қиындығынан құтылу мақсатында басқа ғасырға еніп кетеді. Фильм де оның соңынан жаңа оқиғаларды іздеп кетеді. Ресей киносының жаңа реформаторы Игорь Волошиннің «Бедуин» фильмінің негізгі өзегі – біреу үшін өмір сүру. Бұл режиссер өзгеріс жасаудың таңқаларлық шебері. Бұл кинода ол өлім аузындағы қызының Астанаға ақша іздеп келген әкесінің басынан өткен көптеген сәтсіздіктерін – камерадан кейіпкерді таса қылмай бейнелеп, соңынды кейіпкердің өлімімен аяқтайды. Камера картиналарды 180 градусқа бұрады, яғни Батыстан Шығысқа айналып, жаңа өмірдің мәні кейіпкерге өтеді. Сондай-ақ, VII-ші Халық­аралық «Еуразия» кинофестивалінен отандық кино өндірістің қалыптасып келе жатқандығын байқадық. Бір-біріне ұқсамайтын 20 шақты фильмдердің санына қарасақ, 2011 жыл қазақ кино үрдісінің күрт дамуға бетбұрыс жасаған жылы болған. Бүгін де халықтық киноға қызығушылық, отандық продюсерлермен режиссерлерді түсірудің классикалық әдісінен арыла отырып, кеңістік, жарық, түс, монтаждау, шапшаңдату және ритмді созу, камераның жаңа техникалық қабілетін қолдану сияқты тәсілдерді пайдалана отырып, жаңа мазмұнды бейнелі фильмнің формасын іздеу және сынау керектігін көрсетеді. Қазіргі жаңа киноленталар ритміне қарай қозғалыңқы, ал мағынасы мен бейнелеу жағынан нақтырақ болған. Негізінде бір-бірімен бәсекеге түсетін туындылар, киноның кез келген бағытында, бейнелеу және құрылым әрекеті жағынын жаңа және өзіндік ерекшелігі бар болуы керек. Себебі, қазірдің өзінде мазмұнына қарай – объективті шындық пен шартты субъективті кейіпкерлер әлемі, кеңестік дәстүрді бейнелеуіне қарай – заманауи әлемдік киноның көзбен шолу мүмкіншілігімен объективті шындықты бейнелеуде. Классика мен артхаус, коммерциялық пен авторлық бағыттарындағы кинолар бір-бірімен шиеленісіп жатады. Мысалы, осы жылы аяқталған фильмдерден Рүстем Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны» фильмінде заманауи әлемдік эпикобиографиялық фильмдерінің атмосферасына еніп, эстетикасының байыбына барды. Елбасымыздың балалық шағының бірден-бір жарқын көрінісі осы фильмнен ғана көрініс тапқан. Одан бөлек, Голливудқа тән экшн-фильм бағытындағы Егор Кончеловскиийдің «А»-ға оралу» және Ақан Сатаевтың «Ликвидатор» туындысы шықты. Бейнелеу дәстүрі бойынша кеңестік киностильде Сламбек Тәуекелдің Кеңестік Қазақстанға жер аударылған кәрістер мен басқа да ұлт өкілдерінің тағдырлары туралы «Жерұйық» тарихи фильмі ұсынылды. Қазақ балалар киножелісінің өзгеруін Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Аңшы бала» картинасы жалғастырды. Бұл фильм расында да өте ұтымды шыққан туындылардың бірегейі десек болады. Басты кейіпкер Қамбар – А.Қарсақбаев «Қожасының» заманауи көрінісі. Міне, бұл туындылардың барлығы да аталмыш кинофестивальден көрініс тауып, қазақ көрермендерін тағы бір рет марқайтып тастады. Оған қоса, драматургиялық құрылымдарынан бірыңғай емес шешімдерді іздеуде «Гәкку» (реж.Ғазиз Насыров), отандық комикс «Супер Баха» (реж. Төлеген Байтүкенов пен Тимур Қасымжанов), слепстика элементтерін көруге болатын телевизиялық қойылымды «Жел қызы» (реж.Жасұлан Пошанов) туындыларын да атап көрсетуге болады. Шынайы және қияли әлемді ойлап табу Әмір Қарақұловтың «Іске аспайтын махаббат» картинасына тиесілі. Ал Әділхан Ержановтың («Риэлторлар») жылдардың жылжуына байланысты өз кеңістігін табуды көздейді. Кейінгі екі фильм уақыт пен шынайылықтан құрылған көп құрылымды алаңды құрғанымен ғана емес, сонымен қатар нақты шынайы бейнелеумен де ерекшеленеді. Бүгінде заманауи қазақ киносы, өзінің меншікті бейнелеу пішінімен өзіндік стильін қалыптастыруда. Кино тілінің құралдарын тиімді пайдалана отырып, стандартқа сай отандық киноларымызды шетелге шығару, барлық көрермендер үшін тартымды бола бастады. Бұл ізденіс кинематографистермен көрермендердің жаңа талап пен талғамын қалыптастыра отырып киноға деген сұранысын күшейтеді. Сол себептен де отандық көрермендердің қазақ киносына деген қызығушылықтары артып келеді. Қазіргі уақытта қазақ кино үрдісінің кереметтілігі фильмдерді түсірудегі ілгері жылжуы ғана емес, сонымен қатар олардың экран бетінде көрсетілуінде. Қазақстандық көрермендер жан-жақты, көзі ашық ақпараттандырылған болғандықтан жаңа ленталарға сыншы, әрі төреші болып қалыптасып келе жатыр. Себебі, отандық кинопремьералар мен киноға қатысты сайттарда, интернет порталдарда талқыға сала отырып өз пікірлерін айтып жатады. Бұл киноның әлі де болса – мәдениет әлемінде өзіндік белгісін іздеу үстінде жүргенін аңғартса керек. VII «Еуразия» жаңалыққа толы болғанымен де ұйымдастырылуы жағынан біршама олқылықтар байқалды. Бұл байқаудың дәрежесі Халықаралық деңгейде өтіп жатқандығы белгілі. Ал осы орайда «көрсетілім бағдарламалары» мен каталогтардың жеткіліксіз болғандығы көрермендер мен қонақтарды қынжылтты. Одан бөлек, біршама қаржы шығындап шақыртқан өнер жұлдыздарымыз тарапынан өнерпаз жастарға арнап шеберлік сағаттарының ұйымдастырылмағандығы. Бұдан бұрынғы бірнеше фестивальдің барысында шеберлік сағаттарынан тағылым алуды дағдыға айлан­дырған жас өнерпаздар биылғы фестивальден де соны күтті... Айдана АЛАМАН