Қазақстанға қастандық жасаушылар қарқын алуда...

АЭСАлла Тағала Тұрғановқа кепілдік берген бе?

16-наурыз күні республика энергетиктерінің басқосуында Инновация және жаңа технология министрінің орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов сөзінің басын «бізге атом электр стансасын салмасақ болмайды» деп бастап, «...салмасақ болмайды» деп аяқтады. Сөзіне салмақ беру үшін «біз уран қоры жөнінен әлемде екінші орындамыз, оны өндіруден бірінші орындамыз» дей келе ол тіпті орыстың фразеологизмінің өңін өзгертіп, «поэтому сам Аллах велел заниматься нам всеми этими вопросами» деп Құданды да аузына алуға дейін барды.

Шынына келгенде, бізде атом стансасының қай жерде, қашан салынатыны туралы біздің билік әлі нақты шешімге келе қойған жоқ, Тұрғановтың айтып тұрғаны да ресейліктермен екі арада жасалған атом стансасының нақты жобасы емес, ТЭН-і (техникалық-экономикалық негіздемесі) ғана. Бірақ, халықты сезіктендіретіні, үрейлендіретіні біздің шенеуніктердің әдеттегідей түзге шыққанда желге қарсы шаптыратындығында. Қырық кісі, тіпті жүз кісінің бәрі бір жаққа қарай жүргенде біздің ғана, демек, қыңыр кісінің басқа жаққа қарай жүретіндігінде. Жалпы, бұл қасиет орыс пен қазаққа ортақ деп айтуға әбден болады, айырмашылық тек қана орыстың бойында бар барлық жақсы да, жаман қасиеттің қазақтың бойында шексіз дамыған түрде кездесетіндігінде. Күллі әлем капитализм құрып жатқанда біз социализм, тіпті коммунизм құруға кірістік. «Еуропаны кезіп жүрген коммунизм елесі» (Карл Маркс) еуропа халықтары үшін сол елес күйінде қалса - елес болған соң ол солай болуға тиісті де еді - тек Ресейде ғана оны жүзеге асыруға дүние жүзінде бірінші болып құлшына кірісті. Горбачев деген «қайта құрғыштан» құтылу үшін тұтас бір Одақты, оған қоса толық, кемеліне келген социализмді құрбандыққа шалып жіберген Ельцин атты көкеміз «ортақ өгізден оңаша бұзауды» жеке иемденгенді артық көріп, 1991 жылы тұтас елді құлатып, Америкаға «с коммунизмом в России покончено!» деп салтанатты түрде рапорт бергені есімізде. Сол жылдары ФБР жетекшілерінің бірінің ресейлік КГБ-дағы әріптестеріне: «Вы, что, на самом деле дураки, мы все стремимся к социализму, а вы идете к капитализму?!» деген сөзін орыс баспасөзі жарыса жазып жатып еді...Біз қайда едік? Біз, әрине, Ресей қайда болса сондамыз. Ресейден бірақ, жоғарыда айтылған қазақылық табиғатымызға салып асып түсеміз – Ресей бізден бұрын Одақтан шықса да, іс жүзінде шығатын болмағаннан кейін оны таратып тынса да, біз елдің соңы болып тәуелсіз ел екенімізді жарияладық. Нарық заманы келгенде де жақын жердегі қытайлық, алыс жердегі беларустық үлгімен жүрмей, тағы да ресейлік «шоковая терапия» жолымен жүрдік – «Интернационал» әнінде жазылғандай (біз нағыз интернационал халықпыз ғой) қолымыздағы ескі дүниенің бәрін тас-талқан етіп қиратуға, қиратып болғаннан кейін барып соның орнына жаңа дүние тұрғызуға кірістік. Және көршілерімізден тағы да асып түстік, мен 2000 жылы автокөлікпен еліміздің батысынан Самара қаласына өткенімде шекараның екі бетіндегі көріністің айырмашылығы жер мен көктей еді – бізде арысы соғыс, берісі торнадо жүріп өткендей ауылдар мен аудан орталықтарында бұзылып жатқан үйлер мен қаңқасы қалған фермалар мен клубтар болса, оларда солардың бәрі колхоз, совхоздарына дейін мұрты бұзылмай тұр екен... Тарих тағы да қайталануда. Жапониядағы жер сілкінісі салдарынан болған атом стансасының жарылысы бүкіл Еуропа мен Америкаға атом энергиясына деген көзқарасты қайта қарауға алып келсе, біз елден бұрын «қорқатын дәнеңесі жоқ, біз қалайда атом электр стансасын салуға тиіспіз» дейміз. Еуроодақ өз аумағындағы 142 реактордың бәрінің жұмысын қайта тексеруден өткізейін деп жатыр. Жапониядағы «Фукушима-1» (дұрыс атауы осылай) АЭС-ын салған компания жетекшілері өз халқынан кешірім сұрады, радиациядан зардап шеккендердің барлығына өтемақы төлейтінін мәлімдеді. Жапон үкіметі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында болған «Фукушима-1» үшін тартыста өзінің жеңіліс тапқанын мойындады. Үшінші аптаға кетсе де атом стансасын толық тоқтату мүмкін болмай тұр, себебі 2-реакторды салқындату мәселесі шешімін таба алар емес. Салқындату үшін тұрақты түрде құйылып жатқан су радиацияға ұшырауда, стансаның жарылған іргетасынан сыртқа ағып шығып жатқан суды тоқтату үшін жапон ғалымдары қайда айла-амалға барса да олар әлі күткен нәтижеге қол жеткізуге дәрменсіз болып тұр. Бүгінгі таңда атом стансасының айналасындағы 30 шақырымдық аймақтың барлық тұрғыны өз үйлерінен басқа жаққа қоныс аударды. Жапонияның Хоккайдо аралында ауыл шаруашылығы мен теңізден өндірген өнімін сатып алудан көптеген елдер бас тартып отыр. Енді осы арада 2005 жылы өмірден озған марқұм Сейілбек Қышқашұлының құрметті есімін еріксіз ауызға алуға тура келіп тұр. Өзінің көзі тірісінде жарық көре алмаған, биыл ақпан айында басылып шыққан «Арпалыс» атты кітабында ол «Қазақстанда АЭС салуға болмайтынын, оның Қазақстан үшін аса қауіпті екенін, «Қазақстанда АЭС салу Қазақстанға тікелей ашық қастандық (диверсия) жасаумен бірдей екенін дәлелдеп, 1996 жылдың көктемінен бері (С.Қ. кітабын 2000 жылдың 26 желтоқсанында бастап, 2001 жылдың 26 қыркүйегінде аяқтаған – Ө.А.) 15 мақала жаздым. Қазақстанға АЭС қауіпті екенін мен қалай дәлелдеп жүрмін? Бірінші дәлелім – қорқыныш. АЭС-тен хабары жоқ халық Чернобыль апатынан кейін АЭС-тан қалай қорқатын болса, мен де солай қорқам. Екінші дәлелім – менің қолымда кәзір АЭС-тің аса қауіпті екенін дәлелдейтін, оған ғылым мен техникасы дамымаған Қазақстан түгіл Жапония, Америка, Германия сияқты ғылым мен техникасы шарықтап дамыған елдердің де әлі келмейтінін дәлелдейтін 126 дерек бар. Үшінші дәлелім - Қазақстанда АЭС салатын, оның жұмысын басқаратын ұлттық маман жоқ. Төртінші дәлелім – Қазақстан АЭС салуға керек түрлі құрал-жабдықтарды, саймандарды, аспаптарды, бөлшектерді, т.б. өзі шығармайды. Бесінші дәлелім – АЭС салуға миллиардтаған доллар қаржы керек. Ал, ондай қаржы Қазақстанда жоқ. Алтыншы дәлелім – оның қасына 6-7 миллиард долларға (бұл 2000 жылғы болжалмен – Ө.А.) «мола» салынуы керек. Жетінші дәлелім – бізге АЭС салып беретін «жарылқаушыларымыз» бізді өз жеріміздегі өндіріске жолатпайтын кәзіргі «жарылқаушыларымыз» сияқты бізді АЭС салуға жақындатпайтын болады. Өйтіп, кейін АЭС-тің бір жері қылт етсе болды, «жарылқаушыларымызға»: «Ойбай, айналайын ана жерін жөндеп бере көр!» деп жалынып жүгіріп барып тұратын боламыз. Сөйтіп, «жарылқаушыларымыз» бізді тонап қана қоймай, қорлайтын да болады. Сегізінші дәлелім - «жарылқаушыларымыз» бізді «жарылқап» сап берген АЭС-тің бір жеріне бақырдай бомба тығып кетіп, кейін: «Жеріңнің жартысын бер, бермесең ана АЭС-ті жарып жібереміз!» десе, кімнің к...не барып кіреміз? Тоғызыншы дәлелім – «Қазақатомпром» фирмасының президенті М.Жәкішевтің (сол кездегі – Ө.А.) айтуы бойынша Қазақстан жері кәзірдің өзінде өлім сәулесін шашатын ядролық қоқыстан көрінбейді екен. Қазақстанға АЭС салу туралы шешімді Қазақстан Үкіметі үкіметті Қажыгелдин басқарып тұрған кезде, екі министр – Школьник пен Храпуновтың ұсынысы бойынша қабылдаған болатын. Мен бұл пәлеге тек Храпунов кінәлі деп есептейтінмін, кейін білсем, бар бәлені бастаған Школьник екен, ал, Қажыгелдин болса бұлардың қастандық әрекетін қуана-қуана қолдаған. Қазақстан Үкіметі бұл шешімді 1995 жылдың 3-қарашасында қабылдады, ал, бір ай өтер-өтпесте, желтоқсанның 8-күні Жапонияның Мондзю АЭС-інде алапат апат болды». Бұдан ары қарай марқұм ағамыз кезінде түрлі газеттерде, біреуі «Диверсанты всех стран, добро пожаловать в Казахстан!» деп айқайлаған атпен басылған, онда жоғарыдағы үш мырзадан басқа да диверсанттардың аты аталып, түсі түстелген мақалалары жайлы хикая етеді. Диверсанттың біреуі қашып кетті, біреуін өзіміз әлпештеп шығарып салдық, қалғандарының дені сау, басы амандары сол қастандық әрекеттерін әлі жалғастырып жүр. Біз қашан жоғарыдағы дәлелдер жоққа шығарылмайынша, атом стансасын салам деушілерді қастандық жасаушылар деуге мәжбүрміз және оларға қарсы «соғыс ашатынымызды» да жариялаймыз. Беларусь премьері Мясникович: «Біз Ресеймен бірігіп тиімді де қауіпсіз атом стансасын саламыз» деп сендіруге тырысады. Мүмкін оның да, біздің Тұрғанбаев мырзаның да құлағына Алла-Тағала «мен сендер салатын стансаның қауіпсіз болатынына кепілдік беремін!» деп, періштелері арқылы уахи жіберген болар?.. Біздікі әзіл сөз емес, түсінген адамға Жаратушының кепілдігінсіз «біз сенімді, қауіпсіз станса саламыз!» деу барып тұрған астамшылдық болып табылады. Алла-Тағала өзінің құзырына қол сұғатындарды ұнатпайды және басқаларға сабақ болсын деп аяусыз жазалайды. Сабақ болғанда да барынша ащы болсын, адам баласы сонда түсінетін болар деп обалын күпіршілік жасағандардың, өздерін әлгі жарты құдай сезінетіндердің мойнына артып өзге, жазығы жоқтарды қоса жазалайды. Екі ғана мысал келтірейік. Біріншісі – атақты «Титаник». Ең алдымен сол кеме жасалардан екі-үш жыл бұрын ағылшындық бір жазушының дәл осындай оқиға туралы жазған кітабы жарыққа шығады. Онда «ең сенімді» деп саналған кеменің мұзтауға соғылып суға батып кеткендігі жайлы әңгіме болады. Бұл – жоғары жақтың ескертуі еді. Мыңдаған адам жолаушы ретінде мініп қана қоймайтын, кәдімгідей өмір сүретін, және ол адамдар үшін барлық қолайлы жағдай жасалған, іс жүзінде мұхитта жүзіп жүретін «көшпелі қала» салу арқылы пайданың астында қалуды көздеген компания басшылары ондай ескертуді қаперіне де алмайды, тіпті солай екен ғой деп ойламаған да болса керек. Оны айтасыз, жұмыс біткенде өзінің біліміне, талантына өзі айрықша риза болған жобаның бас инженері: «Мұны Құдайдың өзі де батырам дегенмен суға батыра алмайды!» деп айқайлап жібереді. Ақыры не болғаны белгілі... Екіншісі – америкалық «Челенжер» ғарыш кемесі. «Челенжер» ағылшыншадан орысшаға аударғанда - «вызов». Көкке ұшып бара жатқаннан кейін «вызов» Құдайға шығар, басқа кімге болуы мүмкін? Оны Алла-Тағала күллі әлемнің көзіне көрсетіп тұрып тас-талқан етті, тіпті көмуге күлін де таба алмады америкалықтар...Жалпы, Жартаушының «қа­һарлансам бүкіл әлемді бір тарының қауызына сыйғызамын!» дегені нені білдіретіні туралы біздің басшылар ядролық физика мамандарымен көбірек әңгімелессе дұрыс болар еді, сонда атеист ғалымдардың өзі оларға «бір тарының қауызына сыю» дегеннің ешқандай да жай сөз емес екенін жақсылап түсіндіріп берер еді... Алғашқы пойыздар пайда болған кезде темір жол көпірін салатын инженерлер бірінші состав өтерде сол көпірдің астына өзі барып тұруға тиіс болған... Қатал, бірақ әділ шешім. Ендеше, «қақылдаған тауық тумай қоймайды» демекші, атом стансасын өмірге әкелмей тынбайтын түрі бар шенеуніктерімізге біздің тарапымыздан мынадай ұсыныс болып тұр: атом электр стансасына қатысты құжаттарда қолы қойылатын барлық ірілі-ұсақты атқамінерлерге, әкім-қараларға арналып стансаға ең жақын жердегі тұрғындар қалашығынан арнайы орам (квартал) бөлінсін. Ол жерде шенеуніктердің ата-аналары, бала-шағалары, қысқасы, ең жақын туыс-бауырларының біреуі тұрақты түрде тұратын болсын. Қызметпен қамтамасыз етілсін. Қазақ бұны «аманат» деген. Ол біздің тарихымызда ежелден бар дәстүр. Әкім-қаралар тұрмақ хандарымыз да баяғы қым-қуыт, аласапыран шапқыншылық заманда балаларын шетелге аманатқа беріп жіберетін болған. Біздің бүгінгі билік бишігін ұстап жүргендердің өздері Абылайдан, балалары оның балаларынан артық емес шығар... Өмірзақ АҚЖІГІТ