СӨЗБҰЙДАҒА ТҮСКЕН ҚАЙРАН, АНА ТIЛIМ!

Photo Toktar aga                                                 Тоқтар Бейісқұлов - жазушы-ғалым Айтылуы аз емес, бiрақ әлi күнге дейiн мемлекеттiк тiлге толық көше алмай келемiз. «Жиырма бiрге толды, бiрақ әлi мешел» деп жұрт текке айтып жүрген жоқ. Қолдану аясы кеңiген жоқ. Оның қолдану аясы 30-40 жыл бұрын қандай болса, әлi де содан өскен жоқ дегеннiң рас екенiн қазiргi қарттар жақсы бiледi. Баяғы орысша ойлап, қазақша жазу. Iс қағаздарын алдымен қазақша дайындау қолға алынып едi, одан оңды нәтиже бола қойған жоқ. Iс-қағаздар 65 пайыз қазақша жүргiзiлiп жатыр деп көзiмiздi бояғысы келедi. Оған сену қиын. Ол – ол ма, түрлi жиындарда қазақ шенеунiктерiнiң орысша сайрап тұрғанын көресiң, қазақшаға көшсе, аяғына жем түскендей кiбiртiктеп, сөздерiнен жаңылып, «жаңағылатып» жатады. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi деген тұжырым ортақ Заңда көрсетiлген едi. Президент әлсiн-әлсiн сол тiлдi бiлу керектiгiн айтып та жүр. Заңнамалық, құқықтық, технологиялық, ғылыми-әдiстемелiк жағына жағдай жасалған көрiнедi. Әртүрлi байқаулар да, кездесулер де, жиындар да өткiзiлiп жүр. Мемлекеттiк тiлдi өркендету – барша азаматтың, әсiресе қазақтың әрi мiндетi, әрi жауапты iсi. Өте-мөте билiктiң, жоғары дәрежелi қызметкерлердiң сол биiктен көрiнуi қажеттiң қажетi. «Қазақтың болашағы қазақ тiлiнде» деген ұраншылдық құр даурығу болып қалмас үшiн көпшiлiк алдымен соларға қарайды, үмiт артады. Көптiң үмiтiн ақтау – зор ғанибет. Қарымды жазушы Жәди Шәкенұлы «Ғабиттiң зарлы қайғысы немесе «Қайран тiл, қайран сөз, наданға қадiрсiз!» деген мақаласы («Жас қазақ үнi», 2011, 10 қаңтар) Әр кеудеге ой салса керек. Оның «Сөз тiрiлмей, ел тiрiлмейдi. Тiл тiрiлмей, ел тiрiлмейдi» деуi бәрiмiзге ескертпе емес пе! Шынында, қазақ тiлi әлi шала жансар, жаны жарадан айыға алмай жүр, жарасы жазылмай келедi. Анау – анау деп, мынау – мынау деп додаға салып жүргендей көрiнедi. Заңгер жазушымыз М.Әуезов «Найзаның жарасы емделедi де жазылады, жазылмайтын – сөз жарасы» дегенiн көзiмiзбен көрiп те жүрмiз. Шұбарлап жатсақ, тiлiмiзге түскен жараның сорақысы емес пе? Мемлекеттiк тiлiмiздiң өрiсiнiң кеңеюiне телеарналардың зияны шаш етектен. Қай арнаны ашып қарасаң да, орысша хабарға тiрелесiң. Қазақ тiліндегі бағдарламалар азайып кеткен бе деп күмәнданып жүрушi едiк. Бекер емес екен. Жуырда «Айқын» газетiнен (2011, 1 наурыз) «Қазақша хабар тарату бар-жоғы 10 пайыз көлемiнде» деген деректi оқып, қайран қалдым. Мен телерадио саласында он сегiз жыл iстеген адаммын. Кеңес заманында дәл осындай болған жоқ. Қазақ телевизиясындағы екi тiлдегi ара салмағы аса алшақ емес болатын. Ал мына 10 пайыз құлдырап кеткендi бiлдiрмей ме?! Ендi келiп 2012 жылы мемлекеттiк тiлдiң үлесi 25 пайыздан кем болмауы керек, ал 2015 жылы 50 пайыздан төмендемеуi тиiс деген ұсыныс жасалып жүр. Бұдан бiраз жыл бұрын телехабарлардың қазақ тiлiндегiсi 50 пайыз болуы керек деген талап қойылғанын бiлемiз. Ол орындалмады, телеарналар бастықтары селт етпедi. Ондай орындамайтындарға шара қолданбаушы ма едi? Тiлiмiздi аяқ асты етiп отырғандарға неге көңiл жықпастықпен, неге кешiрiммен қарауымыз керек? Үкiмет неге бақылауға алып, талапты күшейтпейдi? Тiл туралы сан алуан қоғамдық, мемлекеттiк құрылымдар бар. Неге олар төзiмдiлiк көрсетедi? 50 пайызға жеткiзуiмiз керек деп тағы өзеуреймiз. Телеарналар дәл қазiргi бағытын ұстанса, ол талап та суға кеткен құрдымға айналады. Телеарналардың хабарларының қазақшасы қанша деп сараптап көрiңiзшi, жағаңды ұстайсың. Мемлекеттiк тiлге мән бермеудi Астана телеарнасы үлгi көрсетiп отыр десе де келедi. Хабарлары таңғы 7-де басталып, ертеңгi түнгi сағат екi шамасында аяқталатын сияқты. Тәулiгiне 19 сағат көлемiнде хабар беретiн көрiнедi. Мұны 1-наурыз күнгi бағдарламасының уақытын есептегенде байқадық. Осы уақыттың қаншасы қазақ тiлiнде екен деп көз салсақ, «Қайырлы таң» 2 сағат – 7-ден 9-ға дейiн, сағат 13.00-де, 17.00-де он минуттiк жаңалықтар, кешкi 21.30-да 30 минуттiк жаңалықтар, түнгi 01.05 сағатта жаңалықтар бар екен. Небәрi 19 сағаттың 3 сағаты ғана қазақша екен. Оның өзiнде де негiзiнен соңғы хабарлар берiледi. Басқа уақыттың бәрi орыс тiлiндегi хабарлар. Оның көбiн кинофильмдер құраған. Берiлген алты кинофильмнiң алған уақыты бәрiнен көп. Ал қазақ тiлiнде рухани нәр беретiн, сана-сезiмдi арттыратын, ой-өрiстi кеңейтетiн, мәдениет, дәстүрлерден үйренетiн хабарлар неге жоқ? Қазақтарға керек емес деп ойлай ма? Тiптi концерт те берiлмейдi. Шүкiр, әсем дауысты әншiлер де, әуендi ән шығаратын сазгерлер де, күмбiрлетiп күй төгетiн күйшiлер де көп емес пе? Түнгi 01.15-те «Live концерт. Holland» деген концерттен басқа ән берiлмегенiне қалай ренжiмейсiң?! «Еларна» деген аты ғана болмаса, бұл арнадан берiлетiн хабарлар да көңiлiмiзден шығып жатқан жоқ. «Хабар», «КТК», «31 канал», «Таң», «СТВ» (бұрынғы «Рахат») – бұлардың да асып бара жатқан қазақшасы жоқ десе де болады. Ресейдiң хабарларын, әсiресе концерттерiн көбiрек қосып қоятындары да бар. Онсыз да шетел хабарларын тарататын арналар жыртып айырылады. Биыл қыркүйек айынан бастап «Қазақстан» телеарнасы тек қазақ тiлiнде хабар беретiн болады дегендi естiдiк. Құптарлық шешiм. Дұрыс деп қабылдай отырып, шынымен таза қазақша болсын, «бөтен сөзбен былғанбасын» деген тiлек айтқымыз келедi. Сонымен, қорыта келе айтарымыз мынау: бiрiншiден, мемлекеттiк тiлдегi хабар 50 пайыз емес, кемiнде 90 пайыз болуы керек, әрi бәлен жылға дейiн соза бермей, жеделдете енгiзу жөн, екiншiден, принциптi бақылау жасап, өз бетiне кетуге жiбермейтiн комиссия құрылуы тиiс. Орыс тiлiндегi газет, журналдардың, кiтаптардың қаптап әкелiнiп жатқаны да ойлантуы тиiс. Тiл жөнiнде мақалалар жазып, пiкiрлерiн айтып, ұсыныстарын бiлдiрiп жүргендердiң бiрi Жұма-Назар Сомжүрек. «Тiл тағдыры – өз қолымызда» деген мақаласында («Үш қоңыр», 2011, 23 ақпан) бастауыш сыныпта үш тiлдi оқытуды қолдамайтынын бiлдiрдi. Бұл көпшiлiктiң де көкейiнен шығып отыр. Көрiп жүрмiз, бастауыш сыныпта ана тiлiн жақсы игерiп, еркiн бiлiп шықпаған бала шөре-шөре жолына түсiп, бара-бара қазақ тiлiнен алшақтап кетедi. «Баланы басынан» деп айтуымыз тегiн емес. Сондықтан бұл пiкiр қолдау табуы тиiс. Тiлiмiздiң мәртебесiнiң өспей келе жатуының негiзгi бiр себебi – билiк басындағылардың, әртүрлi дәрежедегi қызметкерлердiң, пар­ла­менттегi және төменгi сатыдағы депутаттардың бәрi дерлiк мем­лекеттiк тiлде сөйлемейтiндiгi. Телеарнадан қарап отырсаң орысша сайрап жатады. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүредi» демеушi ме едi. Түрлi жиналыстарда қазақтар толып отырса да, орысша сөйлеу әдетiнен арыла алмай жатқанымыздың зияны аз емес. Тәуелсiздiк алғанымызға жиырма жыл болды деп ауызды керiп мақтанғаннан не пайда? Бүгежектей жүрiп, сескене беретiн сияқтымыз. Ал мемлекеттiк тiлде сөйлемейтiн адам, айталық депутат, әкiм, оны жақсы бiлмейдi. Сөйте тұрып жиырма жылда үйренбегенi, құлық қоймағаны ар-намыстан аулақ екенiн байқатады. өзi бiлмеген соң, басқаға мемлекеттiк тiлде сөйле деп, әрине, айта алмайды. Халықаралық «Қазақ тiлi» қоғамы бар. Құрылғанына жиырма жыл болды. Облыстарда филиалдары жұмыс iстейдi. Әрине, қоғамдық ұйымға жатады. Тiлге байланысты Заң талабы орындалмай жатса, шара қолданып, жазалау мүмкiншiлiгi жоқ. Дегенмен, тексеру жүргiзуге, анықтаған кемшiлiктердi тиiстi орындарға жеткiзуге құқылы болса керек. Тек кейбiр жәйттердi тiзбелеп қана отыратын қоғам еместiгi түсiнiктi. Ал тиiстi орындар олардың пiкiрiмен санасып, қандай да бiр шара қолданса, iс ұйымдастырса нәтиже берерi сөзсiз. Әмiсе олай бола бермейтiнiн «Қазақ тiлi» қоғамы Атырау филиалының төрағасы Әбiлхан Төлеуiшевтiң «Кейде бiрiншi басшының, не мемлекеттiк қызметтегi шенеунiктердiң мемле­кеттiк тiлге шорқақтығының керi әсерi тиiп жатады» деген сөзiнен («Егемен Қазақстан», 2010, 3 тамыз) анық аңғарасың. Мiне, мәселе қайда жатыр?! Менiң түсiнiгiмде де көп кедергiлер соларға байланысты. Облыстық әкiмшiлiктерде Тiлдер­дi дамыту басқармалары бар. Қоғамдыққа қарағанда олар­дың мүмкiншiлiктерi мол болса керек. Олардың жүргiзiп жатқан жұмыстарын жоққа шығаруға болмас, түрлi құжаттарды қазақ тiлiнде жүргiзуге көбiрек көңiл бөлiнетiн сияқты. Алматы қаласы Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы Мамай Ахеттiң «Тәуелсiздiгiмiздiң басты нышаны – тiлiмiз» деген мақаласында («Ана тiлi», 2011, 10-16 ақпан) осы жайында кеңiрек жазылыпты. Қажеттi iс екенiн ешкiм терiске шығармайды. Iс қағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзу жайында сөз болып келе жатқанына едәуiр уақыт болса да құлық көрсетпеушiлер кедергi келтiрiп жүргендерi жасырын емес. Оның бiр себебi, атқарушы орындарда қазақ тiлiн бiлмейтiндердiң iстейтiндiгi. Олардың бiлмеуiн құлқы жоқтығы, салғырттығы, немқұрайлы қараушылығы демегенде, не деймiз? М.Ахеттiң (кей мақалада Ахетов дептi) «Қазiр қос тiлдi қосып қойыртпаққа айналдыратын, «шала қазақшалап» шүлдiрлейтiндер көбейiп барады» деп көңiлi құлазитынын өзiмiз де көрiп, ызаға булығатынымызды несiне жасырамыз. Басқарма өз тарапынан игiлiктi көп шара ұйымдастырып өткiзiп жатыр екен. Оған қалалық, аудандық әкiмдiктердi де қатыстыратынын оң нәтижесiн берсе керек. Бiрақ Алматы көшелерiне шыға қалсаң, шаруаң болып кейбiр мекемелерге бара қалсаң, жаның жүдеп қалады-ау. Қазақшасы шала, қазақша сұрасаң орысша жауап берiп, араластырып сөйлейтiн көп кездеседi. Тiлiмiз жайында қанша айтылып жүр, жазылып жүр, қатардағы жәй қызметкерлердi айтпағанның өзiнде, қазақ басшыларының бүйрегi бүлк етпейдi, мiз бақпайды. Сондай кесiрден тiлiмiздiң нық аяғына тұруын жиырма жылдан ары созатын шығармыз. Олар көшемен жаяу жүрiп көрмейдi ғой деймiн. Түрлi мекеме және тұрғын үйлердiң қабырғаларына не жазылыпты деген қаперiне де кiрмейдi. «Жас қазақ үнi» газетiнде Ұлтжан Оңдасынов «Мемлекеттiк тiлдi менсiнбейтiндердi жазалау керек!» дептi. Ондай адамдар жоғары лауазымды қызметтерде аз емес. Шынында талапты күшейтпесе, құр әрлi-берлi сөздерден, ананы iстедiк, мынаны бiтiрдiк деген дабырадан ештеңе шықпайды. Жазалаудың үлкенi жұмысынан босату, ескерту, сөгiс беру сияқты түрлерiн де қолдану керек шығар. Айтқанды түсiнбесе, ескермесе, үйренуге, мемлекеттiк тiлде сөйлеуге талпынбаса, басқа не iстерсiң? Әр азамат парызым деп бiлуi керек деп жатамыз. Оған да құлақ аспайды-ау. Сонда әрқайсысына президент үйретiп отыруы керек пе? Президенттiң басқа сөздерi өз алдына, ал «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессiн» дегенді ескермейтiндер аз емес. Бiр мысал келтiрейiн. Он шақты кiсi «Тұз шахтасы» («Солевая шахта») дегеннен ем алып отырғанбыз. Арамызда бiр ғана орыс бар. Жайласып отырғаннан кейiн сөйлесе бастады. Байқаймын, бiлiктi қызметкерлер сияқты, қалталысы да бар-ау деймiн. Бiрден орысша сөйлесе бастады да дабырласып кеттi. Бiршама тыңдап отырдым, ақыры шыдамадым да: «Ау, сiздер қазақ емессiздер ме, неге өз ана тiлiңде сөйлемейсiңдер, не бұл, бiреу зорлап отыр ма?» дедiм. Үнiм қатқылдау шықты. Саябырсыған болды. «Қазақ десең өзiңе тиедi» деген ғой, бiрақ айтпасаң тағы болмайды. Мұндай жағдайды әр жерден көрiп, iшiң ашиды. Әсiресе, «iсiң түсiп» әртүрлi мекемелерге барсаң, жұмыс iстейтiн қазақтардың өзi орысша сөйлеп, жыныңа тиетiнi бар. Қазақша сұрасаң, орысша жауап бередi. Мұндайда ашу келiп: «Сiз қазақсыз ба?» деймiн. «Иә, қазақпын» дейдi. «Ендеше қазақша неге сөйлемейсiз? Мен қазақша сұрап тұрмын ғой» деп бiраз сөгiп тастаймын. Автокөлiктерге отырсаң одан да сорақысын естисiң. Билет сатушының аялдама, көше аттарын орысшалап жатқанын естiгенде ызаң келедi. Қабанбай батыр көшесiн – Калинин, Қарасай батыр көшесiн – Виноградов, Төле би көшесiн – Комсомольская, Бөгенбай батыр көшесiн Киров десе, қалай қарауымыз керек? Ондайды естiсем, олай емес, дұрысын жариялап айт деп ескертпесем дәтiм шыдамайды. Жоғарыдағыдан мынадай қорытынды жасаймын: сондай адамдар жұмыс iстейтiн мекемелердiң басшылары қазақ болса, неге оларға ескертпейдi, дұрысын жария етiңдер, қазақша сөйлеңдер деп неге талап етпейдi. Басшыларының қазақшасы шамалы шығар. Ендеше тiлiмiз қайтiп өркендесiн, қайтiп жаралы жаны жазылсын. Ал бизнестiк құрылымдарда тiл жайы не болып жатыр деген мәселе де көңiлiмiздi алаңдатады. Сондықтан мемлекеттiк тiлдi Қазақстанның әрбiр азаматының парызы мен мiндетi дегендi Заңмен бекiту керек деген ұсыныс қолдау тауып, талапты қатайту керектiгiн қолға алмаса, пәрмендi шара қолданбаса, бос сөзден еш нәтиже шықпайды. Ол Заң алдымен қазақ тiлiнде дайындалуы тиiс. Себебi, қызметкерлер мемлекеттiк тiлдi оқыту курсынан өткiзiлгенмен, алған сертификаттарын ары қойып, жұмысын орыс тiлiнде жалғастыра бередi екен. Оларға қарап қарамағындағылар не iстейдi? Демек, тiлiмiздi сақтаймыз, ары дамытамыз десек, алдымен басшылар пейiлiн өзгертiп, үлгi көрсетуi тиiс деп бiлемiз. ҚР Премьер-министрi К.Мәсiмов Мәдениет министрлiгiнiң алқа мәжiлiсiнде «Елiмiздiң барлығы қазақ тiлiнде сөйлеуi керек» дегенi есiмiзде. Басқа ұлт адамдары да сөйлеуi тиiс деп түсiндiк. Өте дұрыс талап. Бірақ қазақтардың бәрi сөйлей алмай жатқанда, олар қалай үйрене қояр екен? Бұл процесс қаншаға созылады? 2020 жылға дейiн, тағы да жиырма жыл күресiп, мемлекеттiк тiлдi толық күшiне енгiзе аламыз ба? Осындай күдiктi сұрақтар өткенiмiзге қарап туып қалады. Сондықтан «Болашағы баянды болғай» деп те қояды. Бұл сөзде сенбеушiлiктiң исi сезiледi. Егер бұрынғыдай сөз қуып жүрсек, қазiр айқындалған мем­лекеттiк тiлдiң болашағына жете алмаймыз. Барлап қарасаң, Президент, үкiмет аппараттарында негiзiнен қазақтар iстейдi. Министрлер де, әр деңгейдегi әкiмдер де, бiрен-сараны болмаса, қазақ азаматтары. Тiптi заң, құқық қорғау тағы басқа мекемелердi де қазақтар басқарып отыр. Жоғарғы оқу орындары да солардың қолында. Қойшы, әйтеуiр басқарушылық қолымызда. Тiлiмiздi өркендетудiң басында солар үлгi көрсетiп жүруi керек емес пе?! Мiне, солай болмаған соң, әлi күнге тiлiмiз қағажу көрiп келедi. Бiр мысал келтiрейiк. Алматының республика орталығы болғаннан берi 85 жыл толып келедi. Алма-Ата деген аты жақсы едi, шуылдасып жүрiп Алматы атауына ауыс­тырттық. Тәуелсiздiк алғанға дейiн мекемелердiң үйлерiнiң маңда­йына екi тiлде жазылған аттарын көрушi едiк. Соған ренжiп, қазақ­ша неге жазбайды деп күңкiл­дейтiнбiз. Ендi мекемелердi қойып, үйлердiң маңдайшаларына да, қабырғаларына да әлденеше тiлде жазатын болды. Шұбарланып барады. Гоголь көшесiнiң бойымен Қонаев пен Абылай хан көшелерiне дейiнгi үйлердi көрiп шықсаң да соған көзiң жетедi. Үлкендi-кiшiлi жазулардың iшiнен қазақша бiрлi-жарымды ғана сөздi көресiң, көбiнесе шетел тiлдерiнде. Мiне, қараңыз, үйлердiң қабырғаларына бадырайта жазылған сөздердiң кейбiрi мынадай: Brioni, Wesehino, ESCADA, BOSS, GRETTALAND, SHOES ACCESSORIES, LUKUS, Mon Amie, Armonia, Gauali, Laperla, Osmauli TAKI, Western Union. Көп-ақ кездеседi. Абылай хан көшесiне жақын жерде «Халық банкi» бар. Қазақша солай деп атаудың орнына «HALYK BANK» деп жазып қойғанын көрген сайын ызаңды келтiредi. Бастығына мынауың не, сен Қазақстанда тұрмайсың ба дейтiн ешкiмнiң болмағаны ма? Орысша сөздердiң өзiн анда-санда көресiң. Алматы қазақтың емес, шетел қаласына айналып бара жатқан жоқ па? Қай көшеге шықсаң да көретiнiң осы. Бұрынғы қазақша-орысша жазатынымызға да зар бола бастадық. Келтiрiлген сөздердiң қандай мағына беретiнiн көзiқарақты адамдардың өзi де бiлмейдi, соларды жазғандар болмаса. Ол сөздердiң қазақшасы жоқ. Ал осы келеңсiздiк бетiмен кете бере ме? Қала, аудандардың әкiмдерi, қызметкерлерiнiң көпшiлiгi қазақ азаматтары. Тiл басқармаларында да, тiл қоғамында да солар. Қала көшелерiмен жүрмей ме олар? Жүрсе көрмей ме, көрсе де мән берiп, бұл қалай деп жандары ауырмай ма? Ендi түзету жолын ойластыру керек. Мұндай жағдай Алматыда ғана емес. Ендеше үкiмет те араласуы тиiс. Тiлiмiздiң шұбарлануы бұл ғана емес, телеарнадан ғана көрiп жүрген жоқпыз, газет беттерiнен де оқимыз. Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының жобасы жария етiлгенiне де жарты жылдан асты. Осы жобада индикаторлар, сервис түрi, коммуникативтiк қызмет, масс-медиа құралдары, БАҚ контентi, креативтi шешiм сияқты сөздер болды. Солардың баламасын бiлiктi Iсләм Жарылғапов сияқты iздеп табуға болар едi ғой. Сатираның шеберi Ғ.Қабышұлы «Бiреудiң келiншегi қыздай көрiнетiн заман немесе қазақ домбырасы туралы бiрер сөз» деген мақаласында («Үш қоңыр», 2011, 23 ақпан) бiр газеттен «Домбыра ұлттық бренд бола ала ма?» дегендi оқығанын жазып, «бренд» сөзiн қазақша баламасын келтiрмей, ағылшыннан ала салғанына қатты ренжiптi. «Заман ағымына қарай шет жұрттардан әкiреңдеп келген сөздiң бәрiн сол күйiнде төрiмiзге шығара берсек, онсыз да тауқыметтi ана тiлiмiз күнi ертең керi мағынасындағы «халықаралық» тiлге айналмай ма?» деп мазаланады ол. Көпшiлiгiмiздiң көкейiмiзде жүрген сауал бұл. Термин сөздердi былай қойып, өз тiлiмiзде беруге болатындарының өзiн ойланбай ала беретiнiмiз қынжылтпай қоймайды. Ғабаң әлгi «бренд» сөзiн «нышан» деуге болатынын дәлелдеп берiптi. Одан да сорақылары бар. «Қазқайтажаңарту» РМК, «Турбат архитектуралық-культтық кешенi» (фильм) деген не сөз? Қазақстанда құрылған сан алуан акционерлiк, бизнестiк құрылымдар аттарының шұбарлануынан көз сүрiнедi, тiл күрмеледi. Шет тiлдерден кiрген сөздер баламасыз сол күйiнде жазылып жүргенiне неге мән берiлмейдi? «Адекват» сөзiнiң «барабар, тепе-тең, бiрдей» деген баламасы бола тұрып сол түрiнде жаза беремiз. Телеарналарда ток-шоу дегендi ұйымдастыруға құмар-ақ. Бiр кезде «думан» сөзi қолданылушы едi, ол ығыстырылды. Бұрынырақ «таможня» делiнетiн едi, ендi «кеден» деймiз. Гербтi – Елтаңба, гимндi – Әнұран деп айтып үйрендiк, тiлге де, құлаққа да сiңiп кеттi, әрi оңды қазақыланды. Мұндай мысалдар молынан баршылық. Ендеше қандай да бiр кiрген шетел сөзiне қалай да балама табуды ерiнбей iздеудi бойға сiңiру артықтық етпейдi. Соңында Қазақстанда тұратын басқа диаспоралардың адамдары мемлекеттiк тiлге құрметпен қарап үйренудiң оларға да еш зияны жоқ. Алайда олардың бiлуiне ықпал ету мәселесi бар. Францияда «Француз тiлiнiң тазалығын қорғау туралы» Заң жұмыс iстейдi. Тек сол тiлде сөйлемейтiн басшы жоқ десе болады. Жақында Германия канцлерi Меркель телеарнадан сөйлегенде онда тұратын түрiктер немiс тiлiн бiлуi керек деген талап қойды. Мұнда екi миллион шамасында түрiктер тұрады екен. Көршi елдер Ресей мен Қытайда өз тiлдерiнде ғана сөйлеп, жазатыны қызығушылық туғызады. «Қазақ тiлi соншалық мол. Ләкiн қазақтың тiлiменен қандай кiтап болса да жазуға болады. Қазақ тiлi мұншалық жатық њәм анық болар едi, егерде бiздiң қазақтар аңғарып, бөтен тiл араластырмастан iлгерi бастырып сөйлесе...» деген Ы.Алтынсариннiң бағасы, арманды сөзi ой салар деп тұжырымдайық.