Оспан батырдың дүниеден өткеніне 60 жыл

1212Оспан батыр Сіләмұлы (1899-1951 жж.) Өр Алтайдағы ұлт азаттық көтерілісінің әйгілі қолбасшысы. Ұлт рухына жоқшы болған даланың соңғы нояны. Оның ерлігі қазіргі Шығыс Түркістан аталатын ежелгі түркі даласын жат табанынан қорғау жолындағы елі мен жері үшін бел шешпей күрескен қайтпас қаһармандығымен аңызға айналған. 1930-1940 жылдардан басталған Өр Алтайдағы ұлт азаттық қозғалысына жетекшілік еткен ол бір жағы Кеңес одағы, енді бір жағы Моңғолиямен шектесетін Алтай даласында отарлаушы Қытай билігіне қарсы қанды соғыс жасаған. 1951 жылы 19 ақпан күні Қытайдың Гансу өлкесінің Хайзы деген жерінде қытай коммунистері жағынан қолға түскен батыр сол жылдың 29 сәуірінде Үрімжі қаласында өлімге өкім етілді. Үстіміздегі жылдың 29 сәуірінде батырдың арамыздан кеткеніне 60 жыл толып отыр. Осыған орай Алматы қаласында Оспан батыр рухына арналған арнайы ас ұйымдастырылмақшы.  Батырдың рухына арналған ас 29 сәуірде "Түркістан-Ислам" мәдениет орталығында өткелі отыр.