ТIЛ ҚҰРЫСА – ҰЛТЫМЫЗ ДА ЖОЙЫЛАДЫ

Кiм де кiм ондай қауiп жоқ десе, ол қатты адасады. Сол қауiп мүлдем иектеп алмасын деп көкiрегi ояу, ұлттық намысы бар азаматтар жан-жүрегiн сыздатып отырып қазақ тiлiнiң тынысын кеңейтiп, мәртебесiн қайтсек биiктетемiз деп айтып та, жазып та жүр. Президент Н.Назарбаевтың «Тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын арнайы Жарлығымен бекiткенi құлшыныс туғызды.

Бағдарлама бар, бiрақ оны iске асыру жолы жеңiл болады деп айта алмасақ керек. Бүгiнгi күнге дейiн әртүрлi сылтаумен мемлекеттiк тiлге менсiнбей, адымын аттатпай, кедергi келтiрiп қысастық жасаған шенеунiктер, әртүрлi акционерлiк, қоғамдық ұйымдардың басшылары, кейбiр өзге ұлт өкiлдерi тағы да бұрынғы әуенiне басатын-баспайтынын бiлмеймiз. Демек барлық жерде тiл бағдарламасын iске асыруда қатал талап та қойылуы тиiс. Ойланып қарасақ, алдымызда қыруар шаруа тұр. Белдi буып, бiлектi сыбанып дегендей, тiл үшiн шынайы күрес басталып кеттi. Бұдан бiраз бұрын бiр жақсылық хабарды бiлiп қалдық: «Нұр Отан партиясы «Тiлге құрмет – елге құрмет» республикалық байқау жариялаған, Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына арналған. Байқау бес аталым бойынша өтiп, 22 қыркүйекте қорытындысы шығарылмақ. Бес аталым iшiндегi «Қазақ тiлiндегi БАҚтарда мемлекеттiк тiлдi тарату және насихаттауға арналған ең үздiк мақала мен телебағдарлама» дегенi маңызы үлкен, өйткенi насихаттық мәнi мен әсерлiлiгi жағынан рөлi зор екенi бәрiмiзге белгiлi. Ендеше бұл құралдарды мейлiнше тiлiмiздi сақтау, онан әрi өрiсiн кеңейту iсiне жұмылдыру аса қажет. Басқа да iс-шаралар өткiзiлуде. «Алаш үйi» және «Ғалымдар одағы» қоғамдық бiрлестiктерi «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» туралы жиын өткiздi. Оның алдында ҚР Мәдениет вице-министрi Ғ.Телебаевтың төрағалығымен 2001-2010 жылдар арасында тiлдердi қолдану мен дамыту бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындысын талқылаған жиын өттi. Тiлге байланысты қоғам, қор, департамент, тағы басқа атаулы ұйымдар көп-ақ. Халықаралық «Қазақ тiлi» қоғамы, «Мемлекеттiк тiлдi дамыту» президенттiк қоры қамқоршылық кеңесi, санаулы одақтар бар. Үкiмет, министрлiктер, әртүрлi деңгейдегi әкiмдiктер, парламент мәжiлiсi мен сенат, жер-жердегi аудандық, қалалық және облыстық мәжiлiстер жұмыс iстейдi. Солардың бәрiнде дерлiк қызметтегiлердiң басым көпшiлiгi – қазақтар. Осынша күш, қолда билiк болып тұрып ана тiлiмiздiң мәртебесiн көтере алмай, құр сөз бұйдаға салып жүргенiмiзге не күлерiңдi, не жыларыңды бiлмейсiң. Мәселе неде? Тегi төменгi буындағылар жоғарыдағы мәртебелi қызмет iстейтiндерге, билiк айтып бағдар беретiн, талап ететiн, өздерi үлгi-өнеге көрсететiн лауазымы биiк азаматтарға қарап сөзiн тыңдайды, үйренедi, оларға елiктейдi. Жұрт не көрiп жүр қазiр?! Жайлаған жемқорлық, пара алу, алдау көбiнесе көретiнi. Ондайларға мемлекеттiк тiлiңнiң қажетi де шамалы. Бұл – бiр. Министрлердi, әртүрлi агент бастықтарын, депутаттарды алыңыз. Қайсыбiрi телеарнадан көрiнсе, орыс тiлiнде сөйлесе сайрап тұрады, ал ана тiлiнде кiбiртiктеп екi сөздiң басын қоса алмай жатады. Бұл өнегелiкке жата ма? Екi деңiз. Жоғары лауазымды қызметкерлерiмiздiң жанашырлығы сол ма, құжаттар, заңдар мемлекеттiк тiлде дайындалып қабылдануы керек деген талап әлi күнге дейiн жүзеге аспай келедi. Осы мәселе жөнiнде айтылып та, жазылып та жүргенi аз емес. Түбегейлi бетбұрыс жоқ. Тiлiмiзге деген жанашырлық жоқ. Оларда намыс болмаған соң төменгiлерден не сұрайсың? Тiптi Парламенттiң өзiнде әлi күнге дейiн заңдар орыс тiлiнде дайындалады, талқыланады, қабылданады. Көрiп жүрiп ренжiмеске амалың қалмайды. Үшiншi деп қояйық. Өтетiн жиналыс көбейдi. Той-томалақтар да сол сарынға түсiп кетiп тұрады. Шетелдерден келiп-кетушiлер де аз емес. Сондай шаралар өткен кезде неге орыс тiлiнде сөйлей беремiз, өз тiлiмiз жоқ па деген күйiнiш те тумай қоймайды. Мұндай кездерде шет мемлекеттердiң басшылары, жоғары лауазымды қызметкерлерi өз тiлiнде сөйлейтiнiн көрiп жүрген соң ойландырады. Бұл төртiншi. Талап қою деген мәселе бар. Бiзде сол жетiспейдi. Әрбiрден соң талап қойып, сұрап, ырғалып-жырғалушылардың тәртiбiн қарайтын мықты, беделдi, бiлгiр мемлекеттiк мекеме де жоқ. Әрқайсысы ары тарт та берi тартпен ырғалып, тiл мәселесiне мән бере бермейдi. Бұл жерде екi мәселенi қарастыру керек деп бiлемiз: министрлiктер мен агенттiктердi мемлекеттiк тiлдi бiлетiн жанашыр азаматтар басқаруы қажет, мемлекеттiк тiл министрлiгi құрылғаны жөн. Дәл бүгiн сондай қажеттiлiктер туып отырғаны байқалады. Бесiншiге жататыны осы. Ол министрлiк бағыт-бағдар берiп қана қоймай, не iстелдi деп көңiлжықпастықпен сұрай салмай, әр мекеме, ұйым, қоғам, серiктестiк бастықтарынан бастап, әр мүшесiнiң мемлекеттiк тiлде сөйлейтiн, сөйлемейтiнiн, жазатын, жазбайтынын қадағалап, заңға сәйкес күштi талап ететiн орталыққа айналса, нәтиже бередi деген үмiт бар. Қазiргi кезде әй дейтiн әже, қой дейтiн қожа жоқ дегендей, қандай мекемеге барсаң орысшаласып жатқанын көресiң. Қазақша бiр нәрсе сұрасаң, орысша жауап аласың. Ондайда, «сен қазақсың ба?» деп қаламын. «Иә, қазақпын» дегенiн естiген соң: «Ендеше, неге қазақша сөйлемейсiң, мен қазақша сұрап тұрмын ғой» деп шарт кетемiн. «Намазды үйреткен таяқ» демекшi, қатал талап болмайынша тiлiмiздiң көсегесi көгермейдi. Демократия дегенге сүйенiп, бос сөздi көпiрткеннен ештеңе шықпайды. Соның желеуiмен Тiл туралы заңның кейбiр баптары орындалмайды екен. Оған кiнәлi мемлекеттiк орган бола ма, меншiк нысанды ұйымдар, олардың басшылары неге жауап бермейдi. Iс-шаралар орыс тiлiнде өтiп жататыны содан емес пе. Бiз мемлекеттiк тiл деймiз де, қазақ тiлi деуге жасқанатын сияқтымыз. Ендi неден қорқатынымыз түсiнiксiз. Орыстар «родной русский язык» деп қорғағанда ештеңеден тайсалмайды. Сондай намыс неге жоқ бiзде? Осы орайда, кейiнгi ұрпақтың бiлiм, мәдениет дәрежесiн өсiру барысында өзiнiң мемлекеттiк тiлiн үйренбеген, өскен соң қызметке кiрiскенде ана тiлiнде сөйлей бiлмейтiн болып шықса, ол бiр үлкен сор болады. Демек, мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында оқитындарға ерекше көңiл бөлiнуi тиiс. Бұл жөнiнде негiзгi пәндер мемлекеттiк тiлде жүргiзiлуi туралы айтылып жүрген пiкiрлер қолдау табады деп сенемiн. «Мемлекеттiк тiл туралы» арнайы заң қабылдануы керек деген талап қойылып жүр. Мен де құптаймын. Егер ондай заң қабылдана қалса, жоғарыда айтылғандар ескерiлер деп ойлаймын. «Барлық деңгейде iс қағаздары мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, мемлекеттiк тiлге басқа ешқандай тiл теңестiрiлмейдi» деген талап сол заңға кiргiзiлуi тиiс деген ұсыныс та ескерусiз қалмауы қажет. Жөнделуi тиiс мәселелер жетерлiк. Ырғалып-жырғалып жүргенiмiзде тiлiмiзге зиян келтiрiп жатқан кедергiлер дендеп енiп алды. Соның бәрi тiлiмiздiң шұбарланып бара жатқаны. Акционерлiк компания деген сөз белшесiнен батып кiрдi. Жарайды деп оған да көнсек, аттарын түсiнбей әлек боласың. Жазып алған кейбiрiн атап кетейiк: «АПК «Адал», «ФудМастер трейд», «Стресстi активтер қоры», «Агрохолдинг-Подгорный», «Kazakhstan Kagazy», тағы басқалар. Адал, қор дегенiн түсiнермiз, ал басқа атаулар не сөз? Ал ендi, тiлiмiзге кiре бере ме сол бетiмен? Жеке шаруашылық серiктестiктерi деген ұйымдар да жетерлiктей бар: «Koct Impex», «Тиман», «Прима», «Eurasta Tradинг-Company», «Milk Center LTD», «Bumm-Билль-Danu ЦА Almatы», «KC Brands Kazakhstan», «Иврус», тағы басқалар. Аталуларын кiм түсiнедi? «Skalkiyaзinc» холдингi, «Paraдон Deveгормент» ТОО дегендi де кездестiрдiк, бiрақ атын түсiне алмадық. Интернет ресурсын құратын «E-ISLAM» деген құрылыпты. Осы келтiрiлген мысалдардың өзi-ақ тiлiмiз не болап бара жатыр дегендей көңiлiңдi алаңдатады. Неге осынша бетiмен жiберiп қойдық, қазақша аттар қоюға болмады ма? Мән бермей, ақкөңiлдiк көрсетуден тiлiмiзге нұқсан келе беретiнiн неге ойламайды жоғарыдағылар?! Атаулар ғана емес, жеке сөздер де кiрiп, шұбарлап жатқанын да елемей байқамайтын сияқтымыз. Сөйлегенде презентация, продюсер, модератор, лидер, комплимент, транзит, апостиль, брифинг деген сияқты сөздердi сол түрiнде, айтылуында алып сөзiмiзге кiргiзе беремiз. Презентация сөзiнiң негiзi презент боп есептеледi. Ол деген тарту-таралғы деген мағынаны бередi екен. Продюсер сөзi негiзiнде ұйымдастырушылық мағынаны бiлдiредi. Модель – үлгi, модератор – тетiк, лидер – басшы, жетекшi, тiптi көсем, комплимент – мақтаулы қошемет, транзит – тасымалдау деген мағыналарды бередi екен. Орысша-қазақша сөздiктi қарағанымызда тапқан жауабымыз бұл. Ендеше өз тiлiмiзде айтуға болады екен. Тек бiлмегендiктен сол қалпында сыдырта беремiз. Жаңадан қосылған сөздердiң өз тiлiмiзге сай баламасын тауып енгiзуге де құлықсызбыз. Тiлiмiздiң тазалығына үлкен жанашырлық жасап, баламалар тауып, қазақи қалпында енгiзуге жан салып еңбектенген көрнектi қаламгер, аудармашы, белгiлi ғалым Iсләм Жарылғаповтың өнегесiн айта кетуiм керек осы жерде. Жазушы Өтеш Қырғызбаевтың «Сөз зергерi Iсләм Жарылғапов» деген кiтабын бiреу бiлер, бiреу бiлмес, мұнда Iсекеңнiң тiлiмiздi шұбарлануына қарсы қосқан үлесi жан-жақты таразыланған. Өткенде бiр мақаламда аз-кем айтып едiм. Iсекеңнiң тапқан сөздерiне назар аударып көрейiкшi. Оның әр сала бойынша тiлiмiзге 500-ден астам жаңа сөз қосып, орыс сөздерiнiң кiре бермеуiне күш салған. Бұрын цивилизация, резолюция, президиум, ветеран, председатель, кресло, семья, телевизор, издатель, космонавт, планета, постановка, болельщик деп жүретiн сөздердi ол – өркениет, мазмұндама, төралқа, ардагер, төраға, орынтақ, жанұя, теледидар, баспагер, ғарышкер, қойылым, жанкүйер деп қазақ тiлiне тән баламаларды ұсынды. Бiрте-бiрте бұл сөздер жымдасып кiрiгiп кеттi. Бiлетiндер кең қолданып жүр. Бұл жерде айтатын сөз түйiнi мынау: қандай бiр шет сөзi кiре бастаса, қалайда тiлiмiздiң табиғатына тән түрiн тауып алуымыз жөн. Ол ұлттық тiлiмiздiң тазалығын сақтау, жаңа сөздермен байыту үшiн керек емес деп ешкiм айтпас. Кезiнде қазақ тiлiн мақтаған орыс ғалымдары болған. Мысалы, академик С.Малов «Түркi халықтарының iшiндегi қуатты, образды тiл – қазақ тiлi, қазақтар өзiнiң шешендiгiмен де даңқты» десе, П.Мелиоранский «Қазақ тiлi түркi тiлдерiнiң iшiндегi ең таза, әрi бай тiлге жатады» деп жоғары бағалап, құрмет көрсеткен. Тазалығынан да, байлығынан да айырылып, қуаты кетер ме екен деп мазаланып жүрмiз ендi. Олардың кезiндегi небiр маржан сөздер қазiр қолданудан қалып бара жатқаны көңiлге қаяу түсiредi. Бұдан 20 жыл бұрын «Атамұра» деген атпен шыққан кiтаптың иегерi Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық пединститутының доцентi болып ұстаздық еткен ғалым, жазушы С.Кенжеахметов аталарымыздың асыл сөздерiн терiп, көрсетiп берген. Қанша сондай сөздер ұмытылып барады десеңiзшi. Үй жиһаздарының 32 түрiн атайды ол. Бәрiн бiлетiн сияқтымыз. Оның көбi қазiр жасалмауына байланысты айтыла бермейдi. Музыка аспаптарының 18-i аталады: домбыра, қобыз, шаңқобыз, қылқобыз, шертер, жетiген, дабыл, даңғыра, сыбызғы, асатаяқ, қамыс сырнай, сазсырнай, керней, үскiрiк, тастауық, ұран, желқобыз. Қобыз дегендi бiлгенмен, оның түр-түрiн кiм бiлiп жатыр?! Ол аспаптардың бәрi жасалып, орындауға қосылмаған соң ұмытыла бермей ме. Содан барып тiл байлығымыз сарқыла берiп, шет сөздерiнiң кiруiне жол ашылады. С.Кенжеахметов, сондай-ақ, қазақтың қорғаныс құралдары­ның, ұлттық тағамдарының, киiм түрлерiнiң, зергерлiк бұйымдарының, шаруашылық және тұрмыс, аңшылық құралдарының, тiптi шөп, ағаш, құс түрлерiнiң атауларына дейiн тарқатып берген. Қыруар бұл жұмысты ерiккендiктен емес, атадан қалған мұраны елiмiз ұмытпасын, тiлiмiз сарқылмасын деп iстегенiн түсiнiп, қолдана бiлуiмiз керек деген ой келедi. Тiлiмiздiң шын жанашырлары қамқор пейiлмен өзiнше үлесiн қосып жатса, кейбiреулер кегежесi керi тартып, менсiнбей қарауы былай тұрсын, даму түгiл, құрып кетсе де бүйрегi бүлк етпейтiн мiнез көрсетедi. «Жас қазақ үнi» газетiн оқып тұратын едiм. Соның 27-28 санында арынды ақын, Қазақстанға еңбегi сiңген қайраткер Аманхан Әлiмнiң «Жағымпаз Қодар мен жарапазаншы Кривинициянов не деп ұлиды» деген ашынған мақаласы елең еткiздi. Жұқалап та, жұмарлап та екеуiн сын тезiне алыпты. Текке емес. Мақаланы оқыған адам жағасын ұстауы сөзсiз. Ал менi, әсiресе, қайран қалдырған Әуезхан Қодар болды. Кривиницияновпен әңгiмелесу кезiнде «У нас появилась и процветает когорта профессиональных «плакальщиков» о казахском языке» деп бiр қояды. Сонда ана тiлiмiздiң қамы үшiн ой қозғап, ұсыныс жасап жүрген әр алуан саланың азаматтары «жылауықтар» болды ғой. Кемсiту, жала жабу деп түсiнiп, бiреу сотқа берiп қалса, не бетiн айтады? Әңгiмелерiнiң бiр тұсында ол тағы былай дептi: «Казахский язык стали внедрять «стахановскими» методами, что не могло не вызвать глубокого неприятия основной массы русскоязычных соотечественников». Аманхан мұны «Бұл жағымпаздықтың бiр түрi ғана» деген екен. Түсiнген адамға сол да жетедi. Одан әрi Қодардың «Но кичиться своей национальной принадлежностью – глупо» дегенiн қалай қабылдауымыз керек. Әлгi сөздердi оқығанда қарт жүрегiм бұлқынып, кеудемнен шығып кете жаздады. Өз ұлтына, оның тiлiне жаны ашымаған адамнан не қайыр?! Қазағының мойнына су құйып, басқа диаспора жұрты алдына жығып берiп отырған жоқ па?! Ол қазағының тiлiн жақсы бiлмейтiн де шығар. Ал қазақшаны ұмытқан, ана тiлiнде сөйлей бiлмейтiн адам қазақы рухтан ажырап, қазақтығынан кеткен деп есептелетiнiн бiлсек қой. Басқа мемлекеттерде бұл мәселе бiзден де қатты қойылуда. Мысалы, Ресей президентi Д.Медведевтiң сөзiн естiген едiк. Ресей орыс жерi, онда орыс тiлi жетекшi рөл атқаруы керек деп ой бөлiстi. Әрi орыс тiлiнiң болашағы зор екенiне сенiм артты. Ұлтына, тiлiне қамқорлықтың исi сезiлдi. Өзбекстанда ғой, қай ұлт өкiлi болмасын, өзге тiлде сөйлеуге рұқсат жоқ. Әр мемлекет өз тiлiне мәртебе берген. Сонау Түркия елiнiң бiр кезде көсемi болған Ататүрiктiң «Түрiк ұлты деген түрiк тiлi деген сөз. Түрiк тiлi – түрiк ұлтының қасиеттi қазынасы. Түрiк тiлi – түрiк халқының жүрегi, ақыл-ой» дегенi ше?! Өз халқына, оның тiлiне деген өсиеттей сөз бұл. Түрiк басшылары өздерiнде болсын, шет елдерге барсын, түрiк тiлiнде сөйлейтiнiн көрiп жүрмiз. Ол үшiн жақтырмай қарап, кiнәрат iздеу адамшылыққа жататын iс емес. Сөз соңын аса құрмет тұтқан жазушымыз Ғабит Мүсiреповтың төмендегi сөзiмен түйiндемекпiн: «Қазақ тiлi – бай тiл. Оралымды, ырғақты, теңеу, бейнелеулерi ерте туған тiл. Поэзияда Абай, Iлияс сияқты, прозадан Мұхтар сияқты алыптар туғызған тiл». Мiне, сол тiлдiң тамырына балта жүзi тиiп, солып, жоғалып кетпес үшiн күрес толастамасын. Тоқтар БЕЙIСҚҰЛОВ