ЖЕР ЖӘННАТЫ ЖЕТІСУДАҒЫ Наурыз тойы

1681
0
Бөлісу:

Наурыз – Шығыс елі үшін ежелден-ақ ын­ты­мақ пен ырыс мейрамы. Бұл күні араздасу, харам­дық­қа жол беру – ауыр күнә. Жетісу жұрты бұл мерекені жыл сайын жоғары деңгейде атап өтуді дәстүрге айнал­дырған. Биылда мерекесі мен берекесі жарасқан ұлы күн облыс орталығында думанды түрде тойланды. Қала тұрғын­дары мен қонақтары таң азаннан орталық алаңға бет алды. Ақшаңқан үйлер тігі­ліп, наурызкөже жасалып, қоңақжайлық танытқан көп­­­шіліктің көңіл-күйі көте­ріңкі. Тұрғындарды осындай мерекелі шаттығымен облыс әкімі Серік ҮМБЕТОВ құттықтады:

1 бет

– Қадірменді қауым!
Баршаңызды елдік пен бір­ліктің, еңбек пен ырыстың белгісі болған Наурыз мере­кесімен шын жүректен құт­тықтаймын. Ұлыстың ұлы күні отбасыларыңызға бақ-береке, шадыман шаттық әкел­сін. Әркімнің тілеген тілек­тері қабыл болсын. Бағзы заманнан бері ата-бабамыз бұл күнді Жаңа жылдың басы деп есептеген. Өйткені, осы күні күн мен түн теңеледі. Қараңғылықты жарық же­ңеді. Айнала нұрға малынады. Наурыз әр шаңыраққа еніп келе жатқан жақсылық пен мол­шылықтың, жаңару мен таза­рудың айқын нышаны. Шы­нында да ізгі ниет қана бізді алға жетелейді. Бүгін бәріміз «Тәуелсіздіктің 20 жылында жеткен жетістігіміз биік болсын» деп тілейміз. Нау­рыздан Наурызға дейін жер жаннаты Жетісу жерінің жұрт­шылығы жоспарланған жылдық міндетін абыроймен атқарып шықты. Елбасының биылғы халыққа Жолдауына сәйкес алдымызда мұнан да ауқымды істер күтіп тұр. «Ырыс алды – ынтымақ», – дейді халқымыз. Наурыздың негізгі мәні де осында. Ендеше, ел ішіндегі жарастығы­мыз­дың, татулығымыздың арқа­сында межелеген биігімізден көріне аламыз.

Наурыз мейра­мының тағы­лымдық, тәр­бие­лік мәні, берер шапағаты мол. Сондықтан да халықаралық мерекеге айналды. Бұл – барша қауымды мейірімділікке, ұйым­шылдыққа, адам­гершілікке, татулыққа шақырды. Араз­дасқан татуласады, өкпелеген кешіреді, ой тазарады, өмірге деген ынта-ықылас артады. Сондықтан да әз Наурыз елі­мізге тыныштық, отбасыларға құт-береке әкелсін. Баршамыз жылдан жылға аман-есен же­те берейік, – деді ол.
Ұлыстың ұлы күні қашанда қасиетті. Осы қағидаға сай об­лыс әкімі Серік Үмбетов бас­таған арысы Астана, Алматы, көрші облыстардан келген елге танымал зиялы қауым өкілдері орталық көшеге тігілген ақ­шаңқан киіз үйлерді аралап, дастарқаннан дәм татты. Жаңа жылды қарсы алу дәстүріне сай дайындалған мерекелік шашу­ларды тамашалады. Жылдағы үрдіс биыл да жарасымды жал­ғасын тауып, «Бұлақ көрсең көзін аш, бір тал кессең он тал ек» деген қағиданы ұмытпаған көпшілік орталық саябаққа жас көшеттер отырғызды. Мерекелік шара ауқымдылығы, тартым­дылығымен қала тұрғындарын тәнті етті. Орталық саябақ пен алаң маңында ине шаншар жер жоқ. Өнерпаздар концерттік бағдарламалар қойып, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, тәр­бие­лік, тағылымдық көріністер көрсетті. Тәуелсіздік көшесін бойлап тігілген киіз үйлерде қазақы дәстүрмен дастарқан жайылып, наурызкөже жасалды. Тұрғындар көже ішіп, қасиетті жеті наннан ауыз тиді. Кариялар жағы бата беріп, елдің береке-бірлігін тілесті. Мерекелік шара­ға қатысқан қаламыздағы ар­найы білім берумен айналысатын оқу орындары салт-дәстүрге сай бірі құда түсіп, сырға салу рәсі­мін жасаса, енді бірі келін тү­сіріп, беташар жасады. Өткен жылы наурызда туған сәби­лердің тұсауы кесіліп, қазақы ырыммен азан шақырып, ат қойылды.
Қалалық әкімдіктің қарсы алдында спорттық ойындар өтіп жатты. Зілтемір көтеріп қары­мын, шахмат ойнап зейінділігін танытқан жастар жаңа бір бола­шақтың өсіп келе жатқанын паш етті. Ал қаладағы көркемсурет мектебінің оқушылары сурет көрмесін ұсынды. Көз сүрін­діретін суреттер салып, жұртқа қылқалам шеберлігін көрсетті.
Мереке қазіргідей тек қана демалыстың ретінде ғана той­ланбай, ұлттық құндылықтар насихатталса, әдебиет, өнер сала­сындағы қайраткерлер мен батыр аналар марапатталса, Қыдыр атаның насихатталуы Аяз атадан артса деген тілектер айтты.
Бұл күнге де жетерміз. Төрт құбыламыз тең тұрып, ата-баба дәстүрін шынайы қалпында жаң­ғыртар шақ та алыс емес. Мұны орталық алаңдағы Б. Римова атындағы облыстық драма теат­ры, Сүйінбай атын­дағы об­лыстық филармония ұжымы, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен мектеп оқушылары және өнер ұжым­да­рының қатысуы­мен дайын­далған мерекелік шара дәлел­дей түсті. Кешегі Түрік хан­дығы дәуірінен бастау алған сахналық көрініс табиғат пен қоғамның, ел мен елдің, қоғам­дағы әлеуметтік топ­тар­дың тепе-теңдігін сақтауды та­лап ететін Наурыз тойының қасиетін паш етті. Қаламыздағы этно­мәдени орталықтар да бары мен базарын ортаға салды. Осы күні қаламыздағы жетім, қам­қор­шысынан айырылған бала­лар мен мүгедек жандарға ар­нап дастарқан жайылып, қайырым­дылық шаралары өтті.
Халқымыздың бір аңы­зын­да Наурыз айында Қыдыр ата даланы кезіп жүреді екен. Егер назары далаға түссе, оның то­ңын жібітеді. Тасқа түссе, тасты да ерітіп жібереді екен. Бұл күні Қыдыр атаның назары жетісу­лықтарға түскені анық. Лайым өңір тұрғындары осы бір жыл­ды қуаныш пен мол табыспен қорытындылайтынына сенім­діміз.

Қызылағаштағы Наурыз
Азанда аяз қысып тұрған Қызылағаш аспаны түске таяу жылы шуағымен жадыратып тастады. Ағыны қатты Қызыл­ағаш өзені де мұз ағызып, тас аунатып жатқан тосын мінезін көрсетпей, жуаси қалған. «Бұл да Алланың көзінің түзулігі шығар» деп жатты табиғаттың тосын мінезіне кәнігі қарттар. Ауылдағы І.Жансүгіров атын­дағы орта мектепке жиналған жұрттың да көңілі көтеріңкі. Олар апаттың жылға толған уақытында қайтыс болғандарға ас берілгенде: «Наурыз мере­кесінде сіздермен бірге бола­мын» деген уәдесін ұмытпай, ауылға бет алған облыс әкімін асыға күтуде. Мектеп алаңына жиналғандар қазан асып, наурыз көже пісіріп, ауылдастарына қонақжайлық танытып жатты. Тіпті түрлі ұлттық ойын ойнап, мереке шаттығын қыздыра түсті.
Айтқан уақытынан кешік­пей құтты қонақтар да жетті. Облыс басшысы өзімен бірге елімізге танымал мемлекет, қоғам және әдебиет қайраткер­лерін де ерте келіпті. Теледи­дардан жүзін көріп, көсем ойла­рына қанық азаматтармен бетпе-бет кездескен ауыл тұрғындары жапатармағай амандасып, ақ жаулықты әжелер жырдан шашу шашып қарсы алды. Осыдан кейін алқалы топ мектептің спорт залында жайылған мере­келік дастарқан басына жинал­ды. Мерекеге қызылағаштық­тар да жақсы дайындалыпты. Бірден көңілді концерттік бағ­дар­ламаны бастап кетті. Ауыл­дың алтыауызы аудандық халық театрының әртісі Болатбек Еш­мұ­қамбетовтың арнау өлеңімен ашылды. Осыдан кейін ақса­қалды карияның ақ батасымен ұласып, этно-мәдени бірлес­тік­тердің тартымды нөмірлерімен жалғасты. От жағып, дастар­қанды аластады. Күй тартылып, би биленді. Ән айтылып, арнау өлеңдер де оқылды.
Осындай бір салтанатты сәт­те сөз кезегі облыс басшысына берілді.
Жұрттың шырайлы жүз, көте­ріңкі көңіл-күйін көріп, сахнаға жадырап көтерілген Серік ҮМБЕТОВ:
–Қымбатты көпшілік!
Бүгін, міне, халқымыздың жыл қайыру дәстүрі бойынша Жаңа жылды қарсы алып отыр­­мыз. Осы қасиетті күнде сіз­дердің қуаныштарыңызды бөлі­сейік деген ниетпен қазақ­тың қоғам қайраткерлері ке­ліп отыр. Наурыздың ерекше­лігі көп. Бұл күні барлық қиындық ұмытылып, бір-біріне болған реніш, қалған көңіл кешіріледі. Әрине, адам бала­сының бәрінің басында да қиын­дық болады. Сол ауырт­па­лық­тың жеңілденетін күні. Біз ата-бабаларымыз аманатта­ған ғұрып-әдет, дәс­түр-салт­қа мән беретін, оны қадір­лейтін халықпыз. «Алла тағала да адамның пейіліне қарап береді» дейді. Кеше күні қай­ғырып кездессек, бүгін, міне, қуа­ныш­пен қауыштық. Мұ­ның өзі жақ­сылықтың ны­шаны. Осын­да отырған бәрі­міздің тілегіміз – өткен жылы болған апат енді басымызға түспесін деп тілейміз. Былтыр Елба­сының өзі осында келіп, тұр­ғындармен кездесіп, жағ­дайды көріп кет­кенін білесіздер. Өт­кенде қай­тыс болған бауыр­лары­мызға арнап, ас бердік. Сонда мен Наурызды осы жер­де бір­лікте өткіземіз деп уәде беріп едім. Сол айтқанымды орындап ке­ліп отырмын. Ұлыс­тың ұлы күні жарқын ниеттің, жақсы тілектің күні. Осыған орай, сіздерге өзара кешірімді, сыйл­а­сымды болыңыздар де­мекпін. Үлкен үлкендей, кіші кішідей болғаны жөн. Баба­ларымызда: «Үлкен тұрып кіші, әке тұрып ұл, шеше тұрып қыз сөйле­геннен безін» деген нақыл қал­ған. Ондай жерде береке-ынты­мақ болмайды. Қазақ қа­шанда сөзге тоқтаған халық. Ендеше, мұны естеріңізден шы­ғар­ма­ңыздар. Ашуын ақылға жеңдір­ген ел де, ер де озаты­нын білі­ңіздер. Барлап қара­са­ңыздар, айналамыздағы мемле­кеттерде адам жанын ашын­татын жағ­дайлар болып жа­тыр. Мұндай жағдай енді елі­міз­дің басына түспесін. Елбасы әрдайым ма­ған: «Қызылағаш елді мекенін әр уақыт көңіліңнен шығарма, көзіңнен таса етпе», – деп ескертіп отырады. «Аман елдің аты шағады» дегендей, осы Жаңа жыл енді дәстүр болсын, әр жыл сайын Қызыл­ағаш ауы­лында мұндай думан үзілмесін, – деді ол.
Қонақжай ауылдастар алыс­тан келген ел ағаларының да елдіктің сөзін, ертеңнің қамын толғаған лебізін ыждағатпен тыңдады.
Сөз кезегінде қоғам қай­раткері, жазушы Дулат ИСАБЕКОВ:
– Қызылағаш ауылында орын алған жайсыз хабарды естігелі қабырғамыз қайысып жүрген еді. Бүгін, міне, шат күлкі мен көтеріңкі көңіл-күйді көріп жадырап тұрмын. Ха­лықтың еңсесі көтеріліп, қайғы ұмытылыпты. Әрине, бәрімізді алаңдатқан апатты сұрап ал­ғанымыз жоқ. Мүмкін, бұл қазақ халқының төзімділігін, ел биле­ген азаматтардың хал­қына жа­қындығын бағамдайын деген Алла тағаланың сынағы болар. Бұл сыннан да сүрінбей өттік. Ерен еңбектің, татулық пен берекенің, ауызбіршіліктің құді­ре­тіне бүкіл отандас­тарымыз тәнті болып, қуанып жатыр. Нау­рыз мереке­сіндегі көңіл-күй барлық қызыл­ағаштық ағайын­дарға жұ­ғыс­ты болсын. Әр шаңырақтан береке мен құт үзілмесін, – деді.
Ал, жазушы, этнограф ғалым Мұрат ӘУЕЗОВ:
–Менің ойым­ша, Қызылағаш үл­кен сыннан өтіп жатқандай сезі­леді. Апатта қай­­тыс болған бауыр­­­ла­ры­мыз­дың жандары жан­­натта. Оған мен кәміл сене­мін. Ал қал­ған­дары өте ынты­мақты болуы керек. Мен Қы­тай­да ел­ші­лікте жұмыс іс­тегенде сондағы көп­теген қан­дас­та­ры­мыздан хат алған едім. Сонда олар: «Өзге елде сұлтан бол­ған­нан, өз елің­нің ұлтаны бол» дегенді жоғары бағалайтын. Тіпті, олар үшін Отан дейтін ұғымның да ма­ңызы зор бола­тын. Менің тіле­гім – сол аза­маттар ниетте­рінен айырыл­масын. Бізді алда талай сынақтар күтіп тұр. Қиындық­тарда жетер­лік. Десе де, Қызыл­ағашта орын алған апатты көте­ріп алып, жұ­дырықтай жұмы­лып жұмыс істе­геніміз қандай сынақ болса да жеңіп шыға алатын ерік-күші­міздің бар екенін көрсетті. – деді.
Ақсу ауданында туып, өскен саясаткер Дос НҰРМҰХАН­БЕТОВ ауылдастарына арнаған тілегін өлең жолымен бастады.
Бұдан соң сөз кезегін алған ауыл тұрғындары, этно-мәдени бірлестіктің өкілдері және мек­теп оқушылары жүрекжарды лебізін білдіріп, Елбасына, ел азаматтарына деген шынайы тілегін тілге тиек етті. Тіпті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 4-курс студенті Әлбатыр ІЛЕСКЕН ойын өр­некті өлеңмен жеткізді.
Бүгінгі Қызылағашта өзге­ше бейне, өміршең жағдай ор­наған. Ортақ қайғы ауыл тұр­ғындарын береке мен бірлікке шақырып, ынтымаққа ұйытқан. Үлкен-кіші, жас-кәрі, бәрі де бір отба­сының адамдарындай емен-жар­қын араласып, елжі­ресе сыр бөліседі. Иә, жалпыға күлкі сыйлаған құтты мейрам өз өрне­гін тауып, тарих көшіне аунап кетті.
Х Х Х
Тойы тойға ұласқан Алматы облысының барлық жерінде наурыз тойы аса салтанатпен аталып жатты. Атап айтар болсақ, той қызығынан төмендегідей мәліметтерді көруге болады.
Еңбекшіқазақ ауданында өр­некті киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылған әсем ән, күмбірлеген күй жүрек тербеді.
Жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтаған аудан әкімі Әлихан Тойбаев жүзіне жылылық ұялап, баршаға бір­лік-береке, еліміздің тәуелсіз­дігінің баянды болуын тіледі. Ынтымақтаса еңбек ету нәти­жесінде жеткен толайым жетіс­тіктер мен атқарылар ауқымды істерді баяндады.
Райымбек ауданы орта­лығы – Кеген ауылындағы Нау­рыз мерекесі жылдағыдай дәс­түр, салтымен ажарланды. Батыр бабамыз Райымбектің ескерт­кішінің екі жағына қаз-қатар қазақ үйлер тігілді. Жиналған көпшілікті аудан әкімі Аян Айт­жанов құттықтап, күн менен түннің теңелген жақсы кезеңі әр отбасына шаттық әкелсін деді. Жалаңаш ауылын­да өткен әз-Наурыздың да салтанаты аз болған жоқ.
Ұлтымыз Ұлыстың ұлы күні деп ұлық­тайтын Наурыз мерекесі жа­зиралы Жаркент жұртында да үлкен дүбірді дүрмекпен атап өтілді. Бұл күні өңірдегі бар­лық елді мекендерде аулалар мен көшелер тазартылып, орта­лық алаңдарда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, мемлекеттік меке­мелер маңы айшықты шақы­рулармен безендірілді.
Аудан орталығы Жаркент қаласы да құлпырып, жайнап кетті. Шат-шадыман мерекеге қаладағы барлық мекеме өз дайын­дықтарын жасапты. Алаң­ның екінші бір тұсында көп ұлтты өңір тұрғындарының Наурызды тойлау дәстүрінен хабар беретін көріністер мен көркем көрмелер орын тепкен.
Той бастау алар тұста Жар­кент қалалық округіне жақында ғана әкім болып тағайындалған Бақыт Нұрелов мерекелік жиын­ды кіріспе сөз сөйлеп ашып, аудан әкімі Ермек Келем­сейіт аудан орталығы тұрғын­дарын құттықтады.
Ақсу ауданында мерекелі той болды. Ара­сан ауылының орталығына таңер­теңнен халық көтеріңкі көңіл-күймен әдеттегіден көп жиналды. Әр көшеде қолөнер бұйымдарының көрмесі қойы­лып, ұлттық тағамдардан дас­тарқан жайылды. Қарапайым шаруа адамдары қыстан қалған сүр еті мен құрт-майын, қатық-айранын ақ дастарқанға салып, молшылықты, кеңдікті танытып жатты. Қонақжай қазақ хал­қының дарқандығын паш еткен тұрғындар мерекелік жиынға келген қонақтарға наурыз көже­ден дәм татырып, табақ тартып сый-құрмет көрсетті.
Күмбір­леген күй де, әуелеген ән де, шабытты жазылған жыр шу­мақ­тары да Арасан ауылының төрінде асқақтады. Жиналған қауымды құттықтаған ауыл әкі­мі Талғат Тәңірбергенұлы да шараға белсене қатысып, көпке алғысын білдірді.
Сөйтіп көңілді көктем Алматы облысы аумағын тойға бөлеп, қала мен дала табиғаттың мамыражай талбесігінде шуақпен тербелді.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

5 × 3 =