МҰҚАҒАЛИДЫҢ ТОЙЫН МҰҚЫМ ЕЛ ТОЙЛАДЫ

мукагали Үстіміздегі жылдың 29 – 30 шілде күндері Алматы облысы Райымбек ауданы, Қарасаз ауылы мен Шалкөде жайлауында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойы өтті. Қазақстанның барлық зиялылары мен БАҚ өкілдерінің, сонымен қатар Қазақстаннан, тіпті шет елдерден келген қонақтар қатысқан тойға Мұ­қа­ғали мерейтойына арналған әдеби-көпшілік ша­ра­лар мен ғылыми-танымдық конференциялар ұйым­дас­тырылды.

Алматы қаласынан таңғы сағат 5.00-де шыққан 5 автобус мерейтойдың ең алғашқы қадамын Райымбек батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен бастады. Жол бойында ауыл тұрғындары ерекше мейірім-ықыластарымен қонақтар мен делегация өкілдерін күтіп алып, арнайы дастархан жайған болатын. Ақын ауылы Қарасазда М. Мақатаевтың сөзіне жазылған әндерден рес­пуб­ликалық «Жырлайды жүрек» байқауының, ақын­ның өлеңдерін оқудан өнер көрсеткен жеңімпаз ба­ла­лар­дың концерттік бағдарламасы керемет деңгейде өтті. Сонымен қатар, «Мұқаңның сарқытындай» болған бүлдіршіндер ақиық ақын өлеңдерін тебірене жатқа айтып, қонақтар көңілін көтерді. Қарасазға жиналған қалың қауым концерттік бағдарламадан кейін М.Мақатаев ескерткіші мен мемориалды му­зейі­нің салтанатты ашылуы рәсіміне куә болған еді. М.Мақатаев атындағы мұражай 1991 жылы салынып, пайдалануға берілген. Әшекейлер, жарықтандыру, есік-терезелерін өзгерту, кондиционерлер қою, зкспонат қою алаңы ұлғайтылды. Ақын ұстаған мүліктер, кітаптар, құжаттар, тарихи материалдар өз орнын тауып қойылды. Көріністер, суреттер, қолтаңбалар, архивтік материалдар топтастырылды. 900-ге тарта экспонаттар қойылды. Техникалық құралдармен толықтай заманауи талаптарға сай жабдықталғанын көріп, көңілге медет, дәтке қуат айтыстық. Мұражайда 6 көрме залы жұмыс жасайды. Мұражайда 4 адам қызмет істейді. Мұражай уақыт талабына сай жұмыс істеп, халыққа рухани қызмет көрсететініне күмән жоқ. Ақынның әдеби-мемориалдық мұражайын тамашалауға  республиканың түкпір-түкпірінен айына  300-дей  адам келеді екен.

«Бұл мұражай 1991 жылы ашылды. Онда қазір 868 жәдігер бар. Ескі мұражай ғимаратына  былтыр «Жол картасы» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған  134 миллион теңге бөлініп,  нысанда жаңадан мәжіліс залы мен  әкімшілік бөлімшесі  салынды. Енді қайта пайдалануға беріліп отырған мұражайдың    жалпы  аумағы   2265 шаршы метрді құрайды. Алғашқы кезде мұражайда 534 жәдігер ғана болды. Қазір оның саны 868-ге жетіп отыр. Әрине бұл әлі аз. Ақынға қатысты өз үйіндегі қандай да бір жәдігерді бізге тапсырамын дегендер болса зор қуанышпен қабыл аламыз. Бұрын  мұнда 3 адам ғана істейтін, қазір ұжымымызға жаңадан тағы 2 адам алып отырмыз.  Біздің мұражайға айына  300-дей адам келеді», – дейді мұражайдың қор сақтаушысы Нарынбек Асанов. Оның айтуынша, мұражай   жәдігерлерінің 434-і – ақынның  тұтынған  тұрмыстық заттары мен  кітаптары.  Оны олар  Мұқаңның өз үйінен және  ел арасынан жинаған. Бұдан кейін Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде М. Мақатаевтың ту­­ғанына 80 жыл толуына арналған «Жаһандану және Мақатаев әлемі» деп аталатын ғылыми-тәжірибелік кон­фе­рен­­ция кезек алды. Ақын поэзиясы жайлы кеңінен тоқталып, баяндаманы көрнекті ақын, ұстаз «Қазақ энциклопедиясының» бас директоры, профессор Бауыржан Жақып мырза жасады. Оразақын Асқар, Нұрлан Оразалин, Мұхтар Шаханов, Бексұлтан Нұржекеев сынды зиялы қауым өкілдері Мұқағали мерейтойымен қазақ халқын құттықтады. Мұқағали жырларын қытай тіліне аударып, оны кітап етіп шығарып, мерейтойға арнайы сыйлық етіп алып келген Қайша Тәбәрік ханым, сөзсіз, ерлік жасағандай күй қалдырды. «Қытайда енді жыл сайын қазақ ақын-жазушыларының қытай тілінде 5-6 аударма кітаптары шығарылмақ. Сондай-ақ қытай ақын-жазушыларының үздік шығармаларын да қазақ тіліне аударып баспақпыз. Бұл екі елдің арасындағы мәдени қарым-қатынасты дамыту мақсатында қолға алынып отыр», - дейді Қайша Тәбәрік. Қытайдан арнайы келген аудармашының  айтуынша, Мұқағали жырларын оқыған қытайлық оқырман қазақ әдебиетіне зор қызығушылық білдіруде. Тіпті кейбір   Қытай ғалымдары Мұқағалиды түсінуге біздің біліміміз жетпейді деп мойындап, Мұқағали әлемінің тереңдігін еріксіз мойындауға мәжбүр болған. Сондықтан олар да енді қазақтың арғы-бергі ақын-жазушыларының ең үздік туындыларын 1,5 миллиард халқы бар Қытай еліне танытуға ерекше ынталы болып отыр. Қарасаз ауылындағы мә­дениет үйінде «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!» деп ата­латын жазба ақындардың республикалық жыр мүшәй­расының ақтық сыны өтті. Бұл шараны Алматы облысы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырды. Қазылар алқасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық жазушысы, ақын  Тұманбай Молдағалиев «Жыр бәйгесіне республиканың түкпір-түкпірінен 150-ден астам ақын  қатысты. Оған Оразақын Асқар, Рафаэль Ниязбеков, Есенқұл Жақыпбеков, Бауыржан Жақып, Жанарбек Әшімжан сияқты ақындардан құралған қазылар төрелік жасады. Олар іріктеп алған бүркеншік есімдегі 14 ақын бүгін жұртшылық алдында өз өлеңдерін оқиды». Жыр жарысында Болат Үсенбаев пен Жарас Сәрсекке қазақтың талантты ақыны М. Мақатаевтың жан досы  Еркін Ібітановтың отбасы тағайындаған арнайы сыйлық беріліп, әрқайсысына 150 мың теңгеден табыс етілді. Ұйымдастырушылардың 200 мың теңгелік ынталандыру сыйлығын 6 ақын алды. Сондай-ақ  3-орын алған Сәкен Иманасов пен Әбуғазы Қайырбеков 500 мың теңгеден, 2-орын алған Рысбек Дәбей мен Иран Ғайып 750 мың теңгеден және 1-орын алған Мақпал Мыса 1 миллион теңге мен арнайы дипломмен марапатталды. Ал мүшәйраның Бас жүлдесіне тігілген шетелдік автокөліктің кілтін Жүрсін Ерманға облыс әкімі Аңсар Мұсаханов келесі күні Шалкөде жайлауында өткен  салтанатты рәсімде  табыс етті. Мерейтой бағдарламасы бойынша кезекке орталық алаңда өткен «Жырлайды жүрек» атты М. Ма­қа­таевтың сөзіне жазылған әндердің мерекелік кон­церті келді. Қазақстанның атақты әншілері қатысқан кеште Мақпал Жүнісова тірі дауыста сызылта ән айтып, көрермен көзайымына айнала кетті. Мерейтойдың екінші күні той Шалкөде жайлауында жалғасын тапты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтауын Президенттің Іс басқарушысы Серік Үмбетов оқыды. «Ардақты әлеумет! Сіздерді қазақ халқының аяулы перзенттерінің бірі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Ел тәуелсіздігімен бірге Мұқағали жырлары да түлеу үстінде деп айта аламыз. Ақынның қаламынан туған шығармаларға әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлық берілді. Жыр жинақтары мен таңдамалы шығармалары жарық көруде. Мемлекет қамқорлығымен мұралары жинастырылып, мұражайы бой көтерді. Жауһар жырлары әлем тілдеріне аударылуда. Туған еліне тебірене жырлаған Мұқағали ақынның өміршең өлеңдері жас ұрпақты болашақта да отаншылдыққа, адамгершілікке баули береді деп сенемін. Бүгінгі салтанатты шараға қатысып отырған баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін. Ұлттық әдебиетіміз өркендей берсін! Той құтты болсын!»Мерейтойдың салтанатты ашылу салтанатынан соң театрландырылған қойылымдар қойылып, мерекелік Гала-концерт өтті. Түске таяу Мұқағалиға арналып ас берілген еді. Жайлауға қарай ағылған қара-құрым халықтың көші көз үйіреді. 300-ден астам қар үй тігіліп, келген қонақтардың барлығы да мәз-мейрам қалыпта жүйріктердің жарысына жол салды, – делінген құттықтау хатта. Бұдан кейін Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаевқа автокөлік кілтін тапсырып, дүйім жұртқа құттықтау сөз арнады. Бұл күні құлақ түрген жұртқа тұлпар дүбірінің дауысы айқын естіліп тұрды. Себебі ат бәйге түрлерінің көптеген түрлерінен шабандоздар бағын сынады. Райымбек ауданының шабандозы Сүбебай Азаматтың тұлпары оза шауып, аламанның бірінші бәйгесін еншіледі. Ал Алматылық «Нұр» жылқы зауытының сәйгүлігі таза қанды жылқылар арасында мәреге бірінші жетті. Сонымен қатар, топ бәйге, құнан, жорға жарыстарда Алматы облысының Жамбыл, Қаратал, Сарқан аудандары жүлдегер атанып, бір-бір автокөлікті олжалады. Бәйгемен қатар қазақша күрес, кір тасын көтеру, арқан тартыс секілді ұлттық ойындар да өз жалғасын тауып, көрермен көңілін көтерді. Жеңімпаздар құнды сыйлықтарды иеленіп, қанжығасын бір-бір майлаған бұл сайыстар тойдың көркін одан әрмен көрікті ете түскен еді. Той соңында жиын қоры­тын­дыланып, қонақтарды шығарып салумен тәмамдалды. Ардақ ҚҰЛТАЙ