Қазақ блогшылары бас қосады

  Ұлыстың ұлы күні қарсаңында яғни, наурыздың 19-20-сы күндері «Мінбер», «Медианет», «AsClub», «MediaLab» журналистік орталықтарының ұйымдастыруымен Алматыда тұңғыш рет қазақ блогшыларының әлемге танымал баркэмп форматындағы бейресми жиыны өтпек. «Блог құрылтай» немесе блогшылардың бейресми жиынының негізгі мақсаты – қазақтілді жаңа медианың дамуына ықпал жасап, оның сапасын арттыру. Оған Қазақстан, Қытай, Моңғолия және Еуропадан 150-ден астам блогшы қатысуға ниет білдіріп отыр. Жаңа медиаға қызығушы топ екі күн бойы өздерінің жобаларымен бөліседі, жасаған бағдарламаларын ұсынады, серіктестер табады, жай танысады, достасады т.б Қазіргі таңда шамамен 300-ге тарта белсенді қазақтілді блог бар. Олардың басым бөлігі әлемдегі ең танымал блог-платформасының бірі wordpress.com-да шоғырланған. Зерттеу бойынша, ай сайын бұл платформада 10-нан астам қазақ тілінде блог тіркеледі. Қазіргі кезде блогшыларға өздерін толғандырған мәселелерді оффлайн режимде ашық талқылауға мүмкіндік беретін пікірталас алаңы жетпей жүргені анық. Дәл осы мақсатта аты аталған ұйымдар блогшылардың басын біріктіруді мақсат етіп отыр. Жиын презентация, шеберлік сыныптар, талқылау, бейресми отырыстар, кездесулер түрінде өтеді. Онда негізінен жаңа медиа, әлеуметтік желілер, блогтың дамуы сияқты қазнеттегі өзекті мәселелер талқыланады. “Қазнетте шешілмеген проблемалар көп екенін бәріміз білеміз. Бұл жиынның ерекшелігі - қатысушылар мәселелерді абстрактылы түрде көтеріп қана қоймай, оның шешу жолдарын ұсынады. Мысалы, интернет арқылы қалай ақша табуға болады немесе интернеттегі авторлық құқық мәселесін шешу жолдары сынды мәселелер”,- дейді «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының өкілі Асхат Еркімбай. Жиынға танымал ІТ-компаниялар, түрлі ұйымдар демеушілік танытып отыр. Атап айтқанда, серіктесіміз - ҚМЭБИ, бас демеушіміз - Kcell компаниясы, техникалық жағынан «Қазақтелеком» АҚ-ы қолдап отыр. Сонымен қатар жиынды қолдаушылардың арасында Nokia, HP сынды ірі компаниялар бар. Блогкэмп аясында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған блогтар байқауының нәтижесі белгілі болады. Байқаудың мақсаты – қазақ блогосферасының дамуына жағдай жасау, блогшыларды ынталандыру; Анықтама: блогкэмп – бұл (ағылш. blogcamp) арнайы ұйымдастырушысы жоқ, еркін форматта өтетін блогшылардың бейресми жиыны. Барлық ақпарат құралдарын наурыздың 19-ы күні өтетін арнайы баспасөз мәслихатына шақырамыз. Өтетін орны: Алматы қ-сы, Абай көшесі 2, ҚМЭБИ ғимараты, New Building корпусы. Басталуы: сағат 10.00 Бұл шараға қызығушылық танытқан ақпарат құрал өкілдерінен алдын-ала тіркелулерін сұраймыз: Мақпал, kmaqpal@gmail.com Ербол, erbol_press@mail.ru www.blogcamp.kz www.kerekinfo.kz