Пайғамбар жоқ алатын панасына...

жет10 Кімге ұқсатам білмеймін қандайымды, Мама кеп бір иіскеші маңдайымды, Ақуызға толмаған таңдайымды, Толтырайын айтумен жағдайымды. Мама енді сені табу қиындайды, Ойласам көзден жасым тиылмайды, Алатауым, жұпарың арман болып, Туған жерің топырағың бұйырмайды. Иа, мына өлең жолдарын оқи отырып, жетімдіктің қасіреті мен қайғысын сезінесің. Өзінің кім екенін, әке-шешесі қандай адам, қай елдің топырағынан шыққан, ата-бабасын әсіресе жеті атасын білмей өмір сүру қандай қиын? Қазақ ертеден «Жетім көрсең жебей жүр» деген ұлғататты терең бойына сіңіріп өскен халық. Алайда, соңғы уақытта іштен шыққан баласын далаға тастап, безбүйрек ана атанып жүргендер қаншама? Дана халқымыз сан ғасырдан бері «Адамның бақыты-балада» деп, баласының ер жетіп, азамат болуына бар өмірін арнап, жиған-тергенін балаларының аузына салған. Кез-келген адам баға жетпес бақытты ұрпағының жалғасып, өсіп өнуімен теңейтіні белгілі. Ал, қазіргі таңда кейбір жандар өз бақытын байлықтан, даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздейтін секілді. Соның салдарынан елімізде жәутеңдеген қара көздердің саны едәуір артып, жетімдер үйі көбеюде. Түсінген адамға байлық қолдың кірі емес пе? Кейде таң қаласың, кейбір жандар балаға зар болып, күні-түні үмітін үзбей, Алладан жалбарынып тілейді. Енді біреулері Алланың берген сәбиін көрінгеннің қолына тастайды. Біреулердің маңдайына жазылмаған бақты біреудің аяққа басатынын көрмейсіз бе? Жалпы, адам баласына нағыз шынайы бақытты-тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алатыны бесенеден белгілі. Сондықтанда «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген ұлағатты сөз бекер айтылмаса керек. Қай мемлекет болсын, бірінші кезекте оның халқы, болашақ ұрпағы тұрады. Өйткені, халықсыз мемлекетті елестету мүмкін емес. Белгілі бір мемлекеттің қалыптасып, ілгері дамуы үшін сол мемлекетте тұратын әрбір адамның саналы болуы, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауы өте маңызды. Бірақ, қарап отырсақ көптеген ата-аналарымыз өз міндеттерін жете түсініп, мойынсынбайтыны анық байқалуда. Тұрмыс жағдайын, тағдыр тауқыметін сылтау етіп, балаларынан бас тартады немесе тастап кетуді әдетке айналдырған. Тіпті, соңғы кездері таңданып та қарамайтын болдық-ау. Бұл не масқара! Көзі қиып, жүрегі шыдап, шырылдаған сәбиін панасыз қалдырған тасбауыр жандар жер басып қалай жүреді екен? Осындай қатігездіктің салдарынан бейкүнә нәресте, дүние есігін ашпай жатып, өмір сынымен арпалысып, тағдыр тауқыметін арқалаған бұл балалардың қандай жазығы бар? Балаша қуанып, уайым-қайғысыз күн кешудің орнына, көзін тырналап ашқаннан-ақ жүректерін мұң торлап, асыр салып ойнаудың орнына, терезеге телміріп «менің әке-шешем қайда?» деп уайым жейтіндей кімге не жазып еді періште сәбилер? Жанарларын жәутеңдетіп, кім маған жылы сөйлер екен деп әркімге жалтақтатып, тірідей тастап кеткен ата-аналардың қандай себебі бар екен? Әлде жүректері тас болып, темірдей мұздап кеткені ме? Өмірдің осындай аяусыз тұстарын көргенде құдай-ау, пенделерге мейірімділік пен қайырымдылықты бойларына сіңіре гөр деп еріксіз дұға етесің. Байқап қарасақ, бұл өмірде ананың ақ сүті мен мейіріміне жететін не бар? Оның мейірлене айтқан «Айналайын, құлыным, ботам, балапаным» деген жылы сөзі жан-дүниеңді жадыратып, тұла бойыңды балқытып, қуанышыңды шалқытып, алпыс екі тамырыңды идіріп, жаныңды ерекше сезімге бөлеп, бар бақытты сыйлайды емес пе?! Ананың ыстық алақанына ештеңеде тең келмейді мына жалған дүниеде. Ал, осы аялы алақанды сезбей, ананың ақ сүтін емірене ембеген баладан қандай мейірімділікті, ізгілікті күтеміз. Әттең-әттең, осындай жағдайларды түсініп, баласының бал дәмін құшырлана иіскеп, содан асқан бақытты білмейтін ата-аналар көбейсе! Бұрындары ата-анасы тастап кетіпті, жетім қалыпты деген сөздерді естімеуші едік. Ал, қазіргі таңда үйреншікті жағдайға айналды. Мәселен, көшеде ата-анасының қарауынсыз қайыр сұрап жүрген өрімдей бүлдіршіндерді көргенде ештеңе болмағандай отыра береміз. Өйткені, күніне қаншама бала жетім қалып, көше кезіп, балалар үйін паналап жүр. Құдай-ау «Жетім» деген жұғымсыз сөзді естімейтін және естіртпейтін халық едік. Амал қанша, егемендік алып, етек-жеңімізді жиған уақыттағы жағдайымыз осындай болса. Өркениеті, қарыштап күн санап дамып келе жатқан еліміздің ең бір олқы, осал тұсы бәлкім осы болар. Алақандай ғана қазақ халқы өз перзенттерін тентіретіп, шетел асырып та үлгерді. Егер мұндай жағдайлар осылай жалғасып кете беретін болса кім болғанымыз? Тәуелсіздік алып, алдымызға үлкен мақсаттар, қарқынды жобаларды қойып, қарыштап дамып келе жатырмыз. Дегенмен үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, еліміздің ел болып қалыптасуына оның халқы, әсіресе жастардың білімділігіне, әлеуметтік жағдайына байланысты екені сөзсіз. Олай болса, әр азаматтың өмірі қоғам өміріне тікелей қатысты екендігі анық. Алайда, балалар үйі есімізге түскенде, тағдырдың сан соқпағы тоғыстырған сәбилерді көргенде іркіліп қаласың. Қазіргі таңда еліміздегі ресми деректерге сүйенсек 48 мыңнан астам жетім бала бар екен. Олардың 30 мыңы патронатты отбастарында, ал 17 мыңы мекемелерде өмір сүреді. Жетімдер үйінде бала 18 жасқа дейін тұруына болады яғни құқылы. Әуелі тұл жетімдерге яғни соғыс кезінде, ашаршылық кезінде қамқорлық мақсатымен ашылған мекемелер бүгіндері тірі жетімдерге де қорған болып отыр. Алланың берген «Ана» деген қасиетті атын иемденбей «Безбүйрек» ана атанып, туған баласынан бас тартып, болашағына қалай болса, солай қарап, ішімдікке, нашақорлыққа, жеңіл жүріске салынып немесе заңды бұзып, соның салдарынан көпшілігі ата-аналық құқығынан айырылып, бар өмірін түрмеде өткізетіндер көбейді. Әке-шешелерінің шалыс қадамынан балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалап, жанарлары күлкіге емес, жасқа толып жәутеңдеген жетімдер күн кешуде. Жарайды, мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, өз қамқорлықтарына алғанымен де, ата-анасының қамқорлығына жетпейтіні айтпаса да белгілі. Ресми деректерге сүйенсек, 80 мыңнан астам жетім балалар бар екен. Ал, бейресми дереккөздердің дәлелдеуінше, бұл өрсеткіш 96 мыңның арғы жағында көрінеді. Қарап отырсаңыз, қаншама мың сәби үкімет қамқорлығында өсіп, ер жетуде. Әйткенмен, он сегізге толып, кәмелеттік жасты болтырғаннан кейін ол баланың болашағы не болмақ? Мемлекет қамқорлығынан кеткеннен кейін барар жері, басар тауы жоқ, қайда барарын білмей, қайдан жол табарын білмей дал болмай ма? Жарайды, оқуға түсіп, жатақханаға орналасып білім алды делік. Ал, оқуға түсе алмай қалғандардың жағдайы не болмақ. Қазақта «Жетім қозы – жатбауыр, жетілер де отығар» деген сөз бар, жұмыспен қамтылмаған, оқуға орналастырылмаған балалардың болашағында ешкімнің де шаруасы жоқ. Күнделікті теледидардан зорлық-зомбылық, ұрлық көбейіп барады деп дабыл қағуда. Сондай қылмастардың көпшілігін тастанды балалар мен жетімдер үйінде тәрбиеленген балалар жасайды екен. Жетімдер үйінен кеткеннен кейін, бірі жалданып күнделікті нанын тапса, енді біреулері қылмыс жасап, бұзақылықпен айналысады. Сондықтанда, түрмеге түскендердің көпшілігі жетімдер үйінен шыққандар мен ата-анасының қарауынсыз қалған балалар болады екен. Әрине, жанашыр жақыны жоқ, бесікте жатып анасының ақ-әлдиін, әкесінің тәрбиесін көрмеген бала қандай болмақ. Бір айта кетерлігі, балалар үйінің болғаны бір жағынан жақсы, бір жағынан жаман. Себебі, көп аналар өз балаларын, жетімдер үйінің апарып «Балалар үйі» бар ғой, солар қамқор болады деген сеніммен тастап кетіп жатады. Сол себепті де жетім қалған балалардың саны күн санап өсіп келеді. Дана халқымыз «Балалы үй мазар-баласыз үй қу мазар» деп, баланың көптеп дүниеге келуін тілеп, ұрпағының көбейіп, шаңырағының кеңейгенін жақсылыққа балаған. Шындығында да солай, әр үйдің қуанышын молайтып, шаттығын шалқытатын, ата-ананы бақытқа бөлеп, былдырлаған тілімен, сыңғырлаған күлкісімен үйдің сәнін кіргізіп, тәп-тәтті қылығымен қандай мұңды да жеңілдетіп, көңіліңді көтеретін жас сәбидің былдырлаған бал үніне жететін бақыт жоқ болар жер бетінде?! Атам қазақ ешқашан жетімін тентіретпей, көрінгеннің қолшоқпарына айналдыруға ешқашан жол бермеген. Ал, мынандай жағдайға қарап тұрып, «жетім көрсең жебей жүр» деген дана халқымыздың данышпандығы қайда кеткен деген ойда қаласың. Еліміздің басына қиын күн туғанда яғни соғыс жылдарында ашылған бірен-саран балалар үйі, бүгіндері жер-жерден, ауыл-аймақтардан мыңдап ашылды. Тіпті, соңғы кездері соның өзі аздық етуде. Жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай көбейіп келе жатқан тастанды балаларынан оңай бас тартып, еш шімірікпестен ары қарай өмірлерін жалғастырып жүр. Осындай жағдайларды қарап отырып, қазақ халқының бойына сіңген мейірімділік, бауырмалдылық, қасиеттері жоғалып, «тасжүрек» халыққа айналып бара жатыр-ау деген ойдың шырмауында шырмаласың. Бала – бақытымыз, болашағымыз, еліміздің ертеңі, ұрпағымыздың жалғасы екенін ешқашан естен шығаруға болмайды. Сондықтанда бұндай мәселеге бей-жәй қарамай, мемлекет тарапынан болсын, қарапайым халық тарапынан болсын біріге күш жұмылдырып, өзекті өртеген өкішті шешудің жолдарын қарастыруымыз керек. Дәл осылай салғырттықпен қарасақ, ертеңгі күні орны толмас өкінішке айналатыны белгілі. Бүгінде жастардың басым көпшілігі компьютерді пайдаланып, интернетті өздерінің ажырамас серіктеріне айналдырғандықтан, интернет арқылы мынандай сауал тастаған болатынбыз. Яғни «Елімізде тастанды балалардың көбеюі ненің салдырынан деп ойлайсыз?». Осы сауалға жауап бергендердің бір сыпырасын сіздерге ұсынып отырмыз. -Қалдыбаева Жәудір, менің ойымша жетім балалардың көбеюіне жас қыздарымыздың абайсызда от басып, не істерін білмегендіктен іштен шыққан баласын жетімсіретіп тастап кетеді. -Әнуаров Асан, бұл жерде бір нәрсені ескерген жөн. Егерде үйде бала тәрбиесі дұрыс болса, мұндай жағдай болмайды. Барлығы тәрбиеге байланысты. Сон­дықтанда тәрбиені бесіктен бастау керек. -Қасымқызы Нұршат, Шетелге еліктегендіктен деп ойлаймын. Батыс елдерінде қаласа баланы дүниеге әкеліп, қаламаса алдырып тастап жүре береді. Ал, біздің қазақ қыздары да солай істегісі келеді. Бірақ, артынан не боларын тереңінен ойламайды. -Ерасыл Кеңес, мынау өзі жап-жас болып, ақыл айтты демесін. Шындығына келгенде қыздарымыз батысқа қатты еліктеп кетті. Ашық-шашық киінеді, кез келген кафеге бара қалсаң алдыңнан тайраңдап қазақтың қыздары шыға келеді. Әрине осылай жалғаса беретін болса, тастанды балалардың саны көбеймесе азаймайды. -Арғын Ермекбаев, тастанды балалардың көбеюі ата-аналардың осалдығынан. Баласын дүниеге әкеліп, басына шамалы қиындық түссе ішкілікке салынып, баласы тұрмақ өзінің қайда қалғанын білмей қалады. Әрине, сосын бала қараусыз, жетімдер үйін паналайды.

Әсел РЗАЕВА