Қазақстан жазушыларының мәлімдемесі

Қазақстандықтар кезектен тыс өткен Президент сайлауында лайықты таңдауын жасады. Халық өзінің болашақ тағдырын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен тікелей байланыстыратынын тағы бір дәлелдеп берді. Біз, еліміздің қаламгерлер қауымы, ақын-жазушылар бұл маңызды саяси доданы мұқият қадағалап қана қойғанымыз жоқ, Қазақстан тарихындағы Елбасының ерен тұлғасын, әлем таныған қайраткерлік болмысын және болашақтағы атқаратын істерін қалың оқырманға жеткізуге тырыстық. Сол арқылы халықтың өз қалауын дұрыс таңдауына мүмкіндігінше ықпал етуге күш салдық. Елдегі әрбір саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени реформаларды жіті бақылап отыратын ұлт зиялылары – халықтың бұл таңдауын мемлекет тағдырына және ел мүддесіне деген адалдығы деп бағалайды. Ұлтымыздың кемел келешегі жолында жасалған ірі саяси қадам ретінде ұғынады. Сайлау заң талаптарына және халықаралық ережелерге сай ашық, жария әрі әділетті өткенін атап өткіміз келеді. Қай қоғам болсын қиындықсыз, кедергісіз алға басқан емес. Біз де жаңа құрылып жатқан мемлекет ретінде әлемдік деңгейдегі саяси талап-тілектердің үдесінен біртіндеп шығып келеміз. Осындай жауапты кезеңде Қазақстанды өзінің тарихи Отаны санайтын өзге этнос өкілдері үлкен бауырмалдық танытып, ауызбіршілік көрсете білді. Сөйтіп, күллі қазақстандықтардың бұл саяси шешімі – ел ішінде орныққан келісім мен татулықтың нәтижесінде жүзеге асып отыр. Бұл – тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тарихында елдегі сайлау мәдениетінің жоғары деңгейге көтерілгенін айғақтайды және осы таңдау жаңа дәуірдің жарқын беттері болатыны сөзсіз. Азаттық жолында сан ғасырлар аттан түспей, күреспен өткен ұлы бабалардың аңсаған арманына халқын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жет­кізді. Қазақ елін әлемдегі іргелі мемлекеттердің қата­рына қосып, шекарамызды шегендеп берді. Бү­гін­де республикамыздың өзге елдермен терезесі тең өркениетті мемлекетке айналуын бүкіл әлем Ел­басының есімімен тікелей байланыста қабыл­дайды. Алдағы кезеңде де еліміз Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген басшылығымен көркейіп, гүлдене беретініне сеніміміз кәміл! Нұрлан Оразалин, Шериаздан Елеукенов, Тұманбай Молдағалиев, Қалихан Ысқақов, Фариза Оңғарсынова, Шерхан Мұртаза, Марфуға Айтхожина, Әкім Тарази, Ахметжан Ашири, Валерий Михайлов