ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАРДЫ ЖАСТАРҒА МОДЕЛЬ ЕТІП КӨРСЕТУІМІЗ КЕРЕК!

Әбдіуақап ҚАРА, Түркиядағы Мимар Синан атындағы университеттің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Мұстафа Шоқайтанушы:

Abduakap Kara – Алаштанушы ретінде қазірде Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұрт­байлардың еңбектерін білеміз. Осы еңбектердегі Мұстафа Шоқайдың орны, яғни тарихи бейнесінің ашылуына байланысты қандай көзқарастасыз? – Бұл сұрақ өте орынды. Менің айтарым, қазіргі зерттеулерде Мұстафа Шоқайды Алашордадан бөліп қарастыру мәселесіне қосылмаймын. Көбінесе Алашорданы Қоқан автономиясынан бөліп қараймыз. Бұл, менің ойымша, дұрыс емес! Алашорда қозғалысы біздің ойлағанымыздан да ауқымды, кең көлемді қозғалыс. Ішінен қайсыбірін бөлшектеп қарасақ, оның мәнін ұғынып, көлемін нақты көре алмаймыз. Мұстафа Шоқай алаш қайраткерлерінің ажырамас бір тұлғасы. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатұлы дегенде біз Мұстафа Шоқайды да еске алуымыз керек.

- Аға, сіз белгілі ғалымсыз, Мұстафа Шоқайтанушысыз. Түр­­кия­дан арнайы Алматыға келу сапа­­рыңыздың мән-маңызын айт­саңыз? - Мен осында әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің арнайы шақыруы бойынша келіп отырмын. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан білім беруде Ph.D жүйесіне өтіп, қазіргі докторлық я тағы да басқа ғылым атағына үміткерлер шет елден ғылыми жетекші шақырады. Жаңа, қазіргі және тәуелсіз Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессоры, ғалым Қуаныш Қаражан өзінің баптаған шәкірті Жандос Құмғанбаевты ХХ ғасырдың басындағы, айталық, Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсыновтардың тағдыры туралы деректер турасындағы докторлық диссертацияға дайындап жатыр екен. Міне, өздеріңізге де белгілі, бұл менің де айналысқан тақырыбым болды. Өз кезегінде, ҚазҰУ-дың тарих факультетіне, Қаражан ағамызға үлкен рахмет айтамын. ҚазҰУ-ға, Қазақстандағы іргелі білім ордасына қазір 76 жыл толып отыр. Меніңше, шет елдегі ғалымға өз отанына келіп, дәріс оқу бақыт деп санаймын. Оның үстіне атамекеннің осындай іргелі білім ордасында лекция оқу мен үшін үлкен абырой және тебіреніс, қуаныш болып отыр. Бұл, әрине, еліміздің тәуелсіздігінің арқасы, ал кеңес өкіметі тұсында мұндай жағдай тіптен жоқ еді. Қазірде Қазақстандағы тарихшы ғалымдармен тығыз қарым-қатынасымыз бар, бұған дейін де бірнеше мәрте ғылыми конференция және жиналыстарға келіп-кетіп жүргенмін. Бірақ докторанттарға лекция оқудың жөні бөлек. Еліміздің жастарымен пікір алысып, сабақ беру мен үшін қатты әсерлі болып, рухани жақтан байып, ерекше бір сезімге бөлендім. Тарих бүкіл әлемде аса маңызды салаға айналып келе жатыр. Өйткені ХХ ғасыр мәлімет кезеңі, жаһандану кезеңі. Әрбір халық өзінің тегін, өзінің тамырын, өзінің мәдениетін зерттеуге бұрын-соңды болмағандай үлкен маңыздылықпен қарап отыр. Сондықтан тарих қазіргі таңда аса маңызды рөл атқарады. Осы орайда айтатын бір жайт, біз тарих ғылымында жан-жақты ойлауымыз керек, біз тарихқа әлемдік тұрғыда қарап, еліміздің тарихын, тәуелсіздігіміздің кезеңдерін жіті зерттеп, әлемдік тұғырға шығаруымыз керек. Тарихты дұрыстап бағамдамасақ тарихымызды әлем елдері арасында өзінің лайықты биігіне көтере алмаймыз және де жастарымызға ұлттық көзқарасты, патриотттық сезімді нақты бере алмаймыз. Алайда қазіргі жастар бақытты, себебі Қазақстан есігін әлемге айқара ашып тұр. Меніңше, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жасаған көптеген реформаларының арасында ең маңыздысы қазақ халқын әлеммен қабыстыруы. Осы орайда жастарға «Болашақ» бағдарламасымен әлемдегі алдыңғы орындардағы ЖОО-да оқуларында оқуға мүмкіндік жасады. Біздің тарихшылар да Қазақстанмен шектеліп қалмай, әр елдегі ғалымдармен жүздесіп, өздерін рухани жағынан байытулары керек. Өз басым Францияға, Қазақстанға, Германияға ат басын бұрамын. Сол жақтағы тарихшы ғалымдармен араласып, тілдесіп, байып қайтамын. Бұл өте маңызды, сондықтан қазіргі қазақ елінде жастарға көп мүмкіншіліктер бар, тек іздену керек. Бұл жерде басты құрал – тіл. Орыс және қазақ тілдерімен шектелмей, оған қоса түрік, ағылшын және басқа тілдерді меңгеру қажет. Біздің Мимар Синан атындағы университетте профессорларымыз алғашқы курстардан бастап осыны айтады. Жақсы тарихшы болу үшін кемінде жеті тіл білу керек дейді. Алғашқысы, әрине, ана тілі, одан кейін араб, парсы, француз, ағылшын, неміс, орыс, қытай тілдерін білу керек екен. Ал Қазақстанда кемінде төрт тіл білуге мүмкіндік бар: қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі және түркі халықтары болғаннан соң түрік тілін білу артықшылық етпес. Одан кейін зерттеу тақырыбына байланысты деректік тіл болады. Өзімнің білетін тілдерім мыналар – түрік, қазақ, ағылшын, неміс, франуз, орыс тілдері. Менің Мұстафа Шоқайға байланысты еңбегім осы тілдердегі деректерге сүйеніп жазылды. Оны француз тіліне Стефан Дө Тапия аударды, егер еңбек осылай әлемдік деректерді қамтып, құнды болмаса оны француз тіліне аудармас еді. Құдай қаласа бір-екі айдың көлемінде Париждегі бір баспадан жарық көреді. Сонымен қатар, бұл еңбекте біз Мұстафа Шоқайды тек қазақи тұрғыдан емес, әлемдік деңгейде көрсетуге тырыстық. Атап айтқанда, оның тек қазақ халқы және түркістандықтар үшін емес, француздар үшін де құрбан болғанын айттық. Дүниежүзілік екінші соғыстың бастапқы кезінде фашистік Германияның бүкіл еуропаға, соның ішінде Францияға да қауіп төндіргені белгілі болды. Сондықтан Франциядағы саяси эмигранттардың көпшілігі жан сауғалап Америкаға қашып жатты. Міне, сонда Мұстафа Шоқай қашқан жоқ. «Маған қиын-қыстау күндерде пана болған Франция енді менің екінші отаным, сондықтан мен отанымды тастап, ешқайда кетпеймін» деді. Сол үшін ол кісі Францияда қалып қойды да кейін немістер тұтқындап, ақыры қайтыс болды. Міне, Шоқайдың осындай адамгершілігі, опасы Францияға деген сүйіспеншілігі үшін қа­зірде Франция оған үлкен құрмет көрсетеді. Өткен жылы Францияның астанасында Шо­қайға арналып парк ашылып, мүсін қойылды. Бұл іс-шара елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға жасаған ресми сапары кезінде 2010 жылы 28 қазан күні іске асырылды. Оның тұсаукесерін елбасының тапсырмасы бойынша мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құлмағамбет жасады. - Алаштанушы ретінде қазірде Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұрт­байлардың еңбектерін білеміз. Осы еңбектердегі Мұстафа Шоқайдың орны, яғни тарихи бейнесінің ашылуына байланысты қандай көзқарастасыз? - Бұл сұрақ өте орынды. Менің айтарым, қазіргі зерттеулерде Мұстафа Шоқайды Алашордадан бөліп қарастыру мәселесіне қосылмаймын. Көбінесе Алашорданы Қоқан автономиясынан бөліп қараймыз. Бұл, менің ойымша, дұрыс емес! Алашорда қозғалысы біздің ойлағанымыздан да ауқымды, кең көлемді қозғалыс. Ішінен қайсыбірін бөлшектеп қарасақ, оның мәнін ұғынып, көлемін нақты көре алмаймыз. Мұстафа Шоқай алаш қайраткерлерінің ажырамас бір тұлғасы. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатұлы дегенде біз Мұстафа Шоқайды да еске алуымыз керек. Себебі ол бастан-аяқ алаш қозғалысының ішінде болды. Петерборда заң факультетінде оқыған кезінде оны саясатқа баулыған Әлихан Бөкейханов. Тіпті Ә.Бөкейхановтың тапсырмасымен Мұстафа Шоқайдың Ташкентке, одан кейін Қоқанға барғанын біз білеміз. Демек, Қоқанда жасалған әрекеттер алаштық идеяның жалғасы. Ойлап қарасақ, Қоқан ав­тономиясының бірінші пре­зиденті Мұхамеджан Тынышбаев. Ол кім? Ол да алаштың белгілі азаматы. Одан кейін сол орынға келген және Мұстафа Шоқай еді. Яғни алаш азаматы. Ал осы жерде біз Қоқан немесе Түркістан автономиясын қалай Алашордадан бөліп қараймыз? Сонымен қатар, Қоқан автономиясына қарасты территорияда қазақтар көп болды. Тіпті сол Сырдария қазақтарының саны Алаш үкіметіне қарасты территориядағы қазақтардың санынан көбірек болды. Демек Әлихан да бұл жерге Шоқайды босқа жіберіп отырған жоқ. Қазақтың мүддесін қорғау үшін, қазақ халқын қорғау үшін жіберіп отыр. Сондықтан Түркістан автономиясын алаштан бөліп қарауға әсте болмайды. Егер солай ететін болсақ, біздің ұлттық тарихымызды толық бағалай алмайтын болар едік. Мысалы, алаш қозғалысы алғашқыда Ресей Федерациясының ішіндегі автономиялық мемлекет құруды көздеді, бірақ онда түптің түбінде тәуелсіздік арман-мұраты жатқан еді. Ал алаш қозғалысы тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы негізгі кезеңдердің бірі. Сондықтан біздің алаш қозғалысын жан-жақты зерттеп, шын мәнісінде толық түсінуіміз өте маңызды. Алаш идеясын автономияға соқпай, кеңес одағынан тікелей тәуелсіздік алу жолына түсірген Мұстафа Шоқай болды. Оның мұндай көзқарасқа келуіне Париждегі орыс демократтарымен болған тәжірибесі себеп болды. Ол Ресей демократиялық мемлекетке айналғанның өзінде қазақтарға ешқашан тәуелсіздік бермейтіндігіне көз жеткізді. Сөйтіп, ол алаш идеясына эволюция жасады да автономиядан тәуелсіздікке көтерді. Сонымен, мен айтар едім, Мұстафа Шоқай алаш қозғалысының соңғы түйіні. Онымен алаш қозғалысының тарихы 1941 жылға дейін жалғасады. - Мұстафа Шоқай ғұмырының Франция кезеңін анықтау барысына кеңірек тоқталып өтсеңіз. - Иә, Мұстафаның жарты ғұмыры осы Францияда өтіп еді ғой. Соны анықтау үшін әуелі Мұстафа Шоқайдын Францияда тұрған үйлерінің адрестерін айқындау керек болды. Бұл іске Яшар Динч мырза көп қолдау көрсетті. Сондайда екеуміз Париждегі Шығыс тілдері жане өркениеттері институтындағы Мұстафа Шоқайдың жеке мұрағатына үңілдік. Ножан әкімшілігі мұрағатында да болып, біршама құжаттарды ақтардық. Сөйтіп Шоқайдың Ножанда тұрған үйлері мен қай жылдары тұрғанын анықтадық. Сонда Түркістан қайраткерінің мына адресте тұрғаны белгілі болды: ол 1923-1930 жылдар аралығында Руе Баұйн дө Перөз көшесіндегі 16-үйде, 1930-1933 жылдар аралығында Бис Рұе Пармаңтиер көшесіндегі 48-үйде, 1933 жылдан өмірінің соңына дейін Сқуар дө ла Фонтен көшесіндегі 7-үйде тұрған екен. Соңғы аталған үйде 1969 жылға дейін оның зайыбы Мария өмір сүрген болатын. Біздің ойымызша, Мұстафа Шоқай сынды ұлы мемлекет қайраткерінің Ножанда өмір сүруі бұл қалашыққа халықаралық бедел үстейтіндей. Соған сай Ножанға Қазақстан мен Орталық Азияның ықыласы да ерекше болса керек. Шоқайдың Ножанда тұрған үйлерінде сол кездегі жергілікті және Кеңес Одағына қараған елдердің эмигранттары жиі бас қосатын болған. Сондайда Мұстафа шаңырағында бүгінгі тілмен айтқанда Орталық Азияның, сол кездегі Түркістанның тәуелсіздігі туралы жиі айтылатын болған. Қайраткердің Пиер Рөнодл және Жозеф Кастаня сияқты француз достары Ножандағы Шоқай шаңырағын «Түркістанның уақытша астанасы » деп атауы да сондықтан. Мұстафа Шоқай туған отаны большевиктердің қол астына өткеннен кейін, Францияны жанына жақын тұтып, осы елден сая тапты. Тек Мұстафа ғана емес, сонымен бірге Кеңестер Одағына қарап кеткен өзге де елдердің эмигранттары осы елді паналады. Олардың алғашқысы болып Францияға 1917 жылғы қазан төнкерісінен соң көптеген орыс демократтары жеткен болатын. Бұлардың арасында Уақытша үкімет басшысы Александр Керенский, сондағы министр Павел Милюков сияқты белгілі мемлекет қайраткерлері де бар еді. Бірақ ІІ Дүниежүзілік соғыс басталғанда, солардың бәрі бас сауғалап, Франциядан қаша бастады. Олар нацистердің Францияны жаулап алуынан сескенді. Осы эмигранттардың дені лек-легімен АҚШ-қа қарай жосылды. Сондайда Мұстафа Шоқайды да достары өздерімен бірге АҚШ-қа ала кетпек болды. Бірақ ол ешкімге ермей, Парижде қалып қояды. Тұтастай алғанда, Франция Мұстафа Шоқай қайраткерлігін ұштай түсті. Ол сонда жүріп Прометей одағы және Түркістан ұлттық одағы істеріне белсене араласты. Прометейде Мұстафа Шоқай украин, гүржі, белорус, әзербайжан, татар, өзбек және башкұрт секілді Кенестік жүйе тұтқынындағы ұлттардың өкілдерімен бірге жұмыс істеді. Осы ұйымның Парижде жарық көретін «Прометей» журналында Шоқайдың француз тіліндегі бірқанша мақалалары жарық көрді. Ол сондай-ақ Түркістан ұлттық одағы арқылы Орта Азия халықтарынын шетелдердегі зиялыларын бір шаңырақ ас­тында ынтымақтастыруға күш жұмсады. Мұстафаның осы ұйым шығаратын «Яш Түркістан » журналына көптеген мақалаларын жариялап тұрғаны белгілі. Фран­цияда жүріп, Мұстафа Шоқайдың француз тілінде «Chez Les Soviets en Asie Centrale» (1928), орыс тілінде «Туркестан под властью советов (1935), түркі тілінде «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» (1937) деп аталатын кітаптары жарық көрді. - Аға, сол кездегі социалистік бағыттағы қазақ зиялылары туралы не айтар едіңіз? Мәселен, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов... - Бұған бір жақты қарауға болмайды. Оларды кемсітіп, кінәлау орынсыз. Себебі олар да ұлт үшін, қазақ халқы үшін жұмыс істеді. Қазір осы мәселеге түркиядағы ғалымдар да асқан қызығушылық білдіріп жатыр. Мысалы, кеңес одағының бастапқы кезінде социалистік бағытта ұлттық мемлекет құруды армандаған екі ұлы қайраткер бар. Олар татардан шыққан Сұлтанғалиев Мірсаит пен қазақтан шыққан Тұрар Рысқұлов болды. Бұлар жұмысшы табының билік құруының түркі халықтарына сәйкес келмейтінін, өйткені ол кезде түркі халықтарында жұмысшылардың жоқтың қасы екенін алға тартқан. Сондықтан олар езілген халықтардың интернационалин құру керектігін айтқан. Тіпті Тұрар Рысқұлов орта азиада Түрік республикасын құруды армандады. Басқа сөзбен айтқанда Тұран республикасы. Бұлардың барлығы да, негізінен алғанда, Мәскеу үшін емес, қазақ халқы үшін, түркі халықтары үшін жұмыс істеді. Сондықтан социалистік бағыттағы зиялыларды, саясаткерлерді кемсітуге, ұлттық тұлғалардан бөліп қарастыруға болмайды. Бұларды өз заманы, өз деңгейінде қолға алуымыз керек. Бүгінгі таңда социалистік бағыт келмеске кетті. Бірақ бұл біздің тұлғалардың ұлылығын көлегейлей алмайды. Біздің қазіргі бағытымыз социалистік бағыт емес, ұлттық-демократиялық бағыт. Сондықтан да Қазақстан та­рихындағы Алашорда қозға­лысы кезеңі негізгі орында. Оны дамытып, әлемдік деңгейге көтеріп отырған Мұстафа Шоқай. Сон­дықтан да М.Шоқай алаш қозғалысының соңғы түйіні. Ал тәуелсіздігімізді баянды етуіміз үшін оны санамызға сіңіруіміз үшін қазіргі жастарға осы ұлы тұлғаларды насихаттау керек. Себебі тәуелсіздігімізді көтеретін, мәңгі ететін жастар, келесі ұрпақтар. Мұстафа Шоқайдың «Жас Түркістан» газетінде айтқан бір сөзі бар: «Біздің алға қойған мақсатымыз – Түркістанды танып-білу. Онымен қатар, Түркістанды басқа халықтарға таныстырып, насихаттау» дейді. Мұстафа Шоқайды қазақ жастары әлі де толық білмей жатқаны туралы хабарым бар. Биыл Мұстафа Шоқайдың дүниеден қайтқанына 70 жыл толуына орай және тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы тойланып отырғанда Астанамызға Мұстафа Шо­қай­дың бір ескерткішін қойсақ қандай мәнді болар еді. Бұл тәуелсізідігіміздің баянды болатынына кепіл болатын еді. Өйткені, тәуелсіздігіміз үшін күрескен ұлттық тұлғаларымызды сыйламайынша, оларға толық бағасын бермейінше, жастарға қалай ел тәуелсіздігін баянды ету жолында талмай, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіре аламыз? Өйткені жастар әрқашан өздеріне модель тұлғалар белгілеп өседі. Сондықтан біз оларға басқаларды емес, тек тәуелсіз тарихымыздағы ұлы тұлғаларды модель етіп көрсетуіміз керек. Маған кейбір адамдар Әлихан Бөкейхановтан Мұстафа Шоқайды жоғары қоясыз дейді. Бұл қате түсінік. Олардың әрқайсысының өз орындары бар. Шендестіріп, салыстыруға келмейді. Ал егер солай бола тұра «кім ұлы?» деп қадағалап сұрайтын болсаңыз, мен Әлиханды Мұстафадан жоғары қояр едім. Себебі Әлихан Бөкейханов Мұстафа Шоқайдың саяси ұстазы. Ұстаз әрқашан да биік. Менің есіме осы орайда Абайдың басынан өткен бір тәжірибе оралып отыр. Абай бір кезде пендешілікке салынып, әкесі Құнанбайдан «Әке, сен ұлысың ба әлде мен ұлымын ба?» деп сұрапты. Сонда әкесінің айтқан сөзі бар: «Сен ұлы болу үшін Абайдай ұл өсіріп ал» деген екен. Міне, осы сияқты Мұстафа Әлиханнан биік болуы үшін өзіндей бір шәкірт тәрбиелеу керек еді. Бірақ еуропадағы жағдайлар Мұсафаға өзінен кейін алаш идеясын алып жүретін бір шәкірт дайындауға мүмкіндік бермеген шығар. - Қазірде тарихты тек гипотеза деп қарайтындар бар. Белгілі бір мансап, атақты иелену үшін жазады деген уәж көп айтылып жүр. Бұған көзқарасыңыз... - Мұндай сөздер, әрине, айтылады. Меніңше, бұл тарихтан хабары жоқ адамдардың пікірі. Ал тарих ғылымының мәнісін түсінген кісілер мұны ешқашан да айтпайды. Әрине, әрбір ғылымда, әрбір мамандықта жалған, үстірт, жетімсіз, толық мәліметі жоқ мамандар болады. Бұлардың қателіктеріне қарап, мансап үшін, атақ үшін жалған тарих жазғандарына қарап, оны мәнсіз көрсетуге болмайды. Бір ойшыл айтқан екен: «Адамның ұмытуы ғанибет, ал халықтың ұмытуы – опат». Демек, тарих болмаса, біз өткеннен сабақ алмасақ үлкен күйзелістерге ұшыраймыз. Ұлты болып тұруы, өзін сақтауы тарих ғылымының ұлттық тұрғыда өсіп-өнуіне, дамуына тікелей байланысты. Жоғарыда айтқанымыздай, атақ-мансап қуған жалған тарихшылардың көбеюіне жол бермес үшін мемлекеттер тарихшы шығаратын жоғары оқу орындарына, институттарға көп мән береді. Осы ғылым ордаларына мықты жастардың, саналы азаматтардың келуі үшін жеңілдіктер жасайды. Мұндай ордаларға қалай болса солай жастардың түсуіне, мамандардың келуіне жол беретін ыңғайсыз жағдайлардың қалыптасуына мүмкіндік берілмейді. – Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбат барысында біз отырған «Шамшырақ» қонақүйіне суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының доценті Әбілқасым Сәрсенбаев кіріп келді. Қолында Мұстафа Шоқай бейнеленген, жаңадан салынған композициялық портреті бар. Оны арнайы сый ретінде Әбдіуақап Қара мырзаға ұсынғалы келгенін білдік. Сұхбатымыздың тәмамдалуына байланысты, менің тілші екенімді көріп, өзінің аса бір толқып тұрғанын жеткізіп, былайша ойын сабақтаған еді:

Әбдіуақап Қара Мұстафа Шоқай туралы Түркияда 2002 жылы «Түркістан жалыны Мұстафа Шоқай» деген үлкен еңбек жазды. Бұл кейін, атап айтқанда, 2004 жылы қазақ тіліне аударылып, Алматыда жарық көрді. Сол кітапты өзім оқып, тың деректерге қанық болдым. Айтайын дегенім, бұл зерттеу еңбек маған үлкен ой туғызды. Реті түсіп, белгілі ақын Қасымхан Бекмановтың «Мұстафа Шоқай жолымен» атты жобасына қатысып, Стамбулға сапарға барып, Әбдіуақап қарамен бірге болғанымыз бар. Сол кезде Мұстафа Шоқайдың болған жерлерін түгелдей араладық. Зерттеуші ғалымдармен тілдесіп, сұхбаттастық. Галата деген ауданда бір пәтерді жалдап тұрғаны, өмір сүрген ортасы туралы мәліметтер аса құнды. Әрмен қарай Германияға сапарда да 2009 жылы ақпан айында бірге болдық. Одан кейін Парижде, Берлинде де болдық. Сөйтіп, Мұстафа Шоқайдың еуропада жүрген жерлерін өз көзіммен көрдім. Суретші үшін нақты керек жері осы. Сапар барысындағы суретшінің ойына құйылған ойлар суреттерінде көрініс алады. Бұл ойлар маған композициялық әсер берді. Осы әсерлердің нәтижесінде көптеген Мұстафа Шоқайға қатысты суреттер салдым. Елуден астам суреттеріме арналған бірнеше көрмелер ұйымдастырдым. Солардың ең негізгісі деп санағанымды Әбекеңе алып келіп отырмын. Байқалғанындай, Мұстафа Шоқайдың бұл суреті оның 1925 жылы Женева қаласында түскен суреті. Әбекең Шоқайдың осы суретін ұнататынын білемін. Ал бұл суреттің дәл ортасында тұғыр бар. Ашылмаған деректерінің, құпия болған құжаттарының белгісі. Сол жағындағы көріністе Эйфель мұнарасы Парижді, оның астындағы Сұлтан Ахмет мешіті Стамбулды бейнелейді. Бұл Мұстафа Шоқайдың еуропа елдерінде күрес жүргізген қалаларын бейнелейді. Және бұл жерде күн бұлттанып тұр. Суреттегі ақ арғымақ аттар Мұстафа Шоқайдың арманы ретінде көрініс тапқан. Ал суреттің оң жағында Бәйтерек мұнарасы бүгінгі тәуелсіздігіміздің жиырмасыншы жылында дамыған және халықаралық көлемде үлкен беделге ие болып отырған қазақстанды бейнелейді. Оның астындағы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың Түркістандағы кесенесі түркі елдер арасында дамып келе жатқан ынтымақтастықты көрсетеді. Күн шуақтанып, ашылып тұр. Мен бұл суретке Қазақстанның тәуелсіздігіне орай «Арманына жеткен Мұстафа Шоқай» деп ат қойып отырмын. Мұны «Мұстафа Шоқай туралы ғылыми зерттеу еңбегімен әлемге танылған, сонымен қатар ұлттық тұлғаларды жарыққа шығарып, еліміздің тарихына зор үлес қосқан Түркия елімен Қазақстан елінің ортасында ғылымға, білімге, әдебиет пен тарихқа алтын көпір болған Әбдіуақап Қараға» деп жазып, Әбекеңе сыйлап отырмын...

Ардақ ҚҰЛТАЙ