Жаңа президенттен не күтеміз?

Саяси маңызды науқандар кезінде саясаткерлермен ғана санасып, солардан ғана пікір алып сұхбат жасайтын жаттанды үрдісті қайталағымыз келмей, еліміздің кезектен тыс өтетін Президент сайлауына байланысты белсенді әрі көкірегі ояу сайлаушылардан болып табылатын жоғары оқу орындарындағы студент жастармен сұхбаттасқан едік. «Алдағы сайлаудан, сайлауда жеңіп шығатын жаңа президенттен не күтесіз?» деген сауалға олар төмендегідей жауап берді.

  Кәусәр Бақытжанқызы С.Асфендиаров атындағы ҚазМУ, 6 курс студенті

Жемқорлар жоғалса...

– Меніңше сайлау қорытындысында Аллаһ амандық берсе қазіргі Президентіміз жеңеді. Сондықтан референдум нәтижесі заңға қайшы болмаған жағдайда қабылдай салса ешкім қарсы болмас. Халықтың Елбасын қолдайтыны бесенеден белгілі, бұны референдум нәтижесі де көрсетті. Бір есептен сайлау өткізбей ақ қоюға да болатын еді. Оған Президентіміз Ата заңды сыйлаудың үлгісін көрсетіп берді. Бұл да біздің қоғамдағы жағымпаздар мен «заң бұзғыш» шенеуніктерге үлкен сабақ болды. Елбасының өзі елдің заңына құрмет етіп, халықпен санасқанда биліктергі жағымсыз сипаты бар ішінара тұлғалар енді есін жиюы керек деп ойлаймын. Біз заңды ойыншық үшін жасамағанымыз белгілі ғой. Заң баршамызға ортақ. Меніңше, Елбасымыз қайта сайланса тура осы жолғыдай, заңның қатаң атқарылуын, қандай жағдайда да заңға құрмет ету керектігін қадағалап жемқорлық мәселесімен күреседі деп ойлаймын. Және халқымыздың денсаулық саласына, соның ішінде ана мен бала денсаулығына қатты мән берілсе, емдеудегі өлім-жітім шырғалаңдары азайтылса екен деймін.    

Диас БЕЙСЕНБЕК ҚазҰПУ, 2 курс студенті

Іс-қағаздар мемлекеттік тілге көшсе...

– Небәрі бір айдан кейін Президент сайлауы өтеді. Жиырма жыл өзгеріссіз бір саяси-экономикалық жүйемен дамып келе жатқан Қазақстан халқы биылғы сайланатын жаңа президенттен жаңаша мүмкіндіктер мен толағай табыстар күтіп отырғаны сияқты мен де еліміздің жас буын азаматы ретінде ұлттық құндылықтарымыздың бағаланып, мәртебесіне лайық орын алса екен деймін. Жаңа президент ресми іс-қағаздарды 100% мемлекеттік тілге көшіріп, мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін білуді міндеттесе екен деп армандаймын. Сонда ғана қазақ тілінің мәртебесі көтерілер еді. Қазірде белең алып бара жатқан қымбатшылыққа қарсы ұзақ мерзімдік бағдарлама қабылдаса, халқымызды жұмыспен қамтудың жаңа мүмкіндіктерін жаратса елдің сайлауда берген даусы ақталғаны болмақ. Батыс елдерінде экологиялық мәселелер жүйелі түрде шешіледі екен. Өкінішке орай бізде табиғат, қоршаған орта мәселелеріне айтарлықтай көңіл бөлінбейді. Мысалы: Балқаш, Каспий, Арал мәселелері, сонымен қатар жыл сайын мыңдаған тонна пайдалы қазбалар мен минералды ресурстарды өндіргенімізбен оның залалына мән берілмейді. Міне осындай келелі мәселелерді болашақ перезидентіміз бір арнаға салса үмітіміздің оң болғаны. Нәжатбек НҰРСАПА ҚазҰТУ, 4 курс студенті

 

Ұлттық саясат ұлықталса

–3 сәуірде өтетін кезектен тыс Президент сайлауы ел болашағына саятын маңызды саяси науқан. Халықаралық және басқа да тәуелсіз сарапшылардың көз алдында өтетін бұл маңызды іс-шара әділетті өтеді деп үміт етемін. Сол арқылы сайланған болашақ Президентіміз қазақ ұлтын Қазақстандағы нағыз мемлекет құрушы ұлт деңгейіне көтеріп, қазақты әлем жұртшылығы танитын және санасатын деңгейге көтереді деп ойлаймын. Шындығында да елімізге осы қадам керек болып тұрғандай. Себебі, іс басындағы Елбасымыз Н.Әбішұлы басқа жағынан қамтамасыз етті. Мәселен, шекара, ядролық қару, сыртқы саясат, елдің әл-ауқаты т.б маңызды қамалдарды алып болды. Демек, бізге енді ұлттық саясат яғни басқа ұлттардың тілі мен дәстүрін, адамдық құқықтары мен бостандықтарын қорғай отырып, өзімізге қажетті ұлттық саясат қолданатын қадам жасаса ел келергі Президентті есінен шығармайтын болар еді.

 

Қалантай СҰЛТАНБЕК ҚазҰПУ, 2 курс студенті

Жастарымыз батыстанбаса...

– Бұл жолғы сайлауда халқымыз өз бостандықтары мен құқықтарын пайдалана отырып, таңдауын жасайтын болады.Сайлауда жеңіп шыққан жаңа Президент халқымыздың білім саласының сапасын көтеруге көп қаржы бөлсе екен. Әсіресе білім саласындағы жемқорлық пен білікті маман мәселесін қолға алса нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар, білім алу жасындағы түлектер мен жоғары оқу орындарындағы студент жастардың тәрбие мәселесі адамды қатты ойландырады. Жастарымыздың біраз бөлігі батыстанып кетті. Қыздарымыз тән сататын, ұлдарымыз ұятсыз бола бастады. Жастар мен жасөспірімдер арасында жыныстық әуесқойлықтың кең етек алуы халық санасындағы үрейлі мәселе болып қалыптасып келеді. Халық осыдан алаңдауда. Міне, бұл бізге өте қуатты, ұлттық танымдағы имани түрдегі жастар саясаты керек екенін аңғартады. Осындай рухани мәселелерге жаңа Президентімізге артар үмітіміз зор.

 

Оразбек Сапархан