Өскемен әкіміне өзге ел де орден тақты

Ислам

Өндірісті Өскеменнің өңін кіргізіп, өзгерген өскелең қалаға айналдырған әкім Ислам Әбішевтің еңбегі ел ықыласына бөленуде. Елбасы саясатын ел игілігіне айналдыруда аянбай еңбек етіп жатқан Ислам Әлмаханұлы шырайлы шығыс ордасын «Нұрлы көштің» қонысына айналдырудағы қайраты да ерекше. Оның бұл еңбегі елеусіз қалмай, Монғол Халық Республикасы Президентінің атынан Баян-Өлгей аумағының Мемлекеттік қауіпсіздік департаментінің бастығы Көкен Нұрдиханұлы патриоттығы үшін Орден тапсырды.

Марапат барысында Көкен Нұрдиханұлы қала әкімінің Отанына оралған қандастарымыздың қамын ойлап, «Нұрлы көш» ауылының бой көтеруіндегі зор еңбегін атап өтті.

«Бұл – тек қана менің емес, қалалықтардың татулық пен ынтымақтың арқасында қол жеткізген қажырлы еңбектерінің айқын көрінісі. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың саралы саясатының арқасында «Нұрлы көш» бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Сондықтан, мен тек өз міндетімді атқардым деп білемін. Дегенмен, менің қызметіме оң баға беріп, атап жатқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін,» - деді И.Ә. Әбішев.

Марапат барысында «Нұрлы көш» ауылының тұрғындары басты мәселе – баспанаға баса назар аударып, басқа да түрлі мәселерін жедел шешіп беріп жүргені үшін қала әкіміне жүрекжарды алғыстарын білдірді.

Сапар ӘЛІ