Қытай саясатының астарында не жатыр?

кытай1Бүгінде «қытайша социализм» жолымен келе жатқанына қарамастан Қытай билігі Кеңес Одағының інісі екенін әлі де ұмыта қойған жоқ. Күні бүгінге дейін Кеңес Одағының саясатын қателіктерді қайталамау шарты астында жетілдірген түрде көшіріп қолданып отыр. Олай дейтініміз, бұрынан бері «аз санды ұлттардың» «тепе-теңдігін» жан таласа «қорғап келген» Қытай жақынғы жылдардан бері «сара жолынан» жалт бұрылып, шын кейпіне көше бастады. Яғни аз ұлттарды қытайластыру пиғылын жайып салды. ҚАЛТАҒА ҚАРАП БАС ИЮ Осы ғасырдың басынан бермен Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдарынан «аз санды ұлттар» дегеннен гөрі «Жұңхуа (қытайдың көне аты осылай болған) ұлттары» дейтін тіркес жиі қолданыла бастады. Әр бір ауыз сөз-сөйлемді қатаң сүзгіден өткізетін цензура астанадағы БАҚ-да бұндай тіркестердің қолданыла бастауы жайдан-жай емес-ті. Саясаттың ызғарлы желі есіп тұратын осы бір ауыз сөздің астарында үлкен мән жатқан еді... Осыдан кейін сен енді өз ұлтың мен өз тіліңнің сойылын соғып, ұлттық мүдде туралы бір ауыз сөз айтып көр. Жаңағы «сөз аңдығыштар» маңдай тісіңді қағып алуға дайын тұрады. Нағыз қан шығармай бауыздайтын жымысқы саясат деп осыны айт. Бұл қарапайым халық байыбына бара бермейтін, қызыл қытайлардың жымысқы саясатының басталуы еді. Осы арқылы аз санды ұлт өкілдерінің санасына «біз дербес ұлт өкілдеріміз» дегеннен гөрі «біз – жұңхуа ұлтының айырылмас бір бөлшегіміз» деп айту қоғамда әлде қайда абройлы, саясатқа әлде қайда жағымды сөз екенін сіңіре алса БАҚ-ның күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей «зарлағаны» оң нәтижелі болғаны. Ел ішіндегі саны аз ұлттарды қытайластырудың идеялық күресі басталғанның көрінісі еді бұл. Қытайдағы аз ұлттардың бүгінгісіне көз жібергенде бұл «қулықтың» табысты болғанына шүбәләну қиын. Бұл саяси жоспар Қытай Оғу-ағарту министрлігінің «қос тіліді оқу-ағартуды» (бізше айтқанда «қос тұғылы тіл») қолға алғаннан кейін шырқау шыңға шықты. Өздерінің ұлттық болмысы мен ана тілі, ата дәстүрін жатқа жұтқызып жібергісі келмеген аз санды ұлттар бұны бірден қабылдай қоймасы анық еді. Сондықтан да, «қос тілді оқу-ағарту» жалқыға шабатын қасқырдай алдымен анадайдан бой көрсетіп, құйрығын бұлаңдатып, бірте-бірте жақындап, ыржиып, баспалап келді. (Бізге де тура осылай келе жетқан жоқ па?!). Бірнеше жыл ішінара мектептерден қос тілді сыныптар ашып, әр жерден «түтін салды». Бұл сыныптан оқыған түлектер ана тілімен қоса ағылшынша, қытайша сөйлей бастады. Сөйтіп, халық жүрегі мен жүйе-жүйкесіне «қос тілді ағарту» «білім алудың озық үлгісі» екенін мықтап сіңірді. Бұған қоса, басқа халықтарға кіріптарлық туғызу үшін мемлекеттік тілдің білу талабын онан арман қатаңдастырды. Бір жағынан жымысқы саясаттың арқасында, қос тілді болудың «ептеп» «жақсылықтарын» біле бастаса, енді бір жағынан, қоғамда қытай тілін білмесе болмайтын болғасын шарасыз қалған халық ендігі жерде «қос тілді оқу-ағарту» саясатын жек көрмейтін, оған қарсылық жасамайтын да болды. Рас-ау, қай ата-ана баласын жаман болсын десін. Әр ата-ана тура солай бірнеше тілде сөйлегенін жан ділімен қалай бастады. Бұның бір жағында замана талабына сай болсақ деген арман жатса, бір жағында шарасыздық жатқаны айдан анық. Себебі, қашаннан қатал коммунистік жүйе олардың тұяғын серпуге келтірмесі анық еді... Бұнымен қоймай бірте-бірте аз санды ұлттардың мектептерінің дербестігін де күшінен қалдырды. Яғни аз ұлт тіліндегі ұлттық мектептердің барлығын қытай мектептерімен қосып жіберді. Бұған ел ішін наразылық керней бастады. «Тағылардың» оңай-оспақ «ноқтаға» басын сұға қоймайтынын әбден білетін қытай тағы бір сайқалдыққа басты... Қытай - Қытай болып құрылғалы бері жүргізіп келе жатқан тоғыз жылдық ақылы оқыту саясатын күшінен қалдырды. Ендігі жерде қытайласқан мектепте балалар ақысыз білім алатын болды. Қолында билігі жоқ қара халық ақыры, «қалтасына қарап» шарасыздан «бас иді». Сонымен ұлттық мектептердің қытай мекептерге қосылуымен бірге сан мыңдаған аз ұлт өкілдері қытайланып жатты. Қанжарға басын имейтіндерге оқ та атпай, қанын да төкпей қалтаға бас игізгені қандай аянышты. Кейде-кейде «тәйірі-ай, адам деген осынша опасыз болар ма? Ақшаға тән сатқан тексіздер болушы еді. Ал, ақша үшін ұлтын да ұмытып кету оп-оңай екен-ау, ә» деп жағаңды ұстайсың. Бірақ, оларды да түсінуге болады. Бұнда өте үлкен шарасыздық бары кім-кімге де белгілі жағдай. 2007 жылғы Тибеттегі таңғыттардың, 2008 жылы Үрімжіде болған ұйғырлар көтерілісінің бір астары осында жатыр. Олар қанша ұлтын жоғалтпауға тырысқанымен де, амал қанша, қытайдың түкірігіне көміліп қала берді. Нарықтық экономика кімді бармақ тістетпеді дейсің. Әлемге көз жіберсең біреулер алпауыттарға қарызданып өз қолын өзі кесіп жатса, біреулер өз мүдделерін құрбан етуде... Басқасы-басқа, қаншалаған ұлттардың тағдырын «түбегейлі» өзгертуі қандай жантүршігерлік оқиға. Ғасырлар бойы өз дәстүріңді ұстанып, өз тіліңде сөйлеп, өзің болып өмір сүріп келе жатып, міне бүгін тарих қойнауына қытай болып еніп бара жату қандай аянышты, қандай қорқынышты десеңші. Елді экономикамен шырғалаудың дәмін татқан Қытай бүгінде әлемдегі үшінші елдерге қарата «жомарттық» істей бастады. Алаған қолдың береген болатыны бесенеден белгілі. КӨРНЕУДЕ КӨМЕК, КӨМЕСТЕ ЖЕМЕК Келесі кезекте, аз ұлттар қоныстанған елді мекендерге қамқорлық көрсетіп, үкіметтің көптеп көмек көрсетілуде. Радио қабылдағыш, теледидарлар, спутник сияқты ақпарат тарататын маңызды құралдар тегін үлестіріліп халыққа «партия мен үкіметтің көл-көсір мейірі» төгіліп жатыр. Ондағы мақсат біреу-ақ, шетелдік телеарналардың жолы кесілгендіктен ел ішінің жырлайтыны билікті шеңгелдеген бір партияның жыры. Міне сол «жырды» яғни орталықтың «қамқорлық» саясатын қараша халыққа жеткізу. Өз діни танымынан, рухани болмысынан айырып құдайсыз ғұмыр кешуге итермелеу арқылы ұлттың ең мықты іргетасы діннен бездіріп, қызыл партияны халықтың көзін ашқан құтқарушы ретінде көрсету, халықты одан ары мәңгүрттендірмек пиғылы жасырынып жатыр емес пе. Жиырма жылдан бері шамамыз қаптал бола тұра толық қанды мемлекеттік тілге көшіре алмай отырған телеарналарды олар мемлекеттік саясатын қалың халық бұқарасына жеткізетін бірден-бір құрал етіп алды. Бұнымен қоймай аз ұлттар отырған өңірлерде спутниктік жүйеге қосылған күннің өзінде басыңды тасқа тоқпақтасаң да шетелдік телеарналарды көре алмайсың. Қандай жан сүйсіндірерлік ұлттық саясат?! Біз шетелдің басылымдарын қарша боратып қойып үн-түнсіз «орнында бар оңалады» деп жайбырақат отырмыз. Қашан оңалады? Оны қайдам. Аллаһ Тағала Құранда: «Ақиқатында, Аллаһ бір қауымның жағдайын, олар өз жағдайын өзгертпейінше, өзгертпейді» дейді. Өзіміз талпынбайынша ұлттық жағдайымыз оңалмайды. Онымен қоймай шалғайдағы әрқайсы ауылдардың барлығына жол жеткізуді мақсат еткен мемлекеттік маңызды инженерия жолға қойылды. Соның нәтижесінде, шығыста Сібірмен сыбырласып жатқан шығыс терістіктің орманды алқаптарынан тартып, Өр Алтайдың қойны-қоншына дейін тарам-тарам жол салынды. Жер бетіне қан тамырдай тараған осы жолдардың дүниенің жотасы атанған Тибет үстіртіндегі Лыхасаға дейін баруға мүмкіндік беруі де саясат екенінде дау жоқ. Тәуелсіздік алған жарты ғасырдан бері жасамаған «көмекті» бүгін жасай қалуына да таң қалудың керегі жоқ. Бұл бір жағынан ішкі Қытайдың шикізатқа деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында болса, енді бір жағынан Аллаһтан басқаға бас имейтін кейбір мұсылман халықтарды «тыпырын шығармай» ұстаудың маңызды тәсілі. Тағы бір жағынан осы инженерияның барлығы қытайсыз істелмейтіні анық. Бақаның сарығаны көлге сеп. Бір жағы ішкі қытайдағы жан санының тығыздығына сеп болса, бір жағынан аз санды ұлттардың жері кең, ауасы тұнық, сонымен қоса шекара аймақтар болғандықтан күні ертең ол жерге «ие болатын» қытайдың қысық көз ұл-қыздары керек емес пе? Міне осындай бір қарамаққа көмек болып көрінген ісінің астында әлде неше саяси мүдделер мен байыбына бару қиын бақай қулықтар жатқанында дау жоқ. Бүгінде бұл істі халқаралық деңгейде жүргізе бастауы қайсы елдерді болмасын бей-жай қалдырмасы белгілі. Себебі, «жүйкесі жұқа» мемлекеттерге салынған әрбір инвестиция мен «достық қарым-қатынасты» ту еткен кез-келген қытайлық іс-шаралардың өзі әр алуан «есеп» пен ұзақ жылдық жоспарды өз ішіне алып жатқан сырты жуас, иіліп, арқандан қағып, күле сөйлеп тұрған жымысқы саясат болуы бек мүмкін. Бүгінгі таңдағы Қытай билігінің астында жатқан аз санды ұлттардың тағдыры әлемдегі қытай қаупінен алаңдаған елдер мен ұлттар үшін ашты сабақ екені ақиқат. Өйткені, олардың тағдырында Қытайдың арамза саясатының ізі «сайрап» жатыр. Оразбек Сапархан