Шекара ел қорғаны

1773
1
Бөлісу:

Тіршілік бар жерде өмір бар, өмір барда адам бар, адам барда,тағдыр бар, тағдыр барда басқа жазу бар демекші. Менің маңдайыма Өзбекстан Республикасы Навоий облысы, Тамдыбұлақ ауданында туып-өсуді нәсіп етіпті. 1995-1999 жылдар аралығында Ташкент қаласындағы Әскери жоғары шекарашылар білім жұртында жалғыз қазақ оқыдым. Оқуға қабылдау комиссиясы қазақ екенімді байқамай қалса керек. Өйткені, 1995 жылы бұл шекарашылар дайындайтын әскери жоғарғы оқу орны Ташкентте алғаш рет ашылды. Қылышынан қаны тамған СССР-де Мәскеу мен Алматыда болған.

шекара3
Генерал Ибадуллаев «бізге өзбек ұлтын сүйген офицерлер қажет»-деп күнде әнұран айтқызатұғын. Әскери өмірдің қыр-сырын жақсы меңгеруге тырысып бақтым. Біздің оқуға қарама-қарсы Мед академия болған, бір күні сонда оқитын студенттер бізді қонаққа шақырды.
Біздер сапқа тұрып барып, концертін тамашаладық, сонда сахнаға Африканың Танзания, Камерун, Мозамбиктен келген төрт студенті қара нәсілді жігіттер таза өзбек тілінде өлең айтып, би биледі көңілімізді көтерді. Өзбектердің беделі асқақтап, мерейі үстем, бәрі бір адамдай ду қол шапалақтап мәз болды. Әрине, өз еліңде қайдағы негр келіп сенің ана тіліңде сөйлеп тұрса, өзіңді керемет сезінесің. Ал, біздің билік басындағылардың арасында өмірбаянын қазақша айта алмайтындар қаншама.
1999 жылы лейтенант шенін алып, Термез шаһарының №8 заставада замполит қызметін атқардым. Ауған шекарасын атам заманнан бүгінге дейін ешкім күзетпеген, қызыл сызық 56 шақырым Өзбекстанмен, бұл жерде 16 застава бар. Ауа-райы жыл он екі ай 40-50 температураның арасында ыстық. Амударияның бергі беті Өзбекстан, арғы беті Ауғанстан жеті жастан жетпіс жасқа дейін бес мезгіл намаз оқитын, нағыз мұсылман ел. Кеңес Одағынан қалған танкілер қасқиып әлі тұр, оған барып ауған балалары ойнайды.
Ауған жерінде қазақтардың ақ патшаның кезінде жер ауып барғандардың ұрпақтары 3-4 мыңға жуығы өмір сүріп жатқанын көзімен көрдім. Бірақ ассимилияцияға ұшырап, көпшілігі қазақ тілінен мақұрым. Бұхара мен Самарқандтан келген жігіттер олармен парсы тілінде тілдеседі. Жалпы, Термез қаласында 100-ге жақын әскери бөлімшелер қызмет етуде. Бәрінің мақсаты бір Ауғанстаннан келетін контрабанданы жібермеу.
2001 жылы 18 тамызда Қазақстанмен шекара Жібек жолы бөліміне ауыстым. Ауған шекарасында адам түгілі шыбын өтпейді, ал бұл жерде ерсілі-қарсылы жүк көліктерінен тыс, адамдар жүздеп, мыңдап өтеді екен.
Қазақ-өзбек шекарасындағы сыбайлас жемқорлықтан бастап, жағымпаздық, біреуді ұстап беру, жемеген самсаға ақы төлеу сияқты келеңсіздіктер, өзім оқыған мамандығыма жиіркеніш пайда болды. Адамдық пен арамдықтың арасы бір-ақ адым екенін түсіндім. 2005 жылы тарихи Отаным Қазақстанға ат басын бұрып, әсем Астанаға көшіп келдім.
Басқасын былай қойғанда, «көрші елге барып-келудің өзі ақыретке айналғаны қай заман» дейді бір кемпір маған мұңын шағып. Ұрыс-керіс, атыс-тартыс, одан қалса өлім-жетім де осы шекарада орын алып тұр. Тарихы тамырлас, төсекте басы, төскейде малы қосылғанымен, қайсыбір алапат заманда да ата-бабамыз жер мәселесіне сергек қарағанын ескергенде, жайлауы мен қыстауына бөтеннің тұяғын тигізбегені ақиқат. Ауылы аралас, қойы қоралас екі елдің арасында неге дау-дамай көп?
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы шарт бойынша Арнасай плотинасы мен оның айналасындағы бес ауыл Қазақстан жағында қалатын болып 1991 жылы келісілген-ді. Осы бес елдімекен ауызға алынғанымен, олардың аты аталып, түсі түстелмепті. «Көктасты», «Амангелді», «Қарабай» ауылын көрші елге ненің құрметіне сыйға тартылғаны беймәлім. Әзер дегенде, «Жексембай» мен «Қостақырды» қайтарып алдық. Шекара сызығында тұрған ауылдардың үстінен Мақтарал Шардара тас жолы өтеді.
Ұзындығы—25 шақырым. Егер шекара дауы бітпесе, бұл жол өзбектердің еншісіне кетейін деп тұр. Онда шекара шегінде тұрған халық көрші ауданға бару үшін Келес өзені арқылы 250 шақырым жолды басып өтуі керек. Шардара ауданынан Мақтаралға осы арадан өтеді. Қағылған бағаналар көрші елдің аумағында қалып қойған. Ендеше, білдей бір ауданның жарығы жанып-өшуі де енді көрші елге тәуелді. 2006 жылдың тамыз айында ауылдан 600-700 метр қашықта шекара бағаналары қағылды. 2009 жыдың қазан айында екі елдің шекарашылары қатар жүріп дәл осы бағаналарды ауылдың іргесіне жылжытты. Жергілікті әкім қаралар келіп, «мына екі үй бұзылады, сіздер де қам жасай беріңіздер» депті. Тап бір әкесінің үйінде жүргендей. Айналайын-ау, бұл 2006 жылы қағылған бағаналар неге ішке қарай жылжыйды? Түк түсінсем бұйырмасын.
Үш жылда тек осы ауылдан айналасынан 300 гектар жер Өзбекстанға өтіп кетті. Ойпырмай дегізетіні—осы біз айдың күнің аманында, ел аман жұрт тынышта, үнемі өз игілігіндегі жерден айырылып қалу ненің белгісі. Неге? біз осы кім көрінгенге есе жібере береміз. Жуырда Астанада Президент мәдениет орталығында Цин императорына қазақтар тұлпар сыйлап жатқан үлкен суреттің ашылу салтанатты болып өтті. Мен ес білгелі, қазекең біреуге бірдеңе береді де жатады, ешқашан алмайды. Сонда кім қайда қараған ел бар, тиісті әкім-қаралар бар, бәрі ай қарап жүр мекен? Сұрақтар көңілде кес-кестейді. Зардап шегіп отырған қарапайым халық жоғарғы жаққа талай рет хат жолдаған, мардымды жауап, нақты нәтиже жоқ.
Тіпті, соңғы уақытта өзбек шекарашылары үйімізге рұхсатсыз кіріп, қайта-қайта тексеруді әдетке айналдырған. Қоқан-лоққы көрсетуді шығарған. Сонда Қазақстан шекарашылары қайда қарап жүр екен? деген заңды сұрақ туындайды. Өз халқын қорғамаса, несіне қолына қару асынып, айлық алып жүр? Теледидардан оларды мақтайды да жатады. Сеніп қалады екенсің. Қазірде Амангелді, Арнасай арқылы Шардара ауданына алып баратын тас жолмен жүру қиын. Ал ауыл ақсақалдары «өлсек өлігіміз туып-өскен жерден шықсын, көшпейміз» деп отыр.
1964 жылы Никита Сергеевич Хрущев оңтүстік өңірдің Шымқорған, Арнасай, Қызылқұмның Зарафшан, Үшқұдық, Тамдыбұлақ ауданын Өзбекстанға беріп жіберген. Ала тақиялы ағайын­дар осы үш ауданның басын қосып Жызақ облысын құрған. Ал, Зарафшан, Үшқұдық, Тамдыбұлақ ауданын қосып, Алишер Навоий облысын қалыптастырды. Сөйтіп, ата-ба­бамыздың бейітімен қоса, мил­лиондаған қазақтың тағдыры өзбек жерінде қалып қойғанына іштей зығырданың қайнайды.
Жер—киелі ұғым. Шекара дауы болмасын деген ел іргесін қымтап отырады. Құр астында құмырсқадай жыбырлаған қытай тұр, орыс орман ішіңде жүр, өзбек өз ағам да өңешін ашып күн санап, адымдап ішке кіруде, Жамбыл облысының Меркі ауданына қарасты шекара маңындағы жер телімдері, нақты 563 гектардан астам аумақты айыр қалпақ қырғыздар шапандарының етегіне басып қалыпты. Меркі ауданындағы дау-дамайдың төркіні осы төңіректе.
Жан жағыңа екі шұқып бір қарайтын заманда осы жерге иелік ететін қазақ халқының киелі құт мекенге қырағылық танытып, төңірекке жіті қарамаса ұтылу оп-оңай. Ендеше, қазаққа сілкінер кез келді, қазақ өзіңе өзің ие болмасаң, жеріңе сақ қара, ата-баба өсиетін берік ұста. Бұл әрбір қазақтың есте тұтар негізгі қағидасы осы.
Сондықтан, алатақиялы ағайын­дардың еншісінде қалып қойған елдімекендердің мәселесін, қазақ-өзбек шекарасындағы ахуалды жіті тексеру үшін арнайы комиссия құрып, нақты шекараны анықтап шешпесе, ертең кеш болып, бармақ тістеп қалуымыз ықтимал.

Жұмамұрат Шәмші
тарих ғылымдарының кандидаты 

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

Пікір немесе жауап жазу

5 × 4 =