ҚОРҒАЛЖЫН ҚОРЫҒЫНДАҒЫ ҚАУЫШУ

11 маусым күні елімізге салмақты ойымен танылып жүрген журналистер Қорғалжын қорығының жұмыстарымен танысып, табиғатты қорғап әрі таза ұстай отырып демалудың үлгісін көрсетіп қайтты. Жаз шығып, айнала жасыл желекке оранғандағы қорықтың көрінісі тым бөлек екен. Бәрінен бұрын иісі мұрын үйірген дала жусанын айтсаңшы. Адам баласының табиғат атты тылсыммен жалғасқан тамыры үзіліп бара жатқан шақта жиналған қауым өкілдері алдарынан күтіп алған қорық директорынан жаратылыс құдіреті, табиғаттың мүлтіксіз заңдылықтары жайлы сан сырға қаныға түсті. Бүгінгі таңда ақпарат майданындағы теледидар және газет журналистерінің қатары, қолына пернетақта ұстаған ғаламтор жжурналистерімен толыққаны жасырын емес. Сондықтан болар ортадағы әңгіме табиғатты аялаудың тың ұсыныстарымен толығып, жарасым тапты. Қолда бар қазынаның базынасын білмеген халықпыз ғой. Ақмола облысының солтүстік-батысына қарай орналасқан Қорғалжын қорығының өз кереметі айтып та, жазып та тауысарлық емес. Ең маңыздысы дүниежүзі ғалымдарының дәлелдеуі бойынша құс жолының екі торабы түйісетіндігімен ерекшеленеді екен. Содан болар, Қорғалжын қорығы қорғауындағы құстардың сан алуандығы көз тартады, яғни 347 құстың түрлері кездеседі. Табиғаттың тылсым құпияларымен таныса отырып, адамның табиғаттан алшақтап бара жатқанына көз жеткіздім. Сол үшін жастарды қалада қамап қоймай, табиғатқа шығарып, адам табиғаттың бір бөлшегі екенін түсіндіріп отыру керек сияқты. Сонда табиғатпен байланысын үзбеген жастар табиғатты да күтіп, қорғар еді. Табиғатты қорғаушылардың қонақжайлылығы бізді таң-тамаша қалдырды. Қорғалжын мемлекеттік қорығының директоры Айтжанов Мұрат ағамыз, жас келді демей өзі бастап қорықты аралатып, Теңіз көлін моторлы қайығымен көрсетіп жүруі, әрбір тас пен шөбінің, өзен мен көлінің, сай мен саласының тарихымен таныстырғанда дала акдемигі ма дерсің. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің тың бастамасымен өткен табиғатты қорғау әрі онымен танысу іс-шарасы одан әрі жалғасын табар деген үміттеміз. Нұрбол Байымбетов Астана қ.