Қазақшаң қалай, Қызылорда?

кызылордаҚазір қандастарымыз Ана тіліміздің бүгінгі мен ертеңі туралы аз айтып жатқан жоқ. Олар өз сөздерінде, баспасөз беттерінде, радио-теледидар­ларда жер бетіндегі ең бай, ең шырайлы да шұрайлы тілдердің бірі-қазақ тілінің өз еліміздегі мүшкіл халі жайлы айтып та жазып та шырылдайды. Көршілес елдер арасында оларға ұятты екенімізді айтып,беттерін шымшиды.. «Қазақтар неге қазақша білмейді. Біз,қазақ елінде жасап жатыр емеспіз бе? Неге мемлекеттік тілді сыйламаймыз? Неге бәріміз сол тілде сөйлемейміз» деп ақ тер, қара тер болып күйінеді. Ал ақиқатында да олардың айтқандары құлақ қоймайтындай сөз бе? Міне, біз, Алаштың алғашқы астанасы – Қызылордадамыз. Мұнда әсем де, әдемі көшелер іздесең табылады. Солардың бірі –атақты сатирик, қырғи тілді ақын Асқар Тоқмағамбетов атындағы көше.. Аталмыш көшенің бас жағында тұрған Асқар ағаның ескерткіші және оның атындағы мәдениет үйі қаланың көркіне көрік,сәніне- сән қосып тұрғандай.Әсіресе,осы көше бойындағы жағалай қаз-қатар салынған көп қабатты үйлер және оның етегіне жармасқан әртүрлі шаштараз, дүкен, мейрамхана және дәмхана сияқты егіз қозыдай нысандар көше келбетін ашып, көріктендіре түскендей. Бұндай келбеті келісті көшені көргенде Асқар ағаның аруағы да риза шығар деп ойлаймыз. Жә,енді бұл көшенің көркін, сұлулығын айтып тамсана- бермей-ақ қоялық. Ол жағы дүйім елге мақтан етерліктей ғой,сірә.. Енді осы көшенің бойындағы әңгімеміздің бас жағында басталған мемлекеттік мәселесіне келейік. Мұнда ашығын, нақ айтсақ билбордтарды айтпағанда, мемлекеттік тілдің жағдайы меншік нысандарында көңілдегідей деу артықтау болар. Қатар-қатар орналасқан олардың қай-қайсысының да маңдайшасына назар салсаңыз да жөні түзу сөзді таба қоюың әй,қайдам,қиындау шығар.Кілең орысша –қазақша қойырт­пақ.Тіпті шетелше жазуларда жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай күннен күнге,жылдан жылға көбейіп келеді. Мәселен, «Дүкен Гульнур магазин» немесе «Зергерлік дүкен Изумруд ювелирный магазин»,«Киім дүкен Дюран магазин»т.б. жазуларды оқып не ұғасыз?. Бұл сөздердің жазылуы қазақша, не орысша дұрыс емес. Дұрысы «Ювелирный магазин Изумруд зергерлік дүкені». «Магазин Дюран киім дүкені» болмай ма? Сонда қазақшамыздың да, орысшамыздың да жөні түзу болады ғой. Егер осыларды Асқар ағамыз тіріліп келіп,осы өзі атындағы көшедегі осындай сауатсыз ілінген ақпараттарды көрер болса «Оу, жыр елі бұларың қалай? Мұндай да шала-шарпы жазулар бола ма екен, ұят емес пе?»-деп шошып кетер еді-ау?.Сөйтіп , қолына дереу қалам алып, «Дейді екенде дейді екен, мен кеткелі бұл елден қазақ тілі сорлы екен» деп бір сықақ өлеңді дүниеге әкелері сөзсіз.. Біз осы көшедегі орналасқан меншік нысандарының иелері­мен сөйлесіп қарасақ, олардың да айтар уәждері бар. «Бізге келіп, ақыл - кеңес берушілер «мемлекеттік тілде сол жағына, орыс тілінде оң жағына жазыңыздар» дейді. Сондықтан да біз осылай жазып, маңдайшаны осылай ілдіріп қойдық» -деді бізге. Жөн-ақ. Жоғарыдан тапсырма, көрсетпе осылай берілсе, орындамасқа құқың тағы жоқ. Оның үстіне «Тіл туралы» заңда солай көрсетілген болса не шара? Дәлел керек пе, міне. «Көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мынадай ретпен мемлекеттік тілде сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады». ҚР-ның «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» заңының деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі деген 21 бабында осылай жазылған. Қызылорда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының мамандары мекемелерге-ұжым­дарға тексеру-бақылау жүргізгенде осыны басшылыққа алады.Сон­дықтан осы Заң талаптарын бұзған нысандардың иелеріне жою жөнінде осындай міндеттеулер береді. Әрі оның орындалуы жөнінде тіпті үлгісінде ұсынады. Кінәлі лауазымды адамдарға тәртіптік жазалау қолданатыны туралы да ескертіледі. Бұл құптарлық іс. Ендеше басқарма тарапынан берілген «Үлгі»не дейді екен? 1.Құрғақ тазалау орталығы ПРЕСТИЖ Центр сухой чистки одежды «Үлгілер» осылай кете береді. Қалада қазір 400 ге жақын көше бар. Солардағы нысандардың бәріне осындай көрсетпе берсек қазақ тілінің көсегесі мағынасыз шала жазумен көгере қоярма екен? Біздіңше мұндай үлгі - көрсетпе бергеннен гөрі неге тек бір тілде тек қазақ тілінде ұсыныныс етпейміз. Орыс тілін қоспасақ бізді біреу желкемізден түйіп, орға итере ме? Көршілес Өзбекстанға бар, орыс тілінің қарасын көрмейсіз. Ал біз сонда кімге жалтақтаймыз? Мәселен «Қорқыт Ата атын­дағы Қызылорда мемлекет­тік уни­верситеті», «Ақмешіт техни­калық- гуманитарлық инсти­туты» т.б. сияқты етіп, нысан­дардың төбесіне, не маңдайшасына әрбір ұжымның атын қазақша бадырайтып жазып қойсақ, ешкім бізге бұларың қалай заңға томпақ емес пе демейтін шығар. Сол кезде өзімізді Қазақстанда, қазақ елінде жүргендей сезінер едік – ау. Ал қазір қайда барсаң да алдыңнан орысша тіпті шетелдік жазулардан аяқ алып жүре алмайтын болдық.Бұған жиырма жылдан бері етіміз де үйреніп бара ма, қалай? Осылай кете береміз бе сонда? Қызылорда облысы республикада бірінші болып, мемлекеттік тілде іс- қағаздарын жүргізуге көшкен аймақ деп жұрт алдында, жиындарда мақтанғанда кеудемізге нан піседі. Іс жүзінде кешегі кеңес одағында жасап жатқандаймыз.Бірсыпыра қазақ азаматтарымыз екі тілді араластырып сөйлегенде не айтып тұрғанына түсінбейсің.Басқа жерде емес,осы Қызылорда да.Оларға мұның ұят емес пе деп жатқан басшыларды да көре алмай жүрміз. Сондай-ақ,Қызылорда қаласындағы көп мекемелерге кірсең,не көшеде сөйлесіп тұрған кейбір қазақтардың / көбісі әйел-қыздар/ екі сөзінің біріне орысша араластырып , сайрап тұрғанын көргенде «Қайнайды қаның, ашиды миың» (Абай). Әрине, жек көргендіктен емес намыс үшін, ұлт үшін жанымыз ашығандықтан. Осындай немкеттіліктің салдарынан ұлт аралық қатынас – орыс тілінен әлі арылатын түріміз жоқ. Бұл жөнінде Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының 2007 жылғы сессиясында сөйлеген сөзінде : «Аюға намаз үйреткен таяқ емес пе?» деп қаттырақ тіс батыра сөйледі. Бұл әсіресе,ана тілін білмейтін қандастарымыз үшін аз сөз емес. Қазақ тілі жайлы әсіресе, әлемге әйгілі ақын Мұхтар Шаханов ағамыз азаматтық танытып, айтқанынан қайтпай қай жерде де жең түрініп жүр. Басқалары да баршылық. Бірақ, олар саусақпен санарлықтай. Қалғандарымыз «Сен тимесең мен тимейін бадырақ көз» болып бұғып жүрміз.Арасында «қазақша білмесекте осы кезге дейін өлген жоқпыз ғой» дейтін «данышпандар» жетерлік. Міне, осындайлардың салдарынан еліміз егемендік алғалы Ана тіліміз төрден нық орын ала алмай келеді. Ресми тіл – орыс тілі қатпалдап әлі шауып жүр. Осы жерде тағы бір айта кететін нәрсе соңғы уақыттары облыстық тіл басқармасындағылар жоғарыдай нұсқауларға да мұң болып отыр.Жеке кәсіпкерлердің есігін ашып, ішке кіріп барсаң болды, «бізді тексеріп жатыр» деп айғай-шу көтеретін де болыпты.Тіл туралы заңыңды керекте етпейтін құсайды.Мұндайларға тоқтам беретін прокуратурадағылар «тексеріп нелерің бар,болмайды.Тек ақыл-кеңестеріңді айтыңдар,көрсете беріңдер»дейді екен.Қашанға тегін ақылды айта бересін бұларға. Қазақта «Көрмес түйені де көрмес» деген мақал бар. Сол айтқандай-ақ тілге тиек етерлік жақсы жақтарымыз да құдайға шүкір баршылық. Жылдан жылға қазақ тілінің адымы ашылып, өрісі өрге тартып келеді ғой. Десекте, оған көңіліміз толмайды.Себебі өз еліміздегі тоғыз миллион қандастарымыздың қақ жарымы өз ана тілін білмейді? Сонда біздің келешегіміз не болмақ.Осылай кете береміз бе? Бүгінгі ұрпақтарымыздың тағдыры ертең не болады? Осыны ойлағанда шырт ұйқымыз түнде шайдай ашылады. Тіл туралы гәпті қайта - қайта ақылмансып, айта беруге болады. Алайда ділмәрси бергеннен не пайда? Қабырғамызды қайыстыратыны қаймағы бұзыл­маған қалың қазақ жай­лас­қан Қызылордада қазақ тілінің жүз пайыз кең өріс ала алмай тұрғаны. Сонша көшесі бар ескі шаһардағы көрнекі ақпараттардың сыйқы жоғарыдағы айтқан Асқар Тоқмағамбетов атындағы көшедей болса, өзгелері жайлы не деуге болады.Аржағын қазбалап айтпай-ақ қояйық. Сондықтан қаламызға келген қонақтар « Атам қазақ туын тіккен Қызылордада қазақ тілінің ахуалы осылай болса...» деп миығынан күлсе, Сырдың суын ішіп, күрішін жеп отырған бізге де оңай тимес-ау, сірә? «Мешкей» деген ат кімге жақсы дейсің?.Сол үшін шаһар басшылары «Жұмыс - жұмыс» деп шауып жүре бермей, бір сәт қаланың қазақшасына көңіл бөлсе ,нұр үстіне нұр болар еді – ау?! Ізмұрат ҚҰРБАНБАЕВ