Қазақшаң қалай, қазақтың Астанасы?

Астана—мемлекетіміздің бас қаласы және Отанымыздың жүрегі. Бүгінгі Астана—кешегі жасанды ассимиляцияның орталығы, Кеңестік отарлау саясатының айырықша кіндігі болған Целиноградтың келмеске кеткендігінің айғағы. Бүгінгі Астана—сан ғасырлар сарғайып күткен ата-бабаларымыздың орталық болуын көксеген ағы мол, елі дархан, серілер мекені болған Ақмоланың көсегесі көгергендігінің көрінісі. Айналасы бір ғасырдың ішінде басынан сан қилы өзгеріс кешкен Есілдің бойындағы Тәуелсіздік символы. Өз басым, алты жылдан бері осы Астана тұрғыны болғандықтан, көп нәрсеге назар аудармайды екенмін. Таяуда Астананың туған күнінде үйге ауылдан інім келді. "Вокзалдан түскен соң, қарсы алдынан  «Ассалаумағалайкум» деп, Гете көшесі, одан Лифнехте, Затаевич, Потанин сол баяғы жауыр болған неміс пен орыс аттарынан аяқ басып жүре алмайсың" дейді. Көшедегі адамдардың ортақ тілі сол орыс тілі. Содан шыдай алмай, Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазыға шағымдандым. Сонда түсінгенім, министрліктер мен мекемелердегі ешбір бақылаусыз қалған тіл басқармалардың көбінің халі кәдімгі «өгіз де өлмесін, арба да сынбасынның» кері. Мекемелерде іс құжаттарын мемлекеттік тілде жүргізу және қазақ тілі курстарын ұйымдастырумен айналысатын бұл басқармалардың көбіне жоғарыдан ақпар сұрағандарға «сүйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз» деп жауап хатты қарша боратудан-ақ қолдары босамайды. Оларың шын ба, жалған ба деп жатқан бір қазақ көрсем, көзім шықсын. Тиімді бақылау болмаған жерде тиісті нәтиже күту бекершілік. Әу баста тілдерді дамыту басқармасы деп атау беру дұрыс емес, басқа тілдерді дамытудың бізге қажеті жоқ, себебі ол тілдер тарихи Отанында бізсіз-ақ дамып жатыр.Орыс тілі Ресейде, өзбек тілі Өзбекстанда т.б. және ұлт дегенде ішкен асын жерге қоятын өз ұландары бар. Мәселен Ташкент қаласында кәріс тілін дамытамыз десең, ақылға сыйымсыз дүние. Астана қаласында қазақ тілін білу деңгейі қандай, осыған байланысты қандай шаралар атқарылуы керек деген сауалыңызға жауап үшін іліп алар дерек таппайсыз. Жалаң сөз, жалпылама нұсқау. Меніңше, бұл істе басты қателігіміз, ұлттық маңызды істі жалаң ұранмен атүсті, келе-келе жоғарыдағыларға тек көзбояушылықпен айналысып, көзалдайтын ақпарат жөнелту, есеп беру құралына айналдырып жіберуімізде. Ең өкініштісі, осы сорақы үрдістің әлі сеңі сөгілер емес. Айталық, жыл сайын едеуір көлемде қазақ тіліне бөлініп келген қаражат қайда жұмсалды? Мақсатты жұмсалды ма, желге ұшты ма, жоқ әлде кешегі Ерден Қажыбек сияқтылар талан-таражға ұшыратты ма? Мұны нақты ешкім білмейді. Парламент пен Үкіметте де бір адам айта алмайды. Білмеген соң күдік келтірілуі де заңды. Ал оның басын ашып, орын-орынына қойып, бақылап отыратын құзыретті орган құрылмаған. Аты бар, заты жоқ комиссия «ҚР Үкіметі жанындағы» деп аталатын Мемтерминкомның Тіл комитетін сағалап, әлі күнге штабсыз жүргенін жұрттың көбі білмейді. Жұмысы қоғамдық негізде. Мүйізі қарағайдай комиссия мүшелері 2-3 айда бір жиналады. Онда да барлығы толық қатынаспайды. Адам баласына еш пайдасы жоқ, құр бос әңгіме айтылады. Демек, күнделікті жұмыстары онсыз да бастарынан асып жатқан бұл комитеттің де, комиссия мүшелерінің де бүгінгі таңда Мемтерминкомнан талап етіліп отырған сан-салалы орасан жұмыс көлемін атқаруға мүлде мұршасы да келе бермесі анық. Ұлттық тіліміздің мұңын жоқтаған сайын, өліп бара жатқан дәрменсіз жанның кейпін көз алдыңа елестетеді. Қайбір жылдары батпаққа белшесінен батса, енді қылқиған мойны, жұп-жұмыр басы ғана көрінеді. Көмек сұрап жандәрмен айқайлайын десе, тілін ешкім түсінбейді. Өз шаңырағында өзі қожалық жасай алмай, босағада қалған адамның кейпін кешеміз. Тарихымызға бір үңілсек, толып жатқан қателіктер, асыра сілтеушіліктер мен әділетсіздіктерді жиі айтып жатырмыз. Кез-келген ұлттың дамуында, өсіп-өркендеуінде ел болуында оқыған зиялылардың, яғни ұлттық интеллигенция өкілдерінің атқарар ролі орасан зор. Олар қай заманда болмасын, әрқашан халыққа төніп келе жатқан қауіп-қатерді алдымен байқаған, болжап отырған.  Өз ұлтына әділетсіздік, зорлық-зомбылық жасалса, шырылдап ара түскен. Зиялы қауым өкілдері, оның ішінде әсіресе ақын-жазушылар елдің ертеңі үшін қызмет еткен. Бұл әсіресе, бүгінгі жаһандану заманында мың құбылып тұрған таңда айрықша маңызды. Өйткені, Батыс пен Шығыс елдерін байланыстырып отырған біздің ел үшін аса өзекті. Биылғы Ислам конференциясына төрағалықты пайдаланып, еліміздегі діни бірлестіктерді азайту абзал. Қаншама егеменді ел болдық деп, бөркімізді аспанға атқанымызбен қазақ ұлтының жағдайы әлі де мәз емес. Өз тілін мемлекеттік тіл деп ресми түрде жариялап, Ата заңмен бекітіп, бірақ оны қолданысқа енгізе алмай, билікке орындата алмай жүрген дүниежүзіндегі жалғыз мемлекет—ол біздің Қазақстан. «Жығылғанға жұдырық» демекші, енді бала бақшадан бастап, жоғарғы оқу орнына дейін ағылшын тілін үйрету етек алып барады. Үш тұғырлы тілге өтеміз дейді сенатор Ғани Қасымов, депутат Мұрат Әбенов латын әріпіне өту керек десе, ал депутат Владимир Нехорошев бәрібір «қазақстандық» боламыз дейді. Әйтеуір Крыловтың сауысқан, шортан,  есекарбасы болып жүрмесін. Кеңес одағы тұсында бәрін саясат шешетін, қазір бәрін ақша шешеді. Қомақты қаржы, ақша кімнің қолында болса, соның мерейі үстем, соның сөзі сөз. Соның тілі—тіл. Қомақты қаржысы бар адам, кез келген адамды жанын тәнімен қосып, ойланбастан сатып алады. Мұның алғашқы көріністерін осы Алматы мен Астанада аяқ басқан сайын кездестіруге болады. Мұндай жағдайда сайраған тілі ғана бар, бірақ қалтасында көк тиыны жоқ қазақ көшеге шығып «қазақша сөйлеңдер» деп қанша айқайлағанымен түк бітіре алмайды. Тіпті, әкесінің аты «Нағашыбай» болғанына қарамастан, «Николаевич» деп өзгертіп, төлқұжатына жаздырып алған қазақтарды өз басым талайын кездестірдім. Астанада туып өскен көрші қазақ қыздан "ру, жүзің кім? десем, «Что такое ру, жуз, а все поняла я козерог» дегені бар. Бір қазақтың төлқұжатындағы атын  «Телекабель», деп жазып қойыпты, сүйтсем аты «Тілеуқабыл» екен. Орыстар әдейі бұрмалаған жер, су адам аттары шаш етектен. Жуырда сыйлы қонақпен Астанадағы қазақ театрына барған едім, басым көпшілігі қазақ тілін жүнін жұлған тауықтай быт-шытын шығарып сөйлейтіндер. Тілдік орта қалыптаспаған. Қазақ тіліндегі «ң», «ө», «ұ» мүлдем қолданылмайды. Орыс театрында орысша білмейтін адамды актер етіп жұмысқа қабылдау ешкімнің өңі түгілі, түсіне де кірмейді. Театрдан шығып тамақтануға ағылшынша «Rixos» деп жазылған жаңбырдан кейінгі бәйшешектей қаптап кеткен мейрамханалардың біріне кірдік. Ас мәзірі ағылшынша, орысша тіпті, түрікше жазылған, ал қазақшасы жоқ. Бұл Астана ма? әлде Лондон, Мәскеу, Анкара ма? Қызмет көрсететіндердің дені өзіміздің қаракөздер. Ашуланып, мейрамханадан шығып кеттім. Өз Отанымда жүргеніме еш ұқсамайды, өкінішті-ақ. Жиырма жылда жеткен жеріміз осындай. Теледидарды көрсең, өте керемет дамып жатырмыз, көшеге шықсаң, баяғы сол жартас. Сондай-ақ қазақ тілін үйретуде Білім және ғылым министрлігінің мол әлеуетіне арқа сүйеп, Франция,Үндістан, АҚШ, Малайзия т.б. көптілді елдердегі тілдерді меңгерудің әлемдік тәжірибелерін тіл басқармаларына ұсынып отырудың пайдасы зор. Бұл үшін оларды заманауи білімді терең меңгерген әдіскер мамандармен, тіл үйретуші оқытушылармен толықтыру кезек күттірмейтін мәселе.

Жұмамұрат  Шәмші

тарих  ғылымдарының кандидаты