ТҰЛҒА

1

Сабыр Қасымов Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер. Қалай еңбегі сіңген дер болсақ, Қазақстанның Қазақстан болуына, яғни тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күрескен азамат. Қазір тәуелсіздікті бірнеше есіммен ғана байланыстырып жүрсек, Сабыр Қасымов сол тізімнің алдыңғы қатарында тұруы тиіс. Нағыз азамат еліне еткен еңбегін бұлдамайды, өзін жарнамаламайды. Сол үшін С.Қасымов тасада қалып қойды. Бірақ тасада жүрсе де атқарған қызметінің орасан болғандығы үшін ел алдында кеудесін соғып жүргендердің көпшілігі Сәкеңнің қасында мысы басылып қалады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға, Желтоқсан көтерілісін ақтауға ерекше атсалысты. Өзі заңгер болған соң жоғарыда аталған істердің барлық тетіктері мен тағдыры С.Қасымовтың қолында болды. 1990 жылдан бастап оралмандар мәселесін жан-жақты зерттеп, бағдарлама қабылдауды, оны іске асыратын тетіктерді әзірлеп, алғашқы Конституцияға, заңдарға оралмандар мүддесін қолдайтын саяси-құқықтық нормалар енгіздірген азамат. Оларға «саяси қуғындалған» деген мәртебе беруді де алғаш болып қолға алды. Кезінде Қытайдан 1 мыңға жуық қазақ жастарын алдырып оқытуға Парламент арқылы бюджеттен қаражат бөлдірген кездері болған. Халықтың құлдық санадан айығуы үшін атқарған еңбегі де бір кітапқа жүк боларлықтай. Алғаш болып «Біздің мемлекет отар болған мемлекет. Сондықтан отарсыздандыру туралы мемлекеттік бағдарламалар мен заңдар қабылдауымыз керек» деп үн көтерді. Парламент жанынан Отарсыздандыруға байланысты заң жобаларын жасау жөніндегі комиссия құрғызған. Патшалық Ресейден бастап, Кеңес Одағындағы жүздеген құқықтық құжаттардың сол заманның өз заңдарына сәйкес келмейтіндігін әшкерелеп бірнеше томдық құжаттар дайындаған. Осының негізінде «Деколонизация», «Қазақстанда азаттық пен тәуелсіздік жолында мерт болған ерлердің есімін құрметтеу», «Қазақстандағы саяси репрессия құрбандарын толық ақтау», т.б. заң жобаларын дайындаған болатын. Тізе берсек С.Қасымовтың бастамасымен өмірге келген, атқарылған игі істері қыруар. Ғұмырындағы елі үшін атқарған істерінің шет-жағасына ғана тоқталып үлгердік. Бәріне тоқталмай жақында атқарған ісінің бірін атап өтер болсақ, Смағұл Сәдуақасұлының мәйіт күлін Мәскеу қалалық әкімшілігіне шығып елге алдырған, оның жерленуін ұйымдастырған Сәбең екенін көпшілігі біле бермейді. Сәбең бұл жолы да әдетіне басып өзі атқарған шаруасының тасасында қалуды жөн көрді. Сөз соңында Сабыр Қасымов ағамызға айтарымыз! Алаштан қалған арыссың, Ұлтым деп күнде алыстың. Алла бір дәйім жар болып, Қуатын берсін барыстың!

Фазылбек ӘБСАТТАРҰЛЫ