«Валентинді» көшіріп әуре болған «ғашықтар»

любовь Басқасы келісіп сол қалғандай бүгінгі қазақ қоғамына «Ғашықтар күні», «Махаббат мерекесі» бола ма, «Отбасы күні», «Әкелер күні», «Аруақтар күні» дей ме. Қойшы әйтеуір, тағы бірқанша «мереке-мейрамның» орны өгейсіп, қазақтың «қабырғасы қайысып» тұрған сияқты. Ал онда... «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші. Қазақ тәуелсіздігін алғалы бері басқа жұмыс жоқтай-ақ, елдің қайдағы бір «қоқыр-қоқысқа» толы азғын «мереке-мейрамдарын» «үйіп-төгіп» алатынды тапты. Анығын айтқанда басқа діннің «қаңсығын» таңсық көретін қазақ баласына таң қалмайсың. Тіпті осындай «азғындықты» «ләм-мим демей» қабылдап отырған билікке айтар сөз де жоқ. Ненің, кімнің «қамын жеп», «сойылын соғып» отырғанын кім білсін? Жаңа жылдың шашбауын үкімет орындары көтеріп жүрсе, Валентин күнін мектеп қабырғасындағы балалардың құлағына сыбырлайтын көрінеді. Е-е, қайран қазақ! Басқа төрт түлігің сай боп, «енді жетпеген осыным қалып еді» десең бір сәрі. Өз жеріңде өгейсіп, жетім баладай мүсеуреп, орыс тіліне жалтақтаған тіліңнің түрі мынау, аққу-көкке, шаян-жерге, шортан-көлге тартқан дініңнің түрі анау...

Бірер жыл бұрын әлде бір данышпандар махаббат мерекесі ретінде 21-наурыз бен 19-мамыр күнін атапты. Жанымызға жақын, ең таза, пәк күндер деп «Қозы Көрпеш » пен «Баян сұлу күндерін» белгілепті. Сайлау біткен елге тағы бір алданыш керек деді ме, 15-сәуірді «Ғашық жандарға» мереке, «махаббат иелеріне» мейрам етіп бермекші боп жүрген бір топ «зиялылар» бүгінде БАҚ та өз үгіт-насихаттарын бастап кетті. Ұлттық мереке жасап алмақ, мемлекеттік деңгейде тойламақ... Онсызда мерекеден сүрініп-қабынатын қазаққа «ғашықтар мерекесі» деген мереке жасаудың қажеті қанша?! Ғашықтар мерекесі ме, көңілдестер мерекесі ме? «Ғашықтар мересінің» аты не болса сол болсын! Католиктікі болсын, қазақтың «төл мерекесі» болсын. Атадан ақыл, анадан үлгі алмаған тәлімсіз жастар үшін көп жағдайда ғашықпыз дегенді сылтауратқан арзан сезім, арзан көңілдің арбауына түскен көрпелестер мерекесі екенін 14-ақпан айтып бергені ақиқат. Надандықтың кесірінен «той десе қу бас домалайды» деп «Әулие Валентин күнін» жапа-тармағай қабылдап алған өзіміз. Кім зорлады. Әрине ешкім... Ол күнді сылтау етіп, жастар өз сүйгенінен «олжа» дәметсе, көңілдесі бары «тағы бір тырқы жазылатынына» қуанатынын естіп те, біліп те жүрміз ғой. Көңілдестің арты не екені бесенеден белгілі. Ал үйленбеген қыздың «өкініші» екеуінің қосылып, «кіммен қарайған болса, сонымен ағарып жатса бір сәрі. Әй қайдам, жұқсыз жігіттердің бір сәттік «тоятына» айналып қала бермесе не қылсын?! 469 жылы шіркеудің билігі әлсіреген тұста, екінші Рим император Геласиустің шешімімен «Әулие Валентин» күні мерекеленген екен. Батыс әлемінің мөралдық азғындауынан кейін өмірге келген бұл мереке зинақорлардың мерекесі екенінде дау жоқ. “Я люблю тебя”, “Я хочу тебя”, “Давай проведем ночь вместе”, т.с.с. деп «сандырақтаған» құттықтау открыткелері қарша жауады, Құран сатып алуға құлқы жоқтардың, тезек домалатқан қоңыздай сол открыткелерді «арқалап» «ең сүйікті адамына» бара жатқанын көріп жылағың келеді. Не үшін бара жатыр, «әкем аты ішімде сайрап тұр»... 14-ақпан, қаншама қаракөздеріміз «тұнығын лайлап», мәңгілік ар азабын тартуына мұрындық болатын «қарлы күнге» айналып бара жатқандай. Бейресми деректерге жүгінсек, жасанды түсік (аборт) жасататын қыздарымыздың басым көбі 15-ақпан мен 1-наурыз арасында жүкті болатын көрінеді. Сонда осылардың «ғашықтығы» Қорланға ғашық болғанын өмірінің соңына дейін кәрі жанына талғажу еткен Естай сезімінің тырнағына тати ма екен? Діні пәс, діңгегі бостардан да осындай ғашықтар, уәдеге беріктер шығады екен-ау десең, сол «ғашықтар күні» қол ұстасып, аймаласып отырған екі жас күні ертең атысып жүреді. Ұрандатып жүрген ғашықтығын өмірінің соңына дейін жалғай алатындары саусақпен санарлық. Әйтеуір ізгі ниет, жақсы көңілмен баратындар көп емес. Сонда «малым-жанымның садағасы, жаным-арымның садағасы» деген арлы қазақ өз қызының осындай «опасыздар» қолынан «ойран» болғанын қалайды? Қаласа тойлай берсін, баласына үйретсін, барлық үлгісімен мирас етіп қалдырсын, болмаса .... Не керегі бар? Ащы болса да көрініп тұрған шындықты қалай айтпайсың, қалай мойындамасқа?! Сонда бұлар кімнің құрбандары, ненің құрбандары екен деген ой келеді. Қайсысы ардың құрбаны, қайсысы батыстың идеялогияның құрбаны? Бұл жағынан мемлекет те кінәлі. Олай дейтініміз ұлттық саясаты жоқ мемлекеттің келешегіне тұтқа болар жасөспірімдер мен жастар басқа идеялогияның өгейлері болмай не болсын? Құранға құлқы жоқ үкімет, ұлттық саясатқа да олақсып-ақ тұр. Елімізде жезөкшеліктің белең алып, ұрпақ тазалығының жоғалып бара жатқанына өз «үлесін» қосып жатқан «мерекенің» «сиқы» осы. Енді осындай бір «пәледен» құтыла алмай отырып тағы бір «пәлені» шақырудың қажеті шамалы. Ысырапқорлықтың бастауы Қала берді, ысырапқорлықтың көрінісі. «Ғашықтар күні» желеумен қаншама орындарда аста-ток дастархандар жайылып, қаншама экономикалық шығын шығады. Бұған көз жеткізу үшін осы «мерекелерге» бірнеше күн қалғанда Жетім бұрышқа барсаңыз болғаны. Иін тірескен жастар жалдамалы пәтерлер мен коттеждер іздеп аласұрып жүргенін көресің. Ал ондайда баға құйрығын ұстатпай кететін біздің қоғамның жазылмаған заңында бар дүние ғой. «Мереке» деп баға бір шарықтаса, оны тойлаймыз деген ойсыздар аста-ток, ішіп-жеп тауыса алмайтын қонақасы ұйымдастырып бір шашылса, ысырапқорлық емей не болады. Бұл туралы Аллаһ Тағала Құранда: «Шынында ысырапқорлар шайтанның туысы. Ал шайтан Раббына өте қарсы» («Ісра» сүресі, 27-аят). «...Және жеңдер, ішіңдер де ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді сүймейді» («Ағраф» сүресі, 31-аят) деп бүкіл адам балаларына ысырыпты сүймейтінін білдірген. Абу Иса аль-Муъира бин Шуъба (р.а), ол Аллаһтың елшісінің (с.ғ.с), былай деп айтқанын жеткізді: «Расында, Аллаһ Тағала сендерге .... Және Ол сендердің даттаумен айналысуларыңды, адамдарға мұқтаждарыңмен және сұрақтарыңмен көп баруларыңды және де дүниелеріңді (бостан-бос) ысырап етулеріңді қаламайды». (Аль-Бухари, Муслим). Ұлттық ұғымымызға жат, табиғаты бөтен, дәстүрімізге қайшы, табысыңның берекетін ұшырып, ысырапқорлыққа мұрындық болатын батыстық мерекелердің тереңдеп енуіне бөгет жасап жатқан ата-ана да, үкімет те жоқ. Бәрі де «білгеніңді қыла бер», «сен тимесең, мен тимен» деп отырған сияқты. Ендеше, Аллаға ұнамайтын істі істеп күнә жинағанша, әр кім екі дүниелік бақыты үшін өз арбасын түзу алып жүруді ойласа нұр үстіне нұр емес пе?! Жапонияда 14-наурыз, Қытайда 7-шілде, християндарда 14-ақпан ғашықтар күні екен. Міне, уәж осы. Қазақ кімнен кем, кімнен қор?! Ұран – осы. Шіркін, қазақтың бәрі осындай намысшыл болса біз шынымен де кімнен кем, кімнен қор болар едік. Кезінде Желтоқсан боздағы Қ.Рысқұлбеков «Өзге тілге еліктеп ел болмайсың» деген екен. Тілімізге қарап, ұлттық мүддемізге қарап жерге қарамасқа шараң не?! Ал, енді кімнен кем, кімнен қор екенімізді ойлаңыз. Қайдағы бір «ойнастықтың» отын көсегенше, дінің бекем, тілің ұста, рухың асқақ болуын ойла, қазақ баласы!!! Махаббат - жастыққа тән жеңілтек ұшпа сезім емес екенін әзірге жете білмесе керек. Өмірдің сұрапыл дауылы соққанда жас шыбық майысса да сынбаса ғана Алланың сыйлаған әр күні жақсылықтың да, мейірімнің де, махаббаттың да күні болмақ. Бұл мерекені тойлау халық қамы, мемлекет мүддесі емес екені бесенеден белгілі. Қара бастың қамы үшін болатын артық «шығынның» керегі не?! Ислам шариғатында кім күнәға жол салса, ол қанша уақыт жалғасып, қанша адам сол жолмен күнә арқаласа, ең әуелгі бастаушыға да барлық қостаушылардың күнәсындай күнә тиеселі болады екен. Зинақорлық пен ысырапқорлыққа жол салғанша, «Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар, Оған жақындасуды іздеңдер» («Мәида» сүресі, 35-аят) деп Алла бұйырғанындай, дінімізді мықты, тура, бекем ұстап, еңсесі биік, рухы асқақ ел болудың жолын ізде.