"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!



Қасіретін әжуаға айналдырған жалғыз халық

«Мың өліп, мың тірілген» бұл қазақ өз тарихында талай жаугершілікті де, жұтты да, нәубет-ашаршылықты да бастан өткерді. Осынау сын сәттерде биік рух, өмірге деген құштарлық – барша қиындықты жеңіп, талай «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» жайдарлы, бақытты күндердің де дәмін татқызды.
Өткеннен сабақ алуды әр кез есте сақтап, өкініштің орнын толтыру мен қуаныштың нұрын шаша түсу үшін талай даналық пәлсапаның тереңіне үңілді, талай ізденісті бастан кешірді.

Сол даналықтың бір парасы – «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ұлағат. Бұған кейбір таяз ойлайтындар пәлсапа тереңіне сүңги алмай, үстірт қарайды. «Өлгендерді қалай разы етпекпіз?» деп ұшқары ойлайды. Бұл – қате пікір! Ал, шындығында, сөз мәніне түсінетіндер сол бір ауыз сөздің өте терең мағына беретінін ұға алар еді.
«Өліні разы ету» өткенді ұмытпау, өткеннен сабақ алу, ата-баба рухын әспеттеу, осындай игі істер арқылы өз рухыңды шыңдау, жеңісі мен жеңілісін, қуанышы мен қайғысын саралай отырып, ой түйінін келер ұрпаққа аманат ету. Осылай етсек қана «тірі байиды», яғни болашаққа жол ашылады деген қорытынды жасалған.
Өкінішке орай, бүгінгі таңда Азат­тығымыздың ақ таңының атқанына 20 жыл болса да, өткеніміздің қасіретінен сабақ алу орнына әлі де көпшілік арасында сол қасіретке күле қараушылық белең алып тұр. Тіпті сол қасіретімізді әжуаға айналдырушылар да жетерлік екені жасырын емес! Мұндай надан­дықтың, көрсоқырлықтың шыңына шыққанына кейбіреулер айылын жимайды да!
«Әжуасы несі?!» дерсіз. Менің де бұған сенгім келмейді. Бірақ, ақиқаты – осы!
Көктемнің бір күнінде ауылдағы мектепте ұзақ жылдар матеметика сабағынан дәріс берген, көзі ашық,көкірегі ояу ұлағатты ұстаз, қазір құрметті демалыстағы Күлпәш жеңешеме сәлем бере барғанымда сөзден сөз шығып, өзінің сонау ашаршылық заманының куәгеріндей бір қыздың мәйітін тапқанын айтты.
Мен елең ете қалдым. Сөйтсе, оқиға былай өрбіген екен.
– Әдеттегідей бір ылдиға бұзау арқандай барған едім, – деді Күлпаш жеңешем. -Бір өрілген шаш секілді нәрсеге көзім түсті. Желмен ашылып қалғандай. Жайлап қозғап көріп едім. Анық шаш екен. Шаш болғанда да, жас қыздың қалың қолаң шашы! Шошып кеттім. «Бұнысы несі?!» деп тағы қозғап көрсем адамның бас сүйегі көрінді.
Тілімді кәлимаға келтіріп, дереу молда мен екі-үш көршімді шақырып келдім. Құран оқытып, қорымға апарып, арулап көмдік. Ашаршылық заманының куәсіндей қыздың ауқатты жерден шыққаны киімінің жұқанасынан, көрікті болғаны шашынан білініп-ақ тұр!
Мұны естігенде қабырғам қайысты. «Бас бостандығы болмаған қайран қазағым-ай! Әйтпесе, қолдан жасалған аштықтың құрбаны болмас едің-ау! Мынадай аруды айдалаға жерлемей тастап кетер ме едің?!» – дедім іштей.
Күлпәш жеңешемнің әңгімесі ойымнан кетпей-ақ қойды. Шерімді тарқатайын деп бір садақада осы жәйтті ортаға салғам. Бір «сәбетский шал» (қазір нағыз ақсақалдар аз ғой!-Н.Ж.):
– Рахаты жанбай қалған жап-жас қызға обал болған екен! Хы-хы-хы!..- деді сайқалдана күліп.
Екінші «сәбетский шал»:
– Ол қырдың қазақтары ғой! Орта жүз шығар?! – деді немқұрайды.
Жан-жағыма қарадым. Бәрі жай­барақат. Ортаның «гүлі» боп отырған бір шалдың жас кезінде қыз-қырқынға қырғидай тигенін қызықтып, қайта құлақ түруге кірісті.
Мен: «Аштан қырылған қандаста­рының аруағын сыйламағаны, ұмыт­қаны былай тұрсын, әжуаға айналдыра бастағаны ма?!» деп іштей қатты қынжылдым.
Кейін бір мектепке жолым түсіп бара қалғам. Көзіме бір плакат оттай басылды. Оқу ісінің меңгерушісінің бөлмесінде ілулі тұрған бұл «туындыда» үлкен тышқанның суреті салыныпты.
«1 наурыз – Төртқаралар күні жасасын!» деген ұранды сөз әлгі дәу тышқанның кеудесінде жапсырулы тұр. Мектептегі төртқара руы адамдарының есімдері төмен жағында тізімделіпті. Анықтап қарасам, әлгі тізімнің маңайы толы майда тышқандар!
Мұны көргенде, қаным басыма шапты. Мұндай надандықты, арсыздық пен көрсоқырлықты басқа-басқа емес, қоғамның ағартушы авангарды іспеттес мектеп қабырғасынан көруім мені жындандыра жаздады.
– Мынаны кім жасаған! – дедім даусымды еріксіз көтеріп.
– Бұл бір мұғалімнің төртқара достарына арнаған сыйы ғой…-деді оқу ісінің меңгерушісі. «Не боп қалды?!» дегендей маған таңырқай қарап.
– Сендер нағыз көрсоқыр, надан екенсіңдер! Мынау деген төртқараны емес, бүкіл қазақты қорлау ғой! 1931-1933 жылдары Кеңес үкіметі қырдағы қазақтың алдындағы малын тартып алып, қолдан «қызыл қырғын» ұйымдастырды емес пе! Сол қырдағы қазақтардың ең іргелісі, саны жағынан басымы төртқаралар болғандықтан, сол ру ғана қырылған болып көрінген кезінде. Сондықтан, сендер сияқты надандар тек төртқаралар ғана аштан қырылды, аштан өлмес үшін тек төртқаралар ғана тышқан аулады деген ұғым қалыптастырып жүр. Әйтпесе, сол ашаршылық бар қазаққа тең қасірет әкелді емес пе?! Төрқараларды мазақ қылатындай олар қай қазақтан кем еді?! Жалаңтөс, Әйтеке би сынды біртуар тұлғаларды дүниеге әкелген төртқаралар қазақтың бір тірегі емес пе еді?!
«Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген. Су жағасында тұрып, аштық көрмеген шығар ата-бабаларың! Бұл үшін Құдайға рахмет айт! Аштық келсе, тышқан емес, боқтарыңды жерсіңдер!
Сөздің байыбына бара алмай, дағдарған жұрт бір-біріне таңырқай қарасады.
Бұдан әрі өзімді-өзім ұстай алмай,бір пәлеге ұрынармын деп бұрылып жүре бердім.
«Білмеген у ішеді-ау!» деймін іштей.
– Нұрбайды Жақайым деп естіп едік. Төртқараны неге сонша қорғаштайды?! – деген сыбыстар естіліп жатты соңымнан.
Қайта бұрылуды жөн санамадым. Тек «Ойбай-ау, Жақайым да, Төртқара да – бәрі бір қазақ қой! Қазақтың намысы ортақ емес пе?!» деп іштей айқайладым. Сырттай айқайлағанмен, оны ешкім де ұқпасын білдім. Сондықтан, тоқтамай жүре бердім.
Қазір ойланып қарасам, сонау өткен ғасырдың 90-жылдарының басында 31 мамырда ауылда «Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін» күніне орай үш рет айқайлап жүріп митинг өткізген екенмін. Талай зұлматты басынан өткерген ақсақалдарды сөйлетіп, бейнетаспаға түсіріп алыппын. Бұл құнды дүние ертеңгі ұрпақтарға керек-ақ екенін жан дүниеммен ұғындым.
Төртінші рет өткізуге келгенде, яғни 1993 жылы, кейбір оқыған, көзі ашық деген азаматтардың өзінің де мұндай «еріккеннің ермегіне» «Осы сенің митингің-ақ таусылмайды екен!» деген зілді дауыстары естіле бастаған соң, әруақтардың алдында ұятты болсам да, «көк итті көп ит жеңді» деп, барлық тірлікті тоқтаттым.
Неліктен бұлай болды?! Жоғары жақтан бұйрық келмей, қимылдамайтын зиялыларымыздың ашаршылық жылдары қырылған қандастарымызды еске алудан бас тартқаны – екіжүзділігі емес пе?! Әлде соңғы уақытта «өткенді қазбалау» билік басындағыларға тиімсіз болды ма?! Олай болса, бұл да сорлылықтың бір парасы ғой! Мүмкін, мұның бәрі – біздің мемлекеттегі ұлттық идеологияның дұрыс жүргізілмеуінен бе екен?!
Өткенімізді ұмыттырып, тіпті әжуаға айналдырып бара жатқан мына тірлік – нағыз қасірет қой! Мұндай сансыз сұрақтың шешуі қашан табылар екен?!
Бүгінде әлемдегі рухы биік халықтардың бірі – армяндар болса, олардың ХХ ғасыр басында түріктер жасаған «армян қырғынын», яғни армяндардың 1,5 миллион халқының қырғынға ұшыратылуын жылда үш күн бойы аза тұтумен қарсы алатынын барша әлем біледі. Сол күні бүкіл армян – еңбектеген баладан еңкейген қариясына дейін құрбандарды еске алуға арналған ескерткішке келіп, мінәжат етеді. Дұға оқиды. Армянның ұлы сазгері Коместастың аза бойыңды қаза қылар мұңды әуені қабырғаңды қарс айырып тұрады.
Мұндай құрбандарын еске алып, тағзым ету – барша әлем халықтарына ортақ қасиет десек, сол әлемде басынан өткен зұлматын еске алуды естен шығарып қана қоймай, қасіретін әжуаға айналдырған бір ғана халық бар болып шықты.Ол – өкінішке орай, тек қана қазақтар!
Сөз соңында айтарым, бола­шағымыз жарқын болсын десек, өткен ғасырдың 30-шы жыл­дарындағы Кеңес Үкіметінің қол­дан ұйымдастырған ашаршылық нәу­бетінен аштан қырылған 3,5 миллион қандастарымыздың аруағын сыйлап, өзге рухты жұрттар секілді нәубет құрбандарын қадірлей білетін халыққа айналар кез келді, ағайын!

 

 

Нұрбай ЖҮСІП

Қызылорда облысы
Арал ауданы
Қамыстыбас ауылы



Осыған ұқсас:



4 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Белгісіз 13 Наурыз, 2018, 21:45

    Рахмет аға.

    • Белгісіз 13 Наурыз, 2018, 22:38

      Мына мақала 2011 жылы жазылған! Қазір – 2018 жыл! Бұл мақалаға – 7 жыл болды! Соған да пікір жазып, авторына «рахмет» айтып отырсыз ба? Оныңыз – орынсыз!!!!!

      • 14 Наурыз, 2018, 00:46

        Жалбатайлак мақала кеше жазылдыма, бугін жазылдыма мәселе мағынасында. Ишактың миын жеген.

        • Белгісіз 14 Наурыз, 2018, 01:05

          Қолқоюсыз, мен мынаны жазған себебім; бұл мақала 2011 жылы жазылған! Ал, Гүлайым деген кісінің​ 7 жыл өтіп кеткен мақалаға комментария жазуы – орынсыз!!! Мақала шыға салысымен жазу керек еді ғой!!! Күнәлі болсам мен үшін сіз жауап бермейсіз, өзім жауап беремін АЛЛАҺ ТАҒАЛАНЫҢ АЛДЫНДА!!!!

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.