Үйі жоқтың-күйі жоқ

Баспана мәселесін сөз еткенде, жүрегі сыздамайтын адам жоқ шығар. Тәуелсіздігімізді алып, қарыштап, дамып келе жатсақ та, осы бір маңызды мәселенің шешімі табылмай-ақ қойды. Уақыт өткен сайын халық санының өсуі тұрғын үй, жұмыс, әлеуметтік меселелерді айтарлықтай қиындатып жібергені белгілі. Әсіресе, жұмыс іздеп, қалаға «қаңғырып» келген жастардың баспанаға қол жеткізуі ең өткір мәселеге айналды. Жастар ғана емес, баспанадан үлкеннің де үміті үзілуге таяу. Баспаналы боламыз деген үмітпен, бірнеше жыл бұрын кезекке тұрған талай азаматтың қолы әлі күнге ештемеге жетпеген. Актобе-ажары

Басында өзіне тиесілі баспанасы жоқ, бала-шағасымен арлы-берлі сандалған қазақтардың қаланың шеткі бөлігінен арзанырақ пәтер жалдап күн кешуіне тура келеді. Осылай өлместің күнін кешіп отырған жандардың алған жалақысының тең жартысы пәтерге төленеді. Қалалы жердігі тұрғын үй бағасы шырқап тұрғаны мынау. Елімізде халық көп қоныстанған Астана, Алматы қалаларындағы пәтер бағасы тіптен жоғары. Оның үстіне осы жылдың қаңтар айынан бастап, тұрғын үй бағасының 0,6 % -ке өскені белгілі болды. Жаңа салынған үйдің 1 кв.м 138 594 теңгені құраған. Мұндай бағадағы пәтерді алуға кез келген адамның қалтасы көтермесі анық. Баспана– керек кезінде, сатып ала салатындай оңай нәрсе емес. Бұл біздің елдегі ең қымбат әрі ең керек дүниелердің қатарында. Бүгінгідей қиын-қыстау заманда қарапайым халықтың көбі отыз-қырық мың айлыққа жұмыс істеп жүргендерін ескерсек, шаршы метрі мың АҚШ доллары (Астанада) тұратын пәтерлерді қолма-қол сатып алу, әрине, қол жетпес арман ғана. Жаңа жылдың алдында баспана бағасы тағы өскенін естіген халық, баспанадан үмітін үзгендей. Үмітін үзбеске амал бар ма, күнделікті тапқан ашқасын тынрнақтап жиғанның өзінде он-онбес жылдың көлемінде үй алуға қайдан шамасы келсін. Еліміздегі статистика мәліметтерінің пікірінше үйлерді алып сату – 0,5%-дан, көркейтілген тұрғын үйлерді жалға беру – 0,4%-ға жоғарылаған. Басананың қымбаттауына орай оның сатылымы да төмендеген. 2010 жылғы желтоқсанда тұрғын үйді сатып алу-сатудың тіркелген мәмілелерінің саны 11 768 құрап, қарашамен салыстырғанда 10,5%-ға кеміді. Ал 2011 жылғы қаңтарда тұрғын үйді сатып алу-сатудың тіркелген мәмілелерінің саны 9 207 құрады, және өткен аймен салыстырғанда 21,8%-ға кеміген. Бағаның көтерілуіне құрылыс заттарының қымбаттауы да үлкен әсер етіп отырғаны да даусыз. 2010 жылғы қарашада оның алдындағы аймен салыстырғанда жаңа тұрғын үйді сату бағасы 0,4%, көркейтілген тұрғын үйді алып сату – 0,5%, жалға беру – 0,7%, көркейтілмеген тұрғын үйді алып сату – 0,8%-ға өскен. 2011жылда баспана басағасын шарықтатып жіберген. Осылай жыл сайын баспана бағасын шарықтата беретін болса, қарапайым халықтың жағдайы не болмақ? Онымен қоса, мемлекет тарапынан жасалған «Тұрғын үй бағдарламасын» іске асыру барысында, заңдардың шалалығынан үлкен қалалардың, әсіресе Алматы, Астана қалаларының тұрғындары көп әлекке түскені белгілі. Соның салдарынан елімізде тұрғын үй мәселесіне қатысты біршама даулы оқиғалардың орын алып жатқандығы да жасырын емес. Соның бірі әлі салынып бітпеген үйлердің кезегіне тұрған үлескерлер мәселесі. Белгіленген уақытында салынып бітпеген тұрғын үй кешені, үлескерлердің тиесілі пәтерлерін ала алмай жүргеніне көп жылдар өткен. Ірі құрылыс компаниялары қаржы тапшылығына байланысты тұрғын үй кешені құрылыстарын тоқтатқан. Бітпей қалған үйлерді «Самрұқ-Қазына» әл-ауқат қоры қаржыландыратын болып шешкенмен, оның да үлескерлер үшін қуантарлықтай ешқандай жаңалығы болмады. Баспана әлегімен басы қатқан жанұялар барар жерлері болмай, пәтер жалдап немесе жертөлелерді паналап, қиын күн кешуде. Тиесілі пәтеріне қол жеткізе алмаған үлескерлер өздеріне қол жұмсап, көз жұмған жағлайлар жиі кездесуде. Жақында үміті үзілген он жеті үлескердің өздеріне қол жұмсағаны белгілі болды. Үлескерлер мен ипотеканы пайдаланғандардың арасында не үйлерін, не ақшаларын қайтара алмай жүргендер әлі де биліктегілердің есігін тоздыруда. Бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқтың қасы. Зәулім сарайда тұрып, биліктің тізгінін ұстап отырғандар, үйсіздің жағдайын қайдан түсінсін. Мәселен, біздің елде ипотекамен үй алу үшін бастапқы жарна мөлшері пәтер құнының 30 пайызын құраса, несиенің жылдық белгіленген ставкасы 16-18 пайыз. Бұл отыз пайызды жинауға кез келген кісінің қалтасы көтермейді. Ал оны рәсімдеген соң белгіленген жылдық ставканы ай сайын өтеуге ешкімнің де шамасы келмейді және бірнеше жылдар бойы төлеу өте қиын-ақ. Осы орайда, баспанаға ипотекалық несиемен қол жеткізуде көптеген жеңілдіктер қарастырып, орташа жалақымен ала-алатындай жағдай қарастырса, көптеген баспасыз жүрген азаматтарымыздың жағдайы біршама жақсарып қалар еді. Негізінен алғанда мемлекет әлеуметтік көмекті бірінші кезекте тұрғын үйден бастауы керек. Жаңадан отау тіккен жастарға тұрғын үйді жеңілдікпен беру үшін дүниеге бір бала әкелсе, 25 пайыз қысқартып, ал екіншісі дүниеге келгенде, 50 пайыз қысқарту керек. Сонда отбасында әр балаға 25 пайыз қысқартып отырса, барлық қарыздарынан құтылып қалар еді. Сонда ғана еліміздің демографиялық ахуалы ретке келер ме еді, кім білсін?! Әр отбасында төрт баладан болса, халқымыздың үлес саны ұлғайып, мемлекетімізге жастардың демографиялық үлес қосқаны айқын көрінер еді. Әттең-әттең, әзірге бізде мұндай мүмкіншілік болмай отыр. Дегенмен билік басындағы азаматтар, осы мәселені ескеріп, қолға алса, еліміздің ертеңі жарқын болары сөзсіз. Онымен қоса, баспанасыздық — қазақтың басындағы айықпайтын дертке айналғандай. Екі-үш үйі бар адамдар қалауын тауып тегін пәтердің төртіншісін алып жатқандар да аз емес. Ал қарапайым халық жиырма жыл бойы кезекте тұрып, жалғыз пәтерге де қол жеткізе алмай келеді. Сол үшін бұл салаға халықтық бақылау орнату керек секілді. Өйткені, онсызда халық қалай күн көрерін білмей дал болуда. Бір жағынан, еліміздегі қымбатшылық мәселесі қысқан сайын баспанасыз жүргендердің одан бетер берекесі кетті деуге болады. Өйткені, осы уақытқа дейін пәтер аламыз деп тірнектеп жиып-теріп жүргендері қымбатшылық көмейіне түсіп кете ме деген қауіп те бар. Қымбатшылыққа тұсау қоя аламыз ба, жоқ па, қарапайым жұрт осыған алаңдаулы. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысына жұмсалатын материалдарды өзімізде өндірсе, тұрғын үй арзанырақ әрі жұмыс орындары ашылып, біршама азаматтар жұмысқа орналасар еді. Сол сияқты құрылыстың сапалылығын қатаң қадағалауымыз керек. Өйткені, бүгінде салынған үйлердің біршамасы жарамсыз яғни көз бояушылық. Осындай көптеген келеңсіз мәселер өз шешімін тауып жатса, халық игілі үшін жасалған үлкен бір іс болар еді. Әр жанұяның өзінің баспанасы болса, уайымсыз тірлік кешетіні сөзсіз. Отбасы жылуын сезініп, үйдің берекесін келтіру үшін пәтерің болу үлкен рөл атқарады. Ал осы баспана мәселесі шешімін тапқан уақытта әрі мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде, еліміздегі әр бір шаңырақтың бақытты ғұмыр кешіп, еліміз дамып, көркейетіні анық. Әсел Рзаева