«КТК» Қаражорғаны «қатырып» жүр

кара жорга«КТК»телеарнасынан әр жексенбі берілетін «Қаражорға» бағдарламасы аталмыш биімізге қиянат жасап келеді. Олар керемет тартымдылыққа ие, ешқандай басқа биге ұқсамайтын «Қаражорғамызды»табиғатынан айырып, өзбекше ме, татарша ма бір нәрсеге айналдырып жібергенін көріп жүрміз. «КТК»телеарнасы «Астарлы ақиқат», «Мәссаған» сияқты жақсы қазақша бағдарламаларын көгілдір экрандарына шығарып, жұрттың жүрегін жаулай бастағанын жоққа шығара алмаймыз. Өкінішке орай, «Наша казаша», «Қыз қылығы» сияқты ұлтымыздың тілі мен салт-дәстүрін келекелейтін, қаракөз қыздарымызды дарақы, намыссыз қылып көрсететін бағдарламалары күннен-күнге көбейіп барады. Ал осындай бағдарламалардың бірі «Қаражорға» бағдарламасы биді бұрмалап, елді адастыра бастады. Соның әсерінен бе, елімізде көп санды халық той-томалақ, мерекелерде бұл биге мүлдем ұқсамайтын, қайсыбір ұлттың биіне келетін биді билеп жүр. Заманауи бимен қоса өзбек, үнді, түрік билерін билегенде түбін түсіретін халқымыздың аталмыш биге буындары немесе икемдері келмейді емес, келеді. Бар мәселе, осы «Қаражорғаны» «КТК» сияқты арналармен сауатсыз бишілердің елге мүлде қате үйретуінде болып отыр. «Қаражорға» дегеніміз қызбен жігіт қазақы киім киіп, әсем әуеннің ырғағымен иықтарын қозғалтып, сонымен қатар қолдарын белгілі форма жасап ырғалтып, шалқайып, еңкейіп билейтін өзгеше би. Ол жылқының су төгілмес жорғасын көзге елестетіп, ат жалында өскен қазақ баласының делебесін қоздырып, ерекше эстетикалық әсер бағыштайтын құдыреттілікке ие. Ал сөз болған бағдарламадағылар бұл бидің бірінші кезекте әдемі әуенін өзгертіп, «өзіндік стилдегі» әуен жасап алыпты. Әні Н.Еспановтікі,Сөзі Б.Дәуренбековтікі екен. Ал билеу барысында иықтарын мүлде қозғалтпай, қолдарымен өзбекше толқын жасап, қызқууға ұқсаған секеңдеген қимылдарын бидің «жаңалығы» етіп қосыпты. Олардың дәстүрлі биімізді үгіттегені құптарлық игі іс. Алайда бидің әуенімен сипатын өзгертуі мүлде ақылға қонымсыз жағдай екені анық. Мұндай құқықты кім беріп отыр оларға? Қортып айтқанда, ата-бабамыздан мұра болып бүгінге жеткен «Қаражорға» биінің әдемі қалпын бұзуға әлдекімдер кірісіп кеткен сияқты. Былтыр әсіре діншіл біреу «бұл би адамның нәпсісін қоздырып, жастарды жаман жолға бастайды. Өйткені қызбен жігіт би барысында бір-біріне денелерін тигізеді» деп даурыққаны баршамызға аян. Әлі де болса осындай төл жәдігерлерімізге «тасада тұрып оқ атушылар» баршылық. Сондықтан әрқандай ұлттың биінен артық болмаса, бір мысқал кем емес асыл биімізді нәрсіз қойыртпаққа айналдырмай, өзінің тәбиғи жаратылысымен билеуге тырысайық ағайын. Өйтпегенде уақыт өте келе, биімізді өзбек, түрік сияқты ұлттардың билерінің табанына салып беруіміз бек мүмкін. О.ШаманОВ